19.07.2022
  138


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ ЖƏНЕ АРҚА АҚЫНДАРЫ айтысы

Тоққара:
«Ұзын айғай» салатын асауыңды,
Сүйреп қосқан тазыдай «мақауыңды».
Уəзірдей жаныңнан тастамайсың,
Сөз тепкіге салсақ-ау «сақауыңды».
Бибол:
Қазық бас, қылқа мойын, қылқұртын-ай!
Тасбақа, тарбиған бой, ши бұтын-ай.
Көзден басқа мүшеден жұрдай екен,
Болмасын бір ұрты қан, бір ұрты май.
Дұтжан:
Елді қортық бүлдірер, малды шартық,
Не күтесің осыдан ішке тартып.
«Жалайырың» жарамас тай жарысқа,
Сиыр мінген малшыдан несі артық?
Қойбақ:
Төрге сүйреп шабанды бостан-босқа,
Жасынан жарымаған ішкен асқа.
«Жынды көбелек» отқа үйір – ақын емес,
Не шығар жөргегінен ешкі бақса?
Бақтыбай:
Есіріп жүрсіңдер-ау тосқау көрмей,
Сендерді құтқармаспын бүгін жеңбей.
Бодаудай бойы биік жан көрмедім,
Қыли, қырсық, таз, қортық – бəрің мендей.
Тəңірім ой беріпті, бойды бермей,
Қайта тусаң болмассың сендер мендей.
Əжем байғұс – Арқаға туыс еді,
Қайдан келді осы бой содан келмей.
Жалайыр Алатаудай орны төрдей,
Бұл жақта жүрсіңдер ғой түкті сезбей.
Əкеміз аю, қасқыр, жолбарыстай,
Сөз қуған ит пен құсқа жүрміз ермей.
Əсемдеп сөз қозғайын сомдап өңдей,
Атқылап таудан аққан жырды селдей.
Сілең қатып шөлдерің қанбай жүрер,
Өлеңмен тұншықтырсам жолды бермей.
Барайын шыққан тегің Алтайыңа,
Кім шыдар ашулансам айқайыма?
Ірі болсаң, Найманға қайдан келдің,
Тізіп ап Абақ жөнін айтайын ба?
Одан əрі қозғайын Керей, Абақ,
Телеңгіт те келген ғой жүдеп-жадап.
Қаздырма бар-жоғыңды, қойды сойғыз,
Кешеден ет жемедік сүтке қарап.
Бекшойын:
Бодеке, мынауың кім ойқастаған,
Қырып-жойып ортаға ой тастаған.
Дана болып шықпасын осы бала,
Тайынбай батырлардай қол бастаған.
Бақтыбай:
Кем-кетік айта берсем түгел санап,
Кешеден көрмедік қой қою тамақ.
Құлағына Бодаудың алтын сырға,
Таң асып бұл айтысқа түстім «жарап».
Жүргенде қоныс таппай айға қарап,
Сая көрмей қаңғырып жұлдыз санап.
Тигізді аузыңды асқа, артыңды атқа,
Жарықтық Үйсін, Дулат, Абақ, Тарақ.
Бас салды өңшең қисық мені тергей,
Теппесем қалар емес аш кенедей.
Ащы даусым қызғаннан жаңа шықты,
Суық тиіп отыр ед мəнім келмей.
Буырқанып, бұрсанып денем терлей,
Шеттеріңнен бөктерейін артқа теңдей.
Быт-шыт қылып шықпасам атым өшсін,
Одан да кеткенім оң үйді көрмей.
Салпы ерін, салпаң құлақ, аузың көрдей,
Қалайша тіл тигіздің мені тергей.
Жүз шалқайсаң артыңа, жеңгізбеймін,
Жалтаңдап ербеңдейсің қолды сермей.
Қарғалар қарқылдамас боқты жемей,
Қоқыйдыңдар көргеннен қонақ демей.
Құяңды жемсауыңнан түсірейін,
Шыдап көр Төлеңгіт пен Уақ, Керей.
Үстеме боп екілендің асып Керей,
Сөз қуған көңілі таяз өңшең кедей.
Төлеңгіт жағын қояйын жылы жауып,
Əуселеңді көрейін Абақ-Керей.
Уа, Бегімбет пен Төлеңгіттің елінде,
Аз екен ғой береке.
Қонағын бекер көрдіңдер,
Бодауды жасап келеке.
«Жынды көбелек» отқа үйір,
Өңшең қарға боққа үйір.
Тепкендей сыртқа не қылдым,
Бодау еді жатқа үйір.
Бодекең – алтын кені сарқылмайтын,
Ұлы сөз одан ешбір артылмайтын.
Дегені жастың жаны, елдің қамы,
Қарыштап қадам басып аршындайтын.
Өңшең қисық, сөз ұқпас,
Төлеңгіт, Керей кек тұтпас.
«Сыйға – сый, сыраға – бал», тоқталайын,
Сендерден дені дұрыс лəм шықпас!
Бекшойын:
Жүгермек аямады-ау түпті қазған,
Шала қазақ, қожа ма сарттан азған.
Шала туған «мылқауың» жетістірді,
Ақын тауып шықпасақ, түрі жаман.
Алатаудай алаштың азаматы,
Бодекеңнің қонағы, жұрағаты.
Жалайырдың бекзаты дей беріңдер,
Өрге сүйрер қазақтың қолқанаты.
Сиықсыз, діні қатты, қара бала,
Танысақ осы бала – дана бала.
Бегімбет пен Төлеңгіт, қазбаландың,
Құдай ұрды-ау бəріңді іні, аға!
Бодау:
Жалайыр жекжат ел ғой алыс-беріс,
Шын ақынға жарамас ұрыс-керіс.
Дұрысы сол болады, уа, халайық,
Озды деп Бақтыбайға берсек жеңіс!
Бақтыбай:
Таптыңдар сөздің орайын,
Билікке риза болайын.
«Төбе би!» деп жар салсақ,
Жарасар қазақ Бодауын!





Пікір жазу