CАЯСИ САУСАҚ
Мен өзі ерекше жаратылған адаммын ба, оны бір Алла біледі. Жексенбі күні жыртиып, құлақшынымның жанынан құлағым қылтиып, орталық көшеге бара қалайын! Үкімет шенеуніктерінің көшемен кетіп бара жатқан кортеждерін көруге жүдә құмармын дә... Мен өзі саясатқа жұғымым жоқ, кімнің кім екенін де білмей- мін. Қай министр екенін қайдан білейін, қолдарымы қалтама салып, жұмып тұрғанмын, бір кезде сұқ саусағым өзінен-өзі серейді де қалды... Еріксіз оң қолым жоғары көтеріліп, өзге саусақтарым бүгіліп, оңбаған, тәрбиесіз ортан терегім шошайды да қалды. Сол екен, полиция инспекторлары жетіп келіп, машиналарына атып ұрып, алып кетті. Тойға дейсіз бе, тас камераға қамап тастады. Тергеуші келді түнеріп, темекісінің тұқылын таңлайыма тастап жіберердей ызғар шашып.
--Сен кімсің?—деп сұрады салған жерден.
--Әкемнің баласымын.
--Қоршаған ортаны қорғау министрі өтіп бара жатқанда, ортан терегіңді неге шошайттың?
--Кешіріңіз, саусағым маған бағынбайды...
--Ей, саясатта басың, шаштаразда шашың қалсын! Ортан теректі шошайту шетелде «протесть» болып танылады! Былайша айтқанда, билікке қарсылық! Сен не, министрге қарсымысың?
--Өйбай көке, менде сұқ саусақ жоқ...
--Көке деме!
--Кешіріңіз, көке...
--Қане, саусақтарыңды көрсетші? Ойбай, сенде немене, біреу, екеу... сегіз саусақ бар ма? Бәрі бірдей ғой тағы?
--Кешіріңіз, дәрігерлерлер айтады, экология дейді ме, баяғы кеңес дәуіріндегі полигон кесірі дейді ме, әйтеуір оң қолыма қосымша үш саусақ жайғасып алды...
Тергеуші бес күннен кейін босатып жіберді. Тілшілерге жүдә өкпелеп қалдым. Сол сол екен, топырлап келіп, оң қолымдағы сегіз саусағымды суретке түсіріп, теледидардан көрсетіп, газеттерге шығарып жатты. Өзім ұмытылып қалдым. «Кәк бөдтте», оң қолым өз алдына өмір сүріп жатқандай... Тағы бір күні көшедегі көппен бірге қолдарымды қолыма салып тұрғанмын. Жұрттан естідім, Тони Блэр дейді ме, ағылшыннан кеңесшіміз дейді ме, сол ғана ақылды, біз ақымақпыз дейді ме, қаншама қаржы қалтасында дейді ме, онда жұмысым жоқ, кортежді қызықтап тұрғанмын. Бір кезде бұрынғы ортан терегім шалбарымды тесіп, төмен түсті де, жоғары бұрылып, екі метрдей өсіп тұра қалды. Өзімнің де зәрем қалмады. Сол екен, полицейлер қамап тастады. Тергеуші келді күрсініп. Әкесі өлгендей.
--Мынау не?—деп сұрады.
--Саусақ...
--Бұл саусақ емес, шыбық! Саяси шыбық!
--Ке-кешіріңіз көке, өзім де білмеймін... Дәрігерлер айтады, қолың жынданған дейді.
--Көке деме деймін.
--Кешіріңіз, көке...
Тергеуші екі метр саусағымды суретке түсіріп алды да, босатып жіберді. Саусағым үш күннен кейін қалпына келді... Тағы бірде көшеде өтіп бара жатқан кортежді тамашалап тұрғанмын. Қасымдағылар Ресей президенті Путин дейді ме, мен ол кісіні танымаймын да, бірге шәй ішіп, моншаға барып көрген адамым емес, Талғат Мұсабаев олар мәңгі жалға алған Байқоңыр ғарыш айлағында әділетсіздіктер бастан асатынын айтты дейді ме, Ресей «Бұларың не, а?» деген ән нотасын жіберді дейді ме, онда жұмысым жоқ, ыржалақтап тұрғанмын, бір кезде саяси саусағым антенна сияқты сопаң етіп, жоғары көтеріліп кетті... Саусағымды тығамын деп, біреудің көзін шұқып ала жаздадым... Артынша полиция инспекторы қолдарымды қайырып... Тергеуші түтін жұтқандай жөтеліп келді.
--Әй сен саусағыңды неге шығара бересің? Не, Путинге қарсымысың?
--Кешіріңіз, көке емес... Дәрігерлер айтады, бұл саусақтың «бір ноқаты кем»
деп...
--Үкімет адамдары кортежбен өтіп бара жатқанда келмесеңші! Үйіңде шәй
ішіп отыра берсеңші!
--Шәй ішпеймін... Көфе ішемін.
--Өзің Астанаға қайдан келдің?
--Ыңғыдық облысынан.
--Сол Ыңғыдық облысыңа кетші! Көфе ішіп! Ал, қазір мәжбүрлеп, қолыңа операция жасаймыз. Тегін,--деді тергеуші. Сол екен, камераға екі дәрігер кіріп, мені кушеткаға атып жықты да, наркозбен ұйықтатып тастады. Оянсам, оң қолым жоқ...
--Ойбай, оң қолым қайда?—деп сұрадым тергеушіден.
--Американдықтар алып кетті...
--Оны қайтпек?
--«Демократия» деген музейімізге қоямыз дейді...
--Осы бізде ортан терек көрсеткені үшін қамай салатын заң бар ма?—деп сұрадым мен.
--Заң енді қабылданады! Саяси саусақтар кесіліп, қамалатын болады!
Жыным келіп, мен оған сол қолымның ортан терегін көрсеттім. Сол екен, дәрігерлер сол қолымды да кесіп тастады... Енді қай жерімді шошайтарымды білмей жүрмін... Қай жерімді шошайтсам екен, а?