ҰЯТСЫЗДА ИМАН ЖОҚ
Саралап айтқан нұсқа сөз,
Құлақ салып тыңда көп,
Жақсыларға болсам кез,
Айтушы ем сөзді иба боп,
Бұрынғының нақылы,
Ұятсызда иман жоқ.
Дүниеде əркім жүр,
Дүние-малды жиған боп.
Жақсылардың сөздерін,
Теріс емес үйренбек,
Барлық адам тең тұрмас,
Таразыда бірдей боп.
Тез ұмытып, тез жойып,
Бұзылмаңдар нілдей боп.
Бастайын жəне термеден,
Көпшілік айт деп ұнаса,
Тоқталайын мен неден,
Тасқыны қатты күшті жыр
Ашылсын бұлақ көмбеден.
Қарыздар болсаң жаманнан,
Жүгіріп келер дембе-дем.
«Мен де тудым атадан,
Артықсың ба сен менен?»
Деп шықпай ма кей надан,
Мұрнының астын көрмеген?
Əкең де болса бір жолдас,
Жарасқан əзіл-теңменен.
Болымсыз туған бозбала,
Басыңда батпан міні боп,
Кісі айыбын тергеген.
Дəулет бітсе жаманға,
Сəлем берер жеңменен.
Бір өзің қайда барасың,
Адамсың халық, елменен.
Бір күні опық жегізер,
Егессеңіз ерменен.
Алдарыңда, жақсылар,
Ақының сөйлеп өрлеген.
Ақын елдің тұлпары,
Кетпейтін басы кермеден.
Көргеннен соң сіздерді,
Көңілім өсіп желдеген.
Көтерілер əруағың,
Халық қалап қолдаса,
Азырақ мен де сөйлейін
Жасарып сөзім оңласа.
Қисық ағаш түзелер,
Тезге салып морласа.
Ақтұйғын келіп ілінер,
Алдын жайып торласа.
Арғымақ ат жығылар,
Алдын қазып орласа.
Əркім болар ағайын,
Дастарқаның мол болса.
Баладан, халқым, не пайда,
Ісіңді қолдан алмаса?
Бірің екі болады,
Ісіңді Құдай оңдаса.