18.07.2022
  281


Автор: Мұхтар Шерім

ӘКІМ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ, ӘКІМ БОЛҒЫМ...

 


«Сәби болғым келеді, сәби болғым!» деп келетін ән бар ғой, сол есіме түсіп кетіп, «Әкім болғым келеді, әкім болғым!» деп әндетіп жатып, орнымнан ойбайлап атып тұрдым. «Жынды болғым келеді, жынды болғым...» деп тірі жан  айтпайды,  жақында  ауыл  әкімдерін  өмірімізде  бірінші  рет  халық


 


сайлайды, неге әкім болмасқа? Немене, ойым ойран, ақылым айран ба? Әлде, бетім жалпақ, аяғым талтақ па?


Әйеліме әндетіп: «Әкім болғым келе-е-д-і-і, әкім болғым!» деп әндеттім. Әйелім болса, жас бала Қайрат Нұртастың әуеніне салып: «Ауырмайды жүрек, ауырмайды, егер күйеуім әкім болып кетсе-е-е...» деп желігін баса алмай желпінді. Қанттай киініп, науаттай жылтыр болып, балдай тәтті арманмен аудан әкімшілігіне келдім. Сайлау комиссиясының төрағасын төрде торт жеп отырған жерінен таптым.


--Сәлеметсіз бе? Мен «Артта қалған» ауылынан келіп едім...—дедім.


--Торт жейсіз бе?—деп сұрады ол.


--Тәттіні жек көретін едім...


--Обедке жақын торт жеп алатын әдетім бар еді... Кешіріңіз, мені сағынып келдіңіз бе?


--Жоға... Әкім болсам деп қағынып келдім...


--Халық сайлайды...


--Соған тіркеліп қойсам деп едім.


--Тросыңыз бар ма?


--Оны қайтесіз?


--«Тіркеп» қоймаймыз ба?


--Қойыңызшы, Әбеке...


--«Шөтке»...


--Кеше түсімде бір ақ сақалды, қызыл мұртты, жасыл шашты шал мойнымнан қылғындырып: «Әй бала! Қалайда әкім бол! Сенен түбі әкім шығады!» деп аян беріп кеткені...


--Сол шал жұрттың бәріне аян беріп жүр екен... Осы кезде бір әйел кабинетке кіріп келді де:


--Менің де әкім болғым келеді! Халқыма он сантиметр жақын болғым келеді!Арқам бар! Жын-шайтандарым сізге жіберді! Тіркеңіз мені! Сосын халық мені сайламаса, бетіме, онда да салафан жауып барып, «ы-ы-ықққ!» деп түкіріп кетіңіз!—деп айқай салды. Ана кісі: «Қойыңыз, қойыңызшы, осымен оныншы рет келдіңіз алдыма! Тәуіптер әкім болмайды!» деп шығарып салды да, орындығына отыра кетті.


--Кешіріңіз, ит те, шошқа да келе береді. Бәрінің де әкім болғысы бар!


--Мен... Мен ит емес едім.


--О не дегеніңіз, сіз ит емессіз, иттің сырттанысыз ғой...


Мәз болып қалдым. Тіпті үргім келіп кетті...


--Ия, аты жөніңіз?


--Итбай Сырттанұлы.


--Бұрын сотталғансыз ба?


--Құдай сақтасын...


--Онда әкім бола алмайсыз...


--Неге?


--Ауыл   әкімі   деген   бұрын   сотталып,   өмір   көрген,   түрмеде   ысылған, тәжірибесі мол адам болуы керек. Сотталғаныңыз туралы анықтама әкеліңіз...


 


--Студент кезімде ауылдан келген піскен етті тығып жегенім үшін... Жігіттер сыртымнан құлыптап, бөлмеге бір сағат қамалғаным бар еді...


--Ол сотталғанға жатпайды. Пара алып көріп пе едіңіз?


--Құдай сақтасын!


--Түк көрмеген бейшара екенсіз ғой? Қалай әкім болмақшысыз? Айтпақшы, қандай адам едіңіз? Оңбаған?


--Жоқ, оңған...


--Бізге оңбаған әкімдер керек. Ішесіз бе? Ажырасқансыз ба? Дипломыңыз жалған ба?


--Бұрын ішкенмін... Ажырасқаннан сақтасын! Бір емес, сегіз дипломым бар!


--Ішпейтін, жемейтін әкім кімге керек? Халық қарғайды ғой! «Арақ ішпейді екен, тойымыздың сәнін бұзды, жемқор емес екен, енді қайтіп арыз жазамыз?» дейтіндер табылады. Жалған дипломыңыз керек. Өйткені, бұл өмір—жалған...


Бір кезде жаңағы әйел айқайлап кіріп келді де:


--Сіздің де әкім болғыңыз келеді ме? Әкімдік сіздің не теңіңіз? Алдымен артыңызға қарамайсыз ба?—деді. Бұрылып, артыма қарадым. Ана кісі әйелді сыпайы шығарып салды. Менен кешірім сұрады.


--Кешіріңіз,-- дедім мен,--сіз өзі қай рудансыз?


--Бытпылдық.


--Оның ішінде?


--Ытпылдық.


--Ойбай-ау, мен де сол ытпылдық руынанмын ғой. Ауыл ақсақалдары әдейі жіберіп отыр. Жапалақ руынан сайланып кетпесін дейді...


Сол екен, есік ашылып, әлгі әйел жетіп келді де, мені сүйрей жөнелді.


«Менің күйеуім жапалақ руынан! Неге жамандайсың а? Білесің бе, аудан әкімі де жапалақ! Мә, шапалақ!» деген ол бетіме... Құдая беті құрысын мына әйелдің! Естіп келіп едім, «комиссия төрағасы жапалақ руынан. Басқа рудың адамдары келсе, қуып шығу үшін жындыханадан кеше шыққан әйелін кабинетіне шақырады...» деп еді... Ауылға аңырап кетіп барамын. «Әкім болғым келеді, әкім болғым...» деп әндетіп барамын...


 





Пікір жазу