19.07.2022
  150


Автор: Майлықожа Сұлтанқожаұлы

ТҰРЛЫБЕККЕ

Бірің көр, бірің шолақ, бірің бүкіш,
Ішіңде бір сауың жоқ еңкей ілкіш.
Ақ шеңгел, қара шеңгел, жиде тікен,
Ата тілін алмаған өңкей тіркіс.
Тұрлыбек, орыс болсаң мұжығысың,
Он екі ата Қоңыраттың бұзығысың.
Қарайғанның бəрін де қан қақсаттың,
Сірə, сенің болған жоқ түзу ісің.
Құдай саған қойыпты өкім беріп,
Қорыққаннан қойпаңдаймыз к...е еріп.
Қасқырдай мейірімің жоқ сұр жігітсің,
Бет-аузың қабаған ит секілденіп.
Арыстан болсаң ат бұйым, атан бұйым,
Қоңыраттың ордасы боп атанды үйің.
Басқаға қайратыңды мақұл дерек,
Банжанға қылған ісің пақал19 бұйым.
Сен едің Қоңыраттағы ұлы салдар,
Нар да жесе жазысын бір ынсап бар.
Тынбай озған тұлпардың тап өзі едің,
Енді таты20 болыпсың құлын шайнар.
Дұшпаныңның бəрі де қирады-ай,
Қазір сені халық қорқып сыйлады-ай.
Қылып жүрген ісіңнің бəрі қыңыр,
Қисықсың иттің артқы сирағындай.
Заманың өрлей-өрлей өрге келді,
Есікте еш қалмадың, төрге келді.
Шолақ молда шошайып былай тұрсын,
Жамандау Сағат соқыр көрге келді.
Сағат ең бейсағат боп жүретұғын,
Шығымың көп, пайдаң жоқ кіретұғын.
Көзің қыдырыс, əңгі көр, сөзің нəдұрыс,
Қайдағы өшер отты үретұғын.
Асылбекпен жау болып есірдің көр,
Мойныңа жүз отыз сом кесілді көр.
Қайдағы алмайтұғын аңды аулаған,
Өзін-өзі құртқан кесірлі көр.
Тартпасыз, жүгенсіз кер, айылсыз кер,
Ақылдан құр қалған пайымсыз көр.
Кейде Тұрлыбек, кей күнде Нақан дейсің,
Кімге ел, кімге жауың дайынсыз көр.
Тұрлыбекпен алысар бел қалмады,
Ақымақтығыңды аңламай ел қалмады.
Шарбақтағы ақырған сен көр есек,
Басыңа кебек ілер жер қалмады.
Ол Байжанның əкесі Тоқсан еді,
Шылымына сендей көр от сап еді,
Меніменен айтысып мəз табарсың,
Бұрынғы қылған ісің оқсап еді.
Ол Байжанның бабасы Майрық еді,
Сендей көрді дарлардан айырып еді.
Кенттен келген кенелеп кеше соқыр,
Байжанға да айтасың байлық енді, – деп келе жатқанда, молда келіп домбыраны ұстап, «қожеке, біраз жерге бардыңыз ғой, осыған да рахмет, тоқтаңыз» – деген екен.
Тұрлыбек атқосшысына біздің аттың ер-тоқымын сыпырып алып, атты қожаның жетегіне бер деп аттандырып жіберген.





Пікір жазу