18.07.2022
  135


Автор: Мұхтар Шерім

ЕШТЕҢЕНІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ!

 


Миллиардердің баласы еріккен күні Каспий теңізінде балық аулап отырған. Қармағының қалытқысы бүлкілдей бастағанда, тартып қалып еді, құйрығы күнге шағылысып, алтын балық жағада жарқ-жұрқ етіп жатты. Кәдімгі ертегідегі алтын балықтың өзі! Быттиған беттерінің арасына мұрыны


«жасырынып» қалған байдың баласы, қолына ұстай беріп еді, алтын балық сөйлеп қоя берді.


--Мырза, мен алтын балықпын ғой...


--Болсаң қайтейін?


 


--Алтын балықпын деймін...


--Немене, мені алтын көрмеді деп пе едің?


--Үш тілегіңізді айтыңыз, орындайын. Сосын мені жібере салыңыз...


--Менде тілек жоқ...


--«Мемлекеттік тіл» дегендеріңізбен, қазақ тілдеріңіз мүгедек екен. Шала қазақтарды қазақша сөйлетіп жіберейін бе?


--Зачем?—деп ыңыранды миллиардердің баласы.


--Орыстардың  «Лад» деген қозғалысы тілдеріңізге шабуыл жасай береді екен. Ауыздарына айран құя салайын ба?


--Маған қызық емес...


--Алтын керек пе?


--Итак навалом менде...


--Үш емес, үш жүз тілек айтыңызшы, ауа жетпей бара жатыр...


--Ой, не надо мне тілек...


--Мұнай беремін...


--Мұнай папамда бар...


--Қымба-ат маркалы машина берейін...


--Жер бетіндегі қымбат машина өзімде... Керек емес!


--Айналайын... жіберші мені... Атың кім?


--Талтаңбай...


--Жасың нешеде?


--Жиырма сегізде.


--Менен бір жас кіші екенсің... Інішек, жібере салшы, үстім кеуіп барады...


--Жібермесем ше?


--Тілектеріңді орындамаймын...


--Орындамай-ақ қой... Менде бәрі жетеді...


--Ит адам екенсіз!—деді алтын балық жыламсырап.


--Немене, немене?


--Жүрегіңіз мрамор екен...


--Кончай, а? Маған ештеңенің керегі жоқ!


--Олай болса, тәңір жарылқасын, мені теңізге лақтырып жіберіңіз...


--Ішім пысып отыр... Карта ойнай аласың ба?


--Ойнайын.


--Қандай түрін? Преферанс, күліс...


--«Қара қатын»...


--Кеттік!


Байдың баласы қалтасынан  алтылық ойын картасын шығарды. Алтын балық алқынып:


--Егер мен жеңіп, сіз «қара қатын» болсаңыз, мені жібересіз бе?


--Көреміз...


Екеуі жағада карта ойнай бастады. Байдың баласы ұтылып, «қара қатын» атанды. Қуанып кеткен алтын балық:


--Қара қатын, қара қатын! Негр қатын!—деп құйрығымен мұның бетіне шапалақтады. Сосын мұңайып:


--Мені теңізге жіберіңізші...—деп өтінді.


 


--Жібермеймін...


--Қатын екенсіз ғой!


--Немене, немене?


--Кейбір екі жүзді әйелдер сияқты екенсіз деймін...


--Кончай, а? Қазір уысымда тұрсың, бір сықсам, ішек-қарның аузыңнан шыға¬ды!


--Сізді депутат етіп жіберейін...


--Ненавижу... маубас депутаттарды...


--Сенатор...


--Керегі жоқ.


--Енді кім болғыңыз келеді?


--Құдай...


--Кешіріңіз, құдай етуге құдыретім жетпейді... Өйткені, Құдайдың өзі мені жаратты... –деген алтын балық талықсып бара жатты. Сосын көздерін сығырайтып ашып:


--Інішек, мен өлген соң, денемді теңізге лақтырып жіберші... «Су баласы суға қарап өседі» дейді біз жақта... –деді де, жыбыр-жыбыр етіп барып, жүре берді...


--Зачем?—деді байдың баласы, --сен маған өлген соң ғана қымбатсың!


Шынында солай болып шықты, ештеңені керек етпейтін кеңкелесіміз балық¬ты күнге кептіріп, қақтады да, сыртына лак жағып, жылтыратып, әйелінің алтын «цепочкасына» тағып қойды... Ит балық болса, лақтырып жіберер еді, алтын балық қой...





Пікір жазу