БАҚТЫБАЙ МЕН МƏЙКЕ ОТ БАСЫНДА
Мəйке:
Ерінін насыбаймен кір-кір қылып,
Мұрынын тазаламай қыл-қыл қылып,
Тырбиған алма ағаштың бұтағындай
Құдайдың жаратуы-ай бұлбұл қылып.
Бақтыбай:
Тырбитып жаратыпты бұлбұл қылып,
Өлеңге қырғидайын қырғын қылып.
Керісіп əйелімен отыратын,
Жаратса мені құдай мылжың қылып.
Мəйке:
Жаратса қайтетін ем мылжың қылып,
Жаратпай жақсы қылған бұлбұл қылып.
Жаратса сені кұдай мылжың қылып,
Нала боп отырмағын құр қынжылып.
Бақтыбай:
Нала боп отырмағын құр қынжылып,
Жаратқан сені-дағы бұлбұл қылып.
Кегіңді келістіріп алмайсың ба,
Өлеңмен түртіп-түртіп, жүн-жүн қылып?
Мəйке:
Өлеңмен түтер болсам жүн-жүн қылып,
Сен қашып, мен қуалап, сүргін қылып,
Шынымен шын жүйрікке қуып жетсем,
Қалмас па көңіліңе кірбің кіріп?
Бақтыбай:
Мен қашсам, сен қуалап, сүргін қылып,
Шындасаң жетеріңді жүрмін біліп.
Мойныма құрық тосып тұрар едім,
Салғанша сергелдеңге қуғын қылып.
Мəйке:
Ұстасам ұстар едім қуғын қылып,
Қолыма құрық ұстап қудым жүріп.
Жүйрікті қуып жетіп ұстап алсам,
Ұйықтар ем көңілімді тындым қылып.
Бақтыбай:
Қуалап ұстаймын деп қылдың қылық,
Ұстап ал көңіліңді тындым қылып.
Шындаса қайда қашып құтылады,
Жаратқан шын жүйріктен жылдам қылып.