МОЛДА ҚОШЫҚ ДАТҚАНЫҢ АСЫНДА АЙТҚАНЫ
Датқаның артық еді берекесі,
Көлемді ақ бұлттай көлеңкесі.
Ат шаптырған Сарымсақ, Нарбек батыр,
Датқаның құтты болсын мерекесі.
Аттарыңды атамай, көңіл толмас,
Датқадай ер Дарқанға бінə болмас.
Əкеңіздің жиыны құтты болсын,
Тоғызбай мен Жолшыбек, мырза Жолдас.
Молда би тұлпардай-ақ дабырлы еді,
Сасатұғын күндерде сабырлы еді.
Үсенбек, өз үйіңнен кетті əкең,
Кетердегі сарқыты Қыдырбегі.
Қарадан батырбасы хандар айтқан,
Көркі еді Алаштың барлығы айтқан.
Немеренің үлкені сендер едің,
Аймамбет пен Ахмет, Əбдірақпан.
Батырбасы өлді деп дабысынан,
Заман келді қырынан, шалысынан.
Айға шапқан атақты арыстандар,
Аянбай ат шаптырдың намысыңнан.
Датқа бір бұрынғыдан қалған адам,
Сендердің қадірің білмес барламаған.
Өркешінен ет кессе бақырмаған,
Артық затың нартайлақ аруанадан.
Белгісі дегдарлығың əр жеріңде,
Заманның ескермедің тар жерінде.
Басына тау арқалап, тас көтерген,
Заманның ескермедің тар жерінде.
Басына тау арқалап, тас көтерген,
Берсін де Құдай қуат Нарбегіңе.
Датқаны Нарбек жоқта жерге жайлап,
Лажсыз Сарымсақты биге сайлап.
Уыттарың ішіңе жаңа келіп,
Жатырсың ат шаптырып, енді қайнап.
Күнің шықты, ажырап бұлттарың,
Біраз күн жетімсіреп ұлттарың.
Істеріңнің бəрі де шырайланды,
Ішіңе жаңа келіп уыттарың.
Нарбек айға арыстандай талап қылған,
Беліңнен май, тізеңнен қан ақтырған.
Дарқанға ай жарқырап туды десті,
Дегенде Нарбек шықты абақтыдан.
Жүйрік ат дем ала алмай терге түсер,
Ызғырық таудың басы желге түсер.
Қайдағы қатты күнде жақсы таңдап,
Алғыр құс сақып шеңгел ерге түсер.
Нарбек, келдің Дарқанға бақтан болып,
Айланды қара аруақ жақтай қонып.
Келдің бе есен-аман, Нарбек батыр,
Бəйгіде аңға түскен аттай болып.
Алашқа айқын еді дабыстарың,
Артықша əр кісіден намыстарың.
Темір қапас ішінде жатып қалып,
Келдің бе, есен-аман, арыстаным.
Сен келген соң ел-жұртың еркейісті,
Иілмеген кісілер еңкейісті.
Үйіңе есен-аман келгеннен соң,
Аты Дарқан, ел-жұртың көркейісті.
Дұшпаныңнан тұманың түрілгендей,
Еліңнің берекесі кірілгендей.
Көркейіп, ағайының ажарланды,
Қайтадан өлген датқа тірілгендей.
Ойладың əруақты қозғағандай,
Жаратты Құдай сұңқар өз ғанаңды-ай.
Жабырқаған көңілін қуандырдың,
Арқаңменен тел өскен бозбалаңды-ай.
Аяғын елің басты еркін шіреп,
Құдайдан ертелі-кеш сені тілеп.
Серкесіне қуанды серілерің,
Мұңайған сен жоқ уақытта жетімсіреп.
Берекелі Шошымда көбі Таңай5,
Нарбек келіп, жарқырап туған жаңа-ай.
Қараламан уақытта білінбеген,
Өтті ме, бек патшаның қадірі қалай.
Арғың Дарқан, бергі атың Шошым едің,
Тұлпар мініп, дұшпаныңды тосып едің.
Абақтыға түскенде аң-таң болдық,
Нарбек жоқта заманың осы болдық.
Заманның етті биыл жазғанасы,
Хіммэтің6 кеп дүниеңнің азғанасы.
Ат шаптырған бəйгеңіз құтты болсын,
Дарқан-Шошым, Таңайдың бозбаласы.
Байқайды арғы-бергі ақылдарың,
Еш уақытта алыс болмас жақындарың.
Жүдегенде жинаған, бозбалалар,
Мерекең құтты болсын, батырларым.
Ықтаттың көкпар болса көрінгенді,
Бозбалаң көк шыбықтай өрім болды.
Ескеріп, ел айбынып тұратұғын,
Ортаңа Нарбек батыр ерің келді.
Сотанақтар əр жерге келген үстем,
Қажығаның жоқ еді қайрат, күштен.
Нұрбек, Бəйше, молда Тəш, Бекей, Құлтай,
Құтты болсын жиының, ұрысқақ Рүстем.
Мыңбасы, жұрт үлкені бірдей болар,
Қашқан сұңқар еркі жоқ қайтып қонар.
Бата берген баласы болыс бол деп,
Құтты болсын бəйгеңіз, мыңбасы Орал.
Орал, Ошан, Сапар мен əкең-Ермек,
Тиісің бар сендердің жиын бермек.
Молда Қошық бəріңнің əкең еді,
Талас қылма Оралға орын бер деп.
Бүгінде Орал тұрсың сақа болып,
Басында молда Қошық бата беріп.
Жұрт жақсысы боп тұрсың, Орал мырза,
Жесірге бай, жетімге ата болып.
Үш адам сұрап алдым айдауыңнан,
Үй-тамымды бітірдім лайлауымнан.
Ісім бітті арыз айтып алдарыңда,
Жағаш кетіп отыр ем жайлауымнан.
Көп жігіт – дүниенің берекесі,
Дəулет құсы – басыңа көлеңкесі.
Полат елдің болысы, Орал мырза,
Датқаның құтты болсын мерекесі.
Мың сом алдың, несібең мұндай шаппас,
Князьді алдап, айлаңа адам таппас.
Кəрке атаңның бəйгісін қадірлетіп,
Сен-дағы бір баласы ең мыңбасы Аббас.
Ыса атаға мереке құра қалдық,
Үлкен-кіші бел буып, тұра қалдық.
Тұрмамбет пен Нұрмамбет, Əбділдə би,
Бəйгесі бұл жұрттағы бір ағаңның.
Жұртты жидың, ауылыңа қонақтатып,
Асты ысырап қылмаңдар, олақ тартып.
Жалғыз ағаң Жарасқан молда Қошық,
Жараспас атқармасақ, табақ тартып.
Бектұрған есті кісі Араншыда,
Шанышқылы намысыңа қарарсың да.
Малдан, пұлдан аянбас уақыт болды,
Лайықты жеріңде Сарақсық та.
Би болған Сейітмəмбет серкер-дағы,
Бас бастаса, артқысы нөкер-дағы.
Жалғыз ағаң жиынын атқармасаң,
Сейітмəмбет болғаның бекер-дағы.
Кескенде оңды жігіт өзі Оңғар,
Алдында Майлықожа өлең толғар.
Молда атаңның бəйгесін қадірлесең,
Оңғар мырза, ісіңді Құдай оңдар.
Рамадан Кеңсайдың биі Орман,
Өзім деген кісіге болдың қорған.
Бидің бəрі орнынан түсіп қалды,
Өзің түспей жалтардың нəсілің зордан.
Қожамқұлдың баласы Ораз заңдар7,
Шанышқылыда Мамытсың, ауылың жанжал.
Билігіңіз, Ораз би, құтты болсын,
Дəулетің көп деуші еді, үйің мадар8.
Екінші Ораз, Көлтуған, Миям, Қаңлы9,
Омырау адам, Дəулетбай бұ да даңлы10 .
Билігіңіз, Ораз би, құтты болсын,
Алыпсыз осы биыл бұл амалды.
Шоқшеңгел ауылынан би боп Досбай,
Бектұрған би қалыпты биыл босқа-ай.
Старшыны Дамбай деп есітемін,
Алыстан есітуім болды осылай.
Бəріңе бір минуттай келді бір іс,
Жұртты жиып, тарқатпақ қиын жұмыс.
Қария атаңның бəйгесін қадірледің,
Қайратты ерлер едің, Мəтек, Нұрым.
Сарымсақ би, Бек ұлы Жаңа арықтан,
Өзін баққан бір жігіт даналықтан.
Бір сенер Нарбегі ол уақытта жоқ.
Лаж таппай болыпты жаңалықтан.
Сақ айттым молда Сұлтан өзім ғой деп,
Балалығың көріп ем, көзім ғой деп.
Ерулік деп келгенде есіне алды,
Айтып едім ескерді кезім ғой деп.
Сұлтан танбай келеді жүйрік болып,
Құтты болсын деп айттым сүйініп келіп.
Бір қаламын шоқылай жүруші еді,
Биыл олжа молайды билік келіп.
Сұлтанға билік бағы келе қалды,
Арман қып жүруші еді ол амалды.
Қырық жілік деңгенемен жүруші еді,
Бүтін бие сырғандай бола қалды.
Старшыны Қалдарбек, Мыңбасы еді,
Зорлық қылмай сарттарға тұрмас еді.
Бірі болыс. біреуі мырза болған,
Уағында екеуі сырлас еді.
Аты қалған дүниеде арлағандар,
Таңылды жаман атқа сараң жандар.
Молда Қошық бəріңнің əкең еді,
Басың Орал, мыңбасы амалдарлар.
Молда Қошық мақтауға жарасқандай,
Кім азбайды жетпістен ары асқанда-ай.
Ат құлағың теңесер уақыт болды,
Уақытың осы Нарбекке қарасқандай.
Бір жиыны бəріңнің бастығыңның,
Қалыңдығын ойлама жастығыңның.
Хан, қараға қалаулы молда Қошық,
Ағасы еді Қаңлы мен Шанышқылының.
Жарасқандай іс қылып жүріспесең,
Жалғыз қария қадірін біліспесең.
Ауданыңа бір келген меймандағы,
Үйде құр күменсіп11 күріш жесең.
Нарбек би шығып келді абақтыдан,
Беліңнен май, тізеңнен қан ақтырған.
Батырбек пен Қанайға ат шапқанда,
Ыса менен Тұрлыбек мал арттырған.
Аққойлы Құдайберген жай боп қалды,
Қасымбек, Ыса соғымын айдап барды.
Сиқымға жарым сомнан салық салып,
Рысқұлбек карызын өтеп, бай боп қалды.
Бұ жерге жеткізді ерді, болып себеп,
Би Сапақтың баласы ер Мұсабек.
Жалпы Жандар жамалқа12 арқалады,
Бірі емес, бəрі бірдей болды əлек.
Уақытында əр өзенге қонып өттім,
Əрбіріне бір мейман болып өттім.
Əкесінің асында мал арттырған,
Баласы Төребек пен Момынбектің.
Шанышқылы, Қаңлы мен Арыстансың,
Найза ұстаған кезіңде жарысқансың.
Айтқанымнан қарияң артық еді,
Ескерерсің, ерлерім, намыстансаң.
Тең бе еді молда Қошық кісіменен,
Теңгерші қылып өткен ісіменен.
Батырбасы Ташкентте болып еді,
Қылыш, мылтық, найзаның ұшыменен.
Жүз елу тəн патшаның ұнауында,
Оның сөзін еш екі қылмауында.
Қырық мың лəшкер ілескен батырбасы,
Қырық шілтен жүрген шығар шылауында.
Алтын жүген ауырлап ат басында,
Алды болған алаштың датқасында.
Көшпелі қыр қазағы болып жүріп,
Талас қылған Ташкенттің қақпасында.
Қазақта Батырбек пен Қанай еді,
Биік болған əр жайдан талап еді.
Батырбасы амалы қол бастаған,
Дəурені заманында қалай еді.
Көтеншіде Байзақ пен Қоныс еді,
Қоқан жаққа тартумен зор кісі еді.
Жиенбай мен құдалар, ер Телқожа,
Заманымның жарасқан оңлысы еді.
Бұрынғы Шойбек датқа саз-ақ еді,
Он жеті ата кек өткен таза-ақ еді.
Батырлыққа Ботбайда ер Сыпатай,
Шымырда Мəмбет ұлы Байзақ еді.
Қожада Асқар, жандарда Сапақ еді,
Мұсабекті батыр деп атап еді,
Азбен жүріп, топ жиған дəу Сыпатай,
Молда Қошық солардың қатары еді.
Қожабек датқа, Əжібек, Темір Төртбай,
Болып өткен заманы жалын оттай.
Ойланбастан сөз айтып, орындатып,
Бестамғалы Ыстыдан озған Шоқай.
Керуен кетіп барады қатар-қатар,
Керуенді бас болып атан тартар.
Қонысы алшақ, білмейміз бары-жоғын,
Бір жақсы бұрынғыдан молда Сапар.
Қаңлыда Құдабай мен Құралбайды,
Ақыр өлмей еш пенде тұра алмайды,
Тойында атқа қосылған Əбілда бар,
Керуен көштей жарасып жүре алмайды.
Қылық би көп бектердің қалды артынан,
Ақыры жолдасының барды артынан.
Аузы түкті көпірмен қарсы болып,
Бір барып қайтып еді Алматыдан.
Қырық мың лəшкер ешкіммен ілескен жоқ,
Қырық сан Барақ Тəшкенмен тірескен жоқ.
Уағында əрқалай озып еді,
Мұндай ешкім ерлікпен күрескен жоқ.
Молда би ағасы еді Шанышқылының,
Қайраты артық еді жас күнінен.
Сыпатай, Байзақ, молда Қошық,
Тура сөзді деуші еді жақсылығын.
Ілгеріде Сіргелі Пышан өтті,
Полаттарды дүниеден босаң етті.
Сыпатай, Байзақ, Сапақ, молда Қошық,
Ол жақта айтпас деуші ед қошаметті.
Қырғыз Бəйтік, қазақта Құдайберген,
Əкімге сөз сөйледі ыңғай жерден.
Қара қазан, сары бала қамын айтып,
Молда Қошық жұрт арызын сұрай берген.
Бір жұрттағы жақсы еді ұлық өткен.
Алты айлық жер дабысын біліп өткен,
Жеке мөһір13 Ташкентке батырбасы,
Заманына жылдамдық қылып өткен.
Қалған бір қария еді ескі жұрттан,
Есендігін сұраушы ек жатып сырттан.
Елеулі ел ішінде бір ер еді,
Қара қазан бектердің ісін тұтқан.
Аты Алаштың ішіндегі Шора қалып,
Жараспады жаңа жұрт ара қалып.
Бұрынғы ерден соң қалған жалғыз көрпе,
Заманы енді қалды жаңаланып.
Қырық мың жырау билерді қосынында,
Жүріп кеткен қара жол жосылды да.
Арып-азып келдім деп арттарыңнан,
Жолдасыңның бəріне қосылды да.
Белгілі бектің ұлы батыр Нарбек,
Заманың осы биыл өтті тар боп.
Атымтайдың ісін қып ат шаптырдың,
Жиының жақсы тарқағай, Құдай жар боп.
Халық ішінде датқа құр қадірлі еді,
Атын айтса алты Алаш таныр еді.
Қаңлы менен Шанышқылы есіне алар,
Əр жайдақ жақсы жайдан тамыры еді.
Мыңбасылар келеді құрамадан,
Нағашысы датқаның Рамадан.
Əбдірахман мыңбасы нағашысы.
Мырза жігіт деседі, қылар жəрдем.
Əбдірахман əкесі – молда Қоныс,
Шарапхана болысы оңлы болыс.
Анасының төркіні дегдарлықтан,
Молда би ойдан-қырдан озған тегіс.
Айнақұл тоқталғанын арман етті,
Тойтөбеде Мыңбасы Нарманбет-ті.
Тарқатайын жиыныңды қолыммен деп,
Нарманбет мыңбасыдан хабар жетті.
Ахметжан екі тілге бірдей жетік,
Саңырау елі сайлаған болыс етіп.
Қарадан төре туған, тұлпар жігіт,
Осы асқа келеді деп судан өтіп.
Жұрт жақсысы болып шыққан жолыменен,
Тұйғынбай оңы бірдей солыменен.
Мəлім еді Алашқа бір қариям! – деп,
Атқарғалы жиынын қолыменен.
Ботбай байдың баласы молда Бише,
Көл суалар, жарасар дабыл түйсе.
Бұл жиыны датқаның жақсы тарқар,
Берекелі бектердің пəйізі14 тисе.
Енді ауылыңа құрылды қызық базар,
Елі жаман руының жақсысы озар.
Дарқаныңның намысын жерге салмас,
Ақжарда Бекзат жігіт, молда Назар.
Датқаның өз құдасы Омар еді,
Есботаның айтқаны болар еді.
Мұсылманның уақытында ер еді деп,
Омар бидің дауысы шығар еді.
Датқаның шыққан елі Дарқан еді,
Арқасында тел асау тарпаң еді.
Нарбек батыр, жиының құтты болсын,
Ат шабылып жатқаны арқаң еді.
Өрге жүзген наһандай15 су ішінде,
Қайратыңмен басқардың жұмысыңды.
Мүйіз сапты ұстаның пышағындай
Жаратқан Құдай артық туысыңды.
Əлі де көп қадірің халыққа өтті,
Абақтыдан шыққаннан даңқың кетті.
Жалғыз Иса болмаса баласында,
Саранжам болмас еді Батырбек те.
Жақынының жаулығы мол болғанда,
Баласы Есқараның толғанғанда.
Қызың бəйгі Қанайға болмас еді
Туысы артық Тұрлыбек болмағанда.
Аяғыңды жүйріктей сүріндірдің,
Сүрінсең де, бəйгіге бұрын кірдің.
Хан, қарадан даңқы озған молда
Қошық, Ерлікпен əруағын тірілдірдің.
Əкеңнің даңқы жұртқа таныс еді,
Нұрбек батыр, əруағы қалды сенде.
Дарқан, Саңырау, ар жағы Балық, Күрпік,
Ат шаппасаң өзіңе намыс еді.
Айтқандай молда Қошық бар еді де,
Аты айырылмас, ойланар нар еді де.
Ерлігіңді Шанышқылы енді ескерер,
Дүниең қалмай, заманың тар еді де.
Қозы айдауға қосылдың күйің келмей,
Дүниенің аздығы тиын көрмей.
Көкірекке салдың да батырлықпен,
Қолмен тасын айналтқан диірмендей.
Қайраның көп екенсің қарындасқа,
Елің сенен еш уақытта тартылмас та.
Дарқан, Саңырау, ар жағы Балық, Күрпік,
Жарастықты іс тұттың айырылмасқа.
Қояр деп ек дүниең кемдікпенен,
Ақыр затың сүйреді беглікпепен.
Құлжан батыр өлгенде, Қанай датқа
Осындай істер қылған ерлікпенен.
Қанайға Құдай берді қалың бағын,
Қоңыраттан артық қылды мал мен жанын.
Өлі риза болмаса, тірі байымас,
Енді, Нарбек, күшейер əруағың.
Бек боларсың еліңе жұртыңды алып,
Тұлпардың баласы едің мың тіллəлық.
Көтергенге көбейер жақсы аттылар,
Қасиетін қадамыңның қалдық танып.
Енді саған əруақ келмей қалмас
Жүйрігіне жұрт жəрдем бермей қалмас.
Əсіл балдар атадан сендей туар,
Ешкім жалған дүниеден өлмей қалмас.
Өзіңдей жақсылардан сөз қайымды,
Ойладың малдап көшіп озғаныңды.
Есіткен ел ақыңа дуа қылар.
Əруақ көп қыдырлы қозғайын-ды.