18.07.2022
  169


Автор: Мұхтар Шерім

БIЗГЕ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАМАУ МИНИСТРI КЕРЕК!

 


Қалт-құлт. Ыңқ-ыңқ. Өһе-өһе.
Бiздiң ауылдың адамдары шетiнен ауру-сырқау. Керiсiнше иттерiнiң денсаулығы мықты, азаннан кешке дейiн үредi, түнге қарай қожайындарының күрк-күрк жөтелдерiн естiп, өздерiнше “күледi“.
Бiр күнi “Мүгедектер“ ауданына қарасты “Өшiретпен өлетiндер“ ауылының адамдары ақылдаса келiп, орталық көшенiң бас жағына жиналыд, бiраз төсек тартып жатқандар мұнда келе алмай қиналды.
— Сәндiбай, сенiң ауруың?-деп сұрады “ауыл аурулары“ қоғамның төрағасы Мыжбан.
— Қотыр.
— Жыбырламай, әрмен отыр!
— Мәндiрбай, сенiң ауруың?

— Қолқақұрт, жөтел.
— Бүгiн өлмейсiң, басыңды көтер!
— Бүгiн өлетiн өшiретiм едi.
— Кеше кеңкелестi жерледiк. Пауза керек, пауза. Сiз ше, Ақылбай ата?
— Шықшытымда жекеменшiк жарамыз...
— Жазылмаған жараңыз қаншау, соны санаңыз.
— Бiздi неге жинадың?- деп сұрады қант диабетiмен ауыратын әйел.
— Жеңеше, менде жетiсiп жүрген жоқпын. Давлением бар. Өткен жолы инсульт алғанымда бiлесiздер, үкiмет ауыл тұрғындарының денсаулығына жылы қарауды қойды. Шетiмiзден қырылып жатырмыз. Ал, үкiмет сағатында “2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды реформалау және дамыту туралы“ баяндама жасалынып, 2030 жылы халықтың орташа жасы 70-80 жасқа дейiн ұзарады дептi.
— Кiм айтқан? Министрме? Тентек қойдың басын жептi!-деп қалды қояншық ауруымен алысып келген Тыжбан ақсақал.
— Денсаулық сақтау министрi отставкаға кетiп, бiздiң ауылға келсiн. Шөп тасытып қоямыз.
— Министр қышыма, қотыр болсын!
— Ауылға қаржы бөлмейтiн үкiметтегiлер тасқараңғы, соқыр болсын!
— Қарғалардай қарқылдап, қарғамаңдар!-дедi Мыжбан шуды әрең басып.— Менiң бiр ұысыным бар. Бүкiл Қазақстанның қышыма- қотырлары— бес батальон, тубiркөлездер— екi дивизия, қант диабетiмен ауыратындар— үш-төрт полк, жындыларымыз бар, жыныс ауруымен ауыратындарымыз бар, Астанаға аттанып, үкiмет үйiне шабуыл жасаймыз.
— Бұл— провакация! Бұл идеяыңыз үшiн жауапқа тартыласыз!-деп қалды ауыл әкiмi бiлегiне шыққан iрiңлi иiскеп қойып.
— Жоқ! Бұл дегенiмiз— денсаулық революциясы!- деп қоймады Мыжбан,—бiз үкiметке шабуыл жасағанда, соғыс ашпаймыз ғой! Түбiркөлездер премьер-министрдi бас салып сүйедi, құшақтайды, түкiрiктерiн шашыратады. Қайткенде түбiркөлез вирустарын жұқтырып келедi. Аурудың жағдайын ауырған бiледi. Үкiмет мүшелерiне... тез жұғатын қандай ауру бар едi?
— СПИД!-деп қалды бiреу.
— Өзiң СПИД!-дедi Мыжбан,— бiздiң олармен жыныстық қатынасқа түсiп жатуымызға уақытымыз жоқ. Үкiметтегi аз ғана қыз-келiншектерге сары ауру батальондары шабуыл жасап, қалайда ауру жұқтырады.
— Сонда не болды?-дедi Тыжбан ақсақалдың ауызынан ақ көбiк ақтарылып.
— Сонда үкiмет ауылдық жерлерге пәленбай миллиард теңге бөледi. Егер қаржы бөлмесе, өлмегендер өшiретсiз өледi. Бiзге дәрiгерлерге жетiспейдi. Елiмiздегi пәленбай медициналық оқу орындарының жыл сайын мыңдаған түлектер оқып шығады. Солар қайда жүр? Неге бiзге жiберiлмейдi? Бiздiң ауылдың әйелдерi тал-теректi құшақтап, қиналып туатын болды. Акушер жоқ. Тiс ауырса, әдейi төбелесiп, тiс сындырамыз. Тiс дәрiгерi жоқ. Құдай сiдердi соқырiшек ете көрмесiн! Аудан орталығы алыс. Қыста жол жоқ.

Әндiрбайдың баласына мал дәрiгерi мас күйiнде операция жасап, “iшiнде қозы-лақ жоқ“ деп қайта тiгiп, ақырында кесiлген жерi iрiңдеп, о дүниеге аттанды емес пе?
— Өңшең қалт-құлт еткен ауру-сырқауларды үкiмет қалай қарсы алады? Суық су шашса, суықтап, тегiн дәрiлер лақтырса, соған таласып масқара болып жүрмеймiз бе?
— Кiм мұны айтқан?
— Мен.
— Кiмнiң баласы едiң?
— Әкем— дәрi, шешем— укол.
— Қырсық сөздi қою керек!-дедi Мыжбан,— бiзге денсаулықты сақтамау министрi керек! Президенттен соны талап етемiн!
— Не үшiн денсаулықты сақтамау министрi?- деп сұрады Тыжбан ақсақал.
— Бұл министрлiк ауру-сырқауларға қалай жан тапсыру керек, байлар мен кедейлер арасындағы аурулар салмағын қалай өсiруге болады, ұзақ жасамау үшiн не iстеу керек? Iшуге жарамсыз ауыз суды одан бетер құртаттып пайдаланудың әдiс-тәсiлдерiн қалай үйренедi? Жұқпалы ауруларды қалай тез тарату қажет, мiне, осы мәселелермен айналысады!
— Жағың қарыссын, Мыжбан!- дедi iшi өтiп отырған бiр әйел.
— Жағыңа жетпiс жетi жылан жұмыртқаласын!-дедi есек арбамен әкелiнiп, әлi үстiнде жатқан бiр кемпiр.
Сөйттi де, көздерi алайып, артынша өлiп кеттi.
— Мыжбан, дұрыс айтады! Күйiнгеннен айтады! Бiзге денсаулықты сақтамау министрлiгi керек! Денсаулықты сақтау министрлiгi, халықтың денсаулығын сақтап отыр дейсiздер ме? деп Тыжбан ақсақал шалқасынан түстi.
Тыпырлап жатыр. Қояншығы ұстады бiлемiн, тiлi аузына симай кеттi, жатқан жерi жайлы болсын, көзi жұмылып, жарық дүниенi қимай кеттi...
Қайран Мыжекең, “ау, халқым, сендерге не болды?“ деп қайта-қайта сұрады, бiр кезде қан қысымы көтерiлiп, өзi де инфаркттен құлады...
Е-е, қайран қазағым, ендi бiзге “жерлеу“ министрлiгi керек пе деп қаламын... Бетi аулақ...


 





Пікір жазу