АҢСАУ
Әлденені аңсаймын кеп,
Сағынамын үздігіп,
Ол не нәрсе,
Білесің бе,
Айтшы маған күзгі бұлт?!
Менің жаным
Нені іздейді дүниеден тынымсыз
Ауыр ой мен қауырсын мұң
Мәңгі көкте жүздіріп...
Ақ теңіздің арыстаны шығып қалса жағаға
Асығады айдынына құйрығымен мұзды ұрып...
Түп-түзу боп
Түпсіз көкке
Түссіз жіппен асылып,
Тізіліп ап
Құстар қайда барады екен асығып,
Біз білмейтін бірдемені
Білетіндей осылар
Қалың сырды
Қанатының қалқасында жасырып...
Сиыр базда сыңар аяқ соқыр бастық боқтайды
Жесір қалған сауыс-сауыс сауыншыны басынып...
Өмір бізге жүгін артып
Алыс жолға жібермек,
Уақыт желін ешкім бөгеп
Ұстай алмас шідерлеп,
Пенде шіркін
Шарлап бара жатса дағы ғарышты
Құмар неге
Бірін-бірі дізгіндеуге, дігерлеп?!...
Бомба түскен Бейруттағы бейбіт үйді есіңе ал,
Египетте өлгендерді есептеп көр түгендеп...
Қиялыңмен
Ғарыш кезіп,
Ай-жұлдызды айналып,
Фәни, бақи,
Ғалам жайлы
Адам жайлы ойланып,
Бір құдайға шүкірлік қып
Жерге қайта түсесің,
Тағдырымыз
Туған жерге
Қалған мәңгі байланып...
Дөң басында дүниені дүрілдеткен кезінде
Не бір жайсаң жатқан жоқ па тыным тауып жайланып..