![](/uploads/shorttexts/author_image/main-3[1].jpg)
ИТ АДАМДАР КӨП...
Жетеді. Құдайға шүкір жетпесе, бетіме түкір... Баршылық енді...Үш қабатты, 22 бөлмелі үйім бар. Не ішемін, не жеймін десем, қызметшім лыпыл қағатын күйім бар... Менде бір ғана нәрсе жоқ. Сөйлейтін тоты құс! Америкаға барған бір сапарымда тоты құс сатып алдым! Сегіз мың долларға! Аяқтарында жалт-жұлт еткен алтын сақина... Бір қызығы—қазақша сөйлейді! Жиырма жылда жылап-еңіреп, шала қазақтарға бір түйір қазақша үйрете алмай жүргенімізде, мына тотықұс бір айлық курсты «қызыл дипломмен» бітіріп, «асса...асса... аа-ассалаумағал-лей-к-кууум, Мыжеке!»-- деп тұр. Қуанғанымнан құйрығынан сипап, басын түгелдей аузыма салып, сүйіп-сүйіп алдым.
Түркияда бір ай болып, үйге келсем, әйелім көшеге шығып кеткен екен.
Тоты құсым сайрап тұр.
--Ас-са... ас-салау! –деді тоты құсым.
--Өзіңнің жағдайың қалай?—деп сұрадым мен.
--Нешауа, нешауа, нешауа, нешауа...—деді ол.
--Тоты құсым менің, қазақ тілінде таза сайраушы едің ғой?
--Ор-рыс-ша сөйлетін еркек қонды үйге!
--Немене, немене?
--Ор-рысша ар-р-ра-ластырып сөйлетін ер-р-ркек қонып жүрді!
--Оңбаған! Мен жоқта қонып жүрген кім ол?
--Ж-жор-рик деген оңбаған!—деді тотықұсым.
--Ах, ұятсыз! Қатипаш көзіме шөп салған екен ғой! Бәсе, Америкада жүрге-німде көзіме шөп түсіп кетіп еді. Олар не істеді?
--Коффе-е-е ішті.
--Сосын?
--Коффе-е-ішті!—деді тотықұсым.
--Сосын ойбай!
--Коффе-е ішті...
--Қашанғы іше береді? Сосын?
--Коф-фе –ішті...
Тоты құсымның басына салып қалдым. Жыным келді.
--Ұр-р-рмасай, тотықұс екенімді сыйлас- ай...—деп қалды ол.
--Кешір... Сосын не істеді олар?
--Ұяламын-н-н-н...
--Ұялма! Қазір ол келгенде, көзінше айтасың!
--Сүй-й-йісті...
--Сосын?
--Коф-ф-е ішті.
--Кофеде бастары қалсын! Сосын?
--Ли-и-ивия... Каддафи-и-и қашып кетті...—деп сандырақтай бастады тотықұсым. Америкада тұратын орыс саясаткерінен сатып алған едім, бұрынғы иесін есіне алып тұр.
--Ливияда жұмысым жоқ! Мен Америкада жүргенде, әйелім не істеді деймін?
--Хи-иджап киеттін қыз-здар..—деді ол.
--Немене хиджап?
--Хи-иджап ар-ррабтардың ұлтық киімі---деді ол.
--Сен сандалма, әйелім Жорик екеуі не істеді?
--Коффе ішті...
--Болды ма?
--Қа-ззақ қыз-з-здары хиджа-ап кимесін!—деді тоты құсым.
--Бастарына шелек төңкеріп алса да, жұмысым жоқ, әйелім туралы сұрап отыр¬мын!
--Коффе-е-е ішті...
--Бәлее-е ішті!
--Маз-зақтамасай...
--Өзің ғой, енді, бір сөзді қайталай бересің, қайталай бересің!
--Кешір-р-рім сұр-р-ра.
--Ойбай, кешір мені тоты құс мырза! Тәңір жарылқасын сені, айта қойшы, әйелім көңілдесімен жиі кездесті ме?
--Коффе—е ішті...
--Оны айттың ғой...
--Коффе-е- ішті.
--Бәле ішті! Айттың ғой деймін!
--Айттың—ң-ң ғой деймі-і-ін...
--Қой деймін!
--Қой деймін...
--Қайталама менің сөзімді!
--Қатал-лама менің сөз-зімді!
--Ноқаты кем тоты құс болды ғой!
--Өзіңнің ноқатың-ң кем!
--Сен көп сөзді қой. Кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білемісің? Бірнеше бизнес орталықтары бар атақты Мыжбанмен!
--Компози-итор-р-р-лар бір-бірінен ән ұрлап жүр...—деді ол.
--Маған оның қатысы жоқ. Әйелім Жорикпен кеше де кездесті ғой?
--Коффе-е- ішті...
--Кофең де, өзің де құры! –деп ашуым келді де, тоты құсты тордың ішінен шығарып, басын жұлып алдым... Т-ө-өу, не істеп қойдым? Тірі куәгер еді ғой!
Тоты құсымның жұлынған басына қарадым... Байғұстың басы да сөйлеп жатыр: «и-ит адам екенсің! И-ит адамдар кө-өп...»