ЖАЛА МЕН ЖАЗА
Асылғазин таң нұрына шомылған қара ағаштардың арасымен аяңдап келеді. Аспан ашық, үп еткен екпін жоқ. Салқын, ылғалды ау- адан көктем исі сезіледі. Үй-үйден шыққан үлкенді-кішілі балалар бірімен-бірі көңілді шүйіркелесіп, мектепке қарай ағылып барады. Поселкенің шеткі көшесі болғандықтан ба, жол үстінің тыныштығын бұзған әзірге солар ғана, орталық жақтағы машиналардың гүрілі бейне бір қарқын судың сарылындай алыстан естіледі.
Аудандық газет редакциясы поселкенің орталығына жақын, елеусіздеу көшенің біріндегі атам заманғы ескі екі қабатты үйге орналасқан болатын. Асылғазин кеңсеге жақындай бергенде жүрісін еріксіз тежеп алды. Сылағы түлеген түйенің жабағысындай көтеріліп, іргесі құздана бастаған айғыз-айғыз қабырғалар, көптен сырланбай қар мен жаңбырдан ақжемденіп кеткен терезелер бейне бір иесіз қалған қыстауды көзге елестетеді. Үйдің сыртқы тұрпаты әлгіндей болса іші онан да бетер сұрықсыз еді. Еденге төселген тақтайлардың жігі қақ-қақ жарылған, бөлмелердің қабырғасы жуылмаған жаялықтай сатал-сатал, зәңкиген пештердің қаңылтыр қаптамалары қырық құрақ, есіктердің топсасы тотығып, жақтауы қисайған, тиіп кетсең бебеу қағады. Осын- дай үйде интеллигенцияның озық ойлы өкілдері жұмыс істейді деп айтудың өзі ақылға сыймайтындай.
Асылғазин редакторлық міндетіне кіріскен аптадан-ақ меке- меге үй сұрап ауатком төрағасына барған болатын. Сонда ол көмек- тесуге уәде беріп, емексітіп қойды да, кейіннен сол уәдесін жұтып,
«болмайдыға» шықты. Бұл енді аупарткомның бірінші хатшысына жағдай айтты. «Газет ауданымыздың айнасы, – деді хатшы, – оның кеңсесі де айнадай таза болуға тиісті. Қоқым-соқым ескі үйде отырған журналисте қандай шабыт болсын? Мен мұны сен айтпасаң да білемін. Алайда сұрағанға сыбаға деп қалтамнан шығарып бере сала- тын үйім жоқ. Редакция түгілі наубайхана, клуб, аурухана салып бе- руге қаржыны қайдан табарымыз белгісіз. Әзірше қолда барды сылап, сипап пайдаланыңдар».
Үй алудан дәмесін біржола үзген Асылғазин басшыларды қайтып мазаламады. Күзге таман облыстық басқармадан бөлінген азын-аулақ қаржымен кеңсенің ішін ағартты, пешін жөндетіп, есік-терезелерді боятты. Азда болса иіс-қоңнан арылып, жұмысқа алаңсыз кіріскенде қалың жаңбыр басталды да тесік шатырдан сорғалаған тамшыдан
бөлмелердің іші бәз-баяғыдай сары жағалданып шыға келді. Содан қар жауып, аяз түскенде барып жігіттердің бетіне қан жүгірді.
Асылғазин өмірінде алғаш рет дәл осы жолы көктемнің келгеніне қуана қоймады. Рас, әзірше наурыздың беті жайлы, аспан ашық, жер құрғақ, алайда алда ақ нөсерлі сәуір бар емес пе! Оған қандай айла таппақ? Төбесінен тамшы сорғалаған сыз бөлмелерде бүрсеңдеген қызметкерлердің жүзіне қалай қарайды? Ол біреу әдейі таспен шөкелеп сындырғандай әр жері ойдым-ойдым болып тесілген шатырға қарап біраз тұрды. «Түгелдей жаңаламаса да бүлінген тұсын тездетіп ауысты- ру керек шығар. Бірақ оған қаржыны қайдан алады? Және де облыстық басқармаға бара ма? Онсыз да құдды қалтасынан төлегендей күзде бер- ген көк тиынын қыстай бетіне салық қылды. Енді не істейді, Алматыға, комитетке шығуға тура келер, обкомға да барар... Қайткенде де қаржы таппай тыншу жоқ...»
Қалтасынан темекі алып тұтатты, ащы түтіннің ысы қолқасын қабып, уы бірден басына шапты. Ертемен ұйқыдан тұрған бойда осы пәлеге жоламауға серт бергендей-ді. Жолай сол сертін ұстап, аңсары ауған никотинді ойламауға тырысты, бірақ қаншама зорланғанымен қалтасындағы жартылай шегілген қорапты лақтырып жіберуге тәуекел ете қоймаған. Үйдің шатырын бүтіндеуге қаржы табудың жолын ойлап тұрып қою түтінді құшырлана жұтқанда көзі шырадай жанғандай бол- ды. Ол өзінің ұстамсыздығына ақталғысы келгендей «мынадай албасты құрылысты көргенде темекі шекпек түгілі у болса да ішіп қоярсың» деп күбірледі.
Редактор сықырлауық есікті абайлай ашып, ішке өтті, күңгірт кори- дорды бойлап екінші қабатқа көтерілді. Маңдай алдындағы хабарлама тақтасының беті жып-жылмағай, өткенде хатшы қызға еңбек демалы- сына шығудың кестесін іліп қоюды ескерткені қайда? Қабырға газетінің жазулары көмескіленіп, өше бастапты. Сірә, қоғамдық ұйымдардың жұмысына қозғау салмаса болмас.
Қабылдау бөлмесіне таңғы шапақ мол төгіліп тұр. Жазу машин- касы қойылған үстел үсті мұнтаздай таза, газет тігінділері жиналған шкафтың әйнегінде күн нұры ұшқындайды, терезе алдындағы қыш құмыраның ернеуінен құлаған өсімдік сабағында кішкене-кішкене көк гүлдер қауыз жарған. Асылғазин кабинетіне кіріп, сыртқы киімін шешті де бұрыштағы ілгекке қыстырды. Асықпай адымдап барып, терезенің желдеткішін ашты. Сосын, орындығына жайғасып, алдындағы күнделік кітапшасына қол созды. «Бәрі де жоспардан басталады, онсыз ескексіз қайыққа отырғанмен бірдей» дейтін бұған ұстазы Жақып. Бірақ, бұл ол кезде күнін, сағатын өлшеп-пішіп жүруге үйрене алмай-ақ қойды, тіпті
өмірді жоспарлау қатыгездік, адамның ой еркіндігіне қиянат деп бөлім бастығымен пікір таластырып та қалғаны бар. Сонда, ыстық-суығы ба- сылып, дүниеге сабырмен қарайтын жастағы Жақып «Мақсатсыз адам жел ырқындағы қаңбақ, ал көздеген мақсатқа жету үшін ойлануың керек емес пе? Ендеше, жоспар – бағыт-бағдарыңды айқындаудың арқауы» деп өзінікін дәлелдеуге тырысатын.
Облыстық газетте істеген үш жыл оның көп нәрсеге көзін ашты. Бөлім бастығының киген киімінен бастап, қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөзіне дейін өзгеше бір зиялылықты аңғартушы еді. Енді, міне қырықтың беліне көтеріліп, ұжым басқарған кезде сол жақсы кісінің ақыл-кеңесіне сусағандай күйде жүр. Таңертең орындыққа отырған мезетте «Бәрі де жоспардан басталады» деп ұстазының сөзін еріксіз қайталайтын болды, кей-кейде бір нәрсені шешудің ығытын таппай, тұйыққа тірелгенде «осындайда Жақаң болса не істер еді» деп те толғанатын хәлге жетті.
Асылғазиннің ойын телефон қоңырауы бөлді, тұтқаны көтеріп:
– Иә, тыңдап тұрмын, – деді марғау қалпында.
– Сен кімге ақыл айтып жүрсің, шырағым? – Жуан, әмірлі дауыс салған жерден тықсыра сөйледі. Ол бірінші хатшыны танып, абдырап қалды.
– Саламатсыз ба, Бәке ... Мен...
Хатшы оның сәлеміне де, бастай берген сөзіне де құлақ аспай:
– Ақылың тасып бара жатса оны аупарткомға емес, қарамағыңдағы адамдарға жұмса. Пленумға баяндама жазбаймын деп шіренгеніңді енді естімейтін болайын. Түсінікті ме? – деді де байланысты шорт үзді.
Асылғазин ойламаған жерде үстінен құйын жүріп өткен жолаушы- дай күйге түсті. Зәрлі сөздер жүрегіне инедей қадалып, жанын сызда- тып бара жатқандай. «Хатшының қаһарына ұшырайтындай жазығы не? Әлде кешегі идеология бөлімінің нұсқаушысы Ақбілекпен болған қақтығыстың зардабы ма?»
– Редактор жолдас, – деген Ақбілек, – пленум өтетінін білесің ғой?
– Білемін.
– Ендеше, баяндама жазуға отырасың.
Бұл өзінен бірталай жас кіші қыздың менсінбей тілдескеніне шамырқанып:
– Қалқам, баяндама жазу менің міндетіме жатпайды, – деді төтесінен.
– «Қалқамыңды» үйдегі жұбайыңа айтарсың, жолдас. – Ақбілек өрт тиген қамыстай лап етіп тұтанды. – Кіммен сөйлесіп отырғаныңды ұмытпа. Келмей жатып кергитіндей не міндетің бар...
Асылғазин әңгіменің тереңдеп бара жатқанын аңғарып тілін тартты.
– Әдептен аттамайық жолдас нұсқаушы, – деді салмақпен сөйлеуге тырысып. – Сізбен бөлім меңгерушісінің алдында түсініскім келеді.
– Тапсырманы тәлкекке айналдырып барасың, редактор, шынында басшылардың алдында кездескеніміз дұрыс болар.
Ол кезекті номерге беретін материалдарды орынбасарына өткізді де кідірмей аупарткомға келді. Идеология бөлімінің бастығы Сәмет өзінде екен, мұның сәлемін салқын қабылдады.
– Нұсқаушы дегеніміз ол жоғарының тапсырмасын жеткізуші әрі орындалуын бақылаушы. – Сәмет тамағын қырнай сөйледі. – Оның беделін түсіруге жол бермейміз. Әдепсіз адам райкомда отыра ма, мұныңыз қалай?
– Діңкілі төбемді ойып баратқасын әдептілікке шақырғаным рас.
«Ұлық болсаң кішік бол» деген ғой...
Сәмет оны терезеге қарап отырып селқос тыңдады.
– Қажет емес, ақталмаңыз, – деді бір кезде бұрылып. – Болмашы кикілжіңмен сіз, бізімізді бұзбайық. Ортақ жұмыс қой, баяндамаға жәрдем бересіз.
Асылғазин сырын, сынын білмейтін бөлім бастығымен қырғи қабақ болудан сақтанды. Жаңылмайтын жан, сүрінбейтін тұяқ бар ма, сондай бірде сәтін тауып, аяғынан шалса кімнен сүйеніш күтеді. Ақбілектен бе? Атама, басымен алысып тұрған нұсқаушыдан ондай қайырымдылық шыға қоймас. Сонда не істеу керек, жалтақтаумен жан сақтамақ па? Сүрінуден қорқып жолға шықпаса, жаңылудан қорқып жақ ашпаса кім болғаны, мұның?
– Сәке... – үні бір түрлі жарқыншақтанып шықты, – Жауапты хат- шы үш айдан бері науқас, сырттай оқитын екі қызметкер бүгін-ертең сессияға кетеді... Баяндамаға көмектесудің жүдә реті келмейді, буынсыз жерге пышақ ұрмаңыз.
Сәметтің ақшыл жүзі аздап қызарып барып басылды.
– Нұсқаушыға иланбап едім, – деді ол даусын қоюлатып. – Өзің шы- нында да жыларман екенсің.
Енді Асылғазин қызарақтады.
– Жағдайды айтқаным жылармандық болып па?
– Былай ғой, редактор жолдас, партиялық тапсырмаға сылтау, се- беп жүрмейді, бұл бір. Екіншіден, басшылармен сөйлескенде суборди- нацияны сақтағаныңыз мақұл.
Осы кезде үстеріне Ақбілек кірді. Ол Сәметке жақын орындыққа жайғасты да «ал, басшының алдында кездесуге ынтық болсаң келдік» дегендей бұған ашулы көзінің қиығын салды.
– Иә, – деді Сәмет үзілген әңгімесін ықылассыз жалғастырып. – Үш редактормен қызметтес болдым, жолын, жөнін білетін жігіттер еді бәрі, бір ауыз ищай дескеніміз жоқ.
Бастығының бей-жай сөйлегеніне Ақбілек шыдамай:
– Райкомды менсінбейтін мұндай басшыны бюроға салу керек, Сәке, – деді жұлқынып. – Үгіттеп әуре болмаңыз, бәрібір түсінгісі келмейді. Көрмейсіз бе, сейілге шыққандай партия үйіне галстуксіз келуін.
Асылғазин оның байбаламына еліге қоймады. Нұсқаушының ұрда- жық мінезіне ыңғайсызданғандай бөлім бастығы бір қызарып, бір бо- зарып саусақтарын тарақтап қозғалақтай берді. Ақбілек қолындағы қаламсабын шошайтып, тәртіпсіз оқушысына кейіген ашушаң мұғалімдей әлі басылар емес.
– Редактордың міндетіне не жатады, не жатпайды, райком оны сенсіз де біледі... Әуелі өзің үйрен, тыңдап, орындап үйрен.
Асылғазин аупарткомнан көңілсіз оралды, кеңсеге кірген бетте жа- уапты хатшының міндетін атқарып, баспаханада жүрген орынбасарын шақыртты. Аупарткомда болған әңгіменің бүге-шүгесін тәптіштеп жат- пай, тек пленумға баяндама дайындауға көмектесу керектігін айтқанда талай басшының ішіндегісін қабағынан танып үйренген Тоқтар, оның әлем-жәлем көңілін дәл басты:
– Арғысын білмеймін, бергісі Сәкең де, Мұқабай да баяндама жазу- мен шашын ағартқан, – деді редакторына мүсіркей қарап. – Айтпайды, айтса қайтпайды олар.
Сәкең мен Мұқабай осы редакцияны ұзақ жыл басқарып облыстық газетке ауысқан болатын. Оның мына сөзінде «мүйізі қарағайдай редак- торларды қол баладай жүгіртіп қойған райком сені қайтсін» дегендей астар да бар. Асылғазин сыр бермей, сырбаз жымиды.
– Сол ағалардың жолымен жүрсек адаспазбыз, бәлкім?
Тоқтар ұзын мойнын толғап-толғап алып, назырқана басын шайқады.
– Сізді қайдам, мен бұған қарсымын. Журналист басшылардың ба- яндамасын жазуға міндетті дегенді еш қаулыдан оқыған емен. Ашығын айтқанда райкомдікі белден басу.
Онсызда күйініп отырған Асылғазинге орынбасарының сөзі отқа май тамызғандай әсер етті.
– Солайы солай, әйткенмен соңғы рет көмектеселік. Ол баяндамаға байланатынын сезіп, шырылдап берді.
– Ойбай-ау, «соңғы ретпен» сілемді қатырдыңыз ғой. Үш айда бес баяндама бітірдім. Әгәр соның орнына кітап жазсам әлдеқашан миллио- нер болар едім.
Оның әдепкіде осылайша қызынып-суынып ойына келгенін ақтарып салатынын, сосын толқыны басылған судай әп-сәтте сабасы- на түсетінін біліп үлгерген редактор ләм деп аузын ашпады. Шынын- да да Тоқтардың түйілген қабағы тез жазылды, ол өзінің осыдан біраз жыл бұрын аупарткомның бірінші хатшысына барғанын шабыттана әңгімелей бастады.
– Сәкең тәуір басшы болды, біреуге қиянат жасаған емес. Қателесе қалсаң зекіп, дауыс көтермей-ақ жайлап айтқанда сай-сүйегіңді сырқыратып жіберетін. Бірақ неге екенін қайдам, райком қызметкерінің төбесі көрінгеннен түсі бұзылып кететін. Бастығымыз қамыстай қалтылдап тұрғанда басқамызда не қауқар бар, аупарткомның барып кел, шауып келіне айналып, тоз-тозымыз шықты. Қыста мал қиын тазалауға, көктемде қозы күтуге, жазда күріш отағын жұлып, шөп оруға, күзде астық жинауға қатысамыз, кей күндері редакцияда екі-ақ адам қалады. Сонда да болса лаждап газет шығарамыз, сын да, пробле- ма да жазған боламыз. Алайда, коллективтің күші жылдан жылға көзі бітелген бұлақтай сарқыла берді. Өтірік-шынды ауыратындар көбейді, бірер мықты жігіт басқа жерлерге ауысты. Қойшы, әйтеуір әбден берекеміз кетті. Бізге ара түсетін редакторымыз жыл онекі ай бір со- вхозда уәкіл, кеңсеге аптасына бір соғады. Ақыры шыдамым түгесілді, неден қорқайын, жамандығына барғанда замдықтан түсірер, бірақ қалам мен қағазымды ала алмайды ғой, жігіттер үшін жан пида дедім де күндердің күнінде бірінші хатшының қабылдауын сұрадым. Қолымда редакция қызметкерлерін өз кәсібінен өзге жұмысқа пайдалануға тыйым салынған Орталық Комитеттің қаулысы бар. Ол мұнан отыз жыл бұрын шықса да әлі пәрменін жоймапты, оны білетіндерден пысықтап алғам. Обалына қалмайын, бірінші секретарьдың газетке көзқарасы бөтен емес- ті, мені бірден қабылдап, сөзімді бөлмей тыңдады. Шамалыдан кейін
«Редакторың қайда?» деді жұмсақ жымиып. Байқаймын әдейі сұрады, әйтпесе оны совхозға қадап қойған өзі емес пе? Іштегі ақ сайтаным ба- сын көтеріп-көтеріп қояды. «Бастықтың қайда жүргенін жұмсаған кісі біледі де» дей жаздап барып «Әу, Тоқтар тоқта, Аяз әліңді білді ұмытпа» деп өзіме-өзім сабыр беремін. Абырой болғанда хатшы үнсіздікті бұзып сөйлей жөнелді. «Жалпы, газет тілшілерін қара жұмысқа жегіп қойған жарамсыз практика, олардың жер-жерді аралап, жақсы мен жаманды елге жеткізгені тиімді. Сіздердің міндеттеріңіз де сол. Ал, тереңірек ойласақ тілшінің бірауық кетпен ұстап, құрық сүйреткенінің несі айып? Өзіңіз ақылға салып байқаңызшы, еңбеккердің бейнетін бастан кешпей оның бейнесін қалай суреттейсіз? Жазарсыз-ау, бірақ көзбен көріп, қолмен ұстағандай әсерлеп бере аламысыз? Сондықтан дема-
лыс уақыттарыңда совхозға барып, ащы терден арылып тұрғандарың жөн. «Хатшының пікірін қуаттайтынымды сездіріп басымды изеп жатырмын. Ертесіне редакторым «Жұмыстан құтқарғаныңа рахмет, әйткенмен бастыққа бармастан бұрын әуелі менімен кеңесіп алуың ке- рек еді» деді бусанып. Кейіннен естідім, бірінші бюроның үстінде жур- налистерге «бостандық» беріпті, сөйте тұра бастығымды «жалтақсың, жасықсың, адамдарыңа ие болмайсың» деп рәсә сілкілепті.
Асылғазин орынбасарының әңгімесінен «сен де біріншіге ба- рып теңдік сұрамасаң өзіңді де, бізді де сорлатасың» дегенді анық түсінді. Барғанда не дейді, «баяндамаңызды өзіңіз жазыңыз, біздің қолымыз тиетін емес» дей ме? Сөйлер сөзінің тәуір шыққанын кім жек көрсін...
Тоқтар «соңғы ретке» амалсыз келісті, жауапты хатшының міндетін бөлім меңгерушісі Құмарлыққа тапсырып, таңертең идеология бөліміне баратын болды. Ал, ондағылар редактордың уәде бермей қыңырайып кеткеніне шамданып, болған әңгімені біріншіге жеткізіп үлгерген екен де. Әйтпесе хатшы соншалық зекімес еді.
«Иә, ал енді ақталып көр, – деді Асылғазин күйіне күбірлеп. – Редакторлық қызметті сөгістен бастадық, аяғы немен бітер екен... Бірінші хатшының айқайын естісе Ақбілек сияқтылар мұны Бегімбайшалап
«есігінің алдына байлап қоюдан шімірікпес».
Көз алдына партия мектебінде бірге оқыған Шар ауданындағы құрдасы Бегімбайдың жүзі елестеді.
Партия мектебіне қабылданғандардың арасында редакторлық қызметтен келген жалғыз сол ғана еді. Мінезі ашық, әзіл-оспаққа қайым, еркінше сөйлеп, еркінше жүруді қалайтын жігіт аз уақытта оқытушыларға да, құрдастарына да ұнап үлгерді. Сабақтан қолы босаған бойда жігіттер Бегімбайдың бөлмесіне жиналады. Шай ішеді, өткен-кеткенді әңгімелеп, іштегі армандарын шертеді. Сондай бір көңілді отырыста «сендерге редакторлық лауазым тәңірдің тағындай көрінеді, ал мен сол тақтан әзер қашып құтылдым» деді ол күлімдеп. Жігіттер «әзілің бе, шының ба» дегендей оған жалт-жалт қарасып қалды. Тек Асылғазин ғана құрдастығына салып «Қой әрі, қолыңнан келмеген шығар, әйтпесе есі дұрыс кісі құдай берген бағын басына те- бер ме» деді.
Бегімбай оның сөзіне намыстанған жоқ, тек іштегі сырын аңдаусызда айтып қалғанына өкінгендей «кімге бақ, кімге сор, оны бастан кешкен біледі де. Кәне, онан да өлең оқиық» деп әңгіменің бетін аударуға тыры- сты. Бірақ, еріккен жігіттер қойсын ба, тұс-тұстан түртпектеп, ақыры шынын айтқызды.
– Сендер құмартатын пәлендей қызықты хикая емес, үш жыл бастық боламын деп мұрнымнан қан кете жаздағаны ақиқат.
– Ал?
– Райком мен редакцияның арасында жүгірдім де жүрдім.
– «Ананы мақтамайсың, мынаны даттамайсың» дейді де баяғы...
– Онысын қойшы, бір цифрдан қате кетсе бітті, телефон дың етеді.
– Сонда кім, бөлім бастығы ма?
– Жоқ ә, ол өзіміздің адам, мені сорлатқан мықтының өзі болды.
– Бірінші ғой?
– Сол.
– Қой әрі, сондай майда-шүйдемен айналысуға арланатын болар.
– Арланбады, цифрлардың кесірінен бюрода сөгіс алдым...
– Сөгіспен аман қалыпсың қайта, баяғы асыра сілтеу кезінде бір үтірдің мағынасын түсінбеген мақаулар талай адамды атып жіберіпті дейді ғой. Дегенмен, аудан басшысының соншалық майдагерлікке ба- ратынына кім сенеді? – дейді Асылғазин оған күмән келтіріп. – Басқа бір себеп бар да.
– Себебі бар әрине. – Бегімбай қипақтап отырып шынына көшті. – Бір мақалада хатшымыздың балдызын сынап жіберіппін. Содан отыр- сам – опақ, тұрсам – сопақ болдым.
– Ә, ә, солай десей. Өзіңе де обал жоқ, ойбай-ау, хатшының қорасына түсіп нең бар?
– Білмеген у ішеді деген де, қарға тамырлы қазақтың қай қыртысын түгендейін.
– Хатшының балдызын танысаң жазбайсың ғой, солай ма?
– Атама, білсем көлеңкесін басармын ба?
– М-м, – дейді Асылғазин, – Хатшың сенен оп-оңай құтылған екен.
– Жо-жоқ, тіпті олай емес, оқуға жіберіңіз дегенімде өтірік, расын қайдам, әжептеуір қиналды.
– Себеп?
– Себебі, кейінгі кезде «Қателіктен қорытынды шығардым».
– Қалай?
– Баяғы сыналған балдызынан бастап бастықтың біраз бауырын дәріптедім.
– Оу, хатшымен түсінісіп кетсең үрім бұтағын насихаттап жүре бермедің бе, қашып құтылғаның не?
– Қалай қашпайын, біріншінің әулетін дәріптей бастағанымда өзге басшылар да жақын-жуығын мадақтауға «заказ» берді.
– Мәссаған. Жаздың ба?
– Кірісе бастап ем, тыйым салды.
– Бірінші ме?
– Әлбетте.
– Алда, байғұс-ай, маңдайың тайқиып екі оттың ортасында қалыпсың ғой.
– Екі оттың емес қаулаған өрттің ортасында қалдым.
Жігіттердің бірі күліп, бірі үнсіз басын шайқап, үшіншісі пікір тала- стырып бөлменің іші у-дуға бөленді. Осы әңгімеден кейін Бегімбайдың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі Асылғазинге бір түрлі алдамшы тәрізді көрінетін болды. Онысын жасырмай айтты да. Әйткенмен құрдасы намыстанудың орнына бұған «басыңа келсін» деп күлді де қойды.
Жуырда сол Бегімбайдан хат алған-ды. Ол аупарткомның идео- логия бөлімін басқаратын. «Партия мектебінің нанын жеп, талтаңдап жүрген жағдай бар, – депті құрдасы. – Сен құсаған жаман редакторды есігімнің алдына байлап қойдым. Сірә, ол да қашудың ретін таппай жүр-ау, оқуға сұранып, қыңқылдап қояды... Өз жағдайың қалай, кітаби принциптен тайған жоқпысың? Әлде өмірді көріп көзің ашылды ма? Ақылымды алсаң, өзім білемінді ұмыт, демократия деп ауыздығыңмен алыспа, текке күйіп кетесің...»
Бегімбайдың хатын оқығанда Асылғазин «көң тартса қалыбына ба- рады, екі жыл оқысаң да баяғы жортағыңнан жаңылмапсың, сабаз» деп таңданған да қойған. Енді ойланса құрдасының айтқаны өзінің басына келе бастапты.
Құлағында ызыңдап тұрған хатшының сөздерін ұмытуға ты- рысып күнделік кітапшасына қайта үңілді, газеттің кезекті санына кететін материалдарды топтап, бөлімдердің мойнындағы «қарызын» есептеді. Есік жәйімен ашылып, хатшы қыздың ақсары жүзі жайнаң еткенде барып басын көтерді. Ол сызыла сәлемдесіп, қолындағы бір бума газет, журналды үстел шетіне қойды да, кідірмей шығып кетті. Асылғазиннің бұлыңғыр көңіліне аппақ ай сәулесі түсіп, ізінше сөніп қалғандай болды. Иіс судың ұнамды жұпары біразға дейін бөлменің ішінде қалқып тұрып алды. Әлден-әзірде ауызғы бөлмеден телефон лентасындай сырт-сырт еткен машинканың дыбысы құлаққа жетті. Жер-жерден келген хаттардың мазмұнымен танысып жатқанда Тоқтар телефон соқты.
– Келісім бойынша ертемен бөлімге келіп баяндаманың қаңқасын құруға кірістім, – деді ол жау шебінде жүрген жауынгердей жағдайды тәптіштеп. – Әлі онекіде бір сайманы түгел емес, бір күнде бітетінге ұқсамайды.
– Көрерсіз, бірінші де алаңдап жатыр.
– Ә, ә солай ма?.. Сізбен Сәкең сөйлесем дейді.
Кешегідей емес, бөлім бастығы жұмсарып қалыпты. Бірақ, үнінен әлде де салқындық сезіледі. – Орынбасарыңды жіберіпсің, енді асық- тырма, бітіріп тастасын. Ал, бастық не дейді?
Асылғазин біріншіден естігенін ішіне бүгіп:
– Жұмыстың жайын сұрады, – деді салмақпен. – Тоқтарды екі күнге босатамын, онан әріге қинамассыз.
– Қойыңыз. – Сәметтің даусы қатқылданып кетті. – Кешегі әңгімені жаңғыртпаңыз. Басқа басқа, ал сізге қайталап ескерту лайықсыз. Орынбасарың баяндаманы бітірмей қайтпайды. Құдай-ау, өзің не деген қыңыр адамсың. Болды енді, алысқа бармайық...
Асылғазин хатшыға кеткен есесін бөлім бастығынан алғанына ай- ызы қанғандай:
– Қалай десеңіз де, Тоқтарды екі күннен арыға босата алмаймын, – деді тырысып.
Секретариаттың жұмысынан Құмарлықтың мүлдем хабары жоқ-ты. Редактор екеуі номердің жобасын сызуға кіріскенде мұрнын қайта-қайта тартқыштап, берекесі қашты. Материалдардың көлемін анықтауға келгенде есептен жаңылды, жол-жол бағанаға бөлінген макеттің бетіне белгі салып жатқан қолы икемге келмей дір-дір етеді. Оның мүшкіл жайын айтпай түсінген Асылғазин жұмысқа өзі кірісті.
– Университет бітіргеніңізге біраз болған шығар? Құмарлық шашын бір сипап қойып:
– Көп қой, алты жылдан асты, – деді ақталғандай. – Ұмытыңқырап қалыппын, хәріптердің түрін ажырата алмай отырмын.
Редактор «оныңды байқадық қой, тым ерте ұмытқан екенсіз» дей жаздап барып меселін жықпай:
– Ұмытшақтық бәріміздің басымыздағы кемшілік, – деді. – Кітап бар, үйренеміз де, секретариаттың жұмысын білмей жақсы газет шығара алмаймыз.
– Оқимыз ғой...
Беттердің жобасы сызылып, материалдардың көлемі белгіленіп болғанша баспахананың кезекшісі екі рет келді. Соңғысында «Макетті кешіктіргеніңіз үшін айып төлейсіз, жұмыс ырғағын бұздыңдар» деп қыр көрсетті. Содан редактор кінәсін мойындап, кешірім сұрағанда барып райынан қайтты. Расында Асылғазиннің өзі де қарайып қалған екен, жауапты хатшыға, ол жоқ кезде орынбасарына арқа сүйеп, секре- тариаттың жұмысына араласпағаны маңдайына тиді, есептеу сызғышын қолдана білгенімен әр мақаланың тақырыбына лайықты хәріптерді таңдай алмай көп әуреленді.
Құмарлықты баспаханаға жөнелтіп, жоспарлы материалын жазуға отырғанда түс болды. Ол әдетінше мекемеге жақын жердегі асхана- дан өзек жалғады. Сосын кабинетіне келіп бел жазып, көз шырымын алмаққа бекінді. Орындықтарды қатарластыра қойып, үстіне ұзыннан түсіп жатты. Басына жастанған газет тігіндісінің қыры мойнына батып, сәл қозғалса астындағы төсеніші сынып кетердей сықырлап мазасы қашты. Сонау бір уақтағы Жақсы аудандық газетінде қызмет істеген кезі ойына оралып еріксіз күлімсіреді.
Еденіне кірген адам басуға ұялатын шоқтай жайнаған қып-қызыл кілем төселген редакторының бөлмесі мұның қасында патша сарайын- дай болатын. Есікке таяу бұрышта арқалығы қайқайып үлкен жұмсақ диван тұрады. Оқта-текте жиналыс өткенде болмаса бастықтан өзгенің жамбасы тимеген шығар-ау. Түске таман редакторы сол былқылдаған жазылмалы төсекте шалқалап жатып кітап немесе журнал қарайды. За- уада үстіне кіре қалсаң мамыражай қалпын бұзбай шаруаңды тыңдайды, мақала апарсаң қарсы есіктегі орынбасарына сілтейді. Алғашқыда мұның бәрі Асылғазинге ерсілеу көрініп жүрді, бірақ кейін көзі үйреніп
«бастыққа осы жарастықты» дегенге иланды.
Редакторының мінезі қатаң еді. Көп жыл аупарткомда бөлім басқарып, «төмендеп» келген Бекназаров бейне тәртіп сақтауға жіберілген милиция қызметкеріндей үнемі сіресіп жүретін, көп тыңдап, аз сөйлейтін. Таңертең жауапты хатшыны жанына ілестіріп бөлмелерді аралап шығады, кім орнында жоқ, бары не істеп отыр журналға түгелдей түседі, артынша бұйрық жазылады. Бұл жұмысқа кеш келіп, ерте қайтатындарға шаншудай қадалды. Бас-аяғы бірер айда жігіттердің алды екі реттен сөгіс алып үлгерді. Жұмыс кезінде дауыс көтеріп сөйлесуге, темекі тартып селтеңдеп жүруге, тіпті әзілдесіп, күлуге тыйым салынды. Журналистер еркін халық қой, редактордың қалаған тәртібіне көндіге қоймады, қайта-қайта «шекарадан» аттап кетіп, ескертуден есі шықты. «Творчество адамына қатыгездік жүрмейді, бастықтың мұнысы надандық» деп күңкілдейтіндер табылғанымен, онысын ешкім ашық айтуға батпады. Осындай қиын күндерде редак- тор жиналыс шақырды. «Сіздердің араңызда кеңсе тәртібін білмейтін, білген күнде оны мойындағысы келмейтін қыңырлар бар, – деді ол. – Ондайлар пышың-пышың өсек айтып, тасада тұрып тас атуға құмар. Біз ең әуелі сондай жүгенсіздермен есеп айырысуға тиіспіз».
Бекназаров «жүгенсіздердің» атын атап, түсін түстеп жатпай еңбек туралы Заң кітапшасының бетін парақтап «Ал, кәне, – деді отыр- ғандарды жағалай көзбен түйреп, – осында журналистерге кеңшілік берілсін деп бір ауыз айтылған ба? Жоқ. Қайта әділ заң тәртіп
бұзғандарды жұмыстан қуу керек дейді. Ендеше оның талабын орындамасаң басың кетеді».
Бөлмеге жым-жырт тыныштық орнады. Көпшіліктің көкейінде
«ішіміздегі әңгімені бастыққа жеткізіп жүрген жағымпаз қайсымыз» деген сұрақ тұрғандай. Редактордың орынбасары үлгілі оқушыдай қолын көтерді.
– Мен айтайын. Тәртіп бізге де, басқаға да ортақ, – деді ол. – Аппарат- та өсек айтылды дегенше адамгершіліктен кетісеміз, бұл журналистің қанында жоқ, нашар әдет. Бас-аяғы бес-алты кісіміз, бір-бірімізден жа- сыратын не сыр бар? Жігіттер ойланайық, халық болайық.
– Дұрыс, – деді редактор оған риза болғандай. – Тағы пікір біл- діргендер бар ма?
– Менде бар. – Жауапты хатшы қолынан тастамайтын сызғышын шошаңдатты. – Айтсақ жек көресіздер, – деді Жолбасаров көпшілікке бұрылып. – Бетімізбен кеттік қой, тіпті. Кәсіподақ председателі не бітіріп жүр? Көңіліне келсе атамның арғы жағына, түк те бітірмейді, жұмыстан қалғандарды көре тұра үндемейді, білсе де былқ етпейді. Командировкаға шықсақ жоғалып кетеміз, жоспарда тұрған тапсырма мерзімінде орындалмайды. Жаманыңды жасырып, жақсыңды асырсам деп-ақ шаршадым. Мен бір ғана нәрсені айтайын, керіліп, созылып, күліп-ойнап жүретін адамға аудандық газет қол емес, бізге табанынан оты шығып зытып жүретін, әперативті жұрналіс керек. Сосын – ол қызына сөйлегенде езуі көпіршіктеніп жуық арада өзін тоқтата алмай қалатын, абырой бергенде бұл жолы ұзаққа сілтемеді. – Іштерің біледі, редактор жолдастың талабын ғайбаттап талай күңкілдегеніңді естідім, ендігі жерде ондай өсекшіге аяугершілік жасалмасын.
Жұмсақ диванда жатып алып қызметкерлердің басқан қадамын аңдитын редактордан бір ауыз мақтау естімей-ақ Асылғазин облыстық газетке ауысты. Өмір деген қандай ә, бүгін өзі редактор болғанда Бекназаровтың жайлы төсегін аңсап жатысы мынау. Жігіттердің ерте кетіп, кеш келгенін, анда-санда бір ауық дойбы ойнап, әзіл-оспақ ай- тып отырғанын көрсе де ішін мысық тырнап өткендей, тыржиып қалады. Баяғы Жолбасаровтай бастықтың қабағына қарап сөйлейтін жауапты хатшы жоқ, сәл ескерту алса ауыруы дайын. Тұла бойы тұнған кеселдің кені ме, бірде тұмауратады, бірде асқазаны бүлінеді, одан қалса құяңы ұстайды, көзі, тамағы да сау емес. Редакцияның жұмысы көбіне-көп секретариаттың қызметіне тәуелді, газеттің бүкіл тіршілігін үйлестіретін сол.
Түстен кейін Асылғазин бөлімдегі қызметкерлердің басын қосып өткен аптаның қорытындысын шығарды. Жоспардан тыс берілген
тапсырманың орындалу барысын білді. Әңгіме үстінде ойда жүрген пікірлерін ашты, жаңадан туған тақырыптарды қалай, кәйтіп зерттеудің жайын талқылады. Жұмыс аяғына таман Құмарлық баспаханамен екі ортада тызақтап жүгіре бастады. Бетке орналастырған мақаласының бірі жетпей қалады, немесе тақырыбы ажырайып көзге епетейсіз көрінеді. Редактор амал жоқ төмендегі баспаханаға түсуге мәжбүр болды.
Газет беттерін құраушы келіншек қанына қарайып алғандай Асылғазиннің әр сөзін жақтырмай тыңдайды, қолы мен аузы бірдей қимылдайды. Балабақшаға да, дүкенге де жүгіретін өзі, от жағу, су әкелу керек, қойшы әйтеуір бір басында мың бір шаруасы бар, соны орындауға қырсығын тигізген газет, олақ секретарьдың кесірінен тірлігі өнбей жіпсіз байланып тұрысы мынау. Редактор мен Құмарлық тілден қалған. Алақандай төрт бет газеттің макетін кешіктіргені рас. Бірдеңе дейін десе әңгіме насырға шауып кететінін сезеді. Кезекші редактор мен корректор да оның ығына жығылып, лыпып жүр.
– Ағай, бір кісі келіп, сізді күтіп отыр.
Асылғазин хатшы қызға «Қазір барамын» деп айтуын айтса да ар- тынша ол уәдесін ұмытып, қайтадан бет құрастыруға ынты-шынтымен араласып кетті. Сәлден кейін хабаршы және келді, бұл жолы әдепкіден батылдау «Ағай әлгі кісі асықтырып жатыр, – деді ақсары қыз. – Әйтпесе райкомға кетемін дейді».
«Ал, ендеше, аупарткомды көлденең тартып қырланған бұл кім өзі». Ол кабинетіне кіре бере алдындағы көрініске таңдана қарап тұрып қалды. Мұның орындығында шіреніп бейтаныс кісі отыр, бір қолында телефон, екінші қолында түтіні сыздақтаған темекі. Құдды өзінің үйіндегідей емін-еркін жайласып алыпты.
– Әй, шырағым, – дейді тұтқаның жұдырықтай құлағын тістеп алардай аузына тақап. – Кім екенімде қандай шаруаң бар, әлде телефон- мен сөйлесуге де қызметімізді сатамыз ба? Мен совет гражданымын, иә, вот все. Кәне, қоспай гөр, әулейі екенсің. «Жауап бермейді». Жау- ап бермесе райкомның идеология бөлімін бер. Ал-ло, Сәмет, қасқа-ау, не боп кеткен ауданың? Байланысты сен басқармаймысың, телефонға ылғи жағына жылан жұмыртқалаған тәлпіштерді қойыпсың... Ұят қайда? Тіпті адам сияқты тілдесуге де жарамайды. Жарты сағат бойы қалаға шыға алмай шаршадым. Шара көру керек... Е, ашулан- бай нетейін... Мен редакторыңның кабинетіндемін, кейін айтамын, бір мәселе бар.
Ол босағада тұрған Асылғазинді енді ғана көріп, телефон тұтқасын орнына сарт еткізіп тастай салды.
Соңғы сөз редакторды онан сайын таңдандырды. Бірақ, дені сау, делебесі дұрыс адам танымайтын-білмейтін біреудің бөлмесіне кіріп алып телефондағы қыздармен керілдесер ме.
Мына кісінің қылығы қандай әбес болса түрі де сондай ұсқынсыз еді. Қыржым-тыржым әжім басқан бет-аузы тоттанған темірдей күл- гінденіп тұр, қарасы, ағы аралас ұзын шашы шашылған шөптей қалай болса, солай жатыр. Костюмінің өңірінен көрінген ақ көйлегінің жағасы кір, шаң. Қысыңқы көзінде суық сәуле бар. Идеология бастығына еркінси сөйлескеніне қарағанда екеуі бұрыннан жақсы таныс тәрізді.
– А-а, сен кімсің? – Темекі түтінін танауынан сыздата шығарып, түйеден түскендей дүңк еткенде Асылғазиннің қаны ду етіп басы- на шапты. Енді ол мынаның нағыз әумесер екеніне шүбә келтірмеді.
«Мұндайда не деу керек, не істеген жөн? Әлде шығып кетіп көрші бөлмеден милицияға хабар бергені дұрыс па? Әлде сұрағына жауап беріп осылайша сүмірейіп тұра бере ме?» Бір шешімге келіп үлгергенше екінші сұрақты естіді.
– Тілің байланып қалды ма? Редакторсың ғой, шамасы.
Мұнысы тіптен шектен шыққандық болса да Асылғазин шыдап бақты.
– Иә, Сіз кім боласыз? Не жағдаймен келдіңіз?
– Редактор болсаң мында кел. – Асылғазин оның әміріне бағынды.
– Бала, бастық әбизәтілні төрде отырсын деген зәкүн жоқ. Қабағыңнан қар жаумасын, орындығыңды арқалап кетпеймін, беремін өзіңе.
– Қозғалмаңыз ағасы, керегінше отыра беріңіз, құлағым сізде. Асылғазин зорлана жымиды.
– Ә, бәсе солай десейші, дүрдимей. – Анау «тағынан» түсіп, бұған қарама-қарсы жайғасты.
– Енді сөйлесеміз. Алдымен өзімді таныстырайын, бұрын мен де сен құсап партия солдаты болдым, заң қызметінде істедік. Сенің Сәмет деген бастығыңды тәрбиелеп, адам қатарына қостым... Қазір пенсияда- мын, атым Назар, Назар Тәңірбергенов.
– Жақсы, мен...
– Тұра қал бала, сабыр ет, сенің редактор Асылмазин екеніңді білемін, білгеннен соң келдім.
– Асылғазин деңіз.
– Мейлі, солай-ақ болсын, мәселе кім екеніңде емес, мәселе редакторлығыңда. – Сұқ қолын шошайтып, сес көрсетті. – Ә, жауап- кершілігіңде.
– Ал, құлағым сізде, шаруаңызды айтыңыз.
– Айтамын, естуімше келгеніңе көп болмапты, солай ғой? Бірақ болмай жатып болымсыздың ісін істегенің не? Тып-тыныш жатқан ау- ылды алауыз қылып, ағайынның арасына от тастағаның қалай?
Асылғазиннің көзі ұясынан шығып кете жаздады. «Не дейді мына әумесер, кімнің ордасына от тастадым? Нені бүлдіріппін?».
– Дүниеде не қымбат, не ардақты? Редакторсың ғой, айтшы кәне? Үндемейсің бе, онда біліп ал. Дүниеде ең қымбат нәрсе ол ар, ождан, одан асқан ардақты жоқ. Значит, сен адамның арына тидің, ардағымды қорладың. Ендеше, сен дұшпансың.
Мұнан әрі шыдауға болмады. Асылғазин ұстамдылық туралы ойлағысы да келмей, ақ көз айыптаушымен ұстаса кетті.
– Сіз, шектен шығып барасыз... Абайлап сөйлеңіз ақсақал. Не үшін дұшпан болмақпын, нені бүлдіріппін.
– Қыларыңды қылып алып, не бүлдірдім дейсің? «Сұғанақ» деген фельетонсымақты есіңе түсірші, кәне?
Асылғазин мұнан біраз бұрын газетте сондай фельетонның жарияланғанын білетін-ді, бірақ онда кім, не жайлы жазылғаны жады- нан шығыпты. Назардың елеріп сөйлегеніне қарағанда бар бәле сонда тұрған тәрізді, мұндайда әліптің артын баққан дұрыс.
– Сондай материалды бергеніміз рас.
– Берсең, оның сто проценті жалған. Иә, совет баспасөзін пайдала- нып сүттен ақ, судан таза адамды қаралағансың, ұры-қары деп жарияға жар салғансың. Кәне, ұры екеніне дәлелің бар ма, солай деген соттың үкімі шықты ма? Жоқ, дәлелің жоқ, соттың үкімі де жоқ. Олай болса фельетоның сандырақ.
– Тексерейік, фельетон негізсіз жазылмайды.
– Тәңірбергенов кекете мысқылдады.
– Болары болып, бояуы сіңгенде бұл қай бұлтағың? Қой, бала, ондай өнеріңді басқаға қолданарсың, маған жүрмейді. Енді былай, сынаған адамыңнан кешірім сұрайсың. Ұқтың ба, редактор, жаздым- жаңылдым деп айыбыңды халық алдында мойындайсың. Мен біттім. Бір апта күтемін, мойындамасаң өз обалың өзіңе...
– Сізге тағы да ескертемін, баспасөзде негізсіз факті жарияланбай- ды. Тексереміз...
– Біреуді масқаралап жазудың алдында ақты-қарасын анықтап алуың керек еді, оны істемедің, өсек-аяңға сеніп, ойыңа келгенді ойрандадың. Енді құй тексер, құй тексерме, оның құны көк тиын. Сақалды басыммен алдыңнан өттім, осыған да шүкір де, бала.
Тәңірбергенов орнынан тұрды. Тұра бере іргеге бұрылып қолындағы темекі тұқылына шырт еткізіп бір түкірді де еденге тастады. Онысы
Асылғазиннің бетіне түкіргеннен бетер болды. Әкесіндей кісімен не деп жағалассын, іш пыстаны ішінде қайнаған редактор есіктен талтаңдап шығып бара жатқан бір жапырақ кісінің соңынан сүзіле қарап отыр- ды да қалды. Құмарлық келіп, номердің беттерін алдына жайғанда да, баспаханаға соғып жұмыс барысын көргенде де жыртылған шүберектей жәбірленген көңілі көктеуге келмеді.
Тәңірбергенов шығып кеткеннен кейін Асылғазин газет тігіндісін ашып, аталмыш фельетонды тапты. Ол мұнан үш ай бұрын жарияла- ныпты.
Құрылыс мекемесінің есеп қызметкері Дәмегүл деген «ай десе аузы, күн десе көзі бар» әйбат келіншек дүкеннен көйлек ұрлап жатқан жерінен қолға түседі. Бірақ, ол қылмысын мойындамайды, сөмкесінен шыққан затты таңертең сатып алғанын айтып, ант су ішеді. Оның ақталғанына сатушы иланбайды, «егер таңертең алсаң онда бөлімге кірер кезде неге көрсетпедің, қолдорбаңды неге ауызға қойып кетпедің» деп шу шығарады. Олардың дауына келім-кетіп жұрт жиналады. Осы кезде біреулер милиция шақыруға кеңес береді. Алайда тәртіп сақшысы келіп үлгермей Дәмегүл сытылып кетеді. Дүниесі түгел сатушы болған іске береке деп онан әрі ізденбейді.
Фельетонды Құмарлық жазып, Асылғазинге ұсынған болатын. Бес параққа жуық материалды қарап шыққан бойда қызметкерінің сын- сықаққа икемі барлығын байқады. Автордың тілі удай, оқиғаны көзбен көріп, қолымен ұстағандай суреттепті. Әйтсе де редакторға фельетон фактісінің тұзы татымсыздау көрінді. Ұры кім, жымысқы әдіспен жан бағып жүрген жырынды ма, әлде шындығын дәлелдей алмайтын ынжық біреу ме? Егер көйлекті сатып алғаны ақиқат болса, милицияның келуін күтпегені несі? Бір сом, екі сом емес жүз теңгелік затын бекерден бекер кім тастап қашады? Сатушының қолында оның ұрлығын айғақтайтын акті, көрген куәлардың анықтамасы бар ма? Ондай сенімді дәлелдемелер болмаса Дәмегүлге шық жұға ма?
Құмарлықтың қолындағы жинақталған материалмен танысу үстінде фельетонды жазуға түрткі болған домалақ арызды оқыды ма Асылғазин:
– Хатты таныстырмағаныңыз қалай? Әлде орынбасарға көрсеттіңіз бе? – деді бөлім меңгерушісіне.
Құмарлық түсінбегендей иығын көтерді
– Арызды оқыған бойда іске кірістім. Сіздерге көрсету міндетті емес дедім.
Редакцияға күн сайын ондаған хат түсіп жатады. Тәртіп бойын- ша бөлім меңгерушісі оны тіркеуден өткізіп, редакторға, ол жұмыста
жоқ кезде орынбасарға әкеледі. Ендігі жерде оларды мазмұнына сәйкес әр бөлімге бағыттап, орындалу мерзімін белгілейтін, қосымша нұсқау беретін билік соларда. Құмарлық мұның бірінде ескермей, арызды бейтарап тексерген. Және де сөзінің сыңайынан өзінікін жөн дегендік аңғарылады. Тәжірибелі бөлім бастығының өзі жұмыстың тәртібін білмесе өзгелерден не сұрайсың. Алдына келген шағымды зерттей ме, жоқ зерттемей-ақ суырмасына тастай сала ма, болмаса «өртеп» жібере ме, о жағын әркім өзі білетін болғаны ма? Мұның арты неге соғады? Редакцияда мұндай берекесіздік бар деп ойына да келмеген-ді, оның. Хатқа жауапсыздық біріншіден, баспасөз бостандығын тұншықтыру, екіншіден, адамдардың намысына тию, мұнан өткен сұмдық жоқ шығар.
Асылғазиннің бойы түршікті. Өзінің бұл жайды білмегеніне, білуге мән бермегеніне өкініп, қатты қапаланды.
– Ендігі жерде, – деді үкі көздене өзіне қарап қалған Құмарлыққа.
– Әр хатты міндетті түрде көрсететін болыңыз, оның тағдырына жеке адам емес, бүкіл редакция жауапты.
– Мақұл онда, енді солай жасаймын.
– Дәмегүлді айыптайтын документ – акті, онда үш кісінің қолы тұр, бірақ олар кім, не істейді, ол белгісіз.
– Екеуі сатушы, біреуі куәгер, – деді Құмарлық.
– Ал, ұрлықшының қолы қайда? Егер қол қоюдан бас тартса, солай деп куәландыру керек емес пе?
– Ұрлағаным рас деп кім қолхат берсін... Милиция келгенше тайып отырыпты ғой. – Құмарлық редактордың қайта-қайта ескер- ту жасағанына ренжігендей мұрнының астынан міңгір етті. – Актіні жазған сатушының екеуі де коммунист, коммунист біреуге жала жаба ма, рас қой бәрі. Сіз бекер күмәнданасыз, фельетонның дұрыс, бұрысына жауапты автор болмаушы ма еді.
– Әлбетте автор жауапты, бірақ баспаға жарияланғаннан соң оған редактор да жауапты. Актіге қол қойғанның екеуі де мүдделес адам, мейлі коммунист болсын делік, және де коммунистің бәрі де періште ме... Ал, тағы неңіз бар?
– Барым осы. Сатушылардың, Дәмегүлдің түсініктемесі, акті, меніңше осылар жеткілікті.
– Дәмегүл түсінігінде ұрлағанын мойындамапты, бұл ойлан- дыратын жағдай. Жұмыс орнынан мінездеме алдырған жөн болар, коллективімен, семьясымен, тіпті көрші-қолаңымен әңгімелесіп байқасаңыз кәйтеді. Жап-жас келіншектің жаман атаққа ілігуіне не се- беп?.. Тұрмысы қалай, күйеуімен ара қатынасы қалай, қандай отан өзі?..
Тереңірек білген дұрыс. Өмірде не болмайды, бұрын-соңды сұғанақтық жасамаған келіншек, бір сәт шайтанның азғыруына еріп жаңсақ басса, оны ел-жұртқа масқара қылып көрсеткеніміз тым қатыгездік емес пе? Мұнан кейін оның тағдыры не болады?.. Мүмкін коллектив талқысына ұсынармыз.
Құмарлық тілін тістеп алғандай, жақ ашпады. Әмсе тұйық жігіттің ішінде не жатқанын біліп болмайды. Үнсіз арбасып отыра беруге шыдамаған Асылғазин:
– Ұры-қарыны маңдайынан сипа деуге қақым жоқ. Тиын ұрлаған да, түйе ұрлаған да заң алдында бірдей қылмыскер. Егер сіз фельетонның жариялануын талап етсеңіз, онда фактілерді толықтырасыз? Бұл күйінде басуға келіспеймін, – деді де документтерді қолжазбасымен қоса Құмарлыққа қайырды.
Арада апта өткенде ол фельетонды және ұсынды. Асылғазин әдепкіден көп өзгеріске түскен қолжазбаны асықпай оқыды. Тілі жұтынып тұр, оқиға бұрынғыдан шиеленісе түскен, автор бір мәселеден тұтас әлеуметтік ой қозғайды, оқырманды жаман әдеттен жирендіре біледі.
– Өткендегі айтылған фактілерді заңдастырдыңыз ба? Дәлеліңізге сенімдісіз ғой, – деді Құмарлыққа редактор.
– Бәрі де ойдағыдай.
Асылғазин «ендеше документтерді қарап шығайын деуге оқталды да, артынша ол пікірінен айныды, қызметкеріне сенбесе қалай басшы болмақ. Осылайша көйлек ұрлаған келіншек туралы фельетон оқырман қолына тиген-ді.
Редакциялық жиналыста Құмарлықтың атына жылы-жылы лебіздер айтылды, «көптен бері мұндай өткір сын жарияланған жоқ, біз автордан үлгі алуға тиіспіз» десті журналистердің көбісі. Ай қорытындысында бәйге алған да осы материал болды. Содан бері үш ай өтіпті. Асылғазин де, өзгелер де Дәмегүлдің тағдыры не болды, семьясы, туған-туысы, бірге істейтін жолдастары қандай пікірде, ол туралы ойланбапты. Күндердің күнінде Тәңірбергенов дейтін біреу келіп фельетонның быт- шытын шығара сынап, редактордың екі аяғын бір етікке тығарын кім білген.
Асылғазиннің екі шекесі солқылдап, қысылғаннан маңдайынан шып-шып тер шықты. Баспаханадағы Құмарлықты дереу алдырып
«фельетон ішкі істер бөліміне, Дәмегүлдің коллективіне жолданды ма, жолданса пәлен айдан бері неге жауап жоқ. Жазған сыныңның нәтижесін білмей не бітіріп жүрген адамсың» деп кейігісі келді де қоңырауға соза берген қолын тартып алды. Газет шығып жатқанда
жауапты хатшының көңіл күйін бұзуға дәті бармады. Дәл қазір өткен оқиғаны анықтаудан гөрі, номердің тағдыры жауапты еді. Әрі түптеп келгенде сынға жауаптың жайын бақылап отыратын кім, әлбетте өзі. Ендеше, «Сұғанақтың» сұраусыз кеткеніне автормен бірге бұл да кінәлі.
Бөлме ішінде ары-бері жүрген редактордың басына не келіп, не кетпей жатыр... «...Тәңірбергенов айтқандай Дәмегүл күнәсіз болса онда арын аяусыз аяққа таптаған журналистің қорлығына қалай төзді?
«Өлімнен ұят күшті» деген бар, біреудің ала жібін аттамаған адал адам мұндай қиянатқа ешқашан төзбейді, фельетон газетке жарияланысы- мен шыбын жаны шырқырап шындықты іздейді. Жөнін білсе алдымен редакторға келеді де жалынып-жалбарынбай «тілшіңіз қылмысымды мойныма іліп берсін, әйтпесе не ол, не мен тұрамын» деп белдеспей беріспейтін талабын қояды.
Редактордың әділдігіне сенбесе аупарткомға, немесе бірден заң орнына шағынады. Қалай болғанда да түбінде шындық жеңеді, оған дау жоқ. Алайда, Дәмегүл күні бүгінге дейін өзін халыққа ұры деп танытқан тілшінің үстінен шағым жасамады, айыбын мойындағандай тым-тырыс жатыр. Ал, ол еңбек ететін мекеме әкімшілігі, қоғамдық ұйымдар коллективтің абыройына таңба түсірген қызметкерден бойын аулақ салғандай ма, оның әрекетіне баға беріп, нәтижесін редакцияға хабарлауды ұмытқан сыңайда. Неге? Осы сұрақтың астарында қандай сыр бар? Егер Тәңірбергенов келіп жанжал туғызбаса редакцияда бұл жайында ойланып бас қатыратын адам қалмағаны ма? Сын – газеттің өткір жанры, әсіресе демократия өрістеген тұста оның бағы жанып-ақ тұр. Аупартком бюросында бірінші хатшы бұған шаруаға салақ бас- шыларды сын шоғына қарып алу керек дегенді жиі ескертеді. Идео- логия секретары Алмасбаева соны медеу тұтып «бүгінгі газеттеріңнің тұздығы аздау екен, жігіттердің қаламын үшкірлемесең болмас» деп звондап жатады. Олар баспасөз беделіне осылайша арқа сүйесе бұл журналистер үшін абырой емес пе? Бірақ, хатшылардың пікірі әмсе дүйім көптің көкейінен шыға да бермейді. Кәсібі түрліше, тұрмысы әр қилы, талғамы әр алуан адамдарға егіншілік пен малдың шаруасынан басқа да өмірді бейнелейтін дәмді сөз, байсалды ой керек. Мұны осы- дан үш-төрт ай бұрын көкөніс өсіретін совхозда өткізілген оқырмандар конференциясында бір салауатты азаматтың аузынан естіді. Әлгі кісі былай деді «Аудандық газет агроөнеркәсіп Советінің листогіне айна- лып бара ма, қалай? Экономиканы көтеру қажет-ақ делік, бірақ алды- мен адамның сана-сезімін көтермесек сол мақсатқа жетуге бола ма? Сондықтан, газетті ең әуелі жақсылыққа үйрететін, жамандықтан
жирентетін адамгершілік әліппесі деп бағалайық. Мен ортамызға кел- ген тілшілердің осы пікір төңірегінде ойланғанын қалар едім».
Дұрыс айтты. Кейіннен конференция қорытындысын талқылауға арналған лездемеде адамдардың қарым-қатынасында болып жатқан өзгерістерді қамтитын «Уақыт. Қоғам. Адам» деген айдармен мақала ұйымдастырып отыру идеясы туды. Мұнан бөлек газет бетінен «Эко- логия және біз», «Сіз, ана тіліңізді құрметтеймісіз?» дегендей бөлімдер ашылды. Науқанды жұмыстардың шырмауында өкпесі қабынып қалған қызметкерлерге жаңа ағым бірден әсер етті, олардың ізденуге, жақсы жазуға деген құштары артты, редакция үйіне бой сергітерлік таза ауа кіргендей болды. Аупарткомның «ана директор сүттің жоспа- рын орындамады, мына агроном астықты төгіп-шашып жатыр. Со- ларды неге сынамайсыңдар?» деген нұсқауынан өзге де елеусіз қалған тақырыптар көп екен. Жастардың арасында бұзақылық жасау, кісі то- нау, ұрлық мұнан үш-төрт жылғыдан әлденеше есеге өсіп кетіпті, ата- дан балаға мұра болған салт пен дәстүр ұмытылуға айналыпты, ана тілінің қадірі кетіп, ұлттық мәдениетке қатер төніпті... Газет бетінде осындай әлеуметтік дерт туралы сын, проблема жазыла бастады. Оны өз қызметкерлері ғана емес, ауыл-ауылда жүрген ойлы оқырмандар да хал-қадірі жеткенше қағазға түсіріп, редакцияға жіберіп жатыр. Біле білсе осының бәрі редактор үшін мақтаныш, сонымен қатар жауапкершілік те. Бұл соның алғашқысын жанына жақын қабылдапты да, екіншісіне мойын бұра қоймапты. Мұны Тәңірбергенов келіп, мақтаулы фельетонды түкке алғысыз еткенде барып анық сезініп отыр. Редакторлық міндетіне жауапты қараған болса үш айдан бері фельетонның нәтижесін білер еді. Ол солай болсын, онан басқа сын мақалаларды жұртшылық қалай қабылдап жатыр? Сынап, мінеудің жөні осы екен деп бас-көзге қарамай төпей бергенімен оның көпке, қоғамға шипасы тие ме? Осының бәрін біліп, оқырманның сұранымына сай жазу үшін не істеу керек? «Ойлан, толған редактор... Өзің емес, өзгені де ойландыратын жол нұсқа».
Асылғазин орындығына жамбас басып, жұмыс күнделігін ашты да ақ қағаздың бетіне ойын асығыс түсіре бастады. «Сын – өткір алмас, абайлап сілтемесең қолыңды кеседі.
Ол – кемшілікті түзеуге, бірдің басындағы мінді әшкерелеп, екінші, үшінші біреулерді содан сақтандыруға қызмет етеді. Олай болса сына, міне, бірақ талғаммен, талаппен жаз, «жылтырағанның бәрі алтын емес». Нені, қалай, қайтып жазуды біл. Сын мәдениетін үйрену керек, – деп ойын онан әрі өрбітті, Асылғазин. – Тәңірбергеновтың «соттың үкімі шықпай ешкімді ұры, қылмыскер» деп атауға хақың жоқ» деуі
неліктен? Оның сөзінде түйір бар. Құмарлықтың фельетонындағы Дәмегүл ұрлық үстінде қолға түскенімен қылмысы заң жүзінде бекіген жоқ. Демек, ол әлі қылмыскер емес азаматтық құқы өзіндегі кісі. Заң талабы бойынша адамды азаматтық құқынан тек сот қана айыраты- нын ескерсек, онда журналистің оны ұры деп айыптауға өкілеттігі жүрмейді...«Білмеген у ішеді» деген осы. Бұл бәрімізге ащы сабақ. Жур- налистерге құқылық білім берудің жолын іздестірген ләзім, юристермен жиі кездесіп, заң актілерін үнемі оқып отырмасақ болмайды... Сынның ықпалдылығына жету – негізгі шарт. Сондықтан, газетте жарияланған әрбір сын мақаланың нәтижесін апталық лездемеде талдап отыру ке- рек. Оған берілген жауаптардың нақтылығына, әділдігіне байыппен қарап, күдік туғызатындарын арнайы барып тексерген мақұл. Сынды талқылаған жиналыстарға автордың қатысып отырғаны теріс болмас. Жауапты кешіктірген, немесе мүлдем жауап бермеген мекеме орында- рында еңбек коллективімен пікір алысу сағатын ұйымдастыру қажет сияқты. Сонда көпшілік газет сөзіне өз бағасын берері хақ. Бұл демо- кратия, жариялылық талабына сай келеді. Сірә, еңбекші хаттары және бұқаралық жұмыс бөлімінің қызметін жетілдірмей газетті жақсарту қиын соғар. Бөлімде сын материалдарды есепке алып, оның нәтижесін шығаратын журнал бар ма?»
Асылғазин күнделік дәптердің бетін жауып, кітап сөресіндегі сағатқа қарады. Сағат тілі түнгі екіге қарай жылжып барады. Баспаха- нада жүрген кезекші редактордан да, корректордан да хабар жоқ, туасы газет бүгін де кешігіп шығатын болар.
Ол үстел үстін тәртіпке келтіріп баспаханаға түсті. Содан номердің соңғы беті дайындалғанша бет құраушының қасында тұрып, тысқа түн ортасын ұзатып барып шықты.
Көшелерде жарық жоқ. Көзге түртсе көрінбейтін тас түнек қою қараңғылық, ары-бері заулаған машиналар да, бейсауыт жүрген адамдар да көрінбейді. Жым-жырт тыныштықтың әлдиімен поселке мызғи бастаған. Тұңғиық аспан омырауындағы кішкене жұлдыздар тым қашық, тым күңгірт, енді болмаса сөніп қалуға шақ тұрған қазандықтағы шоқтай әлсіз жылтырайды. Күні бойы тынымсыз кет- пен шапқандай, жоқ, ыру-дыру берекесіз отырыстан қашып шыққандай шаршаулы жігіт таңертең келген жолымен сылбыр басып қайтып бара жатты. Ойы да тұрақ таппай, бірде оны, бірде мұны шарлай береді. Әлдекімдерге нала көңілдің сезімі де көмескі. Алдымен Сәметтің, со- сын Ақбілектің жүзі көзіне елестейді, арадағы әңгіме еске оралады. Бірінші хатшының әмірлі үні құлағында күңгірлеп, миын шаншып- шаншып алады. Тәңірбергеновтың қоқан-лоққысы намысын шоқтай
қарып, жүрегі шымырлайды. Шар ауданындағы жолдасы Бегімбайдың жазған хаты санасын улай түседі. Өзін-өзі зорлап, ештеме ойламауға бекінсе де әдді жетпейтіндей... «Бегімбайшалап мұны есігінің алды- на байлап қойғысы келген аупартком қызметкерлерімен ат құйрығын кесісіп кете алмайды, бұл қашқанымен олар қоя ма? Мақаласын жазып, газетін шығарып өзімен-өзі жүретін қатардағы тілші емес, ауданның бағыт-бағдарын, бүкіл тынысын көзбен көріп, көңілмен сүзіп отыра- тын редактор партия басшылығынсыз қарға адым баса алмайды. Де- мек, жек көрсе де, жақсы көрсе де сол басшылықтың тұтқасындағы адамдармен бірге жүруге, кеңесін тыңдап, тапсырмасын орындауға мәжбүр. Бірақ, кеңестің де кеңесі, тапсырманың да жөні, жосығы бар ғой... Бәрін тыңдап, бәрін орындауға шамасы жете ме, шамасы жеткенімен шыдамы жете ме... Ал, жаңағы мыржық шалдың талабын қалай түсінбек?... Дәмегүл тек жатпаған болды. Фельетонға жауаптың кешігуі де тегін емес. Іске Тәңірбергенов араласқан, иә солай. Немесе талай жыл заң орнында, партиялық қызметте істеген кісінің себеп- салдарсыз редакцияға келуі мүмкін бе? Оның мұндағы документ- термен таныспай жатып, Дәмегүлді ақтап сөйлеуінде кәкір бар. Сон- да ол қандай фактіге сүйеніп отыр? Қап, әттеген-ай, оның менсінбей сөйлеп, баласындай сөккеніне, қолындағы темекі тұқылына бір түкіріп, еденге лақтырып жіберген оспадар қылығына ашуланып, ештеме ойламағанын қарашы. «Сөз ақысын жіберсең сөз атасы өледі» деген, шалдуар юристің қамшысына арқасын тоса бергенше «кәне, ағасы, фе- льетонды «сто процент» жалғанға шығаратын дәлеліңізді көрсетіңіз, әйтпесе басымды қатырма» деп бетін қайырып тастамады ма? Анау дәлелді документін ұсынса бұл сол мезетте Құмарлықты шақыртып, ондағы айғақтармен салыстырмас па, сөйтіп мәселені бір жақты ет- пес пе? Сақалды қолдан берген деген осы. Ол қараңғы көшемен аяғын санап басып келе жатып фельетонды жариялауға қол қоймас бұрын Құмарлықтың екінші мәрте тексеріп, жинақтаған документтерін қарамағанына өкінді. Артынша онысын теріске шығарды, редактор ал- дына келген мақаланың әр фактісіне күмән туғызып, автордан дәлелді документ талап етіп отыруы керек пе? Онда бұл редактор емес ревизор болады да. Журналистің творчестволық еркіндігін өзіне билетпеу де- ген сөз ол бюрократтық, ол таза есуастық. Адамның ойы мен қиялына үстемдік жасау қылмыстың ең ауыры. Бұл ойына екінші пікір қайшы келді. Сенім, жолдастық қарым-қатынас керек-ақ, солай болғанымен ақылды басшы қарамағындағыны от пен оқтан сақтай да білуі тиіс қой. Құмарлықтың документін тексерсе оған сенімсіздік көрсеткендігі емес, қайта оның бүгінгі Тәңірбергенов сияқтылармен шайқасуға әзірлігін
байқау болар еді. Кім білсін, Құмарлық ондай шайқасқа дайын шығар, бұл бекер күдіктеніп келе жатқан болар.
Кенет Асылғазин «ал, Дәмегүлдің қылмысын дәлелдейтін фактілер жетімсіз болса ше?» деген сұраққа жауап іздеді. «Құмарлық шалалық жасаса онда Тәңірбергеновтің айтқаны келеді. Дәмегүлдің алдында ат-тон айыбын тартады, кешірім өтінеді, оны халыққа жария- лайды. Ел ішінде «газет өтірік жазады екен, жаңа редактор партияның ақиқат қаруын өсек-аяңның ордасына айналдырып жіберіпті» деген қауесет тарайды. Әне, сол кезде аупартком іске кіріседі... Мұның баян- даманы жазбаймын деп шіренгені тағы бар. «Асқанға тосқан, ойнақтап жүріп от бастың ба, ақыры» деп Сәмет пен Ақбілек мысқылмен мы- сын құртады, қайтып аузын аштырмайтындай қыл бұрауды салады. Әне, сонда біледі бұл, партияның күшін. Ал, Құмарлықтың қолында бұлтартпас дәлел тұрса Тәңірбергеновтікі баяғыдағы беделін, Сәметті «адам қатарына қосқан» мықтылығын алға тартып фелье- тон кейіпкерін заң құрығынан құтқарып қалудың айласы. Редактор- ды ықтырып қойсам Дәмегүлдің ісі қайта көтерілмейді деп есептейді. Сонда оны қылмысты бүркеуге итермелеген не жағдай, ұрлықшымен арада қандай байланысы бар?
Ол үйіне жақындағанда жүйкесін жеген «сұрақ, жауаптардан» құтылу ниетімен қалтасын қармап, темекісін іздеді. Қырсыққанда оны кеңседе ұмыт қалдырыпты. «Жүдә соның жоғы дұрыс болды, – деді ол өзін-өзі жұбатып. – Темекі шегу ұстамсыздықтың белгісі. Жатар орынға никотиннен гөрі табиғаттың таза ауасын жұтқан пайдалы».
... Асылғазин есікті өз кілтімен ашып, ауызғы бөлменің жарығын жақпай, қараңғыда тұрып аяқ киімін шешті, плащын сыпырып, киім ілгішке ілді де үй ішін оятудан жасқана басып, асханаға өтті.
* * *
«Сұғанақ» фельетонын жоққа шығару туралы құпия әрекет мұнан бір ай бұрын басталған-ды.
– Мұнысы рас болса масқара екен, оқыдың ба? – Тоқболаттың түсі бозарып қолындағы газетті келіншегінің алдына тастай берді. – Мұндай мақаланы райком қалай жіберген?
Қалампыр исі бұрқыраған үнді шайының дәруі бойына шым- шымдап тарап, мұрнының ұшы жіпси бастаған Ақбілек рахат күйін бұзғысы келмей күйеуіне енжар үн қатты.
– Не бүлінді соншалық, шыр-пырың шығатындай. Ел аман, жұрт тыныш еді ғой.
– Алдымен анадағыны оқы, – деді Тоқболат газетті иегімен нұс- қап. – Не бүлінгенін сонда білесің. Сені де насихаттың басшысы дейміз- ау, жаңалықтан жайдақсың...
Ақбілек шынында да бүгінгі газетті қарап үлгермеген-ді, бірақ онысын мойындаған жоқ. Тоқболаттың өзіне тиісті.
– Біз нан жеп отырып сауат ашпаймыз, газетті кеңседе отырып оқимыз. Сосын, мың жерден оқымысты болсаң да саяси білімің таяз- дау, – деп зілсіз түйреп өтті. – Баспасөзге берілетін мақаланы тексеретін райком емес, редактор. Бұл демократия тәртібі.
Уәжге тұратын Тоқболат па, келіншегін онан әрі қағытты.
– Демократия деген жақсы болды сендерге, бәле-жаланы соған аудара саласыңдар. Партиялық басшылық осылай болғанда газет не жазбайды...
Онымен бәстесіп жеңе алмайтынын білетін Ақбілек үн-түнсіз аудандық газетті ашып, ірілі-уақ мақалаларға көз жүгірте бастады. Бір кезде үлкен әріппен баттитып жазылған «Сұғанақ» деген сөзді оқығанда елең етті. «... Ай десе аузы, күн десе көзі бар Дәмегүл деген сұлу келіншек былқ-сылқ басып дүкенге кіре берді...» деп басталған қызғылықты оқиға оның еркін билеп, бас көтеруге мұрша бермеді. Сонан, «адамдардың та- сасымен мысықтабандап жылыстай жөнелген сылқымның қол дорбасын ашқанда ішінен жүз теңгелік көйлек шықты. Айлакер ару алған затын та- стай қашып, әп-сәтте көзден ғайып болды... Қашқанда қайда барар екен, аспанға ұшып, жерге сіңіп кетпесе әділ заңның құрығынан құтыла қоя ма? Құрметті оқырман, әңгіменің соңында сізді Дәмегүлмен таныстыру- ды ұмытпайын. Ол жол құрылысы мекемесінде бармағынан бал тамған есепші, шотты олай-бұлай қаққанда саусағы саусағына жұқпайды. Сол мүбәрак саусақпен көзіне көрінгенді іліп түсетін сұғанақтық өнері де бар» деп фельетонды бітіргенде барып Тоқболатқа үрейлене қарады.
– Сонда, біздің Дәмегүл...
– Иә, иә, дәл өзі, – деді Тоқболат. – Дәмегүлдің бір жапырақ шүберек үшін осыншалыққа баратынына сенесің бе?
Ақбілек басын шайқады.
– Мен де солай ойлаймын. Ендеше газеттің мынаусы жалған, бір арамзаның ұйымдастырған жаласы. Ойпырмай, заман не боп барады, демократия деп бірімізді-біріміз тірідей жеуге шықтық.
– Демократияның бұған қатысы қанша, не келсе де дүкеншілерден келіп отыр. Шетінен залым ғой олар, Дәмегүлге жала жауып, жегенін өтеп алмақшы да.
– Сатушылардың сондай делік, фельетон авторын немен ақтайсың? Білеміз тілшілерді, түйені түгімен жұтып жатқан бастықтардың
көлеңкесін баспайды, ал тісінің суын сорып жүрген қара халық құйттай қателессе улы тілін сұғып алады. Өтірік пе осы? Жариялылықтың жөні осылай деп көңіліне келгенді көки береді.
– Аққа қара жұқпайды. Анықтаймыз... Дәмегүлді нақақтан-нақақ отқа күйдірмеспіз.
– Сен мұны дұрыстап тексер. – Тоқболат жұмысқа шығып бара жатып келіншегін тағы да пысықтады. – Райкомсың ғой, милиция бастығы да, прокурор да қолыңда... Әуелі Дәмегүлден қалай болғанын сұра, тілшінің документтерін көр... Не болғанда да мәселені теріске шығаратын ілгешек табу қажет. Бірге туған бауырдан бетер қатысып жүрген қарындасты көре көзге ит пен құсқа талатып қоямыз ба?
Ақбілек кеңсеге келісімен бөтен шаруаның бәрін жиып қойып, фе- льетон жағдайын білуге кірісті. Дәмегүлді жұмысынан тапты.
Дәмегүл Ақбілектің күйеуімен алыстан қосылатын ағайынның қызы болатын. Соның себебінен семьялары жиі араласатын. Екі келіншек кездескен жерде жеңге-қайын сіңілі ретінде әзілдесіп, сыр- ласып, көңілдері жараса қалатын. Дәмегүлдің іші-бауырына кіріп, елпілдеп тұратын ашық-жарқын мінезіне сұлу жүзі, ойнақшыған көзі ерекше жарастық беріп, тілдескенін арбап әкетуші еді. Екі баланың ана- сы деуге қимастай құлын мүсінді, дөңгелек мықынды, кеудесі кербез керілген жас келіншектің бойынан лапылдаған ыстық жалын төгіліп тұрғандай болатын. Ақбілек оның қабақ шытқан, бір нәрсеге күйінген кезін көрген емес. Өзінен артықшылығын қызғанғандай кейде «Байқа, күйеу баланы өртеп жіберме» деп әзілдеп қоятын. Ол қалжыңға да мүдірмейді. «Күйеу балаң өртенсе тағы бірін тауып берем, саспа», дейді онан сайын жайнаңдап.
Олар қазан-аяғы араласып кетпегенімен оқта-текте бірінің үйіне бірі барып, туыстықтың жолын үзбеуге тырысады. Дәмегүлдің ері шопыр, қорғасындай салмақты жігіт, тізгінін келіншегінің қолына беріп, үйдің бар бейнетінен мойнын босатып алған. Ақбілектің ері оған қарағанда еті тірі, сөзге малып алғандай ақпа жігіт. Дүниеде ол білмейтін жаңалық кем де кем, саясатқа да, әдебиетке де жүйрік, аудан мен облыс басшыларын жілік-жілігімен шағып береді. Онысы рас па, өтірік пе о жағын кім зерттеп жатсын, әйтеуір тыңдаушысын тамсанды- рып, күлдіріп, әңгіменің майын тамызады-ақ. Әсіресе қарындасының сыйлы дастарқанында, қызыл күрең коньякті ұрттап қойып, шалқып отыратын кезінде одан өткен кемеңгер табылмас, сірә. Дәмегүлдің үйінде ішкіліктің сарқылған уағы жоқ, қашан, қай кезде барса да әзір тұрады. Сонан да болар ол апта құрғатпай келіншегіне «қарындастың жағдайын біліп қайтсақ қайтеді» деп ұсыныс айтуды ұмытпайды.
Ақбілек архив бөлімінің бастығы – күйеуінің ащы суға шөліркеп тұратынын жақтырмайды. «Біздің Тоқболат арақтың көңілін қалдырған емес, табылса табағымен ішеді» деп әжуалап отырады. Бірақ, Дәмегүлдің үйіне баруға өзі де кет әрі емес, пысық келіншек жол, жөн білетіндігін аңғартып әр барғанында «мынаны сізге сыйладым» деп көйлек, орама- лын қолтығына қыстырып жібереді. Тегін дүниені кім артық көрсін, Ақбілек «ойбай-ау мұның не, қой керегі жоқ» деп өп-өтірік сыпайылық сақтаса да сөмкесіне салып алады.
Бұл халықтық бақылау комитетінде істеп жүргенде Дәмегүл тара- пынан мұндай мезірет жиі болушы еді, партия комитетінің аппараты- на ауысқалы бері екі жақтың арасы ептеп суый бастаған-ды. Оған се- беп Ақбілектің өзі болды. Идеологияның хатшысы бір күні «күйеуіңіз кеңседе арақ ішеді екен, мұның залалы алдымен сізге, сосын райкомға тиеді. Партия қызметкерінің семьясы моральдық жағынан кристалдай таза болуға тиісті» деді. Ол күйеуінің сондай кемшілігін білсе де, оны хатшының алдында мойындаудан жалтарды.
– Тоқболат арақ ішкенімен ақылын ішпейді, – деді бастығының пікірін өзгертуге тырысып. – Қонақта, өздеріңіз сияқты сыйлы кісілер- мен кездескенде аздап алатыны бар, бірақ жиырма жыл отан құрғалы кеңседе, көшеде жүріп ішкенін естіген де, көрген де емен. Сізді біреу арандатқан болар.
Хатшы әңгімені онан әрі өрбіткісі келмеді.
– Олай болса, кешіріңіз, Ақбілек, – деді сыпайы жымиып. – Мен тек естігенімді айтып сақтандырдым. Кейде осылай ағымыздан жарылып тұрғанымыз зиян болмас...
Осы бір қолайсыз әңгімеден кейін Ақбілек күйеуінен арақ ішуді үзілді-кесілді тоқтатуды талап етті, Дәмегүлдің үйіне барар жол- ды да кесті. Сөйтіп, Тоқболатты бейпіл жүрістен, қонақшыл әдеттен қақпайлап, тәртіпке салуға кіріскенде газеттегі фельетон екі семьяның қайта табысуына дәнекер болды.
– Сатушылар жала жауып, ел-жұртқа масқара етті, үйден шыға алмай қалдым, – деді Дәмегүл жыламсырап. – Мұндай қорлықты көргенімше асылып өлгенім артық еді, әттең балаларымды қимаймын.
– Қой өлгені несі?! – Ақбілек оған секемдене қарады. – Құдай-ау, бұған қалай аузың барады? Газетте сыналғанның бәрі өле берсе жер бетінде адам қалмас. Сабыр ет, жаман ойды басыңнан шығар бір жола. Онан да не болды, не қойды, басынан бастап айтшы.
Дәмегүл стаканға су құйып ішті де кірпігін шайған көз жасын ора- малымен құрғатып, зәбір-запа шеккендай өкси отырып болған жайды баяндады.
– Содан бір күн бұрын бірге істейтін әйелдер саудаға чех көйлегі түсті деп шуласып, дүкен аралап, тамыр-танысын жағалап кетісті. Өзің білесің ғой, импорттың қалай сатылатынын, сатушылар түскен товардың басын көрсетеді де аяғын тығып тастап, саудагерлерге өткізеді немесе сөре астынан сенімді адамдарына ғана сатады. Менің ондай кімім бар, ары-бері телефон соғып бірер жолдасқа өтініш жа- сап ем, маңына жуытпады. Сосын, құрысыншы, чехтың шүберегін кимесем де күнімді көрермін деп үмітімді үзіп отырғанымда дүкенге кеткен екі келіншек жайраңдап кіріп келді, олар жоғарыда істейтін көңілдестері арқылы әрең дегенде көйлекті болыпты. Есікті іштен іліп жіберіп, әлгі сайтанның бірі киімін апыл-ғұпыл ауыстыра бастады. Айтса, айтқандай, сұмдық әдемі матадан тігілген екен, түсі көкшіл- жасыл, әр жерінде қоңыр меңі бар, көктем көрікті, жібектей үлбіреп тұр. Былжыраған сары келіншек көз алдымызда хор ханшасындай құлпырып шыға келді, тіпті жасарып кетті. Енді екінші әйелге қолқа салып әкелген көйлегін кигіздік. Бірақ, көйлегі түспегір қатпа қараға қонбай қалды. Олпы-солпы түрін айнадан көргенде ол күйінгенінен жылап жіберсін. Оны әзер жұбатып, көйлекті мен кидім. Әйелдер саған арнап тіккендей екен, қатып кеттің деп аһ ұрып, тамсанды. Не керек, жұмыс аяғында қатпа қараның асты-үстіне түсіп жүріп, үстеме бағасымен сатуға келістірдім.
– Ім, м, солай де, ал қалай шатылып жүрсің?
Дәмегүл стакандағы судан және бір жұтып, күрсініп салды.
– Сол құрғырың басыма бәле болып жабысарын түс көріп біліппін бе, жұмыстан шыққан соң жолай дүкенге соғып ештеме алмай шыға бергенімді есік алдында тұрған жалпиған қара қыз шапылдап сөмкеме жабысты. «Алған затыңның ақысын төлемей қайда барасың, ұры неме» дегенде есім ауып, құлап қала жаздадым.
«Кім ұры, не деп сандырақтап тұрсың, оңбаған. Мен сенен ештеме алғаным жоқ» десем, дүкенді басына көтерді. Сол мезетте екінші бір сатушы келіп «алмасаңыз сөмкеңізді ашыңыз, кінә бізден болса кешірім өтінеміз» деді жолымды кесіп. Амал не, сөмкемді аштым, ішінде жатқан көйлекті көргенде әлгілер жерден желкек тапқандай құтырынып кетті, айтпаған сөзі жоқ, есіме түссе құйқа тамырым шымырлап, басым айналады. Көре көзге сұғанақ болып шыға келдім.
– Ау, көйлекті берген кісіңді айтып дәлелдемедің бе?
– Айттым, сенбеді.
– Милицияның келуін күтіп, ана бірге істейтін келіншекті куәға тартпадың ба?
– Сіз де ақжүрексіз ғой, берген әйелді аяқ астында қайдан іздеймін, милицияға нақты айғақ керек, ондай айғағым жоқ, құр сөзіме сене ме, акт жасап, темір тордың ішіне тығып жіберер.
– Да-а... – Ақбілек назырқана басын шайқады. – Аш бәледен қаш бәле деп, көйлекті беріп құтылдым де.
– Иә, ертең куәгерімді ертіп келемін, бүгінше сендерге қалсын дедім де кетіп қалдым.
– Жайдан жай жібере салды ма, дүкеншілер қағаз-мағаз толтырды
ма?
– Онысына қараған жоқпын. Таңертең кеңсеге барып болған жайды
айтқанымда анау қатпа қара безгегі ұстағандай қалшылдап қоя берді.
– Не дейсің, неге қалшылдайды?
– Арты сұйық неме екен, «ойбай, бәлеңнен аулақ, мен берген жоқпын, сен алған жоқсың, милицияның тергеуіне іліксем семьям бүлінеді» деп зарлап әбігерімді алды. «Енді не істеймін, қарадай жүріп қарақшы атанам ба? Ең болмаса бірің араша түссеңдерші» дегенімде әйелдер өзіме ақыл айтты.
– Екі құрбыңа көйлекті көңілдес жігіттері сыйлағанын естідің. Милиция оны қайдан, кім әпергенін анықтамай тыныш таба ма, ал- дымен астыртын күйеулерінен сұрайды, олар білмейміз дері анық. Сосын амал жоқ шындықты айтуға тура келеді. Түсіндің бе, мұның арты неге соғарын. Чехтың трәпкісін даулаймын деп беттерің айман- дай болады, екі бірдей семья бұзылады. Одан да жабулы қазан жабу- лы күйінде қалсын. Дүкенге қайтып барма, барғаныңмен дәлелдей алмайсың. Есебі түгел сатушылардың сенде не ақысы бар, көйлекті біреуге зытырып жіберіп ақшасын бөліседі де көрдім, білдімсіз жайына жүреді.
– Ақысын да сұрамадым, тек дымыңды шығарушы болма, – деді қатпа қара жалынып.
– Дұрыс-ақ, газетке қалай шығып жүрсің? Тілші сөйлесті ме?
– Бір айдың шамасында аудандық газеттің тілшісі келді. Әуелі ме- нен бұрын партком секретарына соғыпты. Кандидатқа өтіп ем ғой, со- сын барған болуы керек.
– Иә, не деп сөйлесті сенімен?
– Аты-жөні жоқ біреулер арыз жазыпты, сонымен таныстырды.
Ашығын айтып, түсінік жазуды сұрады.
– Ашығын айттың ба, жаздың ба?
– Жазбайын деп ем партком хатшысы заставит етті. Мекемеге ұят келтірген адам партияға мүше болмайды деді.
– Не деп жаздың, сонда? Әлгі құрбыңның атын атадың ба?
– Жоқ ә, аядым. Көйлекті біреуден алдым, сатушылар зорлық жа- сады дедім.
– Әрине оның юридический дәлел емес, – деді Ақбілек орысшалап.
– Сенбейді ғой...
– Сенбегені емес пе, фельетонның шығуы. Өлім болды, жердің астымен жүргендеймін, күйеуімнің, балаларымның алдында қара бет болдым. Ауылдағы әке-шешем, бауырларым жұртқа қалай қарайды, бәрін масқараладым.
Дәмегүлдің жанарына жас үйірілді. Үстелге сүйеніп, солқылдай жөнелгенде өзін ер мінездіге санайтын Ақбілектің де көңілі босады.
– Жылама, жылағаныңмен арыңды ақтай алмайсың. Кәне, жасық адамша еңкілдей берме, қайрат қыл, біреу-міреу кіріп қалса ұят болады. Дүниенің кілті сатушылар мен тілшіде тұрған жоқ. Қалайда шындық жеңеді, сені бүйтіп боздатып қоя алмаймыз.
Оның соңғы сөзі демеу болып Дәмегүлдің жасаураған көзінде үміт оты ұшқындады.
– Газеттің сынын партком талқылады ма?
– Секретарь талқылаймыз, кандидаттықтан шығарамыз дегенде мен жазықсызбын деп арыз жаздым.
– Дұрыс жазыпсың, – деді Ақбілек оны қоштап. – Алдымен сату- шылар көйлек ұрлағаныңды дәлелдесін. Сен мойындаған жоқсың, мой- ындау үшін заң органдары тарапынан іс қозғалуы тиіс, ондай тергеу жүрмеген. Олай болса газет тілшісі дүкендегі алаяқтардың айтуына, әлде кімнің домалақ арызына сүйеніп адал адамды қаралай алмайды. Әне, фельетонның дұрыс жазылмағанын дәлелдейтін жер осы тұс. Енді бізге жөн білетін юрист керек, оны да табамыз. Менен хабар күт, езіле бермей еңсеңді көтер.
– Айналайын, жеңеше, өмір бойы қарыздармын, саған. Осыдан айтқаның келіп, басыма төнген қара бұлтты серпіп тастасаң жолымнан жығылмаспын.
– Оны да көрерміз, – деп қулана күлді Ақбілек. Жүз теңгелік көйлекті тегіннен-тегін тастап кете беретін жомартсың ғой.
– Дүниеде тұрған не бар, ол келеді, кетеді, тек бетке түскен шіркеуден тәңірім сақтағай...
– Қапаланба, Дәмеш, айттым ғой, қолдан келгенше көмектесемін. Әзірге арадағы сөзді тісіңнен шығарма, кезі келгенде айтып та, жазып та бересің:
– Мақұл, түсіндім.
* * *
Дәмегүл есіктен шығысымен Ақбілек ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарына телефон соқты.
– Фельетонды оқыдым, – деді ол. – Сондай бір әрекеттің болғанын естуім бар. Не болды, журналист ағайындар асыра сілтеп жіберіп пе?
– О жағы белгісіз, менің білмегім дүкендегі оқиғаны анықтауға сіздерден біреу барды ма, барса результаты не болды?
– Газетте милицияның аты аталған, бірақ қылмысты тексеруге қатысқаны, қатыспағаны жазылмаған. Мен учаскелік инспектормен осы туралы сөйлестім. Сол күні дүкеннен әлде кім звондап, көйлек ұрлаған әйелдің қолға түскенін айтыпты. Инспектор салып ұрып жетіп барса ешкім ештеме білмейді. Сатушылар біз милиция шақырғанымыз жоқ, дүниеміз түгел дейді. Материалдық жауапты адамдардан шағым болмағасын ол кері қайтыпты.
– Нақ солай ма?
– Инспектордың мәлімдемесі солай. Ал, газет тілшісінің неге сүйеніп жазғанын білмедім, ол тексеруді өзінше жүргізіп анықтаған шығар, ондай да болады ғой.
– Дегенде, әлгі инспекторыңыз шалалық жасаған, дабыл түскесін дұрыстап тексермей ме, сатушылардың сөзіне иланып келген ізімен қайтып кеткенше.
– Орынды ескертпе, қабыл аламын, – деді орынбасар кешірім сұрағандай қипақтап. – Барғаннан кейін істің ақиқатына жетуі керек еді. Енді бар абыройды газет алды. Фельетон бойынша іс қозғаймыз.
– Іс қозғаймыз деңіз, меніңше оған асықпаған жөн.
Орынбасар әуелі Ақбілектің нені мегзеп айтқанын түсінбей қалды. Артынан «фельетон жайымен райком айналыспақшы» дегенде барып:
– Онда сіздерден тапсырма болмайынша мәселеге араласпаймыз, – деп түйді уәдесін.
Жұмыс аяғына таман Ақбілек дүкен меңгерушісімен де тілдесіп үлгерді. «Райком тектен-текке шақырмайды, туасы газетке жазылған ұрлық туралы сұрайтын шығар» деп, жауабын пысықтап келген Саракүл нұсқаушының алдында өзін еркін ұстады.
– Фельетондағының бәрі рас, – деді ол бірден тілшінің жағына шығып. – Қыздар байқап қалмағанда жүз теңгелік затымыздан айры- лар едік. Ұрлық көбейіп барады, өткен үш айда бес жүз сомның товары қолды болды, оны айлығымыздан төледік. Милициядан да, халықтық бақылаудан да көмек жоқ, сонда біздің жағдайымызды кім ойлайды, ұры-қарыға тыйым салынар уақыт туа ма?
Ақбілек оның сөзін бөлмей, шыдаммен тыңдады. Меңгеруші қайда келдім, кімнің алдында отырмын деп айылын жиятын емес, қайта ішіндегісін ақтарып салудың реті келгеніне қуанған сыңайда самбыр- лап отыр. «Дүкенге кірген үш тұтынушының бірі ұры, арызқой, тентек. Соның бәріне төтеп беріп жүрген сатушыларға жақсы ат жоқ, былайғы жұрт «теріңді теспей соратын қандалаға» теңейді...»
– Қойыңыз тіпті. – Ақбілек оның тым тереңдеп бара жатқанын ұнатпай қабағын шытты. – Көпке топырақ шашқаныңыз не? Тұтыну- шының бірі өзіміз және де сатушының бәрі сіз мақтағандай ма, олардың да арасында құлқынның құлы болғандар кездеседі.
– Бес саусақ бірдей емес, бар ғой ондайлар. Десе де біздің қыздардың қақаң-сұқаңы жоқ, жұмысына таза.
Әңгіме тікелей фельетон жайына ойысты.
– Сіз тілшінікін жөн дедіңіз, сонда ананың ұрлығына дәлел бар ма?
– Неге жоқ, бар? Бар болғанда қандай, дүкенге келгеннің бәрі куә. Ойпырмай, мұндай бетсізді көрсем көзім ақсын. Сөмкесінен шыққан затты ұрлаған жоқпын, жұмыстағы біреуден алдым деп бедірейіп тұр.
– Мүмкін рас шығар, сол күні сіздерде чех көйлектері сатылды ма?
– Сатылғасын ұсталып отыр да... Жұмысындағы танысынан алса милицияның атын естігеннен зып бере ме. Бізден де аңғалдық кетті, сол жерде қолын бұрап, тырп еткізбей ұстап беру керек еді. Бір жағынан жап-жас неменің обалынан қорықтық, милицияның қармағына ілінсе түрменің түбінде шіриді ғой, байғұс.
– Обал-сауабын ойлағаныңыз адамгершілік болған, бірақ артынша газетке шықты ғой, енді қылмысы дәлелденсе өзінен-өзі жазаға тарты- лады.
– Бұл пікіріңізді қостамаймын. Біріншіден, газетке берген біз емеспіз, тілші біреудің арызымен келді, екіншіден сыналған адам- ды соттаудың қажеті не, жұртқа масқара болғанының өзі жетіп жа- тыр. Бұдан былай сұғанақтық жасамақ тұрсын, дүкеннің есігінен қарамайтын шығар.
– Тілшіге түсінік жазған боларсыздар?..
– Жаздық, әйелдер киімі бөлімінің сатушысы Бижамал екеуміз оқиға қалай болды, солай жаздық. Айтпақшы жасаған актіміз де бар.
Акті дегенде Ақбілек елең етті. Дәмегүл бұл туралы білмейді, де- мек акті оның қатысынсыз толтырылған.
– Оны кім жасады, оған қылмысты кісі, болмаса заң қызметкері қатысты ма?
– Тілші сондай документ сұрағасын өзіміз жасадық. Ұры келіншек те, милиция да болған жоқ. Олардың қажеті қанша...
– Солай деңіз. – Ақбілек осы жерде бір шикілік барын сезді. Әдетте акті қылмыс үстінде толтырылмай ма, ал бұлар тілші келгеннен кейін оны өздерінше жазған. Біреудің сыртынан документ жасап айдатып жіберетін заман өткен жоқ па? – Қысқасы ұрлықты дәлелдепсіз, фелье- тон ойыңыздан шыққан... – Ол тіктене отырып, ресми қалпына келді. – Жақсы, Саракүл жолдас. Партия жариялылықты күшейтуге мән беріп отырғанда мұныңыз құптарлық қасиет. Қымбат уақытыңызға қия- нат жасап шақырғанымды дұрыс түсінерсіз. Аудандық газет партия комитетінің органы, сондықтан оған жазылған әр мақалаға жауап береміз. Өтірік жазса тәртіпке шақырамыз, әділін жазса мақтаймыз. Фельетон орынды жазылыпты, оған сіздің әңгімеден кейін көзім жетті. Сұғанақтық жасаған келіншектің қатаң жазалануын талап етеміз. Ми- лиция мен халықтық бақылауға қойған кінәңізді басшыға жеткіземіз.
– Сізге де рахмет, біздің жаққа әрдайым оң көзіңізбен қарарсыз деп үміттенемін. Қарыздар болып қалмаспыз... – деді Саракүл құпия қылымсып.
«Қарыздар болмаспыз деуін қара. Ой зәлім-ай ә, райкомды сатып алмақсың ғой». Ақбілек дәл солай деп іштей кіжінгенімен онысын сыртқа шығармады. «Адамның күні адаммен, кім біледі, бірде болмаса бірде қажетіне жарап кетуі әжеп емес қой».
Ішкі істер бөлімі мен дүкен меңгерушісінен алынған мәлімет нұсқаушыны үміттендіріп тастады. Фельетон фактілерінің шикілігі ә дегеннен байқала бастағандай. Ендігі мәселе тілшінің қолындағы документті білу. Оны қалай анықтамақ?
Ол ойланды. Тілшінің жинаған қағаздарын көру үшін себеп ке- рек. Егер Дәмегүл газет үстінен шағым жасаса, онда бас қатырып жат- пастан редактордан бастап сатушыларға дейін түсінік жаздырар еді. Редакцияның дәлелдері заңды болып, Дәмегүлді ақтауға шамасы жетпе- се арызды жылы жауып қоя салар. Ол кезде мұның қимылы сынға қысым жасадыға жатпайды. Ал, себеп-салдарсыз фельетонға күмән келтіріп, өздігінен тексере бастаса қызмет бабын пайдаланып, жариялылықты тұншықтыруға әрекет еткен болып шығады. Бұл қазіргі уақытта өзін- өзі отқа тастағанмен бірдей, ақылсыздың ісі. Енді не істеген жөн? Дәмегүлге шағым жаздырса, хатшы оны бірден идеология бөлімінің бастығына жолдайды. Бұл анық. Бөлім бастығы Сәметтің мінезі өзіне белгілі, редакцияны қызғыштай қорғайтын адам. Арызды редакторға жібере салады, әйтпесе газет қарайтын нұсқаушыға тапсырады. Ол да журналист, бұрын редакцияда жұмыс істеген жігіт. Қарға қарғаның көзін шұқи ма, фельетон фактісінде ағаттық болса пәиітін келтіріп, сы- лап, сипап жіберуі мүмкін. Ал, арызды өзіне сұрап алса ше, оған Сәмет
көне ме? Көнбейді, «әркім өз саласына жауапты, сіздің бұған қатысыңыз қанша? Әлде шағым жолдаушымен таныстығыңыз бар ма?» десе жұмған аузын аша алмайды. Сырын айтып, жәрдем сұрайтындай Сәмет кім, бұл кім? Екеуінің туыстығы жоқ. Ол партиялық қызметтің ыстығы мен суығын бастан өткеріп, ауданға беделін арттырған бөлім бастығы. Біріншінің пікірлесіп отыратын ақыл қалтасы. Сонан да ұсынысы ешқашан жерде қалмайды, айтқанын өткізеді, дегенін істетеді. Тіпті бұл түгілі онымен екінші, үшінші хатшылардың өзі байқап сөйлеседі. Екі жыл қарамағында жүргенінде бұған бір рет жылы қабақ танытып,
«мына жұмысың мақтарлық екен» дегенін естімепті, әрдайым салқын, қуанып, болмаса ренжіп отырғанын сездірмейтін әккі. Әншейінде өзін қатарынан биік санайтын Ақбілек оның алдына барғанда бір түрлі ала- сарып қалғандай сезінеді.
Сәмет бөлімдегі екі нұсқаушыны да иненің ұшында ұстайды, жұмыстан рұқсатсыз бір минут кетіп қалса, немесе өзімен сөз жары- стырса айыбын қашан мойындап қайталамауға уәдесін бергенше сәлемін алмайды, тілдеспейді. Бірақ, бір тәуір жері кінәліні жоғарыдағы басшыларға ғайбаттап бармайды, көзі жетпесе мынау анадай, анау мы- надай деп біреудің сыртынан әңгіме де қозғамайды, не де болса пікірін құлыптап ұстай біледі. Оны кімге ашады, о жағы да құпия. Осындай кісіге «газетте сыналған келіншек күйеуімнің туысы еді, сотталып кететін түрі бар, көмектесіңіз» деп өтінуге дәті бара ма? Жоқ, өтіне алмайды, жалынғанымен араша түспейді. Алда-жалда мұның бүгінгі әрекетін сезе қалса, маңдайынан сипамасы анық. «Райкомның беделін ұры туысыңды ақтауға жұмсадың» деп саяси айып тағудан тартынбас. Ал, сонда басыңды арашалап көр.
Ақбілектің бойын үрей биледі. Мана, Дәмегүл ебіл-дебілі шығып жылап отырғанда бөлмеге ешкімнің бас сұқпағаны қандай абы- рой болған. «Әсілі мұндай мәселеге барынша сақтық керек. Редак- ция дәлелдемелерін анықтауға басқа біреуді жұмсаған дұрыс» деген байлауға тоқталды. Онысын кешкі дастарқанның басында күйеуі де құптады.
– Мынадай ой келіп тұр. – Тоқболат келіншегінің бетіне тоқтала қарады. – Тілші мен партия ұйымына берген түсінігінде Дәмегүл ештемені мойындамаған. Олай болса арын арашалауды сұрап кез келген заң қызметкеріне шағым жасауға праволы. Сонда юристке редакцияның да, дүкеншінің де документтерін көруге аргумент табылады, бұған ешкім күдік туғызбайды, әдейі ұйымдастырылды дей алмайды. Тек заң қызметкерін өзіміз таңдағанымыз жөн.
– Сондай сенімді адамың бар ма?
– Табылып қалар.
Ол өзінің білетіндерін атай бастады. Солардың ішінде уағында тәп- тәуір қызмет істеп, бертін еңбек демалысына шыққан Тәңірбергенов те бар-ды.
– Осы кісіден қолайлыны таппаймыз, – деді келіншегіне Тоқболат. – Біріншіден, тәжірибесі мол, кіммен қалай сөйлесуді біледі, керекті жерінде беделін салып, белден басатын тентектігі де бар. Обкомың мен райкомыңда оны білмейтіндер кем шығар. Екіншіден, күйеу баласы менімен бірге істейді, қарттың тізгіні соның қолында. Дәмегүл алдын- ала жол-жобасын жасаса, анау шалды оққа қарсы жұмсайтын мүттәқам.
– О жағынан қам жеме. Жүз теңгелік затын сұраусыз қалдырып жүрген туысыңда бір шапандық қауқар жоқ деймісің.
– Онда күні ертең келісемін...
* * *
Осыдан бір аптадай уақыт өтер-өтпесте Тәңірбергенов Дәмегүлдің ісін қолына алды. Оның кеңесімен келіншек партия ұйымына арыз түсірді. Ұйым хатшысы коммунисінің ұсынысын ескеріп, аудандық прокурордан мәселені анықтап беруді сұрады. Прокурор оны зерттеуді қоғамдық көмекшісі ардагер юристің өзіне тапсырды.
Тәңірбергенов істің осындай заңдылығын реттесімен дүкенге соғып жасалған актінің көшірмесін алды, ұрлықты әшкерелеген сату- шы мен меңгерушіден оқиғаның қалай болғанын тәптіштеп сұрады. Кіріс қағазында дүкенге түскен чех көйлегінің саны мен размері, бағасы көрсетілгенімен, оның түр-түсін, сатылған мерзімін дәлме-дәл білу қиын еді. Сатушылардың түсінігінде көрсетілген анықтамалар Дәмегүлдің сөмкесінен табылған көйлекке сәйкес келді. Бірақ, мұнда тұрған түк те жоқ еді, ең негізгі документ акті болатын. Оған қол қойған дүкен меңгерушісі Саракүл мен сатушы Бижамал жауаптан жаңылмады, олар: «Егер ол ақ жүрек адал болса дүкенге кірер ауызда сөмкесіндегі затты бізге көрсетер еді, екіншіден, маңдай терімен тапқан ақшасын бекерден-бекер қалдырып кете бере ме, милицияның келуін неге күтпеді, көйлекті берген қызметтес адамын алдыртып төрт көзіміз түгел тұрғанда өзінікін дәлелдемей ме? Оның бірін де істеген жоқ. Енде- ше біздікі дұрыс. Ондай сұғанақты газетке жазған аз, соттатып жіберу керек» десті.
– Акті неге кейіннен толтырылды?
– Біз оны аядық, бала-шағасының көз жасынан қорықтық, – деді Саракүл. – Тілшіге «мен ұрлаған жоқ едім, жала жапты» деп жазғанын
оқығаннан кейін шыдамадық. Жақсылықты білмегеннен без деген, енді өз обалы өзіне.
Ол актінің оқиға үстінде емес, бір ай өткенде жасалуы және онымен кінәлі кісінің таныстырылмауы заңға томпақ келетінін түсініп тұрған жоқ. Меңгерушінің осындай аңғалдығын байқаған Тәңірбергенов қырғи көрген торғайдай үрпиіскен сатушыларға «Мен газет сыны бой- ынша жағдайды білуге келген ем, жауаптарыңызға қанағаттандым, босқа үрейленбей, жұмысты қырағылықпен атқара беріңдер» деп өп- өтірік көлгірсіді.
Істің беті бері қарағанын пайымдаған юрист қимылды ширатты. Дүкеннен шыққан бойда қолындағы адресімен актіге қол қойған үшінші кісіні іздеп тапты. Ол жұмысшыларды жабдықтау бөліміне қарасты асхананың аспазшысы екен.
Асхана директоры ет жеңді, жалпақ сары әйел Тәңірбергеновтың куәлігін көріп, «бір маңызды жұмыспен» жүргенін естігенде маңғаз қалпынан тез айықты. Нақа қылмысты адамдай берекесі қашты. Сау- да маңындағылардың заң алдында зәре-құты ұшып тұратынын талай мәрте көрген юрист жорта түсін суытып, әр сөзін нығырлай айтты.
– Сіздің асханаға жүргізілген тексеруде біраз кісіге ақшалай айып салыныпты. Бұл жақсы емес, әрине. Сол кінәлі адамдарға шара көрілді ме?
Директор орнынан қозғалақтап кетті. Санэпидстанция мен халықтық бақылау тобының комиссиясы жүргізген тексеруде үш әйелге жөнсіз сыйлық берілгені ашылған, оның үстіне аспазшы тамақты мөлшерден кем жіберіп, қолға түскен-ді. Мұндай жағдайдың аяғы насырға шабарын ұққан ысқаяқ директор тексерушілердің ал- дында құрдай жорғалады, «иіліп төсек, жығылып жастық» болды. Кінәлілерді жазалауды әкімшіліктің билігіне қалдыруды сұрады. Ко- миссия алғашқы күні оның өтінішіне құлақ аспады, бірақ бірер күннен соң «бір жолға кешірім етейікке» көшті. Айыптыларды екі айлық жалақыдан қағып, жұмысында қалдырған директор бұл істі осымен біттіге санап, жылы жауып қойған-ды. Алайда, Тәңірбергеновтың әлгі сұрағы сол құпияның дәл төбесінен түскендей болғанда жаны мұрнының ұшына келді. «Құрыдым. Комиссияға кеткен ақшам арам болды» деді бірден.
Тәңірбергенов атқан оғы нысанаға дөп тигеніне масаттанып, дирек- торды одан әрі тұқыртты.
– Ауруын жасырғанның ақыры қайыр болмасын білесіз. Біле тұра қылмысты неге жаптыңыз? Прокуратураға түскен мәліметке қара- ғанда сіздерде жалған документ жасап, өз құлқынының құлымен
жүргендер баршылық сияқты. – Ол мұны өтірік айтты, прокурату- раға асханадағы былықтар жайында ешкімнен дабыл түспеген, ал оның қолындағы фактілерді аспаздың сыртынан анықтама жина- ғанда санэпидстанциядағы бір танысы берген-ді. – Тексеруге тура келеді. Әй, әй-әй, түсі келгеннен түңілме дегендей, өзіңіз тәртіпті білетін кісі сияқтысыз, қалайша қателік жібердіңіз... Былай етіңіз, алдымен аспазға мінездеме жазыңыз, қалған мәселені содан соң анықтаймыз.
Тамақты кем өлшеп, көре-көзге қылмысты болған адамға не деп мінездеме жазсын, директор оның сөзінен бір жылылықты сезіп, қиыла өтінді.
– Сондай бір білместік жіберіп алдық, аға, бір жолға кеңшілік жасаңыз. Жесір әйел, жетім баланы шырылдатпаңыз... Жұмыстан шығарайын, айыбын төлесін...
Юрист қиналған сыңай танытты.
– Жетім, жесірге қиянатым жоқ, – деді солғын сөйлеп. – Деген- де қоғам дәулетін сіз бен біз сақтамасақ кім сақтайды? Қылмысты жасыруға болмайды, қайта құрумен ойнағыңыз келе ме?..
– Менікін өзіңізді құрметтейтін қарындастың базынасы деп түсініңіз ағатай, сіз не десеңіз соған құлмын.
– Жарайды, сіздің абыройыңыз үшін өткенді ушықтырмай-ақ қояйын, – деді Тәңірбергенов солқылдап. – Келісер болсаң менің мы- надай шартым бар. Аспазыңыз біреудің үстінен жасалған өтірік актіге қатысыпты. Оны сыбайластары мойындады. Егер ол шындықты жасыр- май айтып, қағазға түсіріп берсе қылмысын қозғамаймыз.
– Ой, сүмелек-ай, ой ақымақ-ай, енді не дейін. Өзінің артын жаба алмай жүріп өтірік актіге қолын басқанын қарасай. Мен оның сазасын беремін, бүлк етпеңіз, ағасы, қазір осында желкелеп әкелемін.
Бес-он минут өтпей аспаз Құлмаханова Тәңірбергеновтың айтуы- мен былай деп қолхат жазды:
«Мен Дәмегүлді танымаймын, оның қылмысын көзіммен көргенім жоқ. Жұмыс аяғында балама шалбар іздеп дүкенге барсам Бижамал деген таныс сатушы жаңа ғана көйлек ұрлаған әйелді ұстағанын айт- ты. Жуырда ол үйіме келіп ұрлық болғанын естігенімді растап қол қоюға көндірді. Актіде не жазылғанын оқыған жоқпын. Сондықтан Бижамалдың алдауына сеніп қалғанымды мойындап, өз қолымнан бас тартамын».
Ол қолхатты жазып болғасын:
– Ағажан, бар білетінім осы, онсыз да тағдырдың тақпышын аз көрген жоқ едім, қалғанын өзіңіз біліңіз, – деп, булығып отырып қалды.
– Жыласаң, басыңа көрінсін, ақымақ, – деді директоры ажырайып. – Біреуге жала жауып соттатқың келген екен ғой, өтірік қол қойғаның үшін не боларыңды білемісің, сорлы-ау?..
Құлмахановада тіл жоқ, тек бетін орамалмен басып пысылдап жы- лай береді. Директоры прокурор өкілінің алдында өзінің мықтылығын көрсетіп қалуға барын салып-ақ жатыр, жүнжіп, мүсәпір күйге түскен әйелді жерден алып, жерге салды.
Тәңірбергенов соншалық қатыгез кісі емес-ті. Мақсаты орындал- ғасын аспазды жұбата бастады.
– Қой, шырағым алданғаның үшін, шындықты мойындағаның үшін жазаға тартылмайсың. Совет заңы әділ ғой, кешірім береді. Тек ен- дігі жерде кім болса соның жетегінде кетпей жайыңа жүр.
Аспаз солығын басып, директор жағдайдың оңғарыла бастағанына қуанып қайырымды юристке қызмет көрсетуге асықты. Әне-міне деген- ше бөлмедегі столға мөлтек дастарқан жайылды. Шаймен бірге қымбат бағалы шарап келді. Тексеріп жүріп қонақ болу заңға сыйыспайтынын білсе де Тәңірбергенов тартынған жоқ, отырыс көңілдене түсті. Екі әйел де олжасыз болмады, там-тұмдап сыр тартып көйлектің хикаясын естіді.
– Балалық жасап әлгі танысың Бижамалдың жағасынан алма, – Тәңірбергенов аспазға. – Егер прокурор екеуіңді беттестірсе мына жазғаныңды қайтала, көйлек ұрлағанын естідім, өзім көзбен көрген жоқпын де, кейін сатушы үйіме келіп жалынғасын актіні оқымай қол қойдым, аңқаулық жасадым, енді өз қолымнан өзім бастартамын де. Шындығы солай емес пе?
– Иә, иә, солайына солай, өтірік айтсам иманым күйсін, аға.
– Сатушылардың Дәмегүлге жала жапқаны белгілі болды. Сені ол келіншекпен де беттестіреді.
– Танымаймын, көрген әйелім емес деймін, аға.
– Мұның дұрыс, осымен әңгімені түйіндейік. Тағы да ескертемін, алдауға түскеніңді шын жүректен мойындағаның үшін ешқандай жазаға тартылмайсың. Мұны басыңдағы шашыңдай көр. Және айта- рым, менен басқа кім келсе де осы жазғаныңнан айныма, сайтанның азғыруына түссең...
Құлмаханова оның сөзін бөліп жіберді:
– Атамаңыз, аға. Осы көрген құқайым да жетеді.
– Сендім, шырағым. – Ол орнынан тұрды. – Ал, мен осымен қайтайын. Ықыластарыңа рахмет.
Директор сыртқа бірге шықты. Қоштасып тұрып санэпидстанция мен бақылау тобының тексеруінен күні ертең нәтиже шығаратынын,
бұл істі енді қозғамауын қайта-қайта өтінді. Асханаға жиі соғып тап- сырма беріп тұрғанын қалады.
* * *
Ертесіне Тәңірбергенов қолындағы документтерді прокурордың алдына қойды. Прокурор істі тездетіп шешуді орынбасарына жүктеді. Бас-аяғы бір аптаның ішінде Дәмегүлге көйлек берген белгісіз келіншек те табылды, ол сырлас құрбым болғасын сыйладым деді, оны қызметтес әйелдер біз көрдік деп куәландырды. Дүкен меңгерушісі Саракүл мен сатушы Бижамал актінің кейіннен жасалғанын, оған аспаздың сыртекі қол қойғанын мойындағанымен ұрлықтың болғанын айтып ант су ішті. Алайда олардың сөзін шындыққа шығарарлық документ, не куә жоқ еді.
Тәңірбергенов газет тілшісінің фактілерімен таныспай-ақ ұрлықтың болмағанын осылайша дәлелдеді. Прокурор Дәмегүлдің қылмысын анықтауды өтінген партия ұйымына тексеру қорытындысын хабар- лады. Сонымен бірге редакторға «Сұғанақ» фельетонының фактілері анықталмағанын, халық сотының үкімінсіз азаматты қылмыскер, ұры деп ғайбаттауға болмайтынын айтып, «автор жазықсыз айыпталған азаматшадан кешірім сұрағаны жөн» деп қатынас жолдауды ұйғарды.
Назар Тәңірбергенов жүзбе-жүз кездеспегенімен редакторды танитын-ды. Қолы бос адам үйге сыйсын ба, ерігіп жүріп, бірде мерекелік жиналысқа барғанда аудан басшыларымен бірге төрде қасқиып отырған қара торы, жылы жүзді жас жігіттің жаңадан келген газет редакторы екенін сұрап білген. Дәмегүлдің ісін анықтауды тапсырғанда Ақбілек оған қосымша мінездеме берді.
– Облыстық газеттен партия мектебіне барған, оны бітіріп келгесін обком осындағы бос орынға әкеліп қойды. Өзімізден кадр табылмағандай айдаладағы біреуді көтермелеген басшыларға не дерсіз... Асылғазин көкірек адам, екі дипломы бардың кеудесінде бір қап желі бола ма, қайдам, өзінікін дәлелдеп басшылармен де дауласа кетеді. Бәлеқорлығы да бар-ау, ол келгелі газет бетінде сын, сықақ көбейді. Осыдан екі ай- дай бұрын тораңғыл ағашын сатқан орманшыларды айыптаған көлемді мақала басылды. Онда аупарткомның табиғатты қорғау жөніндегі басшылығы да тәп-тәуір сыналған-ды. Ауатком председателі қатты ренжіп, кезекті сессияда өз органына ауыз салған этикасыздығы үшін редакторды тәртіпке шақырды. Бірінші хатшының не дегенін білмеймін, бірақ ол кісіге де тәуір пікір тумаған тәрізді. Басшылардың қырына ұшырағанның не болары белгілі емес пе, асқақтаған немеге осымен
шаруаң шайқалатын болар деп жүргенімізде аудандық прокурордың көмекшісі мақала бойынша іс қозғап, тексеру кезінде парамен ұсталды. Осы жағдай ғана Асылғазиннің жанын аман сақтады. Егерде, – деген ол өзімсінгендей Тәңірбергеновке ішкі сырын ашып, – «Сұғанақ» фелье- тонын жоққа шығарып берсеңіз оқымысты жігіт омақаса құлайды, ал оған басшылар қуанбаса, қабағын шытпайтынына мен кепіл.
Күйеу баласымен қызметтес, әрі оқта-текте екеуден-екеу ащы су- мен ауыз шайысып қоятын ұрламайы ортақ Тоқболаттың «Қарындасты құтқарыңыз, бұл іс сіздің ғана қолыңыздан келеді» деп қолқалағанына әуеліде амалсыз келіскен Тәңірбергенов жұмыстың мұндай сәтті аяқталғанына керемет қуанды. Азуы алты қарыс журналистерді
«қалпақпен ұрып алған» пенсиядағы шалдың жеңісі атаусыз қалмады. Дәмегүл құрдымға құлаған жерінен бойына су жұқтырмай алып шыққан жебеушілеріне жол-жоралғысын жасады. Тоқболат Назарды бейне бір жау қамалын жалғыз барып бұзған батырға теңеп, онсыз да көңіл көтеруге қайым «ағасын» мүлдем аруақтандырып жіберді. Оның редакция есігін жұлқып ашып, редактордың орындығына шалқайтып отырғызған сол марапаттың буы болатын. Десе де мұнысы баланың тірлігіндей болды. Қаншама есін тандырарлық сөз айтқанымен ағатайлап алдында жорғалаған редакторды көре алмады. Айнадай жарқыраған еденіне былш еткізіп түкірсе де сыр бермей, сазарған күйінше тұра берді, сабаз. Тәңірбергенов жас жігіттің сабырлы мінезіне іштей риза болса да елпілдеп құрмет көрсетпегенін менмендікке балап
«ісінген кеудеңе шоқ баспасам көрде тұр» деп іштей кектеніп кетті. Осыдан кейін ол аупарткомның идеология бөліміне соқты.
Редактор орынбасарының күшімен пленум баяндамасын әзер бітірген Сәмет бірінші хатшының шақыртуын күтіп, тықыршып отырған-ды. Сонан да оны немкетті тыңдады.
– Газетке жауап беретін сен ғой, ендеше адал адамды қаралап фе- льетон басқан редакторды тәубесіне келтіруге міндеттісің. Асылғазин деген кім өзі, қайдан келген әпербақан? Бір мықтының сүйеуімен көтерілген біреу болар, немесе партиялық баспасөзді өсек-аяңның қол шоқпарына айналдыра ма? Барып тұрған саяси соқырлық қой, бұл.
Өзінен төрт-бес жас үлкен Тәңірбергеновты Сәмет біраздан білетін- ді. Заң қызметінен партиялық аппаратқа алынды, одан қайтадан мамандығына ауысып, еңбек демалысына шықты. Кездесе қалса бұған әйтеуір бір «проблеманы» айтып, «осы сендерді түсінбеймін, райкомның есігінен шыққанға мәзсіңдер, ал айналада не болып жатқанын көрмейсіңдер» деп тиіспей кетпейтін. Кейде болмашыны дар- дай етіп жіберетіні де бар еді. Сол мінезін білгендіктен:
– Газеттің өтірік жазғаны ұят болған екен. Әлбетте кінәлілерді жа- залаймыз. Редактор жаңадан келген журналист, тәжірибесі аздау, бірақ принципі бар кадр, онымен өзім сөйлесемін, – деді Тәңірбергеновтен құтылуға асығып. Әйтсе де ол қарсы алдындағы орындыққа жайғасып алып әңгімені сағыздай соза түсті.
– Редакторыңды бюрода қаратамын, анау былшылбай фелье- тоншылды жұмыстан қуған дұрыс. Газет бетінде айыбын мойындап, Дәмегүлден кешірім сұрамаса ісім солармен болады. Олай етпеген жағдайда Дәмегүл тілшіңді де, мақтап отырған Асылғазиніңді де сотқа береді.
Соңғы сөз Сәметті еріксіз селк еткізді. Тәңірбергеновтікі рас болса ойыннан өрт шыққалы тұр, газетті сотқа берген деген не сұмдық тағы, мұндай масқаралықты естіген де, көрген де жоқ. Редактор мен тілшіні соттаса оларға басшылық жасайтын бұл жазасыз қала ма? Қалмайды.
– Бір ашуыңызды қиыңыз, Нәке, – деді ол мәселені бейбіт ше- шуге икемдеп. – Кемшілікті түзетеміз. Редакторға қазір звондаймын. Жүгенсіз кеткен қызметкерін ертіп барып, Дәмегүлдің семьясынан, коллективінен кешірім сұрайды.
Сәмет Асылғазиннің телефон санын теріп еді, ол орнында болмады.
– Онда редактордың орынбасарын шақырыңыз, – деді телефонда тұрған хатшы қызға.
– Асылғазин қайда? – деді Тоқтарды салған жерден қысып.
– Неге орнында болмайды?
– Редакция көкөніс совхозын шепке алған еді. Парткоммен бірлесіп бүгін дөңгелек стол өткізбекші болғанбыз, редактор сонда кетті.
– Дөңгелек стол өткізесіздер, ашық әңгіме жүргізесіздер, ал пленумның баяндамасын жазуға келгенде уақыт таппайсыздар, ә?
– Сәке-ау, қолымнан келгенше көмектестім ғой, соншалық кейитіндей жазығым не?
Бөлім меңгерушісі бір күн мықшиып қасында отырған Тоқтарға өкпесі жоқ-ты. Өзінің артықтау кеткенін аңдап даусын өзгертті.
– «Сұғанақ» фельетонын кім оқыды, сен бе әлде редактордың өзі
ме?
– Сын материалдар тек редактордың келісімімен жарияланады, не
болып қалды, Сәке, тиыштық па?
Сәмет айтсам ба, айтпасам ба дегендей сәл кідіріп барып:
– Фельетонның фактілеріне күмән туып отыр. Байқасаңдар нетті? – деді. – Асылғазин ауданның жағдайын біліп үлгерген жоқ, сен бол- саң осындағының еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін тани- сың, журналистік тәжірибең де озық. Біреуді негізсіз қаралап жазуға
неге жол бересің? Әлде бастығың сенімен есептеспей ме? Күрделі мәселені газетке жіберудің алдында редколлегияда талқыламай- сыздар ма?
Тоқтар әдейі «Асылғазин өзі шешіп өзі қояды, бізде редколлегия мәжілісі өтпейді» дегісі келгенімен, бастығын жамандауға батылы бармады.
– Редактор келісімін сізбен хабарласады. Фельетон авторы көзсіздеу жігіт, тізгіні сәл босаса лағып кететіні бар... Не болғанда да істеген ісін мойнымен көтереді.
Телефон тұтқасын орнына қойып Тәңірбергеновке:
– Редактор совхозға кетіпті, келісімен мықтап тұрып сөйлесемін, қателіктен дереу қорытынды шығаратын етемін. Сіз бірер күн шыдаңыз, хабар өзімнен болсын, – деді Сәмет.
– Әттең өзіңді сыйлағандықтан ғана діңкем құрып отыр, әйтпесе бар ғой, газетке дұрыс бағыт бермеген саған да бір сөгісті арқалатып жібертер ем.
* * *
Асылғазин ертемен редакцияға келгенде газет әлі басылып бітпеген екен.
Машинаның сартылдаған дыбысы кеңсе үйінің қабырғасын солқылдатып, көшеге естіледі. Баспахана цехының іші күңгірт, май ара- лас күйік исінен дем алу ақырет. Осындай тамұққа газет басушының қалай шыдайтынын қайдам, редактор әп-сәтте тұмау тигендей түшкірініп, тысқа атып шығуға сәл-ақ қалды.
Мұның бәрі баспа машинасының қапталында тұрған келіншектің кәперіне кірмейтіндей, ол машықты қимылмен қат-қат жиналған ақ қағаздарды бір-бірлеп алып, көлбеу қуысқа сүңгітіп жатыр. Әлгі қағаз айналмалы белдіктерге маталған жіңішке жіптердің бойымен сырғып төмен жұтылады да, көзді ашып-жұмғанша бетіне құжынаған таңбаларды, ұзынды-қысқалы өрнектерді, үлкенді-кішілі сурет бейнелерін толтырып, екінші тұстан қалқып шыға келеді. Осы көрініс тоқтаусыз қайталана береді, қайталанған сайын бояуы кеуіп үлгермеген газеттің дестесі қалыңдай береді...
Газет басушы Асылғазинді көрісімен машинаны тоқтатты. Екеуінің сәлемі бас шұлғысудан әріге барған жоқ. Жайбар уақытта бетінен қаны тамып, көркіне ішпей-жемей тойғандай әдеміше келіншектің қазіргі кейпі тым аянышты. Ісіңкі қабағынан, көлеңке қалқыған жанарынан оның ұзақ түнді кірпік ілмей өткергенін аңғару қиын емес-ті.
Асылғазин дайын номердің бірін қолына алып, әр бетке көз тоқтатып қарады. Газеттің кеш басылғаны болмаса материалдардың ор- наласуында, тақырыптардың көрнекілігінде кінәрат жоқ.
– Басылымға сағат нешеде қол қойылды?
– Үшке жақын, – деді келіншек айыпты кісідей қызарып. Қара боя- удан мыстай тотығып кеткен саусақтарымен халатының өңірін ақырын қымтап қойды. – Сонда да басып үлгеретін ем, машинадан ток қашып, бір сағаттай кідірдім.
– Өзің жөндедің бе, әлде директорды шақырттың ба?
– Директорға телефон соғып ем, келіп жөндеп берді.
Жеті мың дана газетті екі машинамен қатар тұрып басқанда үш сағаттай уақыт керек. Ал, бүгін бір тетігі, ертесіне екіншісі бұзылып, әбден салдабасы шыққан жалғыз машинаға ол кемінде сегіз сағаттық жұмыс қой. Мұндай бейнетке кім шыдайды.
Асылғазин баспахананың жоғын жоқтап облыстық басқармаға бір емес, екі мәрте хат жолдады, ауданға жиырма жылдан бері бірде-бір ба- спа машинасы бөлінбегенін, тіпті ескірген бөлшектерін алмастыруға да жәрдем көрсетілмейтінін ашына баяндады. Бірақ ондағылар хатқа не ауызша, не жазбаша жауап бермеді. Сосын баспахана директорын жанына алып басқарма бастығына өзі барды. Дәл осындай жағдайда баспахананың газет шығаруға мүмкіндігі жоғын естігенде:
– Сендерше бұған кінәлі кім? – деді ол екеуіне шүйіле қарап. – Басқарманың машина жасайтын заводы бар ма? Немесе келген запас бөлшектерді қоймаға сүрлеп отыр деп ойлайсыздар ма? Ондай мамы- райхан заман өлді ғой. Соны біле тұра үсті-үстіне бұрқыратып арыз жазасыңдар кеп, жазасыңдар кеп...
Баспахана директоры қыпылықтап еденді көзімен шұқылап кетті. Одан қайран жоғын сезген Асылғазин шешінген судан тайынбас деп, іштегі қысасын қысылмай айтып тынды.
– Біздің жазғанымыз арыз емес, өтініш, айла емес ақиқат іс. Газет үнемі кешігіп шығады және жазуы баттасқан бояудан әзер оқылады. Сізге шағынудың өзі ұят, кейде «аудандық газет қол сүртуге жа- рамайды, кірі жұғады» деген әзілді естігенде жерге қараймыз. Жазылған басылымы қолына кеш тиген оқырмандар редакцияға да, райкомға да звондап, ауыр-ауыр өкпесін айтады. Не дейміз сонда, газет шығаруға үкіметтің күші жетпей жатыр дейміз бе? Болмаса ұйымдастырудың ығытын таппай жүрміз дейміз бе? Кімге артамыз кінәні? Рас, басқарманың заводы жоқ, әйткенмен өндірістік қызметін өтеп біткен машиналарды күрделі жөндеуден өткізуге шамасы жетеді ғой. Мәселені төтесінен қоятын мезгіл туды, Тасарық баспаханасының
мұқтажын ескеріп, оның материалдық базасын күшейту керек, болма- са оны біржола жабу керек.
Басқарма бастығы оның турашап мінезін ұнатқандай:
– Әй, әй жігіттер-ай, – деді даусын жұмсартып. – Бәрі де оп-оңай ғой сендерге. Мәселені төтесінен қоясыңдар, ә? Жөн-ақ, алайда қазіргі баспа машинасының өндірістен қысқарғанында шаруаларың жоқ. Үш- төрт жылдан бері аға газеттер фото терімге көшіп, офсеттік тәсілмен ба- сылып жүр. Келешекте бұл жаңалық ауданды да жағалайды. Ал, әзірше, мейлің өртен, мейлің күй, басқа түскен бейнеттен құтылмайсың. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. – Ол миына салмақ түскендей алақанымен маңдайын уқалап алды. – Баспахана жабылмайды, газет шықпай қалмайды, жоспар қысқармайды. Сондықтан қолдағымызды құнттап пайдаланайық. Меніңше, алыс та болса жақын бір ғана жол осы.
Үміті күлбілтеленіп сөнуге айналған Асылғазин:
– Онда несіне отырамыз, жөнімізді табайық, – деді баспаха- на директорына иегін қағып. – Ендігі әңгіме Сізде, жұмысты қалай ұйымдастырасыз еркіңіз біледі, бізге оқитын газет қажет және мұнан әрі оны мерзімінен бір сағатқа да кешіктіруге төзе алмаймын. Олай бол- майды екен, ренжімейсіздер, аупарткомнан, обкомнан көмек сұраймын.
– Бекер қызынба. – Басқарма бастығы қайтадан маңдайын уқалады. – Директордың қолында тұрған не бар? Біздің жағдайымызды райком білмегенімен обком біледі. Қамшының сабынан озып қайда барасың. – Дегенмен ол Асылғазиннің обкомды ауызға алғанынан айылын жиғандай жүзін жылытып, әңгімені бітімге икемдеді. – Мамандарды жіберемін, машиналарды көрсін, несін алмастырады, анықтасын, есеп жасасын, солардың айтуымен керек затты іздейміз. Пакә, газетті бір ма- шинамен баса тұрасыздар. Келістік пе?
Келіспеуге лаж қанша, «мақұл» десті олар... Мамандар да келді, о жер, бұ жерін шұқылап жүріп екі айдан бері мелшиіп тұрған машинаға жан бітірді. Алайда, «ескіге қарасаң есің шығады» деген ғой, айға жет- пей екінші машина тоқтады. Басқармаға бара-бара беті күйген директор содан әр ауданға сұрау салып, қажет темірін іздестірумен болған. Оның бұл әрекеті бекер кетпепті, кеше кешкілік Асылғазин жоғының дерегін айтып, түнгі поезға шығатынын ескерткен. Баспагер келіншектің сөзіне қарағанда ол уәдесіне жетпеген болды. Егер кетіп қалғанда газет ба- сылмайтын еді. «Мұнысына да шүкір, – деп күрсінді редактор. – Бір қатерден қалған екенбіз».
Ол кәсібіне қайта кіріскен қара келіншектің қимылын көзбен бағып тұрғанда қапталдағы есіктен баспахана директоры шықты. Түнімен машина жөндеген адам не оңсын, көйлегінің өңірі мыж-мыж, қолының
майын жуып үлгермеген, бет-аузы домбығып, көзінің еті қанталап кеткен.
– Аман...
– Аман...
– Жаман.
– Иә, жаман.
– Қашан жақсы болады?
Ол иығын көтерді де: – Сірә мен кеткесін жақсы болар, – деді қабағын ұнамсыз тыржитып. – Алатыным жүз сом, бір түнгі ұйқымнан садаға, мұнан да екі жерге қарауыл болсам жүз алпыс алады екем. Туа- сы, соным дұрыс-ау...
Екеуі сыртқа шықты. Машинаның дүрсілінен құлағы ашылған Асылғазин қулана тіл қатты.
– Анау запчастіні әкел, машинаны жүргіз, сосын ойланарсың.
– Ойланам дегенше тағы бірі бұзылады.
– Тағы да жөндейсің.
– Ім-м, тілеп алған аурудың емі жоқ де... – Жастары қарайлас болғандықтан да ол ақысын жіберер емес. – Ұйқың тоқ, көңілің бүтін, сенің қылың қисаюшы ма... мысыққа ойын керек.
Темекінің түтінін танауынан жарыстыра будақтатып, содан ләззәт алғандай директордың шаршаулы жүзіне жылы толқын жүгірді.
– Жолға шығасың ғой.
– Шығамын.
– Онда бір аяғың анда, бір аяғың мұнда болсын.
– Қолды-аяқтай баланы таптың-ау, бастығым сияқты сөйлейсің. Сендей редакторы бар жерде баспаханаға директордың қажеті бола қоймас.
– Директор емес, слесарь керек.
– Қызық жансың, Асылғазин, жұрт бастық болудан қашып жат- са сен әм редактор, әм директор атанғың бар. Лауазымның дертіне шалдықпасаң жарар.
Құмарлықтың келуі екеуінің әзілін үзіп жіберді. Оны көргенде редактордың ойына Тәңірбергеновтің кешегі қылығы оралды.
* * *
Тәңірбергеновтің редакцияға келуі фельетон фактілеріне күмән тудырды, алайда Асылғазин оқиға дәл осылай күрт шиеленісіп кетеді деп ойламаған болатын. Оған себеп – таңертеңгі почтамен жеткен прокурордың хаты еді. Заңдылық бақылаушысы Құмарлықтың фельето-
ны бойынша жүргізілген тексеруде ондағы фактілердің дәлелденбегенін жеткізіп, автордың Дәмегүлден кешірім сұрағанын жөн көріпті.
Күтпеген хабар Асылғазинді әбіржітіп тастады. Бәрінен бұрын мына қатынас қағаздағы жазудың мазмұны Тәңірбергеновтен естіген сөздермен бір жерден шыққаны таңдандырды. «Бәсе, – деді ол юристің өктем қимылын есіне алып. – Қу шалдың екпіні жаман еді, осылай бо- ларын білген екен ғой. Дұр-ы-с...».
Редактор қоңырауды басты. Бір шөкім мақтадай қалқып кабинетке кірген ақсары қыз «қайырлы күн, ағай» деп сәлемдесу рәсімін жасады. Оның сыбызғыдай сызылған үні, жаздай жарқыраған дидары жастық дәуреннің алыстап бара жатқан сағынышындай аяулы. «Бақытты күн болсын». – Асылғазин қызметкерінің ілтипатына ризалық білдірді. – Құмарлықты шақырып жіберіңіз, келесі номердің жоспарын ала келсін.
– Жәрайды аға.
Асылғазин көңіл күйдің ырқымен жүретін жігіт емес-ті. Біреудің қиянатына төзбейтін қызбалығы болғанымен, қиналып, қапаланған кезінде өзін-өзі ұстамдылыққа шақырып, ағат баспаудың жолын іздеуге тырысушы еді. Ондайда ұстазы Жақыптың мінезіне еліктеп қабағына қонған бұлтты ыдыратуға барын салатын. Бұл жолы да сол әдетін сақтай білді. Фельетон туралы Тәңірбергеновтен көрген запысы, прокурордың наразылығы жанын сыздатып, қабырғасына тастай батса да ерік-жігерін уайымға жеңдірмеді. Дағдысынша келген хаттармен танысып, жаңа газеттердің бетін шолып шықты, содан кейін күнделік дәптердегі жоспар бойынша редакциямен ынтымақтық орната бастаған совхозға телефон соғып, партком хат- шысымен ауыл тілшілерінің есебін коллективте тыңдау жөнінде пікірлесті.
– Солай етсек теріс болмас еді, – деді хатшы мұның ұсынысын ә дегеннен қолдап. – Партия ұйымы бекіткен тілшіміздің бірі «мен тек редакцияға бағынамын, маған ақыл беруге қақыларың жоқ» деп бізді көзіне ілуден қалды. Шынын айтсам, олармен қалай жұмыс жүргізуді біле бермеймін. Бұл арада партия ұйымының міндетіне не жата- ды, тілшінің правосы қандай, маған жұмбақ. Егер тілшілердің есебін тыңдауды ұйымдастырсақ осы жайларды пысықтап алар едік.
– Онда, сіздерге бөлім меңгерушісін жіберемін. Есеп беруді өткізбес бұрын жағдаймен таныссын, кім неге жауапты, басын ашқан мақұл ғой. Дегенде есіңізде болғаны жөн, жергілікті тілшілер тобына редакция партия ұйымы арқылы басшылық жасайды. Тілші сіздің сая- си қызметкеріңіз, біздің тірегіміз. Көрдіңіз бе, бөле-жаратын түгі жоқ, оларға ақыл-кеңес, тәрбие, тәлім беру екі жаққа да ортақ.
– Рахмет, сізге, – деді ол. – Кінә бізден, тілшілер жұмысымен айна- лыспайтынымыз рас. Ендігі жерде жариялылықтың көзін ашуды осы мәселеден бастаймыз.
– Тілектеспін, көмектесуге әзірміз.
Осы мезетте бөлмеге Құмарлық кірді де жауапты секретарь оты- ратын орындыққа жайғасты. Редактор келесі газетке жіберілетін негізгі материалдарды анықтады, жоспардан бөлек кететін шұғыл хабарлардың тақырыбымен танысып, макет жобасын қарап, кей тұсқа өзгеріс жасады. Осыдан соң барып бөлім меңгерушісіне прокурордың хатын ұсынды.
– Танысыңыз... Сіздің фельетоныңызға наразылық білдіріпті.
Қолыңыздағы документтерді жинақтап, бірер сағаттан соң келерсіз.
Құмарлықтың түсі бозарып кетті. Фельетонсыз да Асылғазинді мазалаған жұмыс көп болатын.
Жуық арада өтетін аудандық Советтің сессиясында халыққа әлеуметтік қызмет көрсетудің жайы талқыланатын еді. Ол осы бір қолайлы сәтті пайдаланып ауатком председателіне депутаттық сауал хат ұсынуға тәуекел етті. Председательдің депутаттар алдында редакцияға үй бөлуге берген уәдесін орындамай жүргендігі туралы қалай түсінік беретінін көзіне елестеткенде «қолайсыздау тәсіл-ау, өзі, менікі басшының беделін түсіру болмас па екен...» деп сәл ойланып қалды. Артынша «менікі беделін түсіру емес, коллектив мүддесін көздегендік, сөзінде тұрмайтын адамды тәубесіне келтіру керек, ренжісе өз обалы өзіне» деді де ойындағы сөздерді хатқа түсіре бастады.
Сауал хат жазылып болған соң оны асықпай қайта қарады. Әр сөзінің нанымды, барынша сыпайы болуын қадағалады. Редакцияға жуық арада үй бөлінбеген жағдайда алдағы қыста жұмыс істеуге мүмкіндік болмайтынын ашып көрсетіп, аудандық Советтің журнали- стерге неліктен қамқорлық жасамай отырғанын сұрады.
Асылғазин осыдан кейін облыстық басқармаға хат жазып, басқарма председателіне аудан басшыларымен хабарласып, үй мәселесін шешуді тездетуге тіл жәрдемін тигізуді өтінді. Бөлмеге Құмарлық кіргенде ол екі хатты да аяқтап, машинкаға басуға беріп үлгерген-ді.
Құмарлық орындыққа отырар-отырмастан прокурордың қағазын нұсқап:
– Мұнысы қиянат, әдейі ұйымдастырылған шантаж, – деді суға шашалғандай тұншыға сөйлеп. – Прокурордың партиялық баспасөзге билік айтуға правосы жоқ, оның наразылығын мойындамаймын.
– Қойыңыз. Ерегістен ештеме шықпайды. Одан да прокурорды мойындамайтын дәлеліңізді көрсетіңіз.
Бөлім меңгерушісі ұсынған фельетон фактілері жинақталған папка- ны қолына алып, ондағы қағаздарды парақтап шыққанда Асылғазиннің өзегін өрт жалап өткендей болды. Онысын қаншама сездірмеуге тырысқанымен көмейіне келген ашуды тежеп тұра алмады.
– Бары осы ма? Әдепкі айғақтарға қосымша жинаған фактілер қайда?
Құмарлық редактордың ызғарлы қабағынан жасқанғандай:
– Сіздің кеңесіңізбен біраз адамдармен қайта кездестім, сатушылар сөзіне берік, ұрлықшы келіншекпен бірге істейтін әйелдерге де бардым. Жасалған акті қолда тұрғанда басқа документтің қажеті жоқ қой, – деді күмілжіп.
– Актіге қол қойған үшінші адам кім? Сатушылардың жеке басы, адалдығы туралы не білесіз? Дәмегүлдің коллективінің, қоғамдық ұйымының мінездемесі кәне? Осы жайларды әбден пісенттеп, қағазбен бекітіп алмағаныңыз қалай? Прокурор заңдылықты сақтаушы ретінде газет сыны бойынша тиісті тексеру жұмысын жүргізуге міндетті. Оны былай қойғанда баспасөз мақаласына кез келген оқырман төрелік айта алады. Сондықтан да ол көптің трибунасы.
– Дұрыс қой. – Құмарлық кемшілігін мойындай сөйледі. – бірақ, фельетонның шыққанына біраз уақыт болды, содан бері үндемей келіп, бүгін «фактілерің дәлелсіз» деуі түсініксіз. Заң қырағылары газет сынына құлақ асатын болса, фельетонның ыстығы басылмай тұрып төрелік айтпады ма? Уақыт ұзаған сайын қылмыс бүркемелене береді.
– Прокурордың наразылығына келіспейтін болсаңыз, – деді редак- тор сабырлы қалпына түсіп. – Онда тергеу документтерімен танысыңыз, өзіңіздікін дәлелдеп шықсаңыз құба-құп, алайда оған сенімім аз. Айттың не, айтпадың не, қателік жібердің, білмедің, білгеннің тілін алмадың...
Асылғазин прокурорға телефон соқты. Әдеттегі сәлемдесу, хал- жағдай сұрасудан кейін фельетон бойынша жүргізілген тексеру қоры- тындысымен танысуға тілек білдірді.
– Танысуға болады, – деді прокурор қарсы сөзге келмей. – Тексеруді қоғамдық негіздегі көмекшім Тәңірбергенов пен орынбасарым жүргізді. Олардың жұмысына шүбә келтіре алмаймын.
– Біздің де білмейтініміз көп, – деді редактор. – Тексерудің нәти- жесіне сенбестік туғызудан аулақпын. Дегенде, фельетон авторы кейбір мәселеге көз жеткізгісі келеді. Сіздермен кеңесіп отырған пайдалы деп ойлаймын, бұл жөнінде аздаған ұсыныстарым бар, оны өзіңізге жазып жіберемін.
Соңғы сөз прокурордың көңілінен шықты. Ол праволық мемле- кет құру үшін баспасөз бен заң органдарының тізе қосып қимылдауын жақтайтын ойларын ортаға салып, арадағы салқындықты жібітіп жіберді.
– Газет сөзі – ғаламат күш, оның сыны – у. Ал, уды кімнің ішкісі келеді? Егер, сын әділ, заңды болса ғана амалсыз ішеді. Де- мек, біреуге айып тағу үшін алдымен оны заң талаптарымен мойын- дату керек. Сіздің тілшіңіз осы жағына қарамапты. Анау келіншектің ұрлық үстінде қолға түсуі де мүмкін, бірақ оның әрекеті сол мезетте заңдастырылмағандықтан жалған болып шыққан. Мұндайда көрдім де- ген көп сөз, ұрлықты мойнына қоятын айғақты дәлел қажет.
– Дүкенде жасалған актіні көрген боларсыз?
– Бәленің үлкені сонда болып тұр ғой. Акті біріншіден, оқиға болғаннан кейін толтырылған, екіншіден, оған қол қойған адамның бірі «мен сатушылардың айтуымен қол қойып ем» деп, өзінің әдепкі показаниесінен айнып кеткен. Фельетон авторы тексеру ісіне сенбесе келіп таныссын, оның заңға қайшылығы жоқ. Хабарыңыз да бар шығар, мекеме, партия ұйымы бізге қылмысын анықтауды өтінді. Ал, нәтижесін өзіңізге жолдадық. Ендігі сөз сіздерде. Жұмыс болған соң кемшілік те болады, тілшіңіз сонысын мойындап кейіпкерінен кешірім сұрасын. Өртті пықсыған кезде өшірген дұрыс қой. Сіз мені дұрыс түсініңіз, мұндай мәселені жазарда аз да болса бізбен кеңесіп қойған артықтық етпейді. Бәріміз адам тағдырын шешетін қызметтеміз... Жақсы, бұл жөнінде сізде де біраз ойлар бар тәрізді. Кездесіп, кеңесуге мен әзірмін. Прокурормен әңгіме Асылғазиннің күмәнін анықтай түсті.
Тәңірбергеновтың сыры да енді ашылды. Ол Құмарлықтың тексеру документтерінен кемшілік табарына үміттенбеді, әйткенмен оның өз қателігіне көз жеткізуге кеңшілік берді.
* * *
Аупарткомның бірінші хатшысының атына бір аптада екі хат келді. Оның бірі жол құрылысы партия ұйымынан, екіншісі Дәмегүлден еді. Екеуінің де мазмұны бірегей болатын. Партия ұйымы қатардағы коммунисіне жалған кінә таққаны үшін редакция тілшісін жазала- уды сұраса, Дәмегүл газетті өсек, өтіріктің құралына айналдырған аупарткомның өзіне құрық салып, партиялық баспасөзге басшылық жасай алмайтын редакторды, өзінің адамгершілік арына жазылмас жара түсірген коммунист тілшіні жұмыстан қууды талап етіпті. Хат- шы «ауданымыздың айнасы, өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деп аузы-
нан тастамай жүрген газетке, оның проблемашыл, өткір пікірі бар жас редакторына мұндай ауыр айып тағылғанына шамданып, идеология бөлімінің меңгерушісін шақыртты. Екі хатты да дауыстап оқып беріп:
– Бұған не дейсіз? – деді Сәметке. – Газет қайта құрылды, жақсы шыға бастады деп мақтайтын сіз емес пе едіңіз?
Сәмет жауап қайтара алмады. Анада Тәңірбергенов келіп осы пәленің ұштығын шығарғанда, ол редактормен тілдесіп, мәселені жоғарыға жеткізбей тындыруды қатаң тапсырған-ды. Кейіннен мың сан жұмыспен жүріп оның қорытындысын білуді тарс есінен шығарыпты. Редактор заң орнымен бірлесіп фельетонда сыналған әйелдің ақты- қарасын анықтауға уәде еткен. Содан бері оншақты күн өтті. Егер әйелдің ұрлығы дәлелденсе мына арыздар келмес еді ғой. Дәлелденбеген жағдайда редакция кемшілігін мойындап, кешірім сұраса, әлгі фелье- тон авторы жазаланса мұның хатшыға берер жауабы да жеңіл болмас па? «Осы жігітті түсінбей-ақ қойдым, – деді ол Асылғазиннің қылығына қапаланып. – Бір нәрсе тапсырсаң кежегесі кейін тартады. Онысы кімге пайда, кімге зиян, артын ойламайды. Мына арыздар анықталса сонысы- на опық жейді, әлі. Мінезіне кектеніп жап-жас немені орға итере салуға обалынан қорқасың. Енді не істеген жөн? Хатшыға не дейді?».
– Нұсқаушың Ақбілек пленумның материалына көмектеспейді деп шағынды, – деді хатшы, редактордың өткендегісін жаңғыртып. – Райкомға құлақ аспайтындай кім өзі? Менің ол туралы пікірім басқаша еді, қателессем керек. Тексеріңіз, егер арызда айтылғандар анықталса мәселені бюроға ұсыныңыз. Иә, сіздің де кадр тәрбиесімен дұрыстап шұғылданатын кезіңіз жетті.
* * *
Сәмет фельетонның дұрыстығын тексеруге арнайы комиссия құрмай-ақ, прокурордың қорытындысы бойынша тиісті адамдардың түсінігіне сүйене отырып анықтады. Дәмегүлге партия ұйымы жақсы мінездеме берді. Алайда екі сатушы да оның ұрлық үстінде қолға түскенін айтып, алғашқы бетінен қайтпай қасарысты.
– Адал болса көйлекті сот арқылы даулап алсын. Жүз сомдық затын іздемейтін қайдан шыққан миллионер? – десті олар.
– Көйлек менікі екені рас, – деді Дәмегүл де беріспей. – Миллионер де емеспін, бірақ жалақорлармен дауласуға ұятым жібермейді. Сотқа да шағынбаймын, екі метр шүберек жыртылып та қалады.
Сәмет юристермен көйлекті өндіру жағын ақылдасып еді, олар
«сатушылардың затын алғанын дәлелдеу үшін де айғақ керек. Дәмегүл
дүниесін іздеп отырған жоқ, сондықтан бұл жағын қозғамайық» деп тереңге бармады.
– Әңгіме газет тілшісінің сатушыларды өтірік акті жасауға итер- мелеп, анықталмаған фактіні жазуында болып тұр. Ал, редактор оның қолында не бар, не жоқ тексермей, алдына әкелген фельетонды басуға рұқсат еткен. Бұл оның қызметкеріне сенгендігі болар, – деді Сәмет бірінші хатшыға тексерудің нәтижесін хабарлап. – Редакция партия ұйымының жиналысында фельетон авторы өз қателігін толық мойын- дады. Прокурор тексеруді кеш жүргізіп, қылмыстың бүркелуіне жол берді деді. Оған редактордың орынбасары қарсы шықты.
– Суға кеткен тал қармайдының кері ғой, тілшінікі. Ал, редактор не дейді? Кемшілігін сезінді ме, өзі? Аудандық партия комитетін ұятқа қалдырғанын түсінді ме?
– Қатты қысылды... түсінді әрине. Оныкі қызметкеріне сенгендігі ғой...
– Сіздіңше қалай, – хатшы бөлім меңгерушісіне мысқылдай қарады.
– Сенгендігі үшін жазаланбайды демекпісіз? Ендеше партияның сенімін ақтамағаны үшін не деуіміз керек. Мұндай адамгершілікті қою керек, жолдас. Партия ұйымы қандай жаза қолданды, әлде екеуіне де ескерту берумен шектелді ме?
Сәмет тағы да күмілжи берді. Коммунистер тілшіге сөгіс жария- лап, редакторға ескерту берген-ді. Хатшы соны білгендей, естігенде қабағын шытты.
– Арыз иелері бұл шараға қанағаттанбайды, – деді ол. – Қайта құруды райком өзінен бастауға тиіс. Газет мәселесін бюрода талқылаймыз.
– Сізден бір өтінерім, – Сәмет тұтығып сөйледі. Хатшы оның жүзінен терең толғанысты аңғарып, үнсіз тыңдады. – Сенімділік үшін қатыгез болмайық. Онсыз да адамдарда осы бір қасиетті нәрсе азайып баратқандай. Фельетон авторы да, редакторы да жас жігіттер, тәрбиелейік.
– Тәрбиелесеңіз қайда жүрсіз? Осындайда өзіңізге сөз тілеп аласыз... Қатыгездік, сенім... Екеуі біріне-бірі қайшы ұғым, оның арасын ажы- рата білмесек не бітіріп отырмыз. – Хатшы Сәметтің әр уақытта адал сөйлеп, адамға бауыры езіліп тұратын қасиетін қадірлейтін еді. Осы жолы да жас жігіттердің тағдырына жанашырлығын ұқты. – Бюроға салып, талқылаудың өзі де тәрбие – деді ол даусын жұмсартып. – Бара беріңіз. Арыз жолдаған партия ұясының хатшысымен де, айыпталған коммуниспен де сөйлесіңіз.
* * *
Дүйім елді аузына қаратып, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған ауданның жалғыз қожасы бар, ол – бірінші хатшы. Қайта құру оның шексіз билігіне тас бөгет тұрғыза бастағанымен демократия әлі тентек ағасын тәртіпке салуға күші жете қоймаған, күші жетсе әдіс, айласы жетпейтін ақ ниетті бозбала тәрізді еді. Сонан да Тасарық аупарткомының біріншісі Үкібаевтың жұмыс тәсіліне көп өзгеріс кіре қоймаған болатын. Ол ендіге жерде елді айбармен де, айламен де емес, ақылмен басқару керектігін амалсыз мойындағанымен, «ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, кей-кейде баяғысынша арындап кететін өр мінезден арылмаған-ды. Асылғазин оның сол мінезіне тап келді. Жоқ, хатшының редакторға наразылығы Сәмет тексерген арыздан ғана туған жоқ, мұнан ертерек басталған. Ол әуелі газет дабылын зерттей жүріп, парамен ұсталған прокурордың көмекшісі туралы жазылған мақаланы
«артық» санады. Бірер айдан кейін социалистік жарысқа басшылық жасамағаны үшін аупарткомның бюро мүшесі, кәсіподақ комитетінің председателі сынға ілікті. Осыдан соң «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», тілші жариялылықты пайдаланып бүгін мыналарды сы- наса, ертең мұның өзіне мылтық кезенбесіне кім кепіл» деп қауіптенген Үкібаев редакторды алдына шақырды.
Хатшы жараның аузын тырнаған мақалалардың дұрыс жағын мақтай отырып, аупарткоммен ойласпай басшы кадрлардың беделін түсіруге болмайтынын айтқанда ол кемшілігін түсініп, кешірім сұраудың орнына «беделін сақтай білмеген басшыдан не қайыр күтеміз» деп, ақылдымсып алдына түсті. Бұрынғы дәурені тұрса «құмырысқа жолыңды біл» дер еді. Амал нешік, хатшы тілсіздерге тіл берген қилы заманын іштей бір сыбап алды да «Аупарткомның мүшесін, бюроның мүшесін пленум сайлайды, олардың іс-әрекетіне де баға беретін пле- нум. Мұны білмеуің мүмкін, болашақта есіңде болсын» деп ескертумен тынды.
Бірақ, Асылғазин оның кеңшілігін дұрыс қабылдамапты. Сауат- ты, жас кадр ретінде редактордың резервіне ұсынылған нұсқаушыны менсінбеуі соны дәлелдемей ме? «Аға, Асылғазин райкомды тыңдаудан кетіп барады, пленум баяндамасына көмектесуден бас тартты» деп ал- дына жылап келгенде, бұлтты аспанның найзағайы шарт етіп тұтанды. Басында саңылауы барға мұның бәрі сабақ болар, ойланған шығар, ақылға келген шығар деп, үміттеніп жүргенінде редактор тағы да жол- дан шығып кетті. Жуырда өткен сессияда «редакцияға үй бөлмейсіздер, баспаханаға жаңа машина алуға көмектерің жоқ, берген уәдені ұмытып
кетесіздер» деп аупартком председателін жерден алып, жерге салды, бірінші хатшы отыр екен деп айылын жимады. Мұнан асқан тәртіпсіздік бола ма?
Сәметтің осындай адамға ара тұрғаны Үкібаевты ренжітті. Алай- да хатшы бағыныштылығынан гөрі сыйластығы басым адамының өтінішін жерге тастай алмай «қолға өзі келіп түскен бүлікшіні», қатаң жазалау ниетінен қинала-қинала бас тартты.
Сәмет редактордың аупартком ақылына құлақ асқысы келмейтін
«тентектігін» ұнатпағанымен батылдығына тәнті. Құда ма, құдағай ма, ол үшін бәрібір, терезесін тең ұстайды, көңіліне жақпай қалады екен деп көлгірсімей көкейіндегісін төгіп тастайды. Уәдесіне тұрмаған атқару комитетінің председателіне сауал хат ұсынып, депутаттардың қолдауымен редакцияға үй бөлуді сессия қарарына енгізді. Жастар ұйымына партиялық басшылықтың әлсіз пернесін анық басып, пле- нумда идеология хатшысының жұмыс стилін әшкерелеп берді, сол үшін жабық бюрода талқыға түсіп, өз пікірін дәлелдеп шықты. Мұның өзі жігіттің оттылығын, алғырлығын танытпай ма? Көп жылғы қызметінде коллективінің, ауданның игілігіне жеке басын оққа бай- лап, мүйізі қарағайдай адамдармен ашық айқасқа шыққан редактор- ды көргені осы болар. Бұрынғы Сәкең мен кейінгі Мұқабай аупарт- ком аппаратындағылармен аяқ-табақ араласып, бірінші хатшының баяндамасын жазумен күн кешті, сонысымен білікті, беделді атанды. Әйткенмен, олардың бірде-бірі Асылғазиннің аз уақытта жеткен биігіне көтерілмеді. Бәлки, ол кездегі «саясат» солай болар, бірақ әркімнің өз басы, өз парызы бар емес пе? «Біздің де құдай сүйер қылығымыз жоқ, – деп кемшілігін мойындады Сәмет. – Партияның күшін басқаға үстемдік жасауға пайдаланамыз ғой, Асылғазиннің баяндама жазу міндетіме жат- пайды дегеніне соншалық шамданатындай ретім бар ма? Журналистің міндеті – өмірді барлап, оқырманның көңілінен шығарлық, партияның талабын санаға сіңіре білерлік мақала жазу. Сол арқылы қоғамдағы ізгілік қатынасты қалыптастыру. Ол үшін тілшіге бостандық, жылы қабақ керек. Редактор жалтақ болса өзге қызметкерлер қандай болады? Асылғазин тілшінің беделін көтеріп, газеттің айбынын асырғысы келсе оның қай жері теріс? Әділіне келгенде бұл саясатқа да, адамгершілікке де оң. Ендеше, талабы таудай азаматтың басқан ізін аңдып, жазатайым сүрініп кетсе «сыбағасын беруге» жанықпау керек, қайта сүрінсе демеп, жығылмас жолын табуға көмектескен абзал. Ондай қамқорлық партия аппаратынан болмаса кімнен болады?».
Сәмет қолындағы арыздарды анықтау барысында редакциядағы өзгерістерді көрді, журналистермен пікірлесіп, ықпалды оқырмандардан
сыр тартқан кезінде газеттің бүгінгі бағытқа шұғыл бет бұрып, ау- данда жаңа, ұйымшыл күшке айнала бастағанын байқады. Соны- мен бірге бөлім меңгерушісі редактордың қателігін де тапты. Ол
«коллективтің мықтылығы – адамдардың бір-біріне деген адалдығында, қайырымдылығында. Басың кетсе де жалған сөйлеме, білмегеніңді білгеннен сұрауға намыстанба» деген талапты өзіне де, өзгеге де бірдей қояды. Бұл қандай тамаша қасиет десеңізші. Алайда, Асылғазин сол адамгершілік нұсқасын кімнің қалай қабылдағанын пайымдамай- ды, мінез-құлқына, шама-шарқына баға бермей үлкенге де, кішіге де бірдей сенім көрсетеді. Құмарлықтың факті жинауға олақтығын білмей, айтқанына сеніп, фельетонын жариялауға қол қойғаны да сол жомарттықтың салдары.
Редакция бастауыш партия ұйымының жиналысында ол оның осындай жомарттығын жауапсыздыққа теңеді. Сонда, коммунистер ақ жүректігі, қызметкеріне сенгендігі үшін редакторына осыншалық ауыр кінә тағылғанына қатты ренжіді. Ал, Құмарлық болса соңғы сәтке дейін қателігін мойындауға намыстанып, өзінікін дәлелдеуге тырысты. Әңгіме оның негізсіз дәлелінде, болмаса редактордың жауапсыздығында тұрған жоқ еді. Журналистердің көбі осы бір оқиғадан кейін арада қалыптаса бастаған сенімділікті қалай сақтап қалудың жолын іздеп күйзелді, Сәметті де қинаған осы жағдай болатын. Сондықтан да ол өзінің бірінші хатшыға ықпалын пайдаланып, лаулап жануға айналған отты өршітпей өшіруге табан тіреді.
* * *
... Асылғазин мен Құмарлық аупартком бюросынан шығысымен редакцияға қарай беттеді. Көлденең кездескен адам жасы бір-бірімен құралыптас жігіттердің тұнжыраңқы жүзіне, сылбыр жүрісіне қарап
«шамасы екеуі бір нәрсеге келіспей қалған-ау» деуі әбден мүмкін. Бірақ, ол қате болжам болар еді.
«Сұғанақ» фельетонының жайы қаралған бюрода редактор соқ- қының зілін көтерді, «төрдегі басымды есікке сүйреді» деп, қызметкерін отқа итермеді. Болған іске берік болдың керімен өзін салмақты ұстады.
Құмарлық өң мен түстің арасында қалқып жүргендей, жүректегі діріл жуық арада басылар көрінбейді.
Олар көшенің қиылысынан өтіп, үн-түнсіз редакция үйіне жақын- дай берді. Жан әлемі тұлдырсыз даладай құлазыған Құмарлыққа мына үнсіздік бюродан алған сөгісінен бетер ауыр тиді. Басқа келіп-кетіп жатқан ойда тұрақ жоқ. Ол бейнебір ұясынан шошып ұшып шығып,
қайда қонақтарын білмей буалдыр аспанды тынымсыз шарлаған қорғансыз құс тәрізді... Редакторын тоқтатып «кешіре алсаң, кешір мені, құрбым» деп қолын ұсынғысы келеді. Оған батылы жетпей «Редакцияға не бетіммен барамын, осы жерден үйге қайта берейін» деп, тағы толқиды. Жол қысқара берді, жігіт бір тоқтамға келе алмай өзімен-өзі арпалы- сады. «Асылғазин неге үнсіз? Ол мұның ішіндегі толғанысты сезер ме екен... «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген мақал осындай оқиғалардан кейін туған. Адамдар арасындағы мейірімді мұзға айналдыратын да осы сенімсіздік, ырысыңды құлататын дұшпан да сол. Ендеше, бұған редакцияда орын жоқ...»
Асылғазин үнсіздікті бірінші бұзды:
– Қалай, жігітім?
Маңдайға салып жібергендей тосын сұрақ Құмарлықтың өкпе, бау- ырын солқ еткізді. «Қалайы несі?» Ол жол жағасындағы тырбиып өспей қалған жалғыз қара ағашқа қарағыштап бара жатып көңілсіз міңгірледі.
– Жаман...
– Қашан жақсы болады? Жақсы боларына сенесіз бе?
«Мұнысы несі, тағы... Тартқан азабы аздай-ақ жығылған үстіне жұдырық сілтегені ме?» Бұл жолы Құмарлық есін жиып алды.
– Сіз, менің жанымды жаралай бермеңіз өйтіп, – деді ол қыстығып.
– Қателік үшін кешірім сұраймын, бірақ табаламаңыз.
Онымен бұрын-соң әзілдеспегенін кеш ұққан Асылғазин:
– Бәлле, мұныңа жол болсын. Табалап не көрінді, – деді ретсіз сұрақтарына ыңғайсызданып. – Құдай ақы, ондай ойым жоқ.
Аңғал баладай бетіне таңдана қараған редакторына Құмарлық не дерін білмей састы. «Албасты басып, құрдастығын ұмытқанын қарасай...»
– Мен...
Асылғазин оны сөйлетпеді.
– Біз әлі-ақ жақсы боламыз... Көр де тұр, достым, –деді қызуланып. – Көтер еңсеңді, біз әлі талай-талай қиындықпен белдесеміз... Тек сенімді жоғалтпа, болашаққа сене біл...
Құмарлық оны іштей қайталады. «Сеніміңді жоғалтпа»...