19.07.2022
  122


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БАҚТЫБАЙ МЕН БƏЙІМБЕТ айтысы

Бəйімбет:
Ассалаумағалейкүм, Бақтыбай,
Бағарыңыз көбейсін.
Осы болса бар малың,
Бес ешкілі кедейсің.
Бес ешкіңнен айрылсаң,
Қатынына не дейсің?
Қу тақтайды құшақтап,
Сұмырай тілді безейсің.
Сұлу пышақ, қу табақ,
Мезгілімен соғым жемейсің.
Өлеңменен байлардың,
Мінін айтып шенейсің.
Қақсап жүріп бір күні,
Өлемін ғой демейсің.
Құдай берген өнердің
Қызығын қашан көресің?
Бес күндік фəни жалғанға,
Осынша неге сенесің?
Өлмеймін деп жүрмісің,
Қырыңнан жерге енесің.
Бақтыбай ақын дегенге,
Мəз боласың есіріп.
Бір тойып ішкен көжеңе,
Терлейсің, сорлы, шешініп.
Жамыларға көрпең жоқ,
Жатарлықтай көсіліп.
Айтыспаққа құмар ем,
Сеніменен шешіліп.
Саған айтар сөзім көп,
Қалмаса тілім кесіліп.
Сен Бақтыбай болғалы,
Қос атпенен жүресің,
Жеке атқа қашан мінесің?
Дүниенің шолағын
Айтқызбай өзің білесін.
Далаға шықсаң мақтанып,
Үзеңгіңді шірейсің.
Үйде отырсаң омалып,
Боқтығыңды күрейсің.
Біздей сұғып тіліңді,
Көрінгенді мінейсің.
Қанағат қылмай құдайға,
Елден жылу тілейсің.
Шұбардан тіпті кешпейсің,
Көксудан былай етпейсің.
Мұрадыңа жетпейсің,
Құдай тойым бермесе,
Қай уақытта, Бақтыбай,
Көресің елдің қарасын?
Құдай жазған емес пе,
Əркімнің тағдыр, қазасын.
Дүниеқордың береді
Өлгенде құдай жазасын.
Қолыңды жайып сұранып,
Кетірдің жұрттың мазасын.
Онан-мұнан құрайсың,
Қайырыңды сұрайсың.
Бет алып барған жеріңнен,
Алмай тіпті тұрмайсың.
Домбыраңды бетке ұстап,
Зулап тұрған сұмырайсың.
Бай болмайсың, Бақтыбай,
Барлық халық бергенге.
Сұраншақтық азапты,
Тартарсың кейін өлгенде.
Тырайып барып жатарсың,
Өлген қайтып келген бе?
Неңді сойып бересің,
Үйіңе мейман келгенде?
Бақтыбай деген атың бар,
Қазаның толмас асың бар
Сен бір жүрген шерменде,
Жарымаған сорлысың,
Тақыр шалбар тондысың,
Берер құдай бергенге.
Бақтыбай:
Ал, Бəйімбет, Бəйімбет,
Сөйлеп кеттің тоқтамай.
Мақтанбағын баймын деп,
Отаубайша оттамай.
Енді маған кезек бер,
Тұрдым тыңдап сөзіңді.
Өзің келіп тиістің,
Жеңбей қойман өзіңді.
Менің атам Сырманақ,
Сенің атаң Шуманақ
Табанында бүрің жоқ,
Келдің қайдан сырғанап?
Сырманақтан Тарақты,
Бақтыбай ақын аралар,
Абақ пенен Тарақты.
Байқап сөйле, Бəйімбет,
Ашылар артың əлі-ақты!
Құрт жеген соң басыңды,
Шөкімдей миың қалмапты.
Сұлу пышақ, қу табақ
Жарымаған ел едің.
Айтып бір салдың əуелден,
Ішіп бір жеген тамақты.
Бақтыбай кедей болғанда,
Сенің елге нең шықты?
Қысы-жазы босасаң,
Тоғаның жоқ меншікті.
Қыздырып ең аузымды,
Маңдайымнан тер шықты.
Бір орын мекен қылмайсың,
Астықты қайдан алам деп,
Құдайыңа жылайсың.
Қақпан, тұзақ арқалап,
Сексеуілге барасың.
Шырпының түбін сау қоймай,
Қақпан, тұзақ жазасың.
Тұзақ пенен қақпанға,
Ертең түсте барасың.
Арам өлген қоянды
Арқалап жиып аласың.
Ақ көз қоян адал деп,
Біле тұра арамды,
Қазаныңа саласың.
Құдай өзі береді,
Арамқордың жазасын.
Баққаныңды мал демей,
Еңбек қылып нан жемей,
Біздің елдің дəніне,
Күзді күндер болғанда,
Айырбастап тұзыңды,
Аласың елдің мазасын.
Менің атам Байкөбен,
Сиыр бағып жүргенде,
Ақсақалды шал келген.
Шұбардан қоныс ал деген,
Ақ бидайды сал деген.
Ақ бидай салып нан жеген.
Нан жеген соң дəн жеген,
Қараталдан тоған сал,
Тоғанға қарай қоғамдал,
Иесіз жатқан Шұбардың
Егістігі мол деген.
Қыдырлы тоған болған соң,
Орыс деген ел келген.
Өнері көп орысты
Үйір қылдым жерменен.
Сенің елің қорқады,
Мен емес пе тең келген.
Арық аттай, күшігім,
Шом тесіп, арқаң жауыр боп,
Ел қатарына енбеген.
Базардан алған кездеме,
Жаманның сөзін сөз деме.
Бақтыбаймен айтысты-ау,
Бəйімбет деген таз неме.
Бақаң өлең қозғаған,
Алдынан жүйрік озбаған.
Бəйімбет, қайдан кезіктің,
Айтпайтын сөзді қозғаған?
Жүзден озған тұлпармын,
Сөз тауып, сөзден қоздаған.
Бəйімбет:
Бақтыбай шешен, ақынсың сөйлер сөзге,
Бақтыбай боп атандың осы кезде.
Дəуірлеп барған сайын мақтанасың,
Қанша ешкің бар отарда мұнан өзге?
Осы болса бар малың сенбей-ақ қой,
Қандай күйге кебенек салар күзде.
Сары суланған салықшы, сорлы кедей,
Бидаймен тапқан малды көрсет көзге.
Бақтыбай, сене берме домбыраңа,
Бес ешкің сауын болып оңдыра ма?
Кебенек көп ешкіден жұрдай болсаң,
Байларың сені қоңсы қондыра ма?
Тіліңді безеп сауын сұрайсың ғой,
Қу тақтай сабай берсең, болдыра ма?
Қу кедей, не бетің бар мақтанардай,
Малың жоқ сойып жейтін басқалардай.
Жасыңнан көргеніңнің бəрі бейнет,
Күнің жоқ тойып ішіп шаттанардай.
Біздің ел тауды жайлап, құмды қыстап,
Жартысы өзен бойын қылар қыстақ.
Құдайым мал мен бақты бергеннен соң,
Білмейміз жер шабуды кетпен ұстап.
Бақтыбай:
Баймын дедің, Бəйімбет,
Қалай айттың ұялмай?
Отыр едім əуелде,
Жаман сөзге қия алмай.
Жүр екенсің, байғұсым,
Өзіңді өзің ұға алмай.
Көпірме ауыз сорлысың,
Орынсызға мақтанып,
Тіліңді кеттің тия алмай.
Берекелі бай болсаң,
Жүрер ең ғой сұранбай.
Маса менен шіркейге,
Қамалғаныңды білмейсің.
Қаратал мен Көксуға
Еркін жатқан сия алмай.
Сұрамаймын бестіңді,
Өлең қылдың ешкімді.
Жайлауыңды мақтайсың,
Тыртаңдайтын бес күнгі.
Шын ақымақ екенсің,
Деуші едім сені ес білгі.
Кебенек кеп қырылса,
Төлеуіне сұраман,
Қойың менен ешкіңді.
Кенелеп малы өлді деп,
Сіздің елден бір есек,
Біздің елге естілді.
Ешкім өлсе қорамда,
Бидайым бар ұрамда.
Намыстансаң, Бəйімбет,
Бізден келіп сұранба.
Жұтап кейде қаласың,
Сасытып құмның арасын.
Берекесіз, қайырсыз,
Байлығыңды ұрам ба?
Боғыңды көрмей, жоқты айтып,
Кеттің шырқап шығанға.
Ақсүйек боп қырылдың,
Өткен жылғы жыланда.
Ақ шомшы болып сандалып,
Бидай сұрап зарланып,
Қарымбай құсап жер жұтып,
Өлсең еді мұнан да.
Жалайырдың баласы ең,
Жер сұрасаң берер ем,
Еңбек етсең емерсің,
Сенен тарлық қылам ба?
Жөніңді білмей, Бəйімбет,
Қарға құсап қарқ еттің
Алысқа самғар қыранға.
Бəйімбет:
Бақтыбай, өлең айтасың,
Кешке шейін жалықпай.
Бəйімбеттен жеңіліп,
Сені құдай ұрып па-ай?
Жатақ жаттың, Бақтыбай,
Күрік болған тауықтай.
Жұтап күшік қалғанда,
Бес ешкілі Бақтыбай,
Сенен сауын сұрап па-ай?
Той-томалақ көрмейсің,
Шілде қақты салықшай.
Мақтансаң жөні келеді
Білемін деп орысша-ай.
Біздің елдің бір шеті,
Іле бойы қорықта-ай.
Бас-басыңа, Бақтыбай,
Таныс қылып алыпсың,
Бір-бір, хохол, орысты-ай.
Антон менен Шодырдан,
Ақша қарыз аласың.
Қарыз алған ақшаға,
Келер жылы көктемде,
Торпағыңды саласың.
Мақтанбағын, Бақтыбай,
Білеміз ғой сырыңды,
Өстіп құрып қаласың.
Біздің ел құмда жатады,
Қалтаға ақша басады.
Құнан қой мен дөнен қой,
Кездемеге сатады.
Бексұлыға сіздің ел,
Белшесінен батады.
Жаздай тапқан астығын,
Бексұлыға тартады.
О да жетпей тапшы боп,
Жалғыз атын сатады.
Сіздің елді, Бақтыбай,
Өстіп құдай атады.
Бақтыбай:
Бəйімбет, кепсің сандалып,
Айтыспаққа камданып.
Тар босаға, тар есік,
Байқап сөйле аңғарып.
Соқыр болса ұлығың,
Көзіңді, тазым, қысып жүр.
Оған арнап ор қазып,
Өзіміз түсіп қалмалық.
Орыс деген халық бар,
Сөйлер сөзде парық бар.
Көрінбейсің, Бəйімбет,
Сөзімді менің парықтар.
Өтірікті білмейді,
Ұрлығыңды қылмайды.
Біле білсең, Бəйімбет,
Орыста талай нарық бар.
Несі жаман көрінді,
Орыс салған қаланың?
Қазақ барып алады,
Одан керек-жарағын.
Өнерінен именбей,
Одан да үйрен жиренбей.
Тілімді алсаң қаңғырып,
Айдалада қалмағын.
Дейсің бізді орыстас,
Орыс та болса қоныстас.
Қалай жемей тұрасың,
Сыйлап берген тамағын?
Қаласы соның сатады,
Көйлегі мен көншегін,
Қатын менен баланың.
Сол орысқа, Бəйімбет,
Қарамай, кəне, қалғаның?
Орыс деген өнерлі,
Оны аузыңа алмағын.
Қыздырдың ғой тілімді,
Домбырамды қағамын.
Қойға ере алмай жүруші ең,
Құмға күйіп табаның.
Байқап қалдым, Бəйімбет,
Тəуір екен самалың.
Бақтыбайдың алдына,
Айдап келген түрткілеп,
Бəйімбет, сенің ажалың.
Ноғай менен орыстар,
Старшын мен болыстар,
Орыс та болса басыңды
Осы күні сол ұстар.
Талдықорған базарым,
Базарсыз болмас ажарым.
Араласып бəрі жүр –
Орыс, ноғай, қазағым.
Барып халық алады,
Шыны, шəйнек, қазанын.
Басында тұр зор қауіп,
Жатырсың құмда бор қауып.
Сорың қалың мандайда,
Арылар қашан азабың?
Бəйімбет:
Жақсы айтасың, Бақтыбай,
Домбыраңды қақтың-ай.
Үйсін, Найман бас қосса,
Сөз нақысын таптың-ай.
Намыстас боп орыспен,
Жатақ болып жаттың-ай.
Орыс пенен қазақтың
Бəріне де жақтың-ай.
Ендігісін өзің айт,
Бір талай тісім батты ма-ай?
Жаяу едім өлеңге,
Ере алмадым аттыға-ай.
Бақтыбай:
Мақтан қылдың, Бəйімбет,
Койың менен жылқыңды.
Егін салып, нан жесең,
Бұзбайды ғой шырқыңды.
Жеңемін деп желпеңдеп,
Едірейттің мұртыңды.
Жамандама орынсыз,
Орыс деген жұртымды.
Теңемегін Шұбарға
Құм-сексеуіл шырпыңды.
Иллəлəға келтіргін,
Пейілі жаман құлқыңды.
Көрмей кепсің жығылар,
Алдыңдағы шұңқырды.
Сенен несін аяйын,
Өлең деген шіркінді.
Ең артынан айтпақ ем,
Басыңды жеген құртыңды! –
дегенде, Бəйімбет қарқылдай күліп, Бақаңның алдында
қолын қусырыпты.
Бақтыбай:
Осылай еді жайым деп,
Жөнге келгің, Бəйімбет.
Мұнан былай осылай,
Сəлем бергін дəйім кеп.
Ақынды қорлап қайтесің,
Тілінің жүрген майын жеп.
Антон менен Шодырда,
Арағың сенің дайын деп.
Жеңуім сені сөзсіз ғой,
Боп кетпесе астыртын,
Бір қиямет-қайым кеп.





Пікір жазу