19.07.2022
  519


Автор: Майлықожа Сұлтанқожаұлы

СЕЙІТЖАППАР ТӨРЕГЕ АМАНДАСУ

Патшалар биік сəулеті,
Бармақка еңбек тəубеті.
Ұшыраспақ келді нəубеті,
Қар бораған бұлттай,
Қарауға суық жау беті.
Дидар көрмек ғанибет,
Тіршіліктің дəулеті.
Ақылды раушан қылады,
Ағайынның келбеті.
Ел-жұртты есен көргенің,
Рахат болар бейнеті.
Есендік қуаныш есіттік,
Семіздік көріктің зияты,
Ағайындарды аралап,
Сағынғандарды саралап,
Сарсылған сөзді сұратып,
Жүрегім жаурап түтігіп,
Айбатың басып жау жетті,
Əбжанмен бірге еріпсіз,
Екі айда қайтып келіпсіз,
Тола болған жайларды
Тамаша қылып көріпсіз,
Аман-есен бармысыз.
Шылауыңда Шілтен бар,
Шыңғыс хандар əулеті.
Бақ аспады бағыңнан
Басым боп шықты уағыңнан,
Жауды жеңген жағыңнан.
Хабарыңа қуанып,
Қалқайды жүрек қабынан,
Қарашылардан жалықпаңыз,
Жерімес құлан қағынан,
Ағайын қылды қайратын,
Асаулармен тағыдан,
Арабы жүйрік жарысса,
Алдына салмас жабыдан,
Қарақұс алар лашын құс,
Қайырып салса бабымен,
Ыстық темір тас кесер,
Илалап шапса табымен.
Ағайын барып келдің бе,
Арбамен шауып желдің бе?
Аман-есен ол да Əбіжан.
Дариядан көшіп өткенде,
Тасушы ем көңілім малымнан,
Қайығым түсіп иірімге,
Қайғы қып жүрмін жанымнан.
Айналайын, Құдай-ай,
Бір көрінсе налымнан,
Хан Шыңғыстың зұрияты21,
Көргенімін қасиет қанымнан.
Қараңғы болды деп едім,
Ай-күн туды алдымнан.
Баласын ерткен жолбарысым,
Қасқайып келді қалыңнан.
Заманым қандай болады,
Қалғай да хабар Əлімнен.
Құрықтар болдым құланды,
Құтқарғай Құдай тұманды.
Көзіме аян көрсетті,
Көңіліме қылған күмəнді.
Хабарың қанып халықтардан,
Жылаған жұрттар жұбанды.
Тана тағар сұраймын,
Əбжанға қаным қуанды.
Өлеңімді аз айттым,
Көп таттым, сұлтан, тұзыңды,
Амандасқан өз сөзім,
Ақ кағазға сызылды.
Аман-есен бармысыз,
Хан Шыңғыстың балалары,
Көргелі келдім жолығып,
Қасиеті қалың жүзіңді.





Пікір жазу