19.07.2022
  149


Автор: Баянғали Әлімжанов

ЖАСТАРҒА САУАЛ

Жас ұрпақ!
Мұратың не?
Ұғым қандай?
Шарқ ұрып
Білім іздеп,
Ғылым таңдай,
Таптың ба
Тұғырыңды ғұмырдағы
Ел ұққан ұлықтығын мығым қандай?!
Адамзат,
Ата тегің
Ұлт деген не,
Жер мен көк,
Туып өскен жұрт деген не,
Ұранмен жалпыадамдық бүркемелеп,
Жұрттарды жаһанданып жұт деген не,
Алданып, шыныменен сенесің бе
Ұлттарды біржолата құрт дегенге?!
Жартасқа жұрт кемесі ұрылғандай
Көріп пе мұндай соққы бұрын маңдай?
Сананы сансыз сұрақ сансыратып,
Өкпесі ақыл-ойдың сығылғандай,
Жынойнақ жан-жағынан жағаласып
Жан шіркін жолдан теріс бұрылғандай.
Ғаламдық жүгінсең де қай ғалымға,
Алаштың бетке шыққан қаймағына,
Жаһанға жақсы атты боп жағам десең,
Жақ дейді әуел туған аймағыңа,
Қайткенде қаламын деп халық болып,
Бүгінде бүкіл әлем ойлануда,
Сен де ойлан...
Және өртенбе шықпадым деп
Тезірек адамзаттық айналымға,
Тер төгіп туған елге еңбек етсең,
Сол шығар көкке қанат жайғаның да!





Пікір жазу