19.07.2022
  133


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН ҚАТАҒАН

Бақтыбай:
Бармысың батыр туған бауырларым!
Аман ба, ауылдарың, айылдарың?!
Қатаған:
Бақтыбай деген сенбісің,
Айтысуға келіпсің.
Меніменен теңбісің?
Күйіп қалған терідей,
Ит пен құсқа жембісің?
Айтыспай-ақ қайтсаңшы,
Есен жетсең еліңе,
Менен сəлем айтсаңшы.
О, Бақтыбай, Бақтыбай,
Шегірткедей шертиіп,
Инеліктей қатқыр-ай.
Айтысамын деп келіпсің,
Төбеңнен құдай атқыр-ай.
Өлеңменен өзіңді өлтірейін,
Тіліңді кəлимаға келтірейін.
Өзіңді өлеңменен жеңе алмасам,
Қаңғырып өле-өлгенше тентірейін.
Бақтыбай ойнаймысың, шыдаймысың,
Жасөспірім бақсыдай жындаймысың?
Аузыңа келген сөзді оттай бердің,
Тіліңді бұдан былай тыймаймысың?!
Бақтыбай:
Бақтыбай деген мен едім,
Сəтін салып, дəм айдап,
Шақырған соң кеп едім,
Басқа сөзді қоялық,
Көргенсіздік жасамай,
Үлкен аға, кішіңіз,
Сіздерге сəлем беремін.
Ас-салаумағалейкум, қырғыз елім,
Сіздерге осы жолы келген жерім.
...Алатаудың қойнында,
Ыстықкөлдің бойында.
Ақтылы қойды айдаған,
Өлең айтып, əн салып,
Бұлбұлдай боп сайраған.
Көксазға бие байлаған.
Тəңір тауын жайлаған.
Солай бола тұрса да,
Өзінен ақын табылмай,
Қаңғып жүрген қуларды,
Ақындыққа сайлаған.
Сорларың сөйтіп қайнаған.
Аяңдап енді көрейін,
Аттай болып желейін.
Ақындарың қайда отыр,
Қайсысына сенейін?!
Оу, Бақтыбай деген мен едім,
Айтысуға кеп едім.
Қазақпен айтысам демедім,
Қырғызбен айтыспаққа кеп едім.
Тағы аяңдап көрейін,
Қатағанға жауап берейін.
Денем арық, бой кіші,
Өз түрімді жасырман,
Кісі сөзін басымнан
Өлсем тегі асырман.
Кішірейіп ешкімге,
Ешуақытта бас ұрман.
Ар жағыңнан орайын,
Боран болып соғайын.
Қайдан қаңғып кеп тұрсың,
Жолыңды сенің шолайын.
О, Қатаған, Қатаған,
Мінген атың жатаған.
Өзің қазақ болсаң да,
«Қырғыз» деп сені кім атаған?
Үлкен ғой деп сыйлар ем,
Олжам болса байлар ем.
Өз тіліңнен таптың ғой,
Құдай сені атты ғой,
Мен Бақтыбай, Бақтыбай,
Домбырамды қақтым-ай.
Домбырамды қаққан соң,
Халқыма сөйтіп жақтым-ай.
Мені аттан түспестен,
Көкірегімнен қақтың-ай.
Оныменен қоймадың,
Ит болып тағы қаптың-ай.
Өз тіліңнен Қатаған,
Құдайыңды таптың-ай.
Сенің атаң Күшік емес, Көлшікті,
Атаң мен атам тең шықты.
Мен қырғызбен айтысуға кеп тұрмын,
Сенің оған нең шықты?
Көзіңе көзім түсіп байқап тұрмын,
Қатаған, кетіп тұрсың ерегеске,
Қисайып, қыңырланған сын айың бар,
Аяғын жалғастырар төбелеске.
Жасың үлкен болғанмен, сөзің теріс,
Терістікті мойындау жөн емес пе?
Мықтыны мықты жығар алысқанда,
Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда.
Қаңғырып, неғып жүрсің бұл арада,
Құшақтасып көрісер емес пе еді,
Ағайын жекжатпенен табысқанда?!





Пікір жазу