БАҚТЫБАЙ МЕН ҚЫПШАҚБАЙ айтысы
Бақтыбай:
– Ассалаумағалейкүм, аман ба,
Шəкірхан сынды бегіміз.
Атаң сенің Құнанбай,
Орта жүз асқан тегіңіз.
Онан кейін аман ба,
Арғын, Найман еліңіз?
Есендікте жүрсіз бе,
Шəкірхан мырза, өзіңіз?
Бұл жаққа бұрын келмеп ек,
Дидарласып көрмеп ек.
Дəм-тұз тартып, мінеки,
Жаңа келді көзіміз.
Бар болған соң арада,
Сіздермен біраз сөзіміз.
Бота тірсек, бос белбеу,
Бойым мықыр болғанмен,
Ешкімге кетпес кегіміз.
Домбыраны қолға алдым,
Біразырақ толғандым,
Бұйырған соң көбіңіз.
Əңгімені бастамай,
Аман-сəлем қылалық
Алдыменен өзіміз!
Жігітке өнер керек ақыл-айла,
Ойласаң ақыл-айла жанға пайда.
Қыпшеке, алтын жүзің жаңа көрдім,
Жүрмісіз аман-есен жақсы жайда?
Үш жүздің балалары бас қосыпты,
Қалайық сəлемдесіп осындайда.
Дəм тартып сіздің елге келіп қалдық,
Мұндайда адам басы қосылмай ма?
Ақынның үрейі ұшса, жүрегі жоқ,
Көп ішінде айта алмай,
Білген сөзін қысылмай ма?
Адамға ағайынды олжа түссе,
Алғың деп ағасына ұсынбай ма?
Мен өзім Ұлы жүздің баласы едім,
Орта жүз олжа беріп басылмай ма?
Адамның дəулет құсы бастан ұшса,
Қор болып, жиған мүлкі шашылмай ма?
Бір жерге өңкей жақсы жыйылғанда,
Сөйле деп Бақтыбайға бұйырғанда.
Қыпшеке, шамаң келсе, енді сөйле,
Қызынсам, қазынаңыз ашылмай ма?
Қыпшақбай:
– Уағалайкум мүс-сəлем, Жəлменде би,
Үйсіннен естуім бар аз ғана үй.
Секілді итұғыр бақа Бақтыбайым,
Шырағым, тықылдамай, тіліңді тый.
Көргенде Бақтыбайды біліп едім,
Сөйлеген ашуменен тілім едің.
Сырымды білемісің, Бақтыбайжан,
Шықпаған көп ішінде мінім едің.
Бақтыбай, Бақтыбай деп естуші едім,
Көрмесем де сыртыңнан білуші едім.
Жүрмісің аман-есен Бақтыбайым,
Ат байлар арт жағымда інім едің.
Тəубə ғып соңыма ерген інім бар деп,
Қуанып тірлігіңе жүріп едім.
Бақтыбай:
Отырмын Жəлменде би төре ме деп,
Əбиір Бақтыбайға бере ме деп.
Шошынар кейбір ақын айбарымнан,
Соқтырған бейпіл желдей немене деп.
Қыпшеке, ə дегенде дүрілдейсің,
Өлеңге Бақтыбайға тең келмейсің.
Еліңе бір жыл келген мейман едім,
Олжаңды Бақтыбайға бермеймісің?
Қыпшақбай:
Бақтыбай тақылдайсың бекер жастай,
Сұрайсың менен олжа өзің аштай.
Қолыңнан егер сенің келіп тұрса,
Ағаңды тірі қоймай жұлып таста-ай.
Біреудің айтқанына ере алмаймын,
Ешкімнің алдауына көне алмаймын.
Іншалла өзім өлмей соқыр тиын,
Үйсінге мен қолымнан бере алмаймын.
Секілді шұғыр бақа Бақтыбайым,
Астында жалғыз атың неге алмаймын?
Бақтыбай:
Арғын сенің неңді алған,
Елге мейман жинаған.
Дабысы жоқ еліңнің,
Бізден бұрын мейман сыйлаған.
Арғын тəуір көреді,
Бес тиындық бақырды,
Ақирет кебін иманнан.
Адам қоры Қыпшақбай,
Қу жанын босқа қинаған.
Сөйлейді сорлы Арғынның құны бардай,
Көргенде Бақтыбайды жыны бардай.
Алам деп жалғыз атын тап етеді,
Бұл иттің əкесінің құны бардай.
Келгеннен қонағына қоқаңдайды,
Несие бұрын сатқан бұлы бардай.
Қолдаса Бақтыбайды ақын Қабан,
Желкеңнен бауыздармын қара нардай.
Қыпшақбай:
Құнанбай қажы дейтұғын,
Дабысқа шыққан тұлпарым,
Қалмайтұғын жарыстан.
Маман, Толқын дейтұғын,
Найманнан шыққан арыстан.
Абақ, Тарақ сен едің,
Арғын, Найман мен едім.
Барымталап сойылдап,
Мал-жаныңды тауысқан.
Порымыңа қарасам.
Жауыр қуған сауысқан.
Тауға біткен қияқтай,
Келіп ең қалай бұяққай?
Мына орыс келді деп,
Теңдік алып берді деп,
Сенгенің сенің ұятты-ай.
Көргенде Найманымды сасушы едің,
Шолақтан ары қарай асушы едің.
Торғайдай қырғи тиген быт-шыт болып,
Қызталақ, алды-алдыңа қашушы едің.
Білдің бе, Бақтыбайым, сыңарыңды,
Салайын көкірегіңе уайымды.
Кешегі Оразбектің заманында,
Быт-шыт қып бөліп едім жұбайыңды.
Келді деп мынау орыс қарсыласып,
Ұмыттың қотыр Үйсін құдайыңды.
Бақтыбай:
Домбыраны сөйлеткен,
Он саусақтың саласы.
Жүгіртеді тұлпарды,
Жердің жазық даласы.
Қалай-қалай сөйлейді,
Көргенсіз иттің баласы.
Байқадың ба, Жəлменде,
Арғынның айтқан сөзінің
Аңғарына қарашы.
Құнанбай деген қажыны
Тұлпарым деп айтады.
Қайдан көрдің жылқы қып,
Тойға мініп келгенін.
Маман мен Толқынды,
Арыстан деп айтады.
Арыстанның атасы
Мысық еді бəтшеғар,
Қайдан көрдің қалмақ боп,
Жұрттан тышқан жегенін?
Абақ, Тарақ мен едім,
Арғын, Найман сен едің.
Аз да болсам бір күнде,
Ақ тұйғын құспен тең едім.
Талай жанның шыңғыртып,
Бауыр етін мен де жеп едім.
Ұлы жүздің ішінде Бақтыбай деген мен едім.
Аласалау болмасам,
Мен кімдерден кем едім?
Теңізде жатқан тығылып,
Арғын, Найман сен едің.
Қаспақбай деген мерт кетті,
Жайнағымнан бір кісің
Əлі күнге ол құнсыз.
Қыпшақбай, өзіңді-өзің көтермегің,
Болмайды ел болған соң тегі мінсіз.
Белгілі Арғын, Найман Бақтыбайға,
Қыпшақбай, мақтанбағың бекер жөнсіз.
Біздің ел асау мініп шідерлеген,
Саналы сөз кəдірін білер деген.Ескелді өтіп кеткен жағалы жай,
Жалайыр қысылғанда жібермеген.
Домбыраны сөйлеткен
Бетіндегі тиегім,
Қимылдай бер иегім.
Қараталдың бойында,
Аштан бар өлген сүйегің.
Көтеріліп осынша
Кім еді сенің тірегің?
Мақтанып қазір отырсың,
Сен сорлының бірі едің.
Жеңемін деп сен мені,
Аптықпасын жүрегің.
Бұл жерде мен отырмын,
Əбиір бер құдай деп.
Андастан шыққан Шопабай,
Арғынды қырған қоралап.
Арғын мен Найманды,
Басынан құдай ұрғанды.
Ұрғаны емей немене,
Шұбыртпалы Арғынды,
Тасмұрынның басында,
Шопабайдың бір өзі,
Көгендеп қойып қырғанды.
Қабан ақын дейтұғын
Менің пірім болады.
Он сегіз мың ғаламды
Өлеңменен жоқтаған.
Қасқырға шауып жапалақ,
Құйрығын сорлап боқтаған.
Сарменбет бимен үшеуі,
Төсегінен тұрғызып,
Сипалатып тоқтаған.
Біздің елді жамандап,
Көргенсіз иттің баласы,
Сандалып босқа оттаған.
Қыпшақбай, дүрілдеген даңқың мықты,
Бұл сөзді естігеннің бəрі де ұқты.
Несіне Құнанбайды мақтай қалдың,
Мақтаншақ қу сорлы шал мұнан шықты.
Барасың сөйлемесем судай тасып,
Қаласың мен сөйлесем жездей жасып.
Айтсаңшы Қараменде əулиеңді,
Отыр ма, сорлы қақбас, мəрту басып?
Қыпшақбай:
Наймандағы бір елім,
Қыдыралы, Құлшан, Қаптағай.
Шұғыр бақа секілді,
Жалайыр саған кетіпті
Менсінбей қызыр тоқтамай.
Жалайыр деген табың бар,
Қу жақ еді қамыстай,
Тіккені жаман құрымды.
Ары-бері сөйлесем,
Құртамын сенің дымыңды.
Өнімсіз бекер сөз сөйлеп,
Келтірдің мұнша жынымды.
Сорлы Арғынның баласы
Қалтасынан береді,
Бақтыбай, сенің құныңды.
Өртеңгі қамыс секілді,
Жалайыр көрдім сыныңды.
Құдай мақұл көрмейді,
Ойласам, батыр, мұныңды.
Қыпшақбай ақын сайраған,
Төрт аяғым тең жорға,
Сабаса да таймаған.
Арғын мен Найманға,
Тең келем деп қаяқтан,
Сорлы елің сенің ойлаған.
Ел жайлауға көшкенде,
Артуға көлік таба алмай,
Көбісі ойды жайлаған.
Маман мен Толқынның
Тай шаптырым болады,
Ауылының аймағы.
Елуден кейін болмайды,
Желідегі тайлағы.
Арғын мен Найманға
Тең келем деп қаяқтан,
Сорлы елің сенің ойлады.
Жəлменденің елі бар,
Ел жайлауға көшкенде,
Құнан өгіз байлаған.
Он, он бестен ешкісін,
Қотыр ғылып айдаған.
Майымен сүйектің,
Қотырын оның майлаған.
Арғын мен Найманға
Тең келем деп қаяқтан
Сорлы елің сенің ойлаған.
Қыпшақбай ақын қозғаған,
Айтсам тілім тозбаған.
Алтын, Жаппас, Қаракерей,
Кенекес деген елім бар.
Мың саулығы көктемде,
Сорлы үйінен қоздаған.
Елу інген көктемде,
Қу маңлай үйінен боздаған.
Бəрін жыйып келгенде,
Сол елден байлық озбаған.
Арқадағы бір елім
Қыдыр қонған Тобықты,
Артықша қыдыр қоныпты.
Берекелі қаяқтан
Көргенсіз иттің баласы,
Сенің елің болыпты.
Арқадағы бір елім,
Шаншар мен Қарашор,
Бір құдайдан басқадан
Өте-мөте болған зор.
Мен білемін, Жалайыр,
Өсімің аз сен-ақ қор.
Жəлменденің елі бар,
Мен білемін оңбаған.
Оңбағанын айтайын,
Бұзауға үйін қомдаған.
Ел жайлауға көшкенде,
Тай таба алмай мінуге,
Он сегіздегі қатыны
Жаяу жүріп сорлаған.
Үйсін деген елің бар,
Жетісуды жерлеген.
Бір жыл егін шықпаса,
От басында еңіреген.
Мақтанып қанша айтқанмен,
Еш қайсыны келмеген.
Суан деген елің бар,
Көкбұқаға өкпелеп,
Шонтайынан үріккен.
Қыштаққа барып кіріккен.
Қызыл қонақ талқаның,
Көкірегіңді шіріткен.
Не деп ақыл сұрайсың,
Осындай затсыз шіріктен.
Жалайырдың қыздары
Көн шоқайдың қонышын,
Шуда жіппен буады.
Ел жайлауға көшкен де
Бір-бір тана мініп ап,
Шаңқай түсте болдыртып,
Тышқақтатып қуады.
Арам өлген қойының майына
Қара сабын шылап ап,
Жұпар сабын осы деп,
Беті-қолын жуады.
Мұныменен Жалайыр
Сорлы болып туады.
Ар жақтағы бір елің
Сары Үйсін мен Дулаттай,
Арғындай болып қызталақ
Сорлы елің сенің тумапты-ай.
Бес қап қонақ алғаны,
Байлық қылып зулапты-ай.
Бір жыл егін шықпаса,
Баласының аузына
Кебек тимей қурапты-ай.
Күлшедей наны жоқ болса,
Төстіктей ет жемейді.
Екі қадақ ет алса,
Екі уыс ұнмен көбейді.
Неменеге мақтайсың,
Осындай сорлы кедейді.
Жалайырдың жігіті,
Алып жүрген кендірді.
Кендір алып жігіті,
Соры қайнап меңгірді.
Қоңыр тана мінгені,
Қоңыр шекпен кигені.
Кигенім жақсы болды деп,
Өзін-өзі төндірді.
Ордалысын Арғынның
Көрмеймісің Бақтыбай,
Осы отырған өндірді.
Байқаймысың, Бақтыбай,
Жақсыны жақсы жанайды,
Сиыршы деген елің бар,
Өлген сиыр құйрығын,
Бір ағашқа саптап ап,
Өзін-өзі сабайды.
Сары шыбын масасы,
Ызыңдап соңынан қалмайды.
Сарыарқадай сенің жерің жоқ,
Арғындай сенің елің жоқ.
Құр мақтағаның бомайды.
Айта берсем Бақтыбай,
Бойыңнан мінің табылған.
Жалайырдың шалдары,
Орақ орып күздүгүні,
Бетіне мия жамылған.
Өнімсіз бекер сөз сөйлеп,
Бақтыбай, саған неғылған?
Біздің елдің байларының қалтасында,
Уыс-уыс теңге бар.
Ең сорлысы Бақтыбай
Сен сияқты пенде бар.
Қатыны семіз, ері арық,
Аттам жерде бір арық,
Ор Қаратал дейтұғын,
Жер сорлысы сенде бар.
Ескерту: Осы тұсқа келгенде, Жəлменде мына сөзге Бақтыбай нежауап тауып айтар екен деп, төмен қарап, қамшысымен жер шұқылап, қысылыңқырапты. Оны байқаған Бақтыбай өлеңінің алғы шумағын Жəлмендеге, онан соң қайтадан Қыпшақбайға бағыттап, жосылтып кеткен екен.
Бақтыбай:
Қысылма бегім, қысылма,
Айналайын, Жəлменде-ау
Неменеге қысылдың?
Сіз қысылып кеткен соң,
Арғынның бегі əрленді,
Ескелді, Балпық, Қарымбай,
Қысылсам берер дəрменді.
Тоқтай тұр, Арғын, тоқтай тұр,
Асқанға тосқан дəл келді.
Ит құтырса алдымен
Иесін кеп қабады.
Жан қысылса адамдар,
Жақынын келіп табады.
Қара қарға құтырса,
Қасқырға кеп шабады.
Ешкіемер, батбат құтырса,
Айдаһарды шағады.
Тəккабарлы адамның
Ақырын құдай табады.
Жақсы аттанып кей адам,
Ұлықтарға жағады.
Ауызбірлігі жоқ жанды,
Несіптен Алла қағады.
Арамнан біреу мал жинар,
Арамдық оған жақпаса,
Жиғаны судай ағады.
Атам Қабан оңласа,
Ескелді, Балпық, Қарымбай,
Асан-Сиық қолдаса,
Бақтыбай атым құрысын,
Қабан берген ақ балдақ,
Қыпшақбай құрлы болмаса.
Наймандағы бір елің
Қыдыралы, Құлшан, Қаптағай,
Жамылдың көрпе шақтамай.
Біздің елді жамандап,
Қыпшақбай неге оттады-ай.
Елімді мұнша жамандап,
Тыныш отыр сандалмай,
Бет алдына оттамай.
Наймандағы бір елің
Қаржау мен Боранды,
Шақтамай көрпе оранды.
Ежелден-ақ мақтайсың,
Тасбақа мен жыланды.
Арғын мен Найманға,
Бақтыбай ақын сыралғы.
Арғын менен Найманның,
Бақтыбай жайын біледі.
Біздің елдің кедейі
Орақ орып жүрсе де,
Бір-бір құр ат мінеді,
Құдай ұрған Қыпшақбай,
Бізге неден күледі.
Сиыршы деген елімнен
Астық іздеп Арғының,
Күн сайын қайыр тіледі.
Арғын менен Найманның
Көрген күнін ұрайын.
Тамақ үшін жалға жүреді.
Наймандағы бір елің
Көлдей менен Жұмай-ды.
Төртсары мен Кенжеден,
Қорлық көріп жылайды.
Кемарашы деген жерімнен,
Сиыршы деген елімнен,
Жетім менен жесірің
Астық іздеп шұбайды.
Балық артып түйеге,
Ішіне келіп елімнің,
Əлсіреп Арғын құлайды.
Ұзынынан сұлайды.
Жаның сақтап тұрғаның,
Менің елім емес пе?
Көргенсіз иттің баласы,
Ұмыттың неғып құдайды?
Ұлы жүздің бір ұлы
Ар жақтағы Сарыүйсін,
Жер менен көктің бəрі Үйсін.
Жалайырдың аздығын,
Қаяқтап батыр, таныйсың?
Наймандағы бір елің,
Алтын, Жаппас, Қаракерей,
Кенекес деген елің бар.
Кəпірден заты кем емес.
Мен мақтансам жарайды,
Сен мақтану жөн емес.
Құнанбай құнын сұрап жүрсін солай,
Бақтыбай өлең соқсын олай-былай.
Кыпшақбай, тіл тигізбе біздің елге,
Жаман ғып жаратқан жоқ патша-құдай.
Қыпшақбай, сенің қалмады,
Маған қылған қиқағың.
Ары-бері сөйлесем,
Көк желкеңнен қырқамын.
Өлеңімді өрлетіп,
Көпшілікті терлетіп,
Бетіңді қақпас жыртамын.
Ақын-Атам дем берсе,
Өлеңіме жел берсе,
Ақшаңдаған ит кақпас,
Дəқ осы жерде құртамын.
Сыйынып əруақты Атама,
Жалбарынып отырмын.
Көзіңді, қақпас, шұқырмын,
Қалайша сенен қорқамын?
Абақ пенен Тарақтың
Азырақ жайын айтайын.
Қызының қалың малы
Мың жылқыдан болады.
Кəделі жерге қыз берген,
Қызым арзан кетті деп,
Ішінен ойлап солады.
Кəделі қырық жетіге қыз берген,
Бөлек ауыл қонады.
Арғын мен Найманның
Азырақ жайын айтайын.
Əкесі мен шешесі
Көзінің жасын көрмейді.
Қыздарының бір басын
Бір-ақ қойға теңейді.
Бес қап қонақ бергенге
Біздің елге алып кеп,
Бір қызын əкеп береді.
Болмайды бір қызы да қотыр бие,
Жағайын дəқ бетіңе сүйтіп күйе.
Қыпшақбай құлақ салып тыңдап отыр,
Өлеңді жіберейін жүйе-жүйе.
Арғын мен Найманды
Басынан құдай атады.
Атқанының белгісі
Бес қап қонақ бергенге,
Бір қызын əкеп сатады.
Таутан артып жүргенде,
Сексенге келген шалдары,
Арам босқа қатады.
Сиыршы деген еліме,
Кемарашы жеріме,
Жете алмай кей Арғын,
Жолда өліп жатады.
Өлмей тұрып барғаны
Сиыршы деген елімнің,
Қаратал деген жерімнің,
Бұйырған дəмін татады.
Қыдыр қонған еліме,
Қаңғырып барған Арғынның,
Тамағынан нəр жүріп,
Жұмылған көзін ашады.
Наймандағы бір елің,
Ашықбай мен Сарыбай,
Əлі жүрсің жарымай.
Жарымағандығыңды айтайын,
Тоқалдыққа қыз бердің,
Сексенге келген шалым-ай.
Əкежан деп қонасың
Көшіп барып жаныма-ай.
Абақ пен Тарақтың
Кім таласар əр малдан
Құдайдың берген бағына-ай.
Мұнан басқа қалды ма,
Айтар сөзің тағы да-ай.
Осынша мені жамандап,
Аш бөрідей жалаңдап,
Əлі күнге жүрмісің,
Құдайыңды танымай.
Масаң бар ма жеріңде,
Кірмең бар ма еліңде?
Құнан атқа қосылған
Жүйрік едім əнімді.
Əбден жетік білемін
Арғын сенің жөніңді.
Қайнатпай қазан пісірген
Басармын, батыр, деміңді.
Баласына Ұлы жүз
Бақтыбай ақын сенімді.
Арғын, Найман, бай болсаң,
Төрт түлікке сай болсаң,
Тентіреген итіңді
Көшіріп ал қасыңа
Босатып бер жерімді.
Байқай сөйле, Қыпшақбай,
Көпшіліктің алдында,
Сыпырармын теріңді.
Кереу ғылып мен айтпаймын
Бидайым мен тарымды,
Сөйлемеймін тегінге.
Айдап жүрген мың жылқың,
Берекесі жетпейді
Екі пұт қонақ егінге.
Құртып отыр Қыпшақбай
Құдай сенің есіңді.
Қайтарармын сесіңді.
Сіздің елдің байлары
Үйіне қонақ қонғанда,
Ашуланып секірді.
Алды, артыңа қарамай
Жасама, батыр, кесірді.
Байқадың ба, Жəлменде,
Қыпшақбай неден есірді?
Жалайырым болатын,
Ашылып жатқан əр жерде,
Жабатұғын көтіңді.
Əулие бар елімде
Аттары кəміл көңлімде,
Қырық бір шілтен секілді.
Қаңғырып барған Арғының
Үш жылда мал малданып,
Қатын алып, жетілді.
Сиыршының елінде,
Қаңғырып жүрген Арғын көп.
Итаяққа телмірген,
Көкалабарақ секілді.
Бақтыбай ақын аңлаған,
Айтсам тілім талмаған.
Кісім түгіл бұл жаққа
Итім де менің бармаған.
Нанбасаң қазір барып көр,
Жəлменденің үйінде,
Бір Арғының əлі жүр,
Тамақ үшін жалданған.
Жəлменденің елі бар,
Бұзауға үйін қомдаған,
Қомдағанын құдайым
Басынан-ақ оңлаған.
Жамандама елімді
Затсыз қақпас оңбаған.
Мақтанып қанша айтсаң да,
Жəлменденің елінен,
Озар елің болмаған.
Ақыл дария сана бар,
Əулие-ата, Нəменген,
Ташкен деген қала бар.
Ар жағында Ташкеннің
Марғұлан, Əндіжан жəне бар.
Сол қаланың ішінде
Шаруа бастық байлар бар.
Біздің елдің байларын
Сол байларға шамалар.
Аш-арық болған Арғының
Өздігінен қаңғырып,
Жалайырдан жағалар.
Көшіп келіп сағалар.
Еліңді жөнсіз мақтама,
Арғын, Найман байлары
Төбет итпен барабар.
Мырза деген елім бар,
Арық атқа жем берген.
Қаңғырып барған Арғынды
Арық қойша өңгерген.
Орыс, қазақ демейді,
Халайықты тең көрген.
Қысылғанда тар жерде
Аталарым дем берген.
Біздің елді жамандап
Көргенсіз иттің баласы,
Сенікі қайдан жөн келген?
Ұлы жүздің бір ұлы,
Ар жақтағы Ботпай-ды.
Мына шеті сұрасаң,
Əулие-ата, Нəменген,
Ташкенге барып тоқтайды.
Біздің елді жамандап,
Көргенсіз иттің баласы,
Сандалып босқа оттайды.
Бəйдібектің бір ұлы
Білемісің Жанысты.
Жанысқа мөлшер қыламын,
Көлге біткен қамысты.
Қасабай, Жайнақ, Солтанай,
Қаңғырып барған Арғынмен,
Қарсыласып шабысты.
Ескелді, Балпық, Қарымбай,
Жұрт билеген дабысты.
Бақтыбай жүйрік мен едім,
Домбыра алып қолыма
Жібермедім намысты.
Ерегіскен ит қақпас
Көрсетейін шабысты.
Əулие өткен атамыз
Тезге салып түзейтін.
Затсыз иттің баласы,
Сен сияқты шалысты.
Ұлы жүздің бір ұлы,
Ұмыттың ба Шымырды.
Шымырға мөлшер қыламын,
Ұшып жүрген шыбынды.
Шыбынға мөлшер қыламын
Сары үйсін деген елімді.
Саспай тұр Арғын, саспай тұр,
Көргенсіз иттің баласы,
Қағамын бүгін жыныңды!
Ұлы жүздің бір ұлы,
Біліп жүргің сиқымды.
Көп көзіне көрсетіп,
Келтірейін сыйқыңды.
Байлығың сенің не керек,
Бір қап астық кəдірлі
Көрмейміз мың жылқыңды.
Орынсыз, қақпас, мақтанып,
Келтірдің менің күлкімді.
Менің елім бай ел деп,
Мақтан қылып Қыпшақбай,
Аш кенедей жабысты.
Көптігін айтсам елімнің
Түзетермін шабысты.
Бəйдібектің бір ұлы
Ысты менен Сарыүйсін,
Абақ, Тарақ атанған,
Біздің елдің бəрі Үйсін!
Бəйдібектің бір ұлы
Өзің айтқан Дулатты.
Талайлардың жүрегін,
Көптігімен зулатты.
Қыпшақбай ақын біліп жүр,
Сіздің елдің талайы,
Етек-жеңі кең ел деп,
Біздің елге сіңіп жүр.
Айт десең, тағы айтайын,
Албан, Суан елім бар,
Жетісу жəннат жерім бар.
Қай жерімде кемім бар,
Білмесең, келіп, біліп қайт!
Төртсары, Кенже, Қаптағай
Аштықтан талай қырылды.
Жекжатшылап біздерге,
Талай-талай тығылды.
Жеріме тең келмейсің,
Көптікке тең келмейсің.
Зекет бермес Қыпшақбай,
Не қылам мал мен пұлыңды.
Онан да бізді қайтарғың,
Ата жолмен бұрынғы.
Жалайырдың бір ұлы
Балғалы мен Андасты.
Ақбұйым, Кəлпе, Сұпатай,
Арықтыным, Бəйшегір,
Орақты мен Қайшылы,
Ежелден елі жалғасты.
Осындай сөзді айта алмай,
Айтар сөзін біле алмай
Қара басты, сен насты.
Ата-тектен сөйлесем,
Қызыл тілім талмасты.
Алтын сөзді арнадан,
Мен шығарсам Қыпшақбай,
Есі-тұсың сенің қалмасты.
Жалайырды қай түрлі
Мақтасам да болады,
Қай қазақ бұған нанбасты.
Ойламайсын Қыпшақбай,
Шылым тартқан орыстың,
Бабайындай албасты.
Жан тумас Абағым мен Тарағымдай,
Еш адам қайтармаған талабымды-ай.
Түк басқан аузы-басын шайтан қақпас,
Орыстың шошқа жеген барағындай.
Қыпшақбай одан əрі жұмбақ айтуға көшіпті.
Қыпшақбай:
Бақтыбай дүрілдеген даңқың мықты,
Бұл сөзді біреу ұқпай, біреу ұқты.
Алдыңа, ақын болсаң, сан айтайын.
Бар екен дүниеде неше жұпты?
Бақтыбай:
Бір Алладан басқаның,
Бəрі түгел тең жұпты.
Білсең егер өзің айт,
Бір Алламен кім жұпты?
Қыпшақбай:
Бір жауап кезім келіп айттым саған,
Сөзім жоқ мұнан артық бітті тамам.
Ақымақ, сен білмесең, мен айтайын,
Жұпты екен бір Алла мен Мария анам.
Қыпшақбай дұрыс шешпеген соң, Бақтыбай екіленіп,
екпіндеп кетеді.
Бақтыбай:
Қыпшақбай, бəрекелді, ер екенсің,
Елдегі қаса сорлы сен екенсің.
Мен сені ақын ғой деп ойлаушы едім,
Қаңғырған қоқандықпен тең екенсің.
Адасып айттың сөзіңді
Мен айтайын ит қақпас,
Туған ай мен күн жұпты,
Атар таң мен түн жұпты.
Тасып аққан дариямен,
Байқап тұрсаң көл жұпты.
Ойпаң жер мен қыр жұпты.
Жауын менен жел жұпты.
Еркек пенен ұрғашы,
Əуелден-ақ бұл жұпты.
Ібіліс шайтан, жын жұпты.
Байқап тұрсаң, Қыпшеке,
Бір кұдайдан басқаның
Бəрі бірдей тең жұпты.
Атамыз – Адам пайғамбар,
Топырақтан жаралған.
Өлімге пенде саналған.
«Ассалаумағалейкум» деген сөз,
«Біссіміллəмен» пара-пар.
Осы сөздер дүниеге
Ең алдымен таралған.
Біле алмадың оны, сен,
Бір Алламен кім жұпты?
Қауашағыңа енді құй
Бір Алламен дін жұпты!
Бақтыбай сөз сөйлейді сара-сара,
Қыпшақбай ақын болсаң осыны тап.
Не болар дүниеде ақ пен қара?
Бір құс бар ала-құла қанат қағар,
Қаққанда қанатынан жауын жауар.
Дүниенің төрт бұрышында төрт бəйтерек,
Басына құдай қосса барып қонар?
Қыпшақбай:
Ақ дегенің құдай сөзі құран еді,
Қара дегенің пенденің
Іші толған тұман еді.
Тең келсең Қыпшақбаймен қайда жүрсің,
Алақандай ай мен күн – сен сұраған,
Шешуі бұл жұмбақтың солай еді.
Бақтыбай, жұмбағыңды таптым ба,
Қос өкпеңнен аттым ба?
Қортық қошқар секілді,
Қортыйып барып жаттың ба?!
Бақтыбай:
Қыпшақбай, жұмбағымды таба алмадың,
Табамын деп бос сөзге арандадың.
Адамның көзі еді бұл жұмбағым,
Ақымақ, терең ойлап барамадың.
Қожаға осындағы жүгінелік,
Адамды одан басқа таба алмадым.
Бақтыбай қожаға қарай бұрыла айтады:
– Құдайдың өзі берген нəубеті бар,
Жақсының жақсыменен сəулеті бар.
Тақсыр-ай, сізді қожа деп естідім,
Осында пайғамбардың əулеті бар.
Айналайын, тақсыр-ай,
Арғын да сіздің жұртыңыз,
Үйсін де сіздің жұртыңыз.
Теке менен қошқарға
Қисаймасын мұртыңыз.
Алланы дара, дана деу,
Емес пе еді ғұрпымыз?!
Қожа:
Апырау, мынау Бақаң ақын екен,
Көздеген жорамалы мақұл екен.
Айтамын шариғаттың тура жолын,
Түк білмес Қыпшақбайың пақыр екен.