КЕЛМЕС ПЕ ЕДІҢ?
Күзде келмей, кеп тұрсыз көктем бізге,
Сөйлеймін өз жақсым деп өктем сізге.
Ақынға құлақ салып тыңдасаңыз,
Біраз бар айтатұғын өкпем сізге.
Жандарға жапырақтай болған терек,
Сен-дағы заманыңда шықтың ерек.
Кетіп ең көзге ілмей көктемеде,
Болды ма осы арада қожа керек?
Ішіңде өскен өз қожаң емес пе едім,
Сыйласаң қадір біліп келмес пе едің?
Бірге өскен шариярдың жұрты десең,
Науқастан қайтті қожам демес пе едің?
Ауызың амандассаң күйер ме еді,
Зияным шырмауықтай тиер ме еді?
Қараша жеті атасы хан боп өткен,
Өз əкең Батырбектің жиені еді.
Бар жақсым бір-ақ сен бе қарап тұрған,
Тартынба қайратыңды жарап тұрған.
Сейітжаппар төреден артық па едің,
Ташкентті ояз болып сұрап тұрған?
Сен түгіл Сейтжаппар төре келді,
Жəйімді мүсəпірлік көре келді.
Көтеріле Көтеншінің көп баласы,
Қасына көңілім сұрай ере келді.
Қойшыдай қойдан шығып дабырайған,
Көрісіп келсе тойға адырайған.
Қараға жеті атаңа хан болуға.
Бата алып қалып па едің Абылайдан?
Датқа-еке, бір жолыққан кезім еді,
Жолықсам айтсам деген сөзім еді.
Көңілімді кеп сұрады Беркінбай да,
Қоныстың о да жалғыз бозымы еді.
Айтамын осы сөзді өкпем бардан,
Жаманнан жақсы іске болмас жəрдем.
Зұлымдықпен Ташкентті сұрап өткен
Ыбырат алмақпысың Құдиярдан?
Қарымбайдың əкең Сапақ бақты қойын,
Оған да ұрлық қылды қоймай мойын.
Ескерсең өз шарқыңды болмас па еді,
Бүгінде оязда жүр сенің ойың.
Көпшікті мəз боласың ұрып даңғыр,
Ақылға кісі ме едің сен бір даңғыл?
Қой бағып, көмір жағып жүргеніңде,
Əйтеуір көзің жасы болған қабыл.
Босатқан Сапақ қоңын қонды жерге,
Жан жоқ па сендей болған дүние-зерге.
Əлімнен алты ай жаттым, хабар алмай,
Сан қылған жақсылығың кетті селге.
Жақсыда жаттық болмас туғанына,
Беліңді балпаң болма буғаныңа.
Елдің берген дəулетін көтере алмай,
Мəз боласың көбелек қуғаныңа.
Бəрі де келіп кетті ағайынның,
Мінезі сарт секілді жамайыңның.
Сен құсап оқырайып келмей кетті,
Баласы кеше жүрген Қанайыңның.
Емессің Кетеншідей Көктің ұлы,
Шешесін жұртқа тастап кеткен құны.
Баласы бəйбішенің балпаң емес,
Елемей құлдығыңнан кеттің мені.
Есітіп Сиқым келді Жаныспенен,
Ағайын, амандастым таныспенен.
Сараңдығың белгілі бұрыннан-ақ,
Сапақты орап көмгенсің қамыспенен.
Көңілің көзге жақсы, ермекке жоқ,
Мінезің досты қайтып көрмекке жоқ.
Баласы Қалдарбектің бəрі мəздем18,
Алмаққа бар, кісіге бермекке жоқ.
Ісің жоқ істеп жүрген мəрт секілді,
Сөзің бар айтатұғын өрт секілді.
Көңілдегі емессің бектің ұлы,
Базарда ашыналығың сарт секілді.
Сені мен балаушы едім арыстанға,
Жығар деп алысқанды шалысқанда.
Жақындатпай тістейсің жанасқанды,
Өзіңді теңеуші едім данышпанға.
Жүруші ем күміс пе деп, пұл екенсің,
Сорына жұрттың туған ұл екенсің.
Қарныңды параменен қампайтып ап,
Секілді қасап өгіз қу екенсің!