18.07.2022
  209


Автор: Жақсылық Рахматулла

СЫРДАҒЫ ЕЛІКТЕР

(әңгіме)
Ерлан жатар алды тортөбел мінісін жайғап келетін әдетімен тысқа шыққанда аспан жұлдыздарын бұлт перделеп, қараңғылық қойыла түскенін аңдаған. Бетіне бір-жар қыламық қар ұшқыны тигенде күн жыламық тартқанын байқап қар жауарын сезген. Сонан төсегіне қисайып қашан кірпігі ұйқыға ілінгенше қыстың алғашқы қарын көруге асыққан мазасыздықтан арыла алмады.
Бұл күткендей ертең қан сонар болса аңшылық жортуылын қай тұстан, қалай бастаған жөн деп, ойы сан-саққа жүгірді. Сонар сәтін ауылдың арқасын орай ағатын дарияның жағалауынан бастай ма, әлде құбыладағы егістікті шолып өтіп, әрі қарай бұйрат құмға шыға ма? Қайсы бағытты таңдаса да бірінші қардың таңында құс иініндегі сай- саладан да, дария бойлығындағы жиделі тоғайдан да жалт етіп көзге ілінер аң мен құс кезігеріне миттей шұбасы жоқ
Жас та болса табиғат құбылысына қарай аңның түсі мен мінезі, жүріс, тұрысы өзгеріп отырары бұған аян. Қар жауған елең-алаңда қасқыр мен шөбері, түлкі мен қарсақ жортады. Айнала маң ашы- лып ақкөбең тартқан тұста жерден шұқым дән таппаған тоғайдың қырғауылы амалсыз жиде басына қонақтайды. Түнімен үкі мен төрт аяқты дұшпанынан жасқанып дала кезген үркек қоян күн көзі шыға ентігін басып қалың жынысқа жайғасады. Егер ізшіл болсаң оның қай қопа мен түбіртіктің қуысында жатқанын топшылау қиынға түспейді.
Сыр бойында, оның бір бөлшегі осы Қожакенттің екі қапталында тұрған Түгіскен мен Өзгент ауылдарының арғы-бергі аумағында ұшатын құс пен жүгірер аңның түрлері, оны қайсысын қай мезгілде, немен аулауға болары жас жігітке алақанда тұрған деректей анық. Ал, әлгі ауылдарда аңшылық құратын кімдер екені былай тұрсын, олардың астына мінер аты мен соңына ерер итіне дейін таныс. Қабілеті, бірінен- бірінің артық-кем соғар жері де белгілі. Егер аңға шыға бергенде алдын кескен ат пен иттің ізін көзі шалса «е, мынау пәленше болды, алдымды орап кеткен екен бәтшағар» деп алған бетінен бұрылып басқа соныға түсер еді. Бірақ, «аңды бұйырған алады, қуған емес» деген мәтелдің де шындығы барын талай көрді. Алдын орап кеткен аңшының ізімен жүріп-ақ, әдепкі жаналғыштан тығылып құтылғандар бұған тұтылып жататыны бар. Кейде екеуіне де кезікпеген үшінші бір мергеннің оғына ілініп, қанжығасын майлап жатады. Ендеше табиғат жаратқан жантықты бірінен-бірі қызғану есті аңшылының серті емес. Кімнің несібесіне не бұйырады, оны тәңір біледі.
Әркімнің өзін қызықтыратын аң мен құсы да бөлек. Және де соның сырын одан жетік білетін ешкім жоқ. Соған орай аңшылық кәсібі де анықталады. Мәселен, бір аңшы үнемі қасқыр мен түлкі ғана аулайды, екіншісі қоян мен қырғауыл алуға шебер, ал үшінші бірі тау мен дала кезіп арқар мен киікке қақпан салады.
Олардың аң ұстау әдісі де әрқалай. «Менің аңшылық серігім мыл- тық, одан қалса сүзгі, сүңгі, әрине үйретілген аңшы иттер. Біреу тек тұзақ құруға епті. Тағы біреу тазы мен дүрегейді, бүркіт пен ителгіні пайдалануға әуес, яғни кім неге машықтанса сол тәсілі өзіне ыстық, онсыз жерік асын аңсаған әйелдей құмары қанбайды. Бірақ айналып келгенде бойында аңшылыққа ықылас, ынтасы, күші бар кісі бұл айтылғандардың бәрін әжетке жаратады» дейтін еді Пазыл.
Орыс мінезді, бала-шаға, кәрі-құртаң демей ойындағысын бетіне айтып салып, қарап отыратын тура шап сол Пазыл жарықтықтан асқан бұл төңіректе аңшы болмаған. Анау Есқожа мен Райхан, Әмзе мен Ны- сан, мұның бабасы Әлжан, Ысқақ, бертіңгі өзінің алдында жүрген Әсет, Алтынбек, Дәурен, Жандарбек, Тұрлыбектер, өмірден озғаны, тірісі бар бәрі де аңшылыққа келгенде сол шадыр, шатақ, бірақ обалы не кісі ақысын жемейтін адал Пазылдан озғаны жоқ. Жүгірген аң мен ұшқан құсты алдынан кесе өткізбейтін сұр мерген елуінші жылдардың ішінде бір қауым аш-арықты қанжығасымен асырап, қатарға қосқан екен. Бет- аузы оқ жұлып кеткендей пырым-пырым, түрі адам қарағысыз сол жаһал уағында қасқырмен де, қабанмен де жеме-жем айқасқа шығып, талай өлім аузынан аман қалған. Жүрегі тастай қатты, қимылы ширақ, кез келген істің оябын табатын епті Пазыл қартайса да бойындағы құдай берген қасиеті қартаймады. Ол да кейінгілерге өрлік, қайсарлық көрінді. Қалай дегенде бұлардың аңшылығы оның қасында жіп есе ал- мас. Алайда, «болмасаң да ұқсап бақ» деген ғой, Қожакенттің көп жа- стары Пайзекеңдей ер көңілді, ешкімнен ықпайтын өжет, тіршіліктің тілін білетін киелі адам болуды армандап, еліктей ер жетті.
Мәрт, алғыр, ешнәрседен тайлықпайтын батыр, аңшылық істің бүге-шүгесіне дейін жетік осы адамның бейнесі Ерланның да жүрегіне терең ұялады. Алғашында бабасы құсап құмай тазы, қасқыр, түлкі алатын дүрегей құм-тақырларда болмаса бұтасы қалың, қалтарыс- бұлтарысы жықпыл ауыл маңында олардың көсіліп аң қаға алмасын тәжірибеден көріп, үш құмайын Келінтөбедегі досына сыйлады да, ол жақтан азулы жыртқыштан ықпайтын лайка тұқымдас екі ит әкелді. Қазақы төбеттердің тұқымы азып, қоспаға айналмағанда сыры, сыны беймәлім сонау жер түбіндегі Сібірдің қара аласына көңілі кетер ме? Тұрқы да аузы алты қарыс таза төбеттерден аласалау, мойыны да бос, осырауы да қысыңқы, мінезі де жеңілтектеу, қанды көрсе «қой», «кетті» тыңдамай бас салатын тағылығы басым кәпірді әуелгіде жақтырмады.
Аңға ертіп шыққан бір жортуылда Есжан тоғайын аралай жүріп жабағы жүндей ұйысқан шеңгел ішінен шыға зытқан бір топ шошқаны қуып берді әлгі екі иті. Бұтасы қалың қопаға қарай қашқан доңыздар екі аралықтағы сыйдам жыңғылдан өте бере құтыла алмасын сезді ме кенет жылқыдай үйіріліп тұра қалысты. Бұл атына қамшы баса шауып келе жатып үйірілген топтың ит жақ қабанды көзі шалды. «Қап, лайка- ларды жарып тастайтын болды-ау, мына бәле. «Ақмойнақ», «Лайка» деп айқай салғанша қас пен көздің арасында арынды ақмойнағы дұшпанына бетпе-бет келе жалт бұрылып кетті. Қабан мойнын иіп үлгерем деген- ше екінші ит оның арт жақ қапталын жанай өткенін байқады. Сол-ақ екен қатты шыңғырған дауыс құлағын осып жібергендей болды. Қараса өкірген қабан шыр айналып, өзімен-өзі әлекке түсіп кеткен екен. Үйірдегі үлкенді-кішілі доңыздар быт-шыт болып, бет-бетімен тырағайлай безіп баратты. Ақмойнақ пен қаншық жаралы хайуанды екі ортаға алып жұлмалауға кіріскен. Жақындап келген Ерлан шабы жарылса да құлай қоймаған жойқынды бармақтай картечпен атып сұлатты.
Әне сонан былай сібірліктердің әуелгі анау-мынау міні білінбей кетті. Күтімі жақсарғасын айбары асты, аң ұстар әдіс-тәсілі де өзгерді. Әсіресе шошқа, борсық көрсе қия бастырмай қашан қожайыны жеткен- ше қамап тұрысады. Сол өнерімен бір қыста оншақты қабан, бес-алты қасқыр, жиырмадан астам борсық алып, оны қаладағыларға пұлдап қыруар пайда тапқан Ерланның да жағдайы түзеле берді. Ауылда доңыз аулау, оның пайдасын күнкөріске жарату мұсылман баласына күпірлік іс делінді. Дініне берік Ерланның ұсталған қорсылдаққа қол тигізуге құқы жоқ, құдайдан қорқады. Доңызды өлтірсе ауылды сағалап келіп, қалып қойған жалғыз орысқа суыт хабар береді. Ол сол заматта жетіп барып аңды бұтарлап тасып алады. Арғысынан білері оқ-дәрі, аңшылық қажеттілікке жарамды көр-жері түгенделіп қалатыны. Тіпті жақсы мылтық пен ықшам, жылы, су өткізбес киім-кешек те соның есебінен өтеліп жатады. Мұнысы «есектің еті арам, күші адал» дейтін өзбек мәтеліне жанасықты тірлікке көп келеді. Төңіректегі ауылдастары борсықтың майын, қасқырдың өтін, тырнағы мен азу тісін осы жігіттен ырымға алып, ем-домға жарататыны тағы бар. Алыс-жақыннан аң терісін сұрап келушілердің қарасы да үзілмейді.
Жігіт келе-келе әуелгідей құр әуестікпен көзіне көрінген аңға мылтық кезеп, ит қосып қуа беруден сап тиылды. «Иттің иесі, аңның киесі, қасқырдың тәңірісі бар», өзіңе залалы жоқ тіршілік иесінің қанын мойныңа жүктеме, түбінде азабын тартасың. Қажетіңді ал да, қанағат қыл. Ынсапты бол, қызыққұмарлық, ашкөзділікке салынба» дегенді бұл әкесі Әбдіғалиден естісе. Ол соны әкесі Мұхамеджаннан үйренген. Ал, Махаңа бұл әлбетте өле-өлгенше есігінің босағасына құс қондырып, соның шаңқылын естімесе тамағынан ас өтпейтін қариясы Әлжаннан жеткен өсиет. Қарап тұрса Рахматулланың үлкен ұлын масаттандырып, өмірінің сәнін келтірген аңшылық кепиет үшінші буындағы ұрпақ осы Ерланның бойына көп қоныпты. Бұл да болса оның әу баста маңдайына жазылған қызығы мен шыжығы аралас ғұмыры шығар. Бұ кезде оның атына танылған жақсы сөз баяғы Пазыл мен Әмзеге айтылар мадақтың ширегіне жетпегенімен біраз жерге тараған. Арғысы Байқоңыр мен бергісі Ташкент шаһарындағы әйдік кісілер бұған арағайын са- лып мұқтажын білдіріп жатады. Бірақ, солай екен деп Ерлан қысы- жазы аң біткенді қырып сала бермей, бабадан келе жатқан жолынан жығылмайды, әрі мемлекеттік инспекция тәртібін аяққа бастайды.
... Сол Ерлан азанда есік алдына шыққанда мына алғашқы қардың сыңайына оншалықты көңілі толмады. Күн де жіпсілің. Тобыққа же- тер-жетпес қарды ертемен пайдаланып қалмаса, ол күн көтеріле еріп кетуі де мүмкін. Ақұлпанның үстінде бірін-бірі қуысып асыр салған сібірліктер тұқымы қожайынын көре арсалаңдап тұра ұмтылысты. Алдында әрине ақмойнақ, одан кейінде ақтұйғын мен көктұйғын атты ұялас күшіктерін ерткен қасқыр түстес сұр қаншық келеді. Олардың ең соңында қарақұлақ Жойқыны.
Топтың ұзын саны бесеу. Әрбірінің туа бітті мінезі, әрекеті мен қылығы әр қалай. Бірі Ерланның жылы алақанын жалап, омырауын иіскеп еркелегенді, екіншісі басын сипатқанды, үшіншісі адам сияқты оң аяғын көтеріп амандасу ишаратын жасағанды тілеп тұрады. Ал, ізшіл әрі исшіл жойқынның мінезі мыналардан бөлек, әдепті баладай шақырусыз Ерланға жақындамайды рұқсатсыз алдына құйған асқа да ауыз салмайтын бір сыпа.
Ақмойнақ бұрынғы сабырын сақтап қожайынының көңіл-күйін барлайды. Қабағына қарайлап, жанарынан кірбің білінбесе ғана аяғына оралады. Егер көңіл-хошынан сәл-пәл өзгерісті сезсе, еркелігін за- матта тиып алады. Тілі жоқ демесең иесінің ішіндегісін біліп тұрады. Далаға шыққанда оның көлеңкесі тәрізді қасынан бір елі қалмайды. Жүрсе жүреді, отырса отырады, бірауық көз шырымын алуға жантай- са кірпік қақпай тыныштығын күзетеді. Пейілі бұзық ұры-қары түгілі ондайда бала-шағасы келсе де жуытпайды. Тортөбел атқа да бөтен- бөгдені жақындатпайды. Бірде атының байлаудан босанып кеткенін білген ақмойнақ қожайыны тұрғанша қылқұйрықтың шылбырын тістеп жібермей жатқан. Сен, сенбе ол болған жағдай. Бұдан бұрынырақ жаңадан бас білдірілген сол тор төбелімен аңға шыққанда қасқырлар тобымен айқасқан ақмойнағын құтқарам деп мылтығынан оқ боратқан Ерлан қытығы басылмаған құнанынан аңдусыз сыпырылып қалған. Сонда аяғын ауырсынып баса алмай тұрған қожайынының қалыңға қашып кеткен атын ақмойнағы мен сұрқаншығы қақпайлап айдап кел- ген. Қамыс басы сылдыраса елеңдеп тұратын қылқұйрықты сонда қалай қайырып әкелгені жігітке әліге дейін жұмбақ. Сірә, құнан сібірліктердің айбарынан жасқанған болса керек.
Ақмойнақтың Сырға қалай, қайдан келгені, әдепкі иесі кім болғаны да белгісіз. Бірақ Ерлан оның жергілікті туыстастарынан бөлектеу қасиеттерін жүре келе еріксіз мойындады. Мойындады да оның күшігінен жақсы адамның қолында үйретілгеніне иланады.
... Ерлан енді бір сүт пісірім уақытта бір топ сібірліктерді ат ізінен шұбатып Қасқаырықтан өтті, одан әрі дария маңындағы Молдақан қорығын бетке алып бір қалыпты жортақпен ат жүрісіне жайлы ашық өзекті кемерлеп біраз ұзады. Жолай ағаш басынан жиде дәнін шұқып отырған бірер қырғауыл оққа байланды. Аққардың беті ізден көрінбейді, көбісі «бадырақ» көздің шимайы. Күн арқан бойы көтеріліп қалғандықтан қояндар бұта-бұтаға сіңіп, ұйықтайтын жықпылына жайғасып үлгерген. Оны іздеуге біраз уақыт кетеді. Бұл жерде лайка- лар орыстың жұдырықтай аңшы итінің қасында кәдеге аспай қалады, қалың жыныста ізге түсуге, аңды исінен ажыратуға олақ. Бұларға тіміскілеп жер иіскегеннен көзге түскен жауымен бетпе-бет кезігіп шайқасқан оңай. Бұл қасиеті мақтауға тұрарлық, әрине, бірақ кез кел- ген аңшыға керегі иттің әмбебап пысықтығы, өнерлісі. Ақмойнақтың суға құлаған үйрек-қазды жүзіп барып әкелуге ықыласы жоқ. Бұған сұр қаншық бейімдеу. Осылардың тобына бір кезде шошқа сататын орыстың «Бинго» атты итін қосып сібірлік жойқындардың «сауатын» ашуға әлектенгенімен, одан пәлендей нәтиже шықпады. Ақмойнақ арланының жермен жексен ізшіл ұрғашыға «көзін салғанын» көрген сұрқаншық қызғаныштан жарылып өле жаздады, оңаша қалса «Бинго- ны» быт-шытын шығарып талап тастай берді. Ақыры жаралы болған
«оқымысты» итті өлтіріп алмай тұрғанда иесі Алексейге тапсырып,
«уф» деді Ерлан. «Үш айдан соң ақмойнағымның «жігітшілігіне» итіңнің бір күшігін қиясың» деді балықшыға «Бингосын» қайтарып тұрып. «Берем, жүдә екеуін ал. Мына қаншықтың үш жылдан бері пұшпағы қанамады, содан бедеу ме деп жүрген ем, махаббатын оятқан сенің сибирягің болды. Соған ризамын. Молодец Ақмойнақ, міні нағыз еркек. Осыдан «Бинго» күшіктесе қалағаныңды аласың. Болды, уәде уәде» деді балықшы қуана құжыңдап.
Ол шыныда сөзінде тұрды. Ерлан ақмойнағына түр-түсі келетін құлағының ұшы қара, мойыны, төсі алағат күшікке ен тақты. Бауырын көтеріп, өз бетінше тамаққа қарайтын болғасын әкетуге сөз байласты Алексеймен. «Тіпті қысқа дейін енесінің соңына ертіп аңға үйретіп бе- руден де қашпаймын, ақы да сұрамаймын. Сонда суда үйрекше жүзетін сүңгуір болып шығады күшігің» деді тамыры. «Бұл да жөн екен» деді ол. Бірақ, аңшы итін күшігінен қолында ұстап, аңға өзі үйреткенге не жетсін. Өйтейін десе сібірліктер мұны қызғанып жұдырықтай бәлекетті бірде болмаса бірде қолына алмай «көрерміз, әзірге жүре тұрсын» деп өзін-өзі тежеумен гөрі, ірі аңдар көбірек қызықтыратын-ды.
Қазақта «ит иесіне тартады» деген мәтел бар. Ал, бұл керісінше кәдімгі тазы, қазақы төбеттерден гөрі, бірте-бірте мінезі адырлау, қабағы қатқыл, бойында тағылық қасиет басым сібірліктерге үйреніп, іштарта бастағандай. Енді майда аңды місе тұтпайды, одан аңшылық құмары тарқамайтын болды. Ендеше, Алексе «Бингосының» күшігіне ен салғаны жай бір тұқымы басқа жаратылыстан туған үшінші ұрпақ неге қабілетті екенін көруге әуестігі шығар.
Осыдан ай шамасында «сенің сыбағаң» деп әкелген бір дорба бе- ламуры мен екі-үш сарысазаны бар Алексе мұның күшігін ерте келді.
«Бингоның» қасындағы ірілеу ала бауыр, қара құлақ тарамыс итті бірер айдан бері көрмесе де Ерлан жойқын екенін бірден таныды. Балықшы жаппасына соққан сайын қасына шақырып, басын сипап, әдейі арнап әкелген қоян, қырғауыл етін искетіп, дәмін алдырып тұратын-ды. Со- нысын ұмытпағанын білдіріп Ерланды көрген сәттен «біз бұрыннан та- ныстармыз» дегендей бұны іштартып, құйрығын бұлғаңдатты. Үй ар- тынан ақмойнақ келді, дік-дік басып. Келген бетте ғашығы «Бингоға» сүйкеніп, үнсіз ұғысты да жойқынға қарай бұрылды. Күшік бұрын-соң көрмеген әкесінен бір сәт жасқанғандай үнсіз тұрды да «Мынау кім, мұндайда не істеуім керек» дегендей енесіне қарап ақырын-ақырын қыңсылады.
«Бинго» допша домалап ақмойнақ пен күшігімнің ортасына шықты. Сосын екі аяғын көтере жалынышты кейіппен ақмойнақтың езуін жа- лай бастады. «Тиме әкесі, оған. Бұл сенің қаның» дегендей ұғымды білдірді Ерланға бұл көрініс. Жойқын қорыққанын білдірмеді. Анау о жер, бұ жеріне тұмсығын тигізіп, зілдей аяғын мойынына салып ырғап байқаса да мыңқ етпеді. Бір шетке ығысып кетпеді, не құлап қалмады.
«Бингода» ес жоқ, құлдыраңдап ақмойнақтың үстінен ары-бері ырғып өтіп, қутыңдап жүр. «Енді итіңді өзің ал, мына сібірлік бауырларымен таныссын, бір-бірімен үйреніссін. Енесімен бірге аң қуды, ізге түсуді үйренді. Мінезі әкесіне тартқан бір бет, аяғы сіңірлі, ұзаққа жүгіреді, қалыңға кіруден, суға түсуден тайсалмайды. Әлі жас қой, әдіс-айласы да аз, шошқа, қасқыр қамауға топпен бірге жарап қалар, өз бетінше ба- руы қауіпті. Кейін үйренеді емес пе? Саған айтарым ана аталастарына талатпа, сағы сынады, біразға дейін бөлек ұста. Тамақты бей-берекет бере бер ме, күніге бір мәрте, бір мөлшерде бер. Аңды ұстаған мезет- те мүмкіндігінше соның жүрегін алып асат, бүйрегі мен өкпе-бауырын жегізу де артық болмас. Бұл жағын өзің де жақсы білесің, Еруша. Иттің, әсіресе сенің сібірліктеріңнің бағасы жер-жерде қатты көтеріліп тұр, қызығушылар көп. Жойқын сияқты дүбәраға да құда түсуші жетеді. Солардың азғыруына еріп, айрылып қалма...»
... Молдақан қорығына ілінгенше сібірліктерден бөлек, өзіне жақын ілесіп келе жатқан жойқынға қарап Алексенің әлгі ақылын есіне түсірді Ерлан. Шынында адамның айнымас досы, жеті қазынаның бірі санатындағы итті бағалай білген жөн. Ол қателік жасап, айтқанын бұлжытпай орындай алмаса да ашу шығарып жекуге, ұрып-соғып азар беруге болмайды. Қателігін түзеуге көзін жеткізу керек. Үнемі нық, сабырлы сөйлеп, нақты нұсқау берсең олар да көп жаңылыспауға үйренеді. Итті алдама, өтірік сылап-сипама, не істесең де шын жүрек сезіміңмен істе, сен адал болсаң ол да саған адал.
Қорықтың ішіне ене бергені сол еді ақмойнақ Ерланға қарағыштап бәсең ырылдады. Әдетте аңның исін сезгенде осылай белгі беретін-ді. Сол мезетте оң қапталдағы жиде нуына кіре берген жойқын екі рет құмыға үрді. Ақмойнақтың жанындағы топ алдына құлағын тіге кілт тоқтады да, іле қарды бұрқыратып тұра-тұра ұмтылысты. Тортөбел құлағын қайшылап, аяғын жеңіл баса ауыздығын сүзді. «Бұлар нені сезді екен? Қасқыр ма, доңыздар ма? Олай дейін десе әлгіден бері қоян сүрлеуден түлкі мен қарсақты ізін басқан ірі аңның таңбасы білінген жоқ».
Тортөбелдің тізгінін тарта, тақымын қысқан Ерлан енді бір мезет- те жойқын жақтағы жыңғылды, шеңгелді жиде қопасын сатұр-сұтыр еткізе ақ тұман құйын көтерілді. Ит біткен солай қарай лап берді. Көзді ашып-жұмғанша ақ құйынға қарай ат басын жіберген жігіттің көзіне ілінгені бәкені шеңгелдің ішінен шыққан бір топ аңның қарсы тұстағы қалыңға қарай жүйткіп баратқаны болды. Бұлаңдап жалтара қашар қасқырға не тоңқаңдап шыңғыра жөңкіген шошқа үйіріне ұқсамайды, мыналар оқтын-оқтын көкке шапши атылып, бұта-бұта үстімен сынап- ша сырғиды. Әне-міне дегенше алдағы аққұйын ғайып болды. Демек белгісіз аң тобы тоғайға кіріп үлгерді.

Ерлан өзеншенің ернеуіне шыққанда ақмойнақ тобы қар үстінде солығын басып жатты. «Ұстатпай кетті, айыптымыз» дегендей сұрқаншық бұған кінәсін мойындағандай мүләйім қарады. Ат ба- сын іріккен ол төңіректен жойқынның қарасын көре алмады. «Қайда? Аңның соңынан қалмай кеткені ме?»
Ерлан атының басын әлгі құйынның өткен тұсына бұрды. Ер үстінен еңкейіп, тесіле із шолды. Дым білінбейді.
Атынан түсіп ақырын жүре қар үстіне қайта-қайта шұқшиды. Түк ажырата алсайшы. Із дейтін із емес біреу бір табын малды қуалап өткендей опай-топайы шыққан сыдырма сүрлеу. Ұлпа қар сусып өткен мақұлықтың ізін бүркеп жіберген, егер еріп, жіпсілің тартқан болса көп тұяқтан бірінің ені түсер еді-ау.
Анадайдан осылай жүгіріп келе жатқан жойқын көрінді. Қожайынға таянғанда артына жалтақтап шәңк-шәңк үрді. «Сендер қайда жүрсіңдер, маған неге көмектеспедіңдер?» деп кінәлаған сияқты. Шаршағаны білінбейді бірақ, қайта көздері ұшқын атып, делебесі қозғандай, әбжіл қимылдайды. Тортөбелін жетектеген Ерлан жиделі қоспынға дейін қардан көзін алмай тұтаса шапқан. Бір-жар бөлінгені болса оны ізінен айырар еді. Дегенде шағын өзекшені кесіп өтіп биікке көтерілген топтың ізінен бір-жар таңбаны аңдап үлгерді. Ерлан «Е, бұл доңыздың үйірі екен, баспақтың ізіндей мына бірі баттыйып жатыр. Мұнысы көп те болса қабандікі не кәрі шегежіңдікі»...
Молдақан қорығының дария жағы бытысқан қамыс пен қоғасына ит тұмсығы өтпес жыныс. Жазда алыс қалалардан келген аңшылар мемлекеттің рұқсат қағазымен осы қопадан қабан аулайтын. Солардың арасында Алексенің сұрауымен олар бірер мәрте ақмойнақтың көмегіне жүгінгені есінде. Шошқаның сол жатағына біреу көктемде өрт салып, орнында ұйқы-тұйқысы шыққан күйелеш түбіртектер қалған-ды. Қар түскенде тоғайдағы мына қорсылдақтар үрім-бұтағын шұбатып сол үйреншікті жайылымына келген сияқты. Қой, «жүрген аяққа жөргем ілінер» деген, уақыт өлтірмей Тарауыз тоғанын шолып, Қойлақымен егістікке түскен жөн. Тым болмаса бір топ иттің тамағын табайын. Ит пен мысықтың қарғысы жаман, асырама асырады екенсің аш қалдырма, обалына қаларсың...»
Ерлан шошқа табыны кірген жиделі тоғайдың жиегінде әдепкі кезіккен аңның сытылып кеткеніне өкінгендей қасқыр терісінен тігілген етігінің қонышын қамшының сабымен қаққыштай тұрып осы байламға келді. Сосын атының жалын тарап, бөктергідегі бүктеме дорбашықтан ыстық ұстағыш ыдысын алып буы бұрқыраған қою шай құйып ішті. Ішіп бола аспан бетін бұлт торлай бергенін, жұмсақ қоңыр ауа салқын лепке ұласып, майда қар түйіршегі жиілей түскенін аңдады. Сібірліктер екі аяғына басын сүйеп үнсіз жатыр. Жойқын ғана маңайындағы топ- топ шеңгел мен жыңғыл арасын кезіп, тыным таппайды. Жын ба, пері ме, әлгі бір уыс ақ құйындай ұйтқи ағып өткен топтың қызығынан құр қалғанына іші удай ашыған жалғыз сол тәрізді.
Ерлан елді бірер мезетте қалың қарға оранарына титтей де күмәнданбады. Бірақ тумысында сабырлы жігіт одан сескене қоймады да. Асықпай тортөбелдің шап тартпасын тартып, ер үстіне қонып жол бағдарына бұрылғаны сол артындағы тоғайшықтан жойқынның арсылдаған үні естілді. Бұған Ерлан да, тортөбел мен сібірлік иттер де елең-елең етісті. Иттің мына дыбысы аң көргендегі ақмойнақтың тәсіліне ұқсайды не де болса, енесі «Бингоның» тәрбиесін көрген күшік текке үрмейді, бұларды көмекке шақырып тұр.
Енді бір сәтте аңшы сібірліктерін қаптатып дыбыс шыққан қалыңға қарай ат қойды. Көлікпен тұтасқан тоғайға кіру мүмкін емесін көрген Ерлан ерден тез түсіп, тортөбелінің шылбырын қолына іліккен бұтаға іле сала, қос ауыз мылтығын бауырына қысқан күйде әрі қарай жаяу емпеңдеді. Ақмойнақтан өзге ит байлаулы аттың қасында ошырыл- ды. Бұл аңшының үйреткен тәртібі. Оң-солға имай-шимай бытысқан ағаштың қуыс-қуысынан алға ұзай берген ақмойнақтың ізін ала бұқпантайлай басқан Ерлан кенет оң жақтағы жабағыдай ұйысқан жыңғылды шарт-шұрт сындыра бір ірі аң алдынан зулап өткенін көрді. Ол доптай әуелеп заулағаны сонша жойқын мен ақмойнақтың үстінен асып барып түсті. Екі «мықты» сол мезет мұндай оқиғаға бұрын-соң тап келмегендігін білдіріп алды. Жойқын бұғып, ақмойнақ екі құлағын жымитып, белін бүкті. Одан әрі Ерлан шалт қимылдап кәнігі тәсілмен шағын алаңқайдан екінші рет аспанға шапшыған беймәлім аңды жоба- лай көздеп мылтық шүріппесін басты. Дүңк етіп күңгірт шыққан оқтың дыбысынан қарлы тоғай төңірегі солқ етті. Нысанаға тиген-тимегенін оқтың даусынан айыра білетін Ерлан «Шамасы тиген тәрізді, – деді, өзіне-өзі. – Мынау адам бойы жетпейтін бұталардан секіріп жүрген кеңгіру не түйе құс тақылеттес бір бәле болды ғой. Ұшып-қонып күнелтетін шайтан тумалас мұндай хайуанды бұрын-соң көрсем көзім шықсын. Япырмай ә, бұл не болды екен, өзі?»
Аңның құлаған тұсына асыға жеткенде Ерланның көргені ақмойнақтың қоңыр бұзау пішіндес әлгіні алқымынан езгілеп жатқаны еді. Жойқын оның қимылына қарап, шоқиып отыр. Қожайыны келісімен ақылды арлан әрекетін сап тиып, шетке ығысты. «Сен жарадың, сен жақсысың, ақмойнақ» деп күбірлеген иесінің мақтауына ризашылығын құйрығын бірер мәрте бұлғаңдатып, зілсіз ырылдауымен білдіреді ол. Ендігі кезекте аңшы кідірмей белдігіне ілінген қанжарын алып біссімілласын ұмытпай денесі болар-болмас дірілдеген олжасының алқымынан орып жіберді. Қызыл қоңыр қан қар үстінде көлкіді. Ерлан қар бетіне жайылғанды тілімен жалағыштаған жойқынның қылығын жақтырмай қатқыл жекіп, тиым салды да жұмбақ хайуанды асықпай қарауға кірісті.
Ақжағал қошқыл түсті жүні, жон арқасынан құйымшағына дейін шашырай жатқан алқандай-алақандай теңбіл меңі, алдыңғыдан са- лалы, ұзындау артқы сирағы, киіктікіндей қушық басы, сол бастағы қарыстай екі мүйізі бұл білетін аңның не үй малының біріне келмейді. Бейнесін кітап пен телеарнадан көрген бұғы мен маралға теңейтіндей тағы дәлелі жоқ. Мына масатыдай көкшіл түк жапқан буылтық мүйізде бір гәп бар сияқты. Сырдың бірде шөл, бірде көл болып жататын табанындағы алақандай тоғайында шошқа, қасқыр мен шибөрі, қоян, қырғауылдан өзге не бар? Тоғай дегеннің де аты болмаса байырғы сиқы кетіп, селдіреген ұйыңқы. Бір замандарда арасында тарғыл мысық жүретін нар бойламас ну қарағай қамыс пен қоғаны соңы жылдарда үй тұрғызғандар жаппай отап әкететін болған. Ендеше, мына мақұлық жоғарыдағы Шымкент пен Ташкен маңындағы көк орай жерден дария жағалап осында қоныс аударғандардың бірі шығар. Батыста жатқан Қарақалпақ құмынан Сырға құлаған қарақұйрық тәрізді ғой шамасы, бұл да.
Жел екпіні біртіндеп күшейіп, қар ұшқыны манадан жиілей түскенде Ерлан олжасын жайғап үлгерді. Өкпе-бауырын, жүрегін алып иттеріне бөліп асатты. Әрине ақмойнақ пен сұрқаншыққа, жойқынға үлес өзгелерден басымдау. Сібірліктер ауылдың жаман иттері тәрізді бірімен-бірі ырылдасып, тістеспей өз сыбағасын қанағат тұтады. Мына аңның қолға түсуіне жойқынның ықпалы тисе де Ерлан оның қызметіне ыстық жүректің тілімін бере тұрып, «сен жарадың, молодец» деген мақтаудан өзге үстеме сыйламады. Ұясына жете қабыл жойқын жас бол- са да ұстамдылық көрсетті, бөлінгенді жеді де, басқа сыбағаға көзін сат- пады. Ешкі мен арқар, бұлан мен киікке ұқсастығы бар аңның жүрегі, өкпе-бауыры бағымдағы семіз ісектікіндей майлы әрі үлкен екенін байқап, мұны да көңілге түйіп алды Ерлан.
«Мынаның мән-жайын аңшылар инспекциясының өкілінен бұрын әуелі ауылдастары Алтынбек, Дәурендерге айтайын. Не дейді, мүмкін оларға бұл бұрыннан таныс мақұлық шығар» деп ойланып келе жат- ты жолай да. – Осы төңіректің әр тоғайында қандай ағаш, нендей аң өсетінін алақанында тұрғандай талдап беретін, оны қолға түсіру үшін нендей әдіс, тәсіл қолдануға болатынын жіпке тізгендей айтатын баяғы Пазылдың көзін көрген жігіттер бұған жұмбақ болған жануарды білмеуі қисынға келмейді ғой...»
Ерлан алған аңының терісін алдарына жайып тастағанда Дәурен:
– Нақ өзі. Былтыр осының тұқымын Қойлақының маңынан атып алғанмын, – деді теріні көрген бойда. – Шеңгел-шеңгелдің арасымен бүкшеңдей басып бара жатқанда үстімнен әлдебір нәрсе зу етіп өтсін. Көлеңкесін ғана көзім шалды. Әепкіде үкі ме, бүркіт пе дедім. Шеңгелдің бетімді жырғанына қарамай жүгіре бердім, жүгіре бердім. Итім бір бүйірде жүрген. Сөйтсем әлгі үстімнен ұшып өткен нәрсе соның жаны- на түскен білем. Содан алапарым аяғының астына келген тегін олжаға қарай атылғанда анау жандәрмен кейін қарай секірген сияқты. Шеңгел, жыңғылыңды бұйым көрмей үстінен тарзанша заулаған албастыны жалғыз ауыздың қарауылына іліп үлгірдім, әйтеуір. Менің далаға айт- пайтынымды білесіңдер... Құлаған аңды көргенде сен құсап айран-асыр болдым. Сөйтсем мұның кәдімгі елік екен. Мұны аңшылардан білдім. Осыдан біраз жыл нобайында Сырға Шардара жақтан ауыпты.
– Иә, солай көрінеді. Келген жері қауіпсіз, өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туып, тұқымы көбейген.
Мына Қандоз бен Ақтастың, Келінтөбе, Аққорған түбегінің маңындағы қалыңға жерсінгендер дарияның ағысын жағалап Байкенже мен Қарғалыға дейін тарағанынан мен де аңшылардан естігенмін. Бірақ, оларды бірде заңды есепке алып, одан қайта шығарып, үкімет адамдары ескермей тастағанда өзге жұрт қайтсін? Көзіне түссе атып алып тамаққа жұмсағанды пайда көрмейтін жандар ілуде біреу. Әрі қазірлері олардың бірден-бір жансақтар панасы тоғайдың қабырғасы сөгіліп, жылдан- жылға сиреп барады. Осылайша жан-жақтан қысым түскенде еліктер амалсыз жазаңға шыға бастаған ғой.
Ақсары өңді жігіт Алтынбек осылайша әңгімені біраз мағлұматпен қоюлатып, өз болжамдарын жасырмады.
Кешке Ерланның үйінде еліктің ыстық қуырдағын қарбыта асап, білгендерін қызу ортаға салған көңілді аңшылар бірін айтып, біріне кетеді. Мүйізінің ақбөкен текесінікіндей еркекке күш-қуат беретін емдік қасиеті бары, еті жылқының қазысындай тығыз, дәмді кел- се, сорпасы тыныс жүйесі кеселдеріне таптырмас дәру екені ортаға түсті. Ендеше, осындай «ауылға құдайдың өзі әдейі жіберген тәбәрік аңды өткен-кеткенге айтып, сүйінші сұрағандай елпілдей бермеу ке- рек. Қайта көрген-білгеніміз көкімей ауызымызға ие болайық. Елікті атып, ит қосып қуып төңіректен бездірмей оны аман сақтаудың ама- лын жасайық. Ендігі жерде аяулы жануардың қорықшысы өзіміз,» десіп желпіністі олар. Дегенде сирек тұқымға айналып аты «Алтын кітапқа» енген жануар жайлы толымды дерек те, оны қорғауға ниет болғанымен қалай қорғайтыны да белгісіз еді.
Сайын далада желмен жарысқан ақбөкендер ана бір қар қалың түскен жылдары дарияны кесіп өтіп қарақалпақ құмдарының қойынына сіңді. Алпысыншы жылдары түрінен адам қорқатын, түсі тарғыл, тісі айқұш-ұйқыш, құрғақта бірнеше сағат өлмейтін «жылан балықты» да- риядан ұстағандар шығыстағы «жаулар судағы балық атаулыны жеп құртып, сосын құрғақтағы тіршілікті жалмайтын қолтырауын тендес тажал жіберіпті бізге» деп ел-ішін дүрліктіргені есімізде. Сосын түн бол- са үй-үйдің іргесінен балаша жылап, дене тітіркендірер үн шығаратын шибөрі атты қасқырдың азғыны пайда болғанда ауылдың аңғал шаруа- сы «дұшпандар бізді құрту үшін мал-жаныңды талғамай жейтін корен бөрі деген бәлекеттің тұқымын жіберіпті» деп және шуласты. Табиғатта осы тақылетті бірі келіп, бірі кетіп жататын құбылыстар жиі боларын, оны «жаудың» немесе жын-перінің әрекеті деп қараудың қисыны жоғын өмірдің өзі дәлелдеді. «Жылан балық» Сырдың жеңсік асына айналды, ши бөріні тұзақ құрып ұстап, терісінен тон етік, таңданыс тудырған екі мақұлқат та тұрмыс-тіршілігімізге әбден сіңісіп кетті. Бәрінен бұрын ақбөкендерден айрылып қалғанымыз орыны толмас өкініш болып қала берді. Оның Сырға, Сарысу мен Қаратау, Ұлытау, Бетпақдалаға, Үстіртке тұрақтамай Жоңғар тауларынан асып Қытайға, Қарақалпақ құмдарынан асып Иран, Араб елдеріне өтуі кім-кімге де ой салар жәйт емес пе? Соны кең даламыздың емшегін емдіріп табиғатымыздың қымбат қазынасы, көңілдің қуанышы ретінде өзімізде ұстап қалуға ақыл-парасат жетпегені ме? Енді міне, Сырдың бойындағы тоқымдай аз ғана тоғайымызда елік деген өзі көркем, өзі момақан ғажайып жа- нуар өсе бастапты. Елік қазақ үшін ең ардақты ұғымның бірі. Қасқыр не шибөрі емес ол. Сондықтан Қожакенттің аңшылардың ниеті әлбетте баға жеткізгісіз сауап іс. Ол қалай орындалады, елік тұқымының тағдыры не болмақ?
Осы сауалдар мұнан былай қайда жүрсем де жүректің бір түкпірін бүркілдетіп, көңілді мазасыз күйге бөлейтін болды...





Пікір жазу