18.07.2022
  123


Автор: Мұхтар Шерім

КРЕСЛО КӨКПАР

 


Мейлі, көзіңізді жеті рет жұмып, алпыс рет ашыңыз, шәй ішіп отырып, шынымды айтайын, өтірік айтсам, төркініме қайтайын.... Облыстық теле арнадан көкпар беріп жатыр! Ойбай, оның несіне таңданасыз, енді көрсеңіз таң қаласыз!


Премьер министр «Мұнай ішеміз!» компаниясы президентінің босаған креслосына көкпар беріп жатыр екен! Қасыма күйеуімді шақырып, аяғымды жылы суға батырып, (біздің пәтер суық, жылу жоқ) кресло көкпарды тамашалай бастадық... Сонымен, теле тілші сөйлеп жатыр!


...Құрметті көрермендер, көкпар десе, өлермендер! «Мұнай ішеміз!» компа- ниясының президенті болу үшін ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз көкпаршылары үкімет үйі алдына аттарымен шауып келді. Әне, әне, премьер министр үшінші қабаттың терезесінен креслоны лақтырып жіберіп еді, кіші жүздің бір шенеунігі қағып алды да, атына қамшыны салып, салып жіберіп, сол жағалаумен шаба жөнелді. Галстугі желбіреп, креслоны тақымына басып алып, министрлер көшесіне қарай бұрылған, бір «джиптің» үстінен қарғып өтті! Көліктер бір біріне соғылып, көкпаршыға жол беріп жатты. Артынан ұлы жүз бен орта жүздің шенеуніктері құйындатып келеді. Өкінішке орай, бағдаршамның қызылы жанып қалып, бәрі көше басына топырлай тоқтай қалысты. Кіші жүздің шенеунігі «Мұнай ішеміз!!!» компаниясына қарай құйындатып шауып келе жатқан... Орта жолда орта жүздің бір шенеунігі жаяу шыға қалып, көкпаршының алдына өліп қалған мысықты лақтырып жібергені... Көкпаршының аты табан тірей тоқтай қалып, астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап, сөйледі, сөйлегенде бүй деді: «Мырза, сізге бәрі ырза, бірақ алдымызды мысық кесіп өтсе, жолымыз болмайды!» деді. Сөйтіп тұрғанда, артынан өзге жүздің шенеуніктері қуып жетіп, креслоға жармасты.


--Бер деймін!


 


--Бермеймін!


--О, шешеңнің...


--Боқтама!


--Оттама!


Орта жүздің шенеунігі қарулы екен, креслоны жұлып алды. Бірақ бір аяғын... Жыны келіп, ат үстінде президентке арыз жаза бастады... Анау қорыққанынан креслосын бере салды. Сол екен, орта жүздің шенеунігі креслоны дереу шеберханаға апарып, тез арада жөндетіп алып, шаба жөнелді. Әне, шауып келеді, шауып келеді, атының үстінен қисая ауып келеді! Компания кеңсесі қайда? Оны да тауып келеді. Бір көшеден өте бергенде, МАЙ инспекторы ысқырып қалды.


--Не болды?—деп сұрады ол.


--Бұл көшеден аттылар, камаздар жүруге болмайды! Әне, белгіні қара!


--Кешіріңіз...


-Атыңыздың құйрығында «кz» деген белгісі мен нөмірі жоқ!


--Инспектор мырза, мә, алатыныңызды алыңыз, алыңыз да, осы жерде қалыңыз!—деген ол МАЙ инспекторына жүз доллар бере қойып, ары қарай шаба жөнелді. Бұрылып, артына қараса, ұлы жүздің көкпаршылары жетейін деп қалыпты...         Бұл атына қамшыны басты-ай! Бір кезде атының астыңғы ерні жыбырлап, үстіңгі ерні қыбырлап : «О, менің галстугты ием! Жаман шөлде-еп кеттім! Мына дүкеннен Сарыағаштың суын сатып әперші!» деді. Ол ақырып: «Неге шөлдей бересің?» деп сұрады. «Кешіріңіз, диабетпін, сусамырмын ғой...» деді аты кісінеп. Әне, ұлы жүздің көкпаршылары жақындап қалды! Жетті! Бір шенеунігінің қолында ұялы телефон, сөйлеп келеді: « Құдай қаласа, бастық боламын! Премьерге иіліп, жастық боламын!» Бір кезде ол креслоны жұлып алды! Шаба жөнелді! Әне, көп қабатты үйлердің арасымен шауып, қара үзіп келеді! Бір кемпір алдынан шыға келіп, бата беріп жатыр: «Я Алла, қазақтың дұшпаны көрінбесін, қазақ                           жүзге бөлінбесін! Бір шаңыраққа уық болып кірігіңдер, айналайын, қазағым, көк тудың астына бірігіңдер! Әумин!» Ұлы жүздің шенеунігі бетін сипай салып, компания кеңсесі маңына жақындап қалған, әне, әне қазір атынан түсе салады да, креслоны кабинетке апарып, орынына қонжиып отыра қалады! Әттеген-ай, орта жолда қожалар қосылып, креслоны жұлып алып кетті. Енді қожалар шауып келеді!         Әттеген-ай, орта жолда орыстар шауып келіп, креслоны тартып әкетті. Орыстар да көкпар шабады екен-ау! Иван деген көкпаршы шауып бара жатып, портфелінен арақтың бөтелкесін суырып алды да, жоғары көтере-е сіміріп салды!       Құйындадып келе жатқанда, қаптаған қытай  көкпаршылары    көрінді.    Креслоны            тартып   алған             олар      америка, ағылшын, үнді көкпаршыларын таптап өтіп,                             «Мұнай ішеміз!» компаниясы ғимаратының ішіне аттарымен кіріп кетті. Қазір президент болып қысық көз қытай      отыр...    Ал,       үш     жүзге   бөлінген             қазекемдер    «Мұнай       қалдығын жалаймыз»  мекемесінің    бастығы             орнына  көкпар  шауып        жүр...     Кресло


көкпарларыңыз құтты болсын!





Пікір жазу