19.07.2022
  228


Автор: Майлықожа Сұлтанқожаұлы

МАЙЛЫ АҚЫННЫҢ ҚАЖЫЛЫҚҚА АТТАНҒАН ЕСЕНБАЙҒА ЖОЛ БОЛСЫН АЙТУЫ

Тарта көрме мұндағы мінезіңе,
Тəспі байлап барғайсыз тіліңізге.
Бізден сəлем айтқайсыз Əн Əзіретіге,
Мəдина нəсіп болса күніңізге.
Ықыласым Қағбада баршасымдай,
Сіз ұмытшақ адамсыз аңла Есенбай.
Мұхаммед Мұстафаға бізден сəлем,
Барсаңыз ұмытпаңыз, молла Есенбай.
Əзіретінің қасында Бəкір Сыддық,
Бəкір Сыддық, Омарға ықылас қылдық.
Үшінші Əзіреті Осман, Əлішерге,
Көптен көп ашықлықпен сəлем қылдық.
Əзізлердің торпағын қазған жерге,
Пайғамбардың жақыны Əмзе, Аббас.
Көп сəлем айтуда Əмзе ерге,
Құдая, қанат берсең ұшайын да,
Əзізлердің топырағын құшайын да.
Пайғамбары Құданың перзенттері
Дұғай сəлем Асан мен Хұсайынға.
Жəне сəлем айта бар Хадишаға,
Аталарын жат қыламыз жігіт сана.
Фатима, Зуһраға көп-көп сəлем,
Қабірін барып көрсек, қані шама.
Дұғай сəлем мəрəммəт əмілеге22,
Көп-көп сəлем Меккеден Мəдинаға.
Əзіздердің торпағын тауап қылсаң,
Армансыз кетер едік о дүниеге.
Қағба жолы күнбатыс ұзағында,
Біз жатырмыз күншығыс бұ жағында,
Айналдырып дүние жібермей тұр,
Тұтқындамыз нəпсінің тұзағында.
Молла Есенбай, барсаңыз Шардарияға,
Тамаша ғып өткейсіз сол дарияға.
Дүниеге біз келіске ссбеп болған,
Адам ата, көп сəлем Хауа анаға.
Несібеміз сол жақта болғай ауыс,
Сəлем де имам Ағзам жаңа дауыс.
Біз де жетіп барамыз ол жайларға,
Періштелер шақырған болса дауыс.
Есен болғын Ермекбай, молла Есенбай,
Барасыздар тəбəрік жолға сондай.
Ататтың тауына шыққан жерде,
Ақын деп еске алғайсыз анда-санда-ай.
Жолыққанша ай-заман қалып,
Қағбаға несіп болғай аман барып.
Пайғамбардың рузасын көрген жерде,
Бір топырақ шашқайсыз маған анық.
22 Қажылыққа жиналған көпшілікке
Майлықожа тірі жүр, аман деңіз,
Сіздерді жат қылады тамам деңіз.
Нəпсі шайтан залымнан ажыратқай,
Əн Əзіретіге төрт жарға сəлем деңіз.
Қағбаны дос тұтып көңіліміз,
Егер болсақ күнəдан жеңіліміз.
Əн Əзіреті рузасын бір көрсек деп,
Арзада мұнда жүрген өміріміз.
Ашықпын Алла Тағала дидарыңа-ай,
Қағбаны əжі қылсам бір барып-ай.
Əзіретіге үмбет, төрт жарға дос көңілім,
Құдая, өзің куə бұларыма-ай.
Есенбай, болғай аман келіскенің,
Пейіліңе мінезі бар азаматсың,
Ап келгейсіз құрманың жемістерін.
Енді кетіп барасың елдеріңнен,
Рахмат қамар байланып белдеріңнен.
Əжіге барған уақта еске алғайсыз,
Хабар алып тұрамыз келгеніңнен.
Келгейсіз туып біткен жұрттарыңа,
Жүзің құбыла жұрт қалды сырттарыңда.
Бір шишаға аз суды бекіткейсіз,
Əбіз зəмзəм суларын жұтқаныңда.
Жолыңыз əжіге барып түскен жерде,
Көңіліңіз хұш ұрып хұш келгенде.
Бір шишада су ала келгейсіздер,
Əбіз зəмзəм суларын ішкен жерде.
Мысыр шаһар орнаттың кеңесіне,
Сонша дүние тірлікке назар қылмай.
Баракалла Қағбаға жөнесіңе,
Көңіліміз ашылады əруағыңа,
Осыншама бақ ерім болғаныңа,
Атақырдай көзіңе мəнзүр алмай,
Қағбаның сапар қылдың жолдарыңа
Ұшыратты Алла Тағала алымдарға,
Бұл дүние падақана білімді ерге.
Қанша Əзіреті қызықтың бəрін тастап,
Мүсəпір боп барасың бұл күндерде.
Сіз гүлістан қыласыз базар барып,
Атлас пен жібек киіп ажарланып.
Біз базарды қыла алмай, күйбеңдейміз,
Сабын, тұздың борышын азарланып.
Сіз кеттіңіз, біз қалдық бұл арада.
Бір көрген екі көрмек күмəн жəне.
Аман-есен келгейсіз, молла Есенбай,
Тапсырдық енді сізді бір Аллаға.





Пікір жазу