19.07.2022
  152


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН УƏЙІС айтысы

Бақтыбай:
Көрдік қой жұтқа ұшырап, тоналып та,
Беттелік енді ілгері жаңалыққа.
Жүйрікті Уəйістей тежемедім.
Көркіңе жақұт тастай қарадық та.
Тереңдеп байыпты іске баралық та,
Жол бермей шалдуарлық, шалалыққа.
Қандырып əн мен күйге шөлімізді,
Жақсыдан шарапатты алалық та.
Уəйіс:
Алашты отты сөзбен еңсергендей,
Бар ақын сенен ығып теңселгендей.
Жол алмақ, жол аштырмақ ниетім бар,
Өзіңнен өзге ақын тең көрінбей.
Бақтыбай:
Құлжа, кентай тең емес,
Тастың бəрі кен емес.
Ғайбат сөзден аулақпын,
Сүймеймін жанжал, ерегес.
Уəйіс:
Киіктің кентайына теңегенің,
Ол мені менсінгенің, демегенің.
Əз жүрек əр нəрсені сезіп отыр,
Қыранның тектен текке келмегенін.
Данышпан Ескелді мен көсем Балпық,
Жіберетін менменді бір-ақ тарпып.
«Жүдесең Жалайырға жет» деген бар,
Көңілің көтерілер көлдей шалқып.
Бақтыбай:
Жағадан алсам иілмес,
Аяқтан шалсам сүрінбес.
Өресі биік жансың-ау,
Тұзаққа құрған ілінбес.
Боламын десең үзеңгілес,
Ер соңымнан жүр, ілес.
Шырғаңды шешіп тастайын,
Білінер, əлде білінбес.
Уəйіс:
Осы ғой Жолбарыстың Бақтыбайы,
Бақ қонған, тілге жүйрік, жыр құдайы.
Өлең-жыр кеудесіне сыймай тұр-ау,
Нөсердей төгіп тұрар күн ұдайы.
Бас идік Алатаудай даналыққа,
Салынбай сабырсыздық балалыққа.
Бата сөз Бақаң айтты көңілінен,
Жамиғат жөнімізге таралық та.





Пікір жазу