18.07.2022
  142


Автор: Мұхтар Шерім

ӘКIМ БОЛСАҢ, ҚАЙТЕЙIН?

 


Облыс әкiмiнiң кабинетi. Мыжбан әкiм әлдебiр қағаздарды қарап отырған, көмекшiсi кiрiп келдi.


Көмекшi: — Кешiрiңiз, олпы-солпы киiнген кластасыңыз Тыжбан келiп тұр.


Мыжбан: — Галстугы бар ма?


Көмекшi: — Бар, бiрақ “солып” қалған. Мыжбан: — Солғаны қалай?!


 


Көмекшi: — Ендi... Мыж-тыж, бетi қыж-қыж... Үстiнде күпәйке. Аяғында етiк...


Мыжбан: — Ендеше, былай, жiберсеңшi нетiп... Үстiне менiң “запастағы” костюм-шалбарымды кигiз. Иә, иә, уақытша. Өзiнiң менiң алдыма кiре алмай жүргенiне үш ай болған едi. Жарайды, қабылдайын. Ол киiнгенше мен мына келесi бөлмеде дамылдайын.


(Көмекшi кетедi).


Әкiм: — Неменеге келдi екен? Бiрдеңе сұрамақшы ғой! Өткенде қабылдамай жiберiп едiм, кiре берiстегi кезекшi полицейдi боқтап кетiптi. “Мен керек десең, оның есiгiн теуiп кiремiн!” дептi. Дептi де, қалтасынан бiр үзiм нан алып жептi. Жеп болып: “Бiз осылай бiр үзiм нанды бөлiп жеген достармыз” дептi. Дей берген, деген сайын әлгi нанын жей берген. Қызық адам! Дос болсақ ол баяғыда-а, мектепте болған шығар? Еще, Кеңес дәуiрiнде! Қазiр заман басқа, қарамай ма екен, ағарған шашқа!


(Әкiм төрдегi есiктен келесi бөлмеге өтiп кетедi).


Тыжбан: — (Кабинетке кiрiп) Өле-е-е, мына кабинеттi-ай! Футбол ойнауға болады екен ғой-ей! Баяғы бiздiң мектептiң спортзалындай... (төрге жақындайды). Ойпырмай, Мыжбан әкiм болады деп үш ұйықтасам да түсiме кiрмептi. (Күледi.) Хе-хе-хе! Жындыбастан да әкiм шығады екен-ау! Үшiншi класта ма жынданып кетiп, көршi кемпiрдiң кебiсiн шайнап тастады емес пе? Әкесi Мәскеуге апарып емдетiп әкелдi ғой. (Орындыққа отырады). Намыстанғаны ғой, үстiне костюм-шалбар кигiздi. Онысына рахмет! Қайда кеткен өзi?!


(Екi қолын шалбарының қалтасына салып, шiренген күйi, менсiнбеген кейiптi Мыжбан шығады).


Мыжбан: — Һiм...


Тыжбан: — (Құшағын жая ұмтылып) Амансың ба, бауырым, Мыжбан? Ой, сволоч-ей, түк өзгермепсiң-ей! (Құшақтайды, ал әкiм сол қақиған күйде) Қалай жағдайың жақсы ма? Әрине, жақсы ғой, досым.


Мыжбан: — (Креслоға жайғасып) Тыжбан, бұл әкiмнiң кабинетi, әкiмнiң! Тыжбан: — (Таңданып) Әкiм сен емессiң бе?


Мыжбан: — Иә, мен, бiрақ “сволоч-ей” деп сөйлеме!


Тыжбан: — Қойшы-ей, Мыжбан, әкiм болсаң қайтейiн? (ыржалақтап күледi).


Мыжбан: — (Шалқая түсiп) Иә, жағдайың қалай? Тыжбан: — Әзiрге малай.


Мыжбан: — Түсiнбей тұрмын!


Тыжбан: — Бiр бизнесменге жалданып жұмыс iстеп жатқан жайымыз бар, құдайға шүкiр, алдымызда индиский шайымыз бар...


Мыжбан: — Бiрдеңе сұрап келдiң бе? Тыжбан: — Жәй, әшейiн келдiм.


Мыжбан: — (Таңданып) Как, әшейiн?! Маған келгендер жер, пәтер, кредит, тағы-тағы бiрдеңелердi сұрап келедi. Сен әшейiн келе салдың ба?!


Тыжбан: — (Күледi). Ой, ит-о-о-ой, әлi өзгермепсiң-ей! Баяғы мiнезiң. Мыжбан: — Кешiр, достым, сен менi “ой, ит-о-ой“ деп кекетпе. Сен


 


әкiмнiң қабылдауында отырсың, әкiмнiң!


Тыжбан: — Ит демегенде, кит деймiн бе? Ой, сволоч-ей, керемет өсiп барасың! Молодец! Мiне, менiң кластасым — облыс әкiмi! Мына жақта жүрiп бiз мақтанамыз ғой! Әшейiн, өзiңдi бiр көрейiн деп... Жиырма бес жыл болды ғой, кездеспегенiмiзге!


Мыжбан: — Немене, “бiр көрейiн деп”, мен қызбын ба, келiншекпiн бе?.. Тыжбан: — Тұршы, Мыжеке!


Мыжбан: — (Тұрады) Ал, тұрдым.


Тыжбан: — (Белiнен құшақтап, сiлкiп, сiлкiп қояды). Өзiң быттиып, семiрiп кетiпсiң ғой! Салмағыңды көрiп алайын дегенiм ғой. Кел, баяғыдай күресейiншi! Есiңде ме, мен сенi оң жамбасқа алып, былай... есiңде ме, Мыжбан, былай...


(Әкiмдi оң жамбасқа алып алып, атып ұрады. Әкiм шалқасынан түседi, бұл үстiне шоқиып отырып алады).


Мыжбан: — Ой-ой, жындысың ба? Не нормальный, а-ну, шагом марш!


Қазiр күзетшiлердi шақырамын, түс деймiн, үстiмнен!


Тыжбан: — Ашуланбашы, досым. Ой, бiз дос едiк қой! Кейiн ғой, өзiң өзгерiп кеттiң (орнынан тұрады). Депутат болдың, құттықтайын деп келсем, кiргiзбей қойдың. Ой, сволоч-ей! Өзiңдi сағынып кеттiм-ей!


Мыжбан: — (Үстiн қаққыштап). Шығып тұр, кабинетiмнен!


Тыжбан: — Не, өкпелеп қалдың ба? Ой, ит-ой, баяғы мiнезiң қалмапты. Айтпақшы, баяғы Қатипашқа үйлендiң бе? Сегiзiншi “а” класындағы сұлу қыз ше? Сол үшiн төбелескенiмiз есiңде ме?


Мыжбан: — (Қалшылдап). Мен қазiр көмекшiмдi шақырамын! (Есiкке беттеп едi, мынау алдын кес-кестедi).


Тыжбан: — Қойшы-ей, өзiң деп келдiм ғой. Не, ойынды көтере алмайсың ба? Есiңде ме, мектептiң уборнаясында тығылып, темекi тартушы едiк қой? Е, заман-ай!


Мыжбан: — (Тiстенiп). Кетесiң бе?


Тыжбан: — (Әкiмнiң басына шапалақпен қойып қалады). Баяғыда өстiп басыңа ұрып, қашып кетушi едiм. Айтпақшы, балтырыңды Қатипаштың үйiне түнделетiп барғанымызда ит тiстеп алып едi ғой, көрейiншi (еңкейiп әкiмнiң балағына жармасады). тыртығың әлi бар шығар?


Мыжбан: — (Ашуланып). Полиция! Пошел, вон!


(Тыжбан оның аузын алақанымен жаба қояды да, басына басымен соққы бередi. Әкiмнiң көзi аларып, талып қалады. Ол оны иығына салып көтерiп, келесi демалыс бөлмесiне апарады да, диванға жатқызады).


Тыжбан: — (Кабинетке шығып) Адам емес екен ғой! Ойнағанды да көтере алмайды, қалай әкiм болып жүр-ей?! Ублюдок! Мен бұған кластасым, досым деп келiп тұрсам, полицияға ұстатып жiбермек пе? Ой, ит-ой-ой! Ой, сволоч- е-ей! (Әкiмнiң креслосына отырады) Кресло... Кресло деген керемет қой!.. Қандай жұмсақ! (Шалқая түседi). Шiркiн, мен де Мыжбан секiлдi әкiм болсам ғой! Бiрақ, өте ақкөңiлмiн, әкiм болып ұрыса да алмайтын шығармын? (Дауыстап) Әй, қаланың әкiмi Тәпек Әпеков! Неге сағыз шайнап, қасыңдағымен карта ойнап отырсың? Тұр орныңнан! Ой, сүмелек! Ой, бұлай


 


дөрекi айтуға болмайды екен ғой. Қаланың жылуы неге жоқ? Мектептер неге суық? Земком бастығынан алатын ставкаң қанша? Ой, шошқа! Отыр! Мұрынбоғыңды сүрт! Һiм.. Әй, горОНО бастығы Әлекеева ханым! Атаңа нәлет! Ой... кешiрiңiз! Әр директордан алатын ставкаң қанша?


(Осы кезде әкiмнiң көмекшiсi кiредi).


Көмекшi: — (Көзi алақандай болып). Сiз... Сiз...


Тыжбан: — (Айқайлап). Оңбаған! Қайда жүрсiз? Мен сiздi қызметтен қуанмын! (Сабаасына түсiп) Ой, кешiрiңiз, қиялдап кетiппiн...


Көмекшi: — Қиялыңызға қияр турап жеңiз, Мыжекең қайда?


Тыжбан: — А-а, кластасым ба? Демалыс бөлмесiнде ұйықтап жатыр... Көмекшi: — (Абдырап) Қалай?!


Тыжбан: — Пырылдап... Көмекшi: — Немене?!


Тыжбан: — Қойшы-ей, сен де болмадың-ау ырылдап... (Осы кезде әкiм шығады)


Мыжбан: — Полицияға хабарлаңыз! Мынау хулиган, бұзақы! (Көмекшi тыжбанның қолын қайыра бастады)


Тыжбан:   —   Ойбой,   ойбой,   қоле-ем...   Ой,   мен   сендерге   “қолымды сындырып берiңдер” деп келдiм бе? Ойбой, ойбой, қоле-ем...


Көмекшi: — Сiз әкiмшiлiкте тұрсыз, айқайламаңыз!


Тыжбан: — Немене, әкiмшiлiкте үнiң шығар-шықпас айқаулау керек пе? Мыжбан: — Безобразия! Мен мұны бiрдеңе сұрауға келдi ме десем...


Тыжбан: — Қойшы-ей, әбiзәтiлнi бiрдеңе сұрап келуiм керек пе? Ой, ит-о- ой, әзiлiң қалмайды, ә? Ал, менi полицияға ұстатып жiбер, өзiңе ұят келедi! “Ойбой, әкiм кластасын соттатып жiберiпт!” деген сөз сирағыңды сындырғанмен бiрдей емес пе?


Мыжбан: — Сөйлеме! Бұл жер базар емес! Рас, кластасымсың, бiрақ дистанция керек қой!


Тыжбан: — (Ыржалақтап) О не пәле дистанция? Ондай телефоным жоқ. (Өкпелеп) Жарайды, мен саған өкпеледiм. Обшым, адам емес екенсiң ғой, жүз грамың бар ма?


Көмекшi: — Не дейдi, мына кiсi?!.


Мыжбан: — Кабинетiмнен шығарып тастаңыз! Неғып тұрсыз мелшиiп, тез-тез бастаңыз!


(Көмекшi Тыжбанды желкелеп, есiктен шығара бастайды)


Тыжбан: — (Бұлқынып) Ұстама деймiн, кiсiлiктерiң жұғып кетедi! Мыжбан, әкiмдiгiң өзiңе! Президент аппаратындағы танысыңа миллиондап берiп, әкiм болғаныңа түкiрдiм! Сен бе, халықтың қамын ойлайтын? Мә, мұрнымды кесiп беремiн! пышағың бар ма, мұрнымды кесiп ала ғой! Сендер өз құлқындарыңның құлдарысыңдар! Сендер... Сендер... Әй, Мыжбан, баяғыда төртiншi класта ләңгiмдi алғансың, қайтар! Оныншы класта он сом алғансың, қайтар!


(Көмекшi оны желкелеп әкетедi. Мыжбан жүрегiн ұстап, дәрi iше бастайды. Артынша көмекшiсi кiредi).


Мыжбан: — Кеттi ме?


 


Көмекшi: — Жоқ. Мыжбан? — Не дейдi?


Көмекшi: — Костюм-шалбарыңызды шешпей отыр. Мыжбан: — Садаға!


Көмекшi: — Сосын, жүз грамм сұрап отыр. Мыжбан: — Ойбой, бер, шомылдыр!


Көмекшi: — Сiздi айтады “сволочпен бiрге iшемiн” дейдi...


Мыжбан: — Құрысыншы, миымды тұздап жейдi! Көзіме көрінбесінші! (Көмекшi кетедi, әкiм жүрегiн ұстап, демалыс бөлмесiне кiрiп барады).





Пікір жазу