18.07.2022
  154


Автор: Мұхтар Шерім

ЕМДЕЛУГЕ АҚШАСЫ ЖОҚ...

 


Облыстың ыңқылхананың, ой, кешіріңіздер,аурухананың бас дәрiгерi және облыс әкiмi нөкерлерiмен палаталарды аралап жүр.
— Бұл қандай бөлiм?-деп сұрады әкiм.
— Нейрохирургия,-дедi бас дәрiгер.
— Мынау не?
— Iшек-қарынның қалдығы ғой.
— Бұл неғып дәлiзде жатыр?
— Операция жасатқан адамның iшегi шұбатылып келе жатқан, оны бiр ауру аяғымен басып қалып, үзiп тастаған болуы керек, кешiрiңiз.
— Әнебiр кiсi әнебiр әйелдiң үстiне мiнiп алғаны несi?
— Жүйке ауруына шалдыққандар ғой.
— Әйелдi бағалай бiлмейсiздер!
— Ертең ол әйелдi еркек арқалайды. Қой десе те қоймайды.
— Аурулардан ақша аласыздар ма?
— Жоқ.
— Алмайсыздар ма? Неге?
— Ұяламыз.
— А, ұяласыздар ма?
— Мынау қандай бөлiм?
— Гастрология.
— Мына кiсi неге терiс қарап жатыр?
— Қазiр оятайын. Кешiрiңiз, өлiп қалыпты.

— Өлгенi қалай?
— Мәндiрбаев!-дедi бас дәрiгер орынбасарына,— Мына кiсi қашан өлген?
— Былтыр емес.
— Қашан деймiн?
— Биыл.
— Конкретно?
— Кеше.
— Неге кеше өледi?
— Кешеге дейiн дәрiге ақша бермедi.
— Сәл шыдай тұрмады ма?
— Шыдамсыз екен, өле салыпты.
— Ешкiм iздеп келмедi ме?
— Әйелi келдi.
— Не дедi?
— Арам қатсын, осылай жатсын!-дедi.
— Ой, мынау да өлiп өалған ба?
— Өлейiн деп жатыр!
— Е?
— Емделуге ақшасы жоқ.
— Мына кiсiге не болған?
— Жылап отыр.
— Е?
— Мемлекет тегiн беретiн дәрiден сұрап отыр.
— Бермейсiң бе?
— Беретiн жерге берiп қойғанбыз.
— Мына кiсi... Мына кiсi сарғайып кетiптi ғой?
— Өзi сондай сап-сары.
— Жоқ, сiз жөндеп қараңыз. Жапырақтай сарғайып кетiптi...
— Фамилиясы— Сарыбев. Әкiм ауруға жақындады.
— Ата, жағдайыңыз қалай?
— Қалай болса, солай.
— Қай жерiңiз ауырады?
— Асқазанымда албастыдай жара бар.
— Операцияны қашан жасамақ?
— Мен өлгенде.
— Қойыңыз. Неге олай дейсiз?
— Ақша әкеп берiңiз дейдi.
— Қанша сұрайды?
— Отыз мың теңге.
— Сiз үшiн мен берейiн,-дедi әкiм. Сосын қалтасына қолын салып:
— Мә, алыңыз, Мыжбан Мәндiрбаев!
— Қойыңыз, о не дегенiңiз? Мен өзiм-ақ тындыратын едiм ғой.
Ардагерлерге тегiн медициналық көмек көрсетемiз.

— Алыңыз!
— Ойбай-ау, бұл өзi... Қызық болды ғой.
— Ертең отыз мың теңгенi үш мың доллар етiп қайтарасыз. Бұл соманы жетiм балалар үйiне аударыңыз.
— Менде... Менде ондай ақша қайдан болсын?
— Екi қабатты, саунасы бар элитный үйде тұрасыз.
— Ол әйелiмдiкi.
— Астыңызда мэрс...
— ОЛ да әйелiмдiкi...
— Жеке кафеңiз?
— Ол да әйелiмдiкi. Мен байғұста тас та жоқ, тас жиятын менде бас жоқ.
— Ал, әйелiңiз кiмдiкi?
— Менiңкi сияқты...
— Мәселеңiз тәртiптiк кеңесте қаралады! Сау болыңыз!
Әкiм бұрылып жүре бердi, ал әлгi “өлiп“ қалған ауру сықылықтап күле бердi.
— Ой, сенi кеше өлiп қалды деп едi ғой! Неге алдайсың?- деген бас дәрiгердiң көзi алақандай болды.
— Мен неге өледi екенмiн? Кеше әйелiм келiп кеттi. Небiр сөздермен сiлкiлеп, перiп кеттi! Мен өоген күннiң ертеңiне күйеуге тимек екен! Көрсетемiн мен оған! Маған о дүниеге кетуге болмайды! Дәрiгер мырза, менi ауруханадан тез шығарыңыз!
— Мынау iшiп алыпты ғой!
— Ендi... Кеше тiрi қалғанымды жудық. Кешекгi дәрiгермен түнi бойы “қудық“...
Бас дәрiгер жүрегiн ұстап құлап бара жатыр едi, орынбасары ұстап қалды:
— Носилка әкелiңiздер! Реанимацияға! Бас дәрiгер көзiн сығырайтып ашты:
— Атаңның басы, реанимацияға! Кабинетке апарыңдар! Креслома жеткiзiңдер! Мәселелерiңде мыжып, майшаммен қараймын!


 





Пікір жазу