19.07.2022
  120


Автор: Баянғали Әлімжанов

ТІРШІЛІК АЙНАЛЫМЫ

Аңызаққа азуларын жанып ап
Ақшағылдан аунап түссе аруана,
Табанымен тоңды ерітіп, мұз шайнап
Қарды талмап шөл басады ақ аю!
Түсініп көр жетсе тағат-сабырың
Текетірес өмір-өлім әзілін,
Мұз ойыққа телміреді балықшы
Тарс ұмытып тірліктегі жәбірін,
Таза леп пен талшығына талпынып
Балық табар сәуле шашар қабірін,
Тіс-тырнаққа тәуелді ғой тағылық
Жыртқыш жортар аңдып жанның жазымын,
Көк майсада көлбеп жатқан жануар
Тұяғына тапсырады тағдырын!
Бидайыққа пар келмейтін көктегі
Майға бөгіп жүр ғой бірақ бөктергі,
Бидай басы иілгенде сарғайып
Жалғыз дәнді кім ойлайды көктегі?
Диқан жүрсе сабан иісін аңқытып
Бір айналым тіршіліктің өткені!





Пікір жазу