АЛДАР КӨСЕ ЖӘНЕ МАЙ ИНСПЕКТОРЫ
Алдар Көсе түс қайта арық атымен қала ішіне кіргені сол, «Қолыма ақша түссе екен..»-- деп көздері жайнап тұрған, тоқтамай кеткен «Джиптерге» зы- ғырданы қайнап тұрған МАЙ инспекторы ала таяғын көтеріп, аттылы Ал- дарды тоқтатты.
--Жәйша тоқтаттыңыз ба?—деп сұрады Алдар Көсе.
--Көзіңіз соқыр ма?
--Қазір, көздерімнен сұрайын...
--Сізбен қалжыңдасып тұрғаным жоқ. Бағдаршамның қызылы жанғанда өтіп кеттіңіз!
--Менің машинам жоқ. Мен аттылымын.
--Ереже бәріне заң! Атыңыздың нөмірі қайда?
--Қандай нөмір?
--Мемлекеттік нөмірін айтамын...
--Ә-ә, мынау ма?—деген Алдар Көсе шапанының етегін көтеріп жіберіп, етігі қонышынан «АК -777 АЙҒЫР» деп жазылған машиналар нөміріне ұқсас нөмірді алып көрсетті.
--Бұл немене?
--Нөмір.
--«АК» деген немене деймін?
--Сауатсыз неме екенсіз ғой, АК—Алдар Көсе деген сөз.
--«Крутой» нөмір екен. Дегенмен, жол тәртібін бұздыңыз...—деген инспектор ат үстінде тұрған Алдар Көсеге жақындап, анау басын ие, құлағын тосты,--Ақша беріп кетпесеңіз, ішім өтеді...
--Іштің өткені жақсы емес пе, қайта асқазаныңыз тазаланып қалады...
--Жоқ... Қалай десем екен... Алақаным қышып тұр...
Алдар аттан түсе қалып, жол жиегінде тұрған «Опельдің» артындағы шошайған теміріне атын байлай салды да, инспекторға жақындады.
--Алақаныңызды ашыңыз.
--Неге?
--Қасып берейін дегенім ғой...
--Керегі жоқ, Өй, не істеп жасырсыз?—деген инспектордың байбаламына қарамастан, Алдекең оның алақанын тырнай бастады.Тіпті, тістемек те болды. Алқынған инспектор:
--Болды, жетеді деймін! Ауыртып жібердіңіз!—деп жыларман болды.
--Қышуы қанды ма?
--Қанды...
Алдар атына көз салып еді, орнында жоқ болып шықты.
--Ойбай, атым қайда?
--Әне, анау «Опель» машинасының артынан шауып барады! Мәшиненің артына байлай салғаны несі?
Алдар Май инспекторының машинасына отыра кетіп:
--Отырыңыз, қайда жұмсарымды білмей жүрген жүз мың теңгемді беремін, атымды қуып жетейік!—деді. «Жүз мың теңге»» деген сөз құлағына майдай жағып қалса керек, МАЙ инспекторы машинасына отыра қалып, аттың артынан қуа жөнелді. Сиренасын да қосып жіберді. «Опель» де, ат та жол жиегіне тоқтады. Бұлар жеткенде машина иесі таңқалып тұр еді.
--Жындысың ба, атты көрмедің бе?—деп дүрсе қоя берді инспектор.
--Құдай ақы, маған сеніңіз! Артыма қарап қойып, мына ат артымнан неге шауып келе жатыр екен?»--деп ойлағаным рас...—деген шопыр
инспектордың қолын қысқан болып, бес мың теңге ұстата қойды. Инспектор теріс қарап. Ақшаны санады да, қалтасына сала қойды.
--Бара беріңіз, сіз емес, ат кінәлі...—деді сосын. Алдар басын қасып тұрған. Жемқор МАЙ инспекторын қалай алдап, ақшасын алуды ойлап тұрды... «Не істесем екен, а? Иттің баласының қойны-қонышы толған ақша!»
--Әй, мынау атың шорылдат-е-еп тұр ғой! Көшені бүлдіріп...—деп қалды инспектор. Енді сол үшін де ақша алғысы бар.
--Ойбуу,-деп Алдар Көсе шыр көбелек айналды,--канистріңіз бар ма?
--Оны қайтесіз?
--Ағатай-ау, бензин босқа төгіліп жатыр ғой...
--Аттың бензині болады деп кім айтты сізге?
--Аттың мемлекеттік нөмірі болғанда, бензині болмайды деп кім айтты сізге? Менің атым су орнына АЙ-93 маркалы бензин ішеді... АЙ-80-ді ішпейді.
--Мынауың бензин бе? Сап-сары...
--Енді оны зәпірәпшіктерден сұра, бірдеңе қосып қойған...
Инспектор Алдар Көсенің жеңінен тартты.
--Құжаттарыңызды көрсетіңіз.
--Қандай құжат?
--Көлігіңіздің...
--Бұл ат болашақ әйелімнің атында.
--Сенім хатты көрсетіңіз.
--Болашақ әйеліммен әлі танысып үлгермесем, қайдағы сенім хат?
Инспектордың жыны келді. Сол екі арада бірнеше машинаны тоқтатты.
Бірі жүгіріп келіп, қолын алып, құшақтай алды.
--Неменеге құшақтайсың? Сенің әкең бе едім?
--Жол «папасысыз...» Неге тоқтатқаныңызды білейін деп...
--Неге «нарушение» жасамай өтіп барасыз? Бала-шаға асырауым керек шығар?
Анау ыржалақтап, қалтасынан екі мың теңге шығарып, инспектордың қолына ұстатты. Сосын:
--Құдая, бетіңіз құрысын!—деп кете беріп еді, инспектор:
--Әй, не деп тұрсың?—деп сұрады.
--Құдая, бетіңіз қайтып келсін!—деп бетін сипаған анау тұра қашты. Алдар әлі ойланып тұр. «Мына иттің ақшасын қалай алсам екен, а? Бұл деген жол торыған тонаушы екен ғой!» Бір кезде ол еңіреп жылай бастады. «Неге жылайсыз?» деп инспектор одан сұрай бастады. Ботадай боздаған Алдекең оны құшақтай алып, басын шайқады дейсің...
--Не болды саған?—деп сұрады инспектор.
--Жәй, таңертең бетімді жумай шыққан едім, көз жасыма бетімді жуып алайын деп... Сіздің атыңыз кім, ағатай?
--Майшелпек.
--Майшелпек бауырым, сізге жаным ашып тұр. КНБ деген бар. Ұлттық қауіп- сіздік комитеті. Соның жігіттері ұстап алса, қойны –қонышың толған ақша...
--Жаның ашымай-ақ қойсын. Жаңа айтқан жүз мың теңгеңді қашан бересің?—деп сұрады инспектор.
--Беремін. Менің ақшаны көрсем, аллергиям ұстайды. Көп сақтай алмаймын, жаратып жіберемін. Ақшаны ақша жасайды.
--Қалай?
--Менің ақшам буаз ақшалар. Жақында ақшалайды.
--Қ-қалайша?
--Жүз мың теңгем өзінен өзі ақшалап, екі жүз мың теңге болып шыға келеді. Солай, мықты деген тәуіпке «оқытып», түшкіртіп алғанмын.
--Мынауың қызық екен... деген инспектордың көздері күлімдеп қоя берді. Томпиған қалтасын сыртынан сипалап қойып, қутыңдай:
--Менің ақшаларым ше?—деп сұрады.
--Қане, көрсетші...
МАЙ инспекторы жан-жағына қарады. Сосын ымдап, Алдар Көсені машина кабинасына кіргізіп алды. Екеуі артқы орындықта қатар отыр. Алдар Көсе инспектор берген ақшаларды уыстап тұрып:
--Мына ақшалар ақшаламайды...—деді.
--Неге?—деген инспектордың көздері тізесіне түсіп қала жаздады.
--Ақшаларыңыз шеттерінен бедеу екен. Оның үстіне жартысы еркек ақшалар...
--Еркек ақша болар ма?
--Оқытылса, түшкірсе, бәрі болады...
--Ойпырмай-ә...
--Сіз мына ақшаларды маған беріңіз, қалтама салып алайын.
--Ойбай, бомайды!
--Болады! Менің еркек ақшаларыммен таныса берсін де. Бедеу ақшаларың бесеу болса, көбейсе, жаман ба не?—деген Алдар Көсе ақшаны қалтасына басты. Сосын:
--Жаңа айттым ғой, сіздің дұшпаныңыз көп. Мен сізге банкомат болайын. Сіз
«жұмыс істеп», ақша табасыз да, менің қалтама сүңгіте бересіз. Немесе, шопырларды маған жұмсайсыз. Қалай еді, а, ия, «шестерка» болып тұрамын. Кенеттен КНБ келе қалса, мен қашып кетемін...
--Қайда қашасыз?
--Сіздің үйге қарай...
--Менің үйімді қайдан білесіз?
--Ойбай-ау, қорыққанда, қытайдағы қатыныңды да тауып аласың деген.
--Банкомат болғаннан сізге не пайда?
--Алла тағала күніне бір рет жақсылық жасаған пендесін жұмаққа жібереді екен. Сізге жақсылық жасағым келеді...
--Жарайды, менің мекен жайым: Бұралаң көшесі, қисалаң көшесінің қиылы- сындағы 13 үй, 13 пәтер.
--Келістік! Мә, мына қамшыны ал, оқытылған қамшы. Ақша шақырады.
Алдар Көсе шетке барып, атының қасында әндетіп тұрды. Инспектор болса, «қызу» жұмыс жасап жатты. Машиналарды бірінен соң бірін тоқтатты. Шопырлар тіпті кезекке тұрып, Алдарға ақша тапсырып жатты. Ақшада есеп жоқ... Дандайсыған инспектор аз ақша берген шопырларды керек десеңіз, қамшымен салып жіберетін де болды.
--Мына қамшың керемет екен, аспанға қарай шошайтып едім, ананы қарашы, ұшып бара жатқан тікұшақ та тоқтап қалды,--деді. Алдар Көсе көздерін қолымен көлегейлеп, аспанға қарады.
--Қазір ақшаны тасқа байлап, өзіңізге лақтырады,--деген Алдекең жерден еңкейіп, кішігірім тас алды да, аспанға қарап, аңқиып тұрған инспектордың басына жіберіп ұрды. Басына тақ ете қалды. Анау жалт бұрылып:
--Сіз ұрдыңыз ба?—деп сұрады.
--Жоға, тікұшақтан түскен тас менің маңдайыма соғылып, сосын сізге қарай ұшып кетті...
--Ақшасы қайда?
--Қалтамда. Мен банкоматпын ғой...
--Әй, «банкомат!» Ақшаларымды әкеліңіз, үйге кетемін. Жүз мың теңгеңізді қоса беріңіз!
--Қайдағы жүз мың?
--Беремін дегеніңіз ше?
--Ойбай-ау, сіздің ақшаларыңыз жүдә бұзық екен. Ішінде «сотталғандары» да бар-ау деймін... Менің ақшаларымды шетінен өлтіріп тастады. Тура жүз мыңды...
--Қалжыңды қойыңыз! Өз ақшамды қайтарыңыз!
--Банкомат бұзылып қалды...—деген Алдар Көсе атына мінді.
--Қалай бұзылып қалды?
--Оның үстіне сіздің карточкаңыз да жоқ...—деген Алдар Көсе атының басын бұрып, шаба жөнелді.
--Әй-әй, тоқтаңыз! Қайда қашып барасыз?
--Кэнбэшниктер келе жатыр ма деп қашып барамын! Сау болыңыз!
--Мынау... Мынау атақты Алдар Көсе екен ғой! Ойбай, тыр жалаңаш қалдым ғой! Тыр жалаңаш!—деген инспектор Алдардың қамшысын жерге атып ұрды... Машинасына асығыс отырып жатқанда, кэнбэшниктер келіп, қолына кісен салып жатты... О, ақша, сен осындай опасыз ба едің?!