18.07.2022
  310


Автор: Жақсылық Рахматулла

АРЛАННЫҢ АЖАЛЫ

Наурыз айының алғашқы күндері. Жер әлі алағат. Ойшұңқыр, сай- салаға қар суы шүпілдеп толған. Жыңғылды, сексеуілді құм іші меңіреу. Таң алакөбең тартып, түн көрпесі түріле бастаған... бір төбенің бауы- рында ешкісі мен лағы, текесі аралас ақбөкеннің шоғыры ұйлыққан. Табын қарасы біраз еді. Бұл кезде сақа ешкілер мен тұмса шібіштердің бөксесі ауырлап, бүйірі өсе түскен. Олар бұрынғыдай желмен жарыса жүйткіп, жер танабын суыра ұзақ жортуға құлықсыз. Күн, сағат сайын жетіліп, жарық дүниеге шығуға асыққан іштегі шарана жануарлардың елерме желігін басып, еріксіз тәубесіне түсіргендей.
Табынның шетінде, құм қырқасының қияғындағы жабағыдай ұйысқан сарыжағал сексеуіл ығында басын тұқырып, жоны шөмиіп, белі бүгілген көтерем теке тұр. Оның анау, еңістегі аталастарының ара- сына кіріп, бойын жылытуға аңсары ауса да, қозғалуға қауқары келмеді әрі тағдырына көндігіп қалған жайы бар. Мына табын оған жат, осыдан екі күн бұрын бөлінген бауыр басты үйірінен әлі күндерін үзбеген.
... Солтүстіктен көтерілген суық жел сәт сайын ызғырық атып, күшейе түсті. Содан саумал даланың сай-саласында сайран салып, жаратылыстың жұмағында жатқан бөкендер атамекендерінен дүр көтеріліп, батысқа қарай амалсыз жылжыды. Сүйекті шаққан өткір жел бір пәске де демін тартпады, оның арты ақ түтек бұрқасынға айналды да төкпе қар жер бетін біржола тұмшалап, басып салды. Маңайда тіске басар бір түйір қылқан қалмады.
Аққұла боран үш тәулікке дейін аяқ суытпады. Селдей жөңкілген бөкендердің қалың шоғыры бұл кезде Шу мен Сарысу өзендерінің жалаң белін өтіп, оңтүстіктегі Телікөл, Арысқұм қойнына кіріп, әупірімдеп әрең жан сауғалаған.
Сарыарқаның былқылдаған жусаны мен үлпілдеген боз көдесіне бауырын сипатып жатқан кербез бөкендерге енді Сырдың кермек шыр- пысы мен ащы ажырығы бал татыды. Олар егінге жабылған көк қасқа шегірткедей мың-мыңдап қаптап, аз күнде ой мен қырдың түте-түтесін шығарды.
Алайда, мұнда да жанына сая табылмады. Оқтын-оқтын құм қой- наусындарын гүрілдеген жат, үрейлі үн кернеді. Артынша тұс-тұстан түн жатырын жалаңаштап ақ сәуле осқылады. Көз қаритын өткір жарықтар момақан, аңғал дала еркесін сиқырлап алды. Сәуледей ырғалып, оңды- солды толқындай шайқалған табындар бір сәтте ұйлығып тұра қалысты.

Осы кезде жарқ-жұрқ етіп гүрсілдеген ғаламат дыбыстан құлақ тұнды. Жерге қонған бір шоқ жұлдыздай жарқыраған жанарларға қарай ыстық от бұршақтары қарша жауып кетті де бөкендер шалғы тиген құрақтай жапырылып, жусап қалды.


* * *
Жамбасын шарпып өткен ыстық шоқтан шошынған теке алдындағы ешкінің үстінен орғып өтті де ақ сәуленің шеңберінен шығып, қара түннің қойнына сүңги берді. Содан тарбиған қарабарқынды қобыға еніп, одан қалың сексеуілді бозаңға шыққанда барып арынын басты. Бойын билеп алған үрей артына қарауға мұршасын келтірмей алға же- телей түсті. Ол қайда барады, алда не күтіп тұр, оны түсініп жатпады, әлгі ақ сәуленің астында опыр-топыры шығып, ыңырана, ышқына, мөңірей құлап жатқан аталастарының аянышты халі көз алдына еле- степ, сол сұмдық оқиға болған жерден қашық кетуге ұмтылып, ұзақ жортты.
Құланиектене таң атып, төңірек нұрға шомыла бастағанда бөкен жазыққа шықты. Сәл солығын басып, жан-жағына тінте қарады. Төңірек жым-жырт. Артына бұрылғанда, әлгінде ғана тастап шыққан құм жоталарының сұлбасы көрінді. Сексеуіл, жыңғыл бұталары үрей мен қорқынышты далдалап, жасырып тұрғандай.
Оның Сыр бойына алғаш келуі емес-ті. Бұл құм ішіндегі үшінші қысы. Ол күн шуағы маужыратып, қоңыр самалы денесін сипаған туған даласын қаншалық қимағанымен табиғи құдіретіне лаж таппай жат өлкеге амалсыз келеді. Егер сірескен қар мен күміс тұяғының астында сірнедей қатқан мұз болмаса дәл қазір мына қатыгез жерде бір күн де тұрмас еді-ау...
Бөкен алдындағы тайпақ төбешікті қапталдай жүріп, үстіртке шықты. Алыстан бір топ аталасын көргенде өінің жалғыздығын сәл ұмытқандай болды.
Табын шетіне тақап келген оған айбат көрсетіп, шеттету болған жоқ. Бірақ, ол марғау ешкілер мен бас текелерді жатырқағандай өзін сырт ұстаған. Және жамбасын шаршып өткен ыстық шоқтың орны сыздап, мазасын алды. Сол күні бөкендер құм ішіне кіруден қаймығып, ашық далада отықты. Түнге қарай текенің құлағына үйреншікті гуіл тағы да талаурап жеткендей болды. Ол жерден басын көтеріп, қалт тұрып тың тыңдады. Әдепкіде оны жақындап келе жатқан жел, боран сарынына ұқсатып еді, кейіннен ол түйсігі бекерге шықты, гуіл енді үздік-создық гурілге ұласып, жақындай берді.

Танауы шелектей желбіреген теке мойнын жерге созып жіберіп тұяғын серпіп қалды. Сақпанның үніндей тарс еткен дыбыстан та- бын түгелдей елең етісті. Ол секектей жортып әудем барып тоқтады да гүріл шыққан тұсқа секем ала қарады. Кенет, әлгі тұстан түн қойнын осқылай жоғары-төмен жүгірген ақ жолақ сәулені көзі шалды. Өткен күнгі зобалаң оқиға осындай құбылыстан болғанын түйсінген теке енді кідірмеді. Мойнын ішке салып, ысқырына дыбыстады да құм белдеуін бетке алып тартып кетті. Келіп қалған қауіпті сезген марғау ешкілер жалт-жалт бұрылып, қас-қағымда мың сан тұяқтан ұшқан қар ақ түтек болды. Теке соңынан ерген табынның сарынын еміс-еміс сезіп, ша- бысын үдетті. Өткендегі келген ізіне түсуге жүрегі дауаламай, құм жиегіндегі сүрлеумен шығысқа қарай заулады.
Ышқына шапқан бөкендер түнгі даланы дүбірлетіп біраз жерге ұзап кетті. Ақ сәуле жолағы оқта-текте бір жарқ етіп алыстан көрініп тұрды, бірақ гүріл, гуіл естілмеді. Төніп келген зауалдан құтылғандай болған жолбасшы енді шабысын тежеп бүлкекке салды. Дембіл-дембіл мойнын төмен салып жерден дыбыс алғаны болмаса кідірген жоқ. Содан түн ортасы ауған мезетте осы құмның ығына жетті. Соңынан жөңкіле ерген табын да жан-жағына үрке жалтақтасып ойпаңға үйірілді.
Теке жамбасының сырқырап ауырғанын, денесі қалтырап әлсірей бастағанын сезді. Содан бір жатып, бір тұрып таң алдында ғана көз ілді... ол түсінде қып-қызыл шоқтай жайнап тұрған қызғалдақты туған даласын көрді. Гүлдің көптігі сондай, ине шаншар ашық жер жоқ. Ол үлбіреген қауыз үрпіне тамсана қарап сәл-пәл қыбырсыз тұрды. Тана- уына жусан исі келді, мамыр желі жаңбыр лебін әкелді. Артынша жел екпіні күшейе берді де, қызғалдақты алқапта қызыл су жөңкілгендей сансыз толқындар пайда болды. Әлгі толқындар бірте-бірте биіктеп мұны оқпанына тарта түсті. Өкпесі қысылып, тынысы тарылды, әлсін- әлсін жұпар ауасын қармап тұншыға бастады.
Бір кезде найзағай оты жарқ етіп, күркіреген дыбыстан жер дүние дірілдеп қоя берді. Құлағына үрейлі гуіл жетті. Бөкеннің зәресі қалмады, ол қашпақ болғанда қоянсүйек бұтағына соғылып, омақаса құлады. Есін жиғанда үстіне төніп тұрған адамды көріп, қорыққанынан көзін жұма қойды.


* * *
«Бірінші май» совхозының шопаны Шайман үйінен ертелеп шығып көршісі Дүйсенбектің қыстауына бет алды.

Шопан қыстан әлсіреп шыққан малын қорада ұстап, сары майдай сақтаған жемі мен шөбін оның аузына тосатын. Әсіресе, қоздайтын саулықтарды ерекше күтімге алатын. Сондай қарбалас күндердің бірінде Сұлутөбеден ауылдық Кеңес төрағасы сәлем жолдапты. «Биыл совхоз бойынша әр жүз саулықтан жүз бестен қозы алуды межелеп отырмыз. Сондықтан Шайекең өзі басқаратын бригада мүшелерімен, депутаттармен пікірлескені жөн» депті Бақытбек.
Алматыда өткен республика шопандарының кеңесіне барып қайтқан Шайекеңнің үйден түзде жүрісі көбейген еді. Бірде аудан, бірде облыс басшылары шақырып, жиналыстың төріне отырғызып қоятын болды. Сосын жиналыс басқарушылар «Бүгінгі біздің жиынымызға шопандардың республикалық кеңесіне қатысушы, Сырдария ауданы
«Бірінші май» совхозының атақты шопаны Шайман мырза қатысып отыр» деп тамам жұртқа жар салады. Онымен қоймай «кәне, озатқа құрмет көрсетейік» деп, көпшілікті еріксіз қол соқтыратыны және бар. Сонда бұл қараптан-қарап қара терге түседі. Көзін бақырайтып қойып мақтаған ел басшыларының қылығын көлгірсуге жорып, жүрегі мұздай болады. Орнынан тұрып «Елден ерек жасаған ерлігім жоқ. Мен де өздеріңдей ет пен сүйектен жаралған пендемін. Төлді көп алсам ол жұрт қатарлы жақсы өмір сүрудің қамы. Маған қол соғып қошеметтемей-ақ қойыңдар, біле білсеңдер көзге мақтағаннан қорлық жоқ» деп шығып кеткісі келеді. Бірақ, оған тәуекел ете алмай мылқау адамдай үн-түнсіз отыра береді.
Бірде ол ауданнан «енді жиналысқа барсам атым өшсін» деп ант-су ішіп келді. Сол антында тұрып, совхоз басшылары машина берсе де, үгіттеп алдап-суласа да шақырған жерге бармай қойды. Ауылдық кеңес мәжілісінде оған «Мұныңыз депутатқа лайық емес, сіздің облысқа бір көрінгеніңіз бізге мың күндік абырой» деп кінә да тақты. «Менің шару- ам қой бағу, егер біржола мәжіліске қатысуға шықсам, онда менен мал- ды қабылдап алыңдар» деп бұл да көнбеген. Осыдан соң мазалаған кісі болмай, күнделікті кәсібіне алаңсыз кіріскен еді.
Ол Кеңес төрағасының бұл жолғы сәлемін орынды санады. Депу- тат шопандар жиыны деп дабыра қылмай-ақ, Дүйсенбектің қонақасына біраз шопандар келетінін естіп ортасында болуды қалады. Әлбетте әңгіме үстінде шаруа жайы қозғалады. Жыл он екі ай бойы жастанып, қар кешіп баққан малынан нәпақа күтпейтін шопан бар ма? Қозыны көп алса, табысының да көп болатынын білмейтін аңғал адам қайда? Ендеше, науқанды аман-есен өткізейік, қиналғанда бір-бірімізге сүйеу болайық, ағайын деп бәтуә жасаса, оның күші қаулыдан артық.

* * *
Ойға шомып келе жатқан шопан астындағы атының әлденеге елеңдеп, тықырши бастағанын аңғарды. Ол жолдан бұрылып жазыққа шыққанда күтпеген көріністің куәсі болды.
Бұл тұрған жерден бір шақырымдай жерде жатаған құм төбешік бар еді. Сол төбешікті бетке алып бұқпалай басып бара жатқан қасқырды көзі шалып қалды. Оның тектен-тек жүрмейтінін білген ол төбешіктің бойын тінткілеп асықпай төңірекке көз салған. Сонда ұйлығып тұрған ақбөкен табынын көрді. Бөрінің пиғылын енді түсінген Шайман атын тебініп шаба жөнелді. Бұл ойдым-ойдым қар сірнесін бұрқыратып төбеге жақындағанда қасқыр да табынға араласып кетті. Бірақ, соңынан шыққан айқайдан тайлығып, жемін тастай жалт бұрылды. Табын суатқа құлаған қойдай шұбап құтқарушының алдын кесіп өтті.
Шайман бөріні біржола бездіріп жібермек ниетімен төбенің үстіне көтеріле бергенде аяқ астынан ісектей бөкен текесі жатқан орнынан атып тұрды. Әуелде ол мұны қасқыр тартып кеткен екен деп ойлады, сосын болмашы бұтаға сүріне жығылып, орнынан тұра алмай тырбаңдағанын көріп, атынан түсті. Теке ендігі тағдырына мойынұсұнғандай қашуға әрекеттенбей тып-тыныш жатты. Терісінен сүйегі білеу-білеу болып көрінген бөкен әбден жүдеген екен. Оң жамбасында пышақ тілгендей жараның орны бар. Егер осы күйінде қалдырып кетсе әлгі қасқырға бұйырары анық. Шайман атына мінді де көкпар ілген машығымен бөкенді алдына өңгеріп алды.
– Оу, мұның не? Маған әкелген тартуың ба? – деді текені көрген Дүйсенбек, көзі жайнап.
Ол болған жайды айтқанда анау «иә, сіз болмасаңыз далада аң, құс қала ма?» деп мысқылдай күлді.
– Мынаны қораңа кіргізіп қой, қайтарда алып кетемін, – деді Шай- ман көршісінің сөзіне мән бермей.
Дүйсенбек бөкенді мүйізінен сүйреп қораға кіргізді де қайтып келді. Сосын естіген оқиғасын ежіктеп сұрап алды да:
– Қасқыр көрдім дейсіз? Ойпырмай, ол зұлым мұнда қайдан жүр?
Сырда да, қырда да соңымнан қалмады-ау, атаңа нәлет.
Былтыр бес қозымнан айрылып, жоспарымды орындамай қара бет болып ем, енді қайттім? – деп жыларман болды. Оның ит-құстың атын естісе, қарғап-сілеп, еліріп кететінін білетін Шайман:
– Е, «аңшының» аңнан қорыққанын кім көрген? Астыңда атың, қолыңда мылтығың бар, неден сескенесің? Көзіңе көрінсе атып ал да терісінен ішік тіктір, – деді әзіл шыны аралас. Бұл қалжыңды естіген шопандар кеңк-кеңк күлісіп Дүйсенбекті қағыта жөнелді.

– Сарысудың қасқырын құртып көзімізді ашып ең, енді Сырдың бөрісін тәртіпке салып берші...
– Иә, сөйт Дүйсеке. Ұшағы бар достарыңды сұрасаң шаруа бітіп жатыр.
– Рас, төңірегімізді ит-құстан тазартсаң бір-бір қозыны қидық саған. Онсыз да соған жем болып кетеді ғой.
«Қорқақты қуа берсең батыр болады» дегендей, Дүйсенбек те жауаптасуға төселіп қалыпты. Ол қонақтарының қалжыңына «Хайуанның сырын Шайекең біледі. Ұшақ шақырып шығынданып қайтеміз, одан да делегатымызды елшілікке жіберіп, ит-құспен мәмілеге келейік. Маған бермек қозыларыңды осы кісіге қиыңдар» деп тәп-тәуір уәж қайырды.
Шопандар енді Дүйсенбекті қойып бұған ауды.
– Мұның дұрыс, Шайекең хайуанның тілін білмесе әлгі арыстай текені өңгеріп келе ме?
– О, не айтқаның, шындағанда нағыз аңшы Дүйсенбек емес, Шай- ман ғой...
– Иә, иә, «аңға шықса атпайды, малға шықса жатпайды» деген жұм- бақтың шешуі осы адам.
Шайман аңшылықты кәсіп етпеген кісі, бірақ үйінде мылтық ұстайды. Оны жалғыз үйдің тыныштығын қорғай қояды деп те ойла- майды. Алайда жеті қазынаның бірі санатындағы құс мылтықты қауіп- қатерге араша тұратын айбар көреді. Өріске шыққанда иығына іле кетеді, далада аң, құс кездескенімен оларды атпайды. Бүкіл ғұмырын мал соңында өткізген әкесі марқұм «Қасқыр да өзіне қастық еткен адамына өш, залалыңды тигізбесең ол да саған тиіспейді. Егер екі аяқтының қолынан зәбір көрсе, етіне таңба, жүрегіне қайғы түссе онда өле-өлгенше кек тұтып, ебі келсе есесін қайтарады. Бұрынғы қариялар үй маңына қасқыр күшіктесе оны жақсылыққа жорыған, өйткені ол қоңсының қотыр лағына тиіспей, қайта өзге жыртқыштардан қорғайтын болған. «Қасқыр екеш қасқыр да қораға шаппайды» деген сөз содан қалған. Қасқыр азулының ішінде ақылды әрі намысшыл мақұлық» деп отыратын. Сол әңгіме бала кезінен құлағына сіңіп қалған шопан қасқырды дұшпан санағанымен оған пәлендей зәбір көрсеткен жері жоқ.
Бірде Дүйсенбекке қатысты мынадай оқиға болды. Шопандардың әзіл-қалжыңы да содан өрбіген ғой.
Ол мамырдың ортасында Сарысудағы Сарапан жайылымына көшіп барды. Шайман түс әлетінде отарын құдықтан суарып, беткейге өргізді де, киіз үйдің іргесін ашып тастап, демалып жатқан. Есік алды- на мәшине келіп тоқтады. Ол ферма бастығы Пазылханның шопыры екен, саулық сұрасып болысымен «Сізді Пазекең шақырып жатыр» деп мұның ешнәрсеге мұршасын келтірмей ала жөнелді. Содан өзенге тақау отырған түйешілер ауылына келді. Үй маңында шөпке қонған иеліктей имиім пәрелі ұшақ тұр. Шопырдың жолай айтуынша совхоздан келген уәкілдердің көлігі осы. Ол «О, баршылық заман-ай, ертедегі басшы- лар атпен жүреді деуші еді, оны көрген емеспіз, біздің білетіндеріміз лөккебаймен жүретіндер еді, енді ұшаққа мінетіндерді де көрдік-ау» деді таңданып.
Ол табалдырықтан ішке аттағанда төрде отырған совхоздың бас зоотехнигі Дарханбек пен Пазылханды көрді, өзге үш жігітті ұшқыш болар деп жорыды. Ол жағалай қолдасып амандасты да ферма басты- ғының тізесін баса отырды. Үй иесінің ұсынған шұбатынан дәм татып, мал-жан амандығын сұрасқаннан кейін Дарханбек:
– Ұшаққа мініп көріп пе едің? – деді бұған бұрыла қарап. Ойда жоқ сұраққа не жауап қайтаруды білмей ол бейтаныс орыстарға қысыла көз тастады. Ортада отырған бірінің «төбесі тесік» пе, бұған шұқшия қарап қалыпты. Оның жылтылдаған көзінен «Ат пен есек, одан қалса түйе мінгеннен өзгені көрді деймісің, бұл жабайы қазақ» деген мысқылды сезгендей болып, намысы келді.
Сонау бір жылдары Патыма депутат сауыншы атанып дүрілдеп тұрғанда, Мәскеудегі халық шаруашылығы көрмесіне барады. Әйелінің ұшақпен барып қайтқанын білетін бұл «Ойпырмай, мәшиненің иісінен жүрегің айнитын еді, шыдадың ба әйтеуір» деп таңданады. Кейін шопандық кәсіпке келгенде мұның өзі де озат атанып, Алматыға бірнеше рет барып қайтты. Сонда ұшақтың рахатын көрген.
Малшыны мақау санап, сәл жерден кемсітетін талай-талай мық- тылардың сөз астарын түсінбей масқара болғандарын да біледі. Алма- тыдан келген бір дөкей ілгеріде қымызға қызып алып «Бұл ағаларыңның бармаған жері, баспаған тауы қалды ма? Семейдің де, Көкшетаудың да, Талдықорғанның да, тіпті қырғыз бен қалмақтың да қонағы болып, қымызын ішкен» деп шалқығанда есікке таяу отырған Бөкей деген шопан:
«Е, ағасы, талай жердің дәм-тұзын татқан екенсіз, ал Шиелінің қымызын ішіп көрдіңіз бе?» – дейді оған. Әлгі оған аузын ашып, бақырайып қарап қалады. – Пай-пай, қымыз деп солардікін айт, тура бал татиды. Аудан- нан біраз кісі тәжірибе алмасуға барып қайттық. Қарабұлан дегеннің үйінде бір күн болып, сый-сияпат көрдік, – деді шопан ананың мысын басқанына онан әрі айызы қанып. Бұл «көпті көрген» қонақты тіпті есінен тандырғандай әсер етті. Ол әп-сәтте желпінген көңілін басып:
– Сіз, сонда Чилидегі Корваланның қолынан дәм таттыңыз ба? Құдайым-ау, өзіңіз нағыз бақытты кісі болдыңыз ғой... Дұрыс, дұры-ы-с-с. «Ерді кебенек ішінде таны» деген, тегін адам емес екеніңді келгеннен-ақ байқап едім, – деп табан астында қоғадай иіліп кетсе керек. Мал соңында жүргенімен шопан екеш шопан да газет оқып, теле- дидар көреді. Дастарқан басындағы малшылар көрші ауданның атын туу жер түбіндегі Чилимен, оның озат жылқышысын қуғын-сүргінде жүрген Луис Корволанмен шатастырып алған қонағынан қысылады. Бір нәрсені бүлдіріп алғанын сезгендей ол алдына тартылған қойдың басын қолына алып жатып, ет турап отырған Шайманға «Ағасы, қалай ит-құс
мазаны алып тұрған жоқ па?» дейді әңгіме бетін басқа жаққа аударып.
– Әзірше тынышпыз. Дегенмен оқта-текте... – деп айта бергенде Бөкей және киіп кетеді.
– Е, ағасы даланың бөрісі үйреншікті жауымыз ғой, бұйырған қойын жейді де жөніне кетеді, бәрінен қиыны қаланың бөрісі болып тұр, ол бірін жеп, бірін өңгеріп кетеді.
Қанша дегенмен заты қазақ емес пе, бұл жолы қонақ өзінің «мақтамен бауыздалғанын» түсінді де нарттай қызарып, қолындағы басты алды- на қоя салады. Сонан, кісілерін шығарып салғаннан кейін құрдасына
«Қонақ менікі, дастарқан менікі, саған не жоқ. Ішіп-жегеніңді бойыңа сіңіріп жөніңмен отырмаймысың» деп өкпесін айтса, ол «Мен бір аста- надан келгесін дардай әңгіме күтіп отырсам, ішкен-жегенін айтып қояр емес. Ондай дөкейден ауылдағы Бөкен артық» деп жырқ-жырқ күледі.
Дегенмен Шайман қонағын құдайындай күтіп үйренген салтына томпақтау келген жағдайдан көпке дейін ыңғайсызданып жүреді. Әлгі қонақ әжептәуір ренжіп қалған екен, совхоз директіріне «Шопандарыңыз малын тілімен семіртеді екен, тәжірибесін Қазақстанға таратамын» деп кетіпті. Әбсәми Бөкейдің қылығын бетін басып сөккен жоқ, әйтсе де өзі қашыртпа сөзге, астарлы әңгімеге бейім ол «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деген, ауыл үйдегі қышыма әзілді қонаққа айт- пай, әдеп сақтамаймысың. Енді сенің қырсығыңнан атымыз шығатын болды деп кейістік білдіреді.


* * *
Инелік ұшақтың ұшқыштары мұның не ойлап отырғанын қайдан білсін, бірімен-бірі шүйіркелесіп, бұларды әжуалай бастады. Орыс тіліне нан сұрап жерлік жортағы бар Шайман сөз мәнісін түсінді.
– Әлгіде «вертолет» құлдилай жөнелгенде мына бастық корық- қанынан бұтына жіберіп қоя жаздады, – деді шикіл сары шиық-шиық күліп. – Енді келіп қойшысына мықтымсып отыр. «Аспанға ұшып көрдің бе?», – дейді. Малдан басқа не біледі бұл байғұс.

– Иә, иә, сахараның нағыз перісі. Бірде жапан далада қой бағып жүрген осындай бір қазақты көріп, не істер екен, байқайын деген әуестікпен дәл төбесіне келгенде төмендедім де тұра қалдым. Қойлар тым-тырақай қашып кетті, әлгі қойшы есігінің үстінде қозғалмай отыр, қорқатын түрі жоқ. Таяғын аспанға шошайтып, есегін нұқып-нұқып қояды. Шамасы «есегімнің басын ауыртпа» дейтін тәрізді. Аяп кеттім, – деді оны қоштаған екінші серігі.
Шайман ішінен «түсінігіңе болайын, қызталақ, ол саған «есектің миындай миың жоқ» дегені ғой» деп ойлады. Оған мысқылдай менсін- бей қараған үшіншісі «Ой, мынауыңнан түк шықпайды, шамасы тірі ұшқышты бірінші рет көріп отыр-ау, тілінен айрылды», – деді түңіліп.
Дарқанбек те орысшаға қара жаяу емес еді, бірақ неге екенін қайдам, бәрін есіте отырса да мыңқ етпеді.
– Жігіттерің әдепсіз екен, – деді Шайман оған. – Сөз төркінін байқадың ба, «су ішкен құдығына түкіріп» отыр ғой. Ал, бұл не жүріс, неге шақырдыңдар?
– Дымың ішіңде болсын. Шайеке, қайтесің, қонағына өкпелеген қай қазақты көрдің. Ісіміз осыларға түсіп тұр, сандала берсін, бізді ит- құстан құтқарса болды да.
Дарханбек қолын ақырын сілтеп, көңілсіз жымиды. Шопан оның намыстанып қалғанын байқап, онан әрі қажаған жоқ, өзінің сұрағына жауап тосты.
– Осында кім көрінгеннің сөзін есту үшін келмедік...
«Ит-құс мазаны алып бітті, «көмектесіңдер» деп мына ферма бастығың кеңсенің табалдырығын тоздырған соң деректір аудан бас- шылары арқылы «вертолет» жалдады. Өзен бойын «қасекеңдерден» тазартып беруге шықтық. Сен осыған көмектес, ана жыртқыштардың жымын білесің, жол көрсет.
– Жо-жоқ, қинама. – Шайман бұл істен ат-тонын ала қашты. – Олардың жатқан-тұрғанын білетіндей аңшы деймісің, менің баққаным қой, қасқыр емес. Жүдә, бар ғой, осыларыңа қарсымын. Ол да табиғат анадан туған мақұлық, өмір сүруге құқығы бар. Өзіңе-өзің бекем болсаң тиіспейді. Егер «жатқан жыланның құйрығын» бассақ, айрыл- мас бәлеге қаламыз.
– Қой, ей, не деп отырсың, құрметті Шайеке, о заман да, бұ заман қойшының қасқырға араша түскенін естісем құлағым керең болсын. Астапыралла, өңім бе, түсім бе? – Дарханбек ферма бастығына иек қақты. – Сіз не дейсіз бұған, Пазеке?
– Бұл азаматтың сөзіне қарағанда «көршісімен» тату көрінді, шама- сы екі жақ қару қолданбауға шарт жасасқан болды.

– Мәселені ойынға айналдырмаңдар. Вертолеттің әр сағаты қып- қызыл ақша, кәне, не істейміз?
Пазылған жол нұсқауды деп сенім артқан шопанның әлгі сөзіне шекесі тырысып қалған еді. Бірақ, алған бетінен бұрылмайтын Шай- манды уәжбен тоқтатпаса ашумен ықтырып немесе өтірік көлгірсіп жөнге салуға болмайтынын ойлады да іш пыстаны ішінде қайнады.
– Менің ойлағаным сендердің қамың еді Шайеке... Жатқан жыланның құйрығын баспай-ақ қояйық, ал, сонда «қасекеңдердің» ферманың тышқан тоқтысына тиіспейтініне, тиісе қалса шығынды төлейтініне қолхат бересің бе?
– Оу, бұл не дегенің? – шопан шындап ашуланды. – Қолхат жаза- тындай маған актімен өткізіп қойған ит-құсың бар ма? Айтсам бұрынғы- лардан естігенімді, өзімнің көрген білгенімді айттым. Мен баққан малымды сақтауға кепілдік беремін. Фермадағы әркімнің міндеті де сон- дай. Ендеше, жоқ жерден ілік іздемей, адамдарыңа иелік ет. Бұл әрекет- теріңнен ештеңе шықпайды, түйенің мойнындай өзен иіріміндегі бес- алты қасқырды құртқаныңмен бүкіл Бетпақдаланы тазарта алмайсың.
– Жарайды, ендігің құлаққа кірмейді, – Пазылхан тыжырынды. – Бір жөні болар, адаспаспыз..
– Көр де тұр, – деді ұшқыштың «төбесі тесігі» жорта түсін суытып, – осыдан көнбедің бар ғой, қасқырларды тура үйіңе айдап апарамын.
– Сөйт, Николай, Шайекеңнің әуселесін көрейік. Дарханбек тағы кейістік білдірді.
– Әзілді қойсаңдаршы. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», тауығыңның аяғы сынса бәлесін бізге жабудан тайынбас.
– Оны басындағы тақияндай көр. Ал, – Шайман орнынан тұрды, – мен қайтайын. Ренжімеңдер, қой да, қасқыр да аман болсын.
– Сіз ойланбайсыз ба? – Енді «төбесі тесік» ұшқыш оған қиыла өтінді. – Табысқа ортақ боласыз. Бір қасқырдың терісі қазір екі мың сом, үшеудің бірін беремін, тегін ақша қалтаңды тесе ме?
– Жоқ, өзіңізге бұйырсын. Мына серіктеріңе айтарым, – Шай- ман білетін орысшасына басты. – Мұнан былай «екі елі аузына бір елі қақпақ» қойып сөйлеуді үйренсін. Қойшыны «жабайы, байғұс» деп қорламасын. Солай.
Ұшқыштар бір-біріне көз қиығын жіберіп күйбеңдесіп кетті.
... Шайманның қонысы өзен бойынан аулақ, баялыш пен киік оты аралас жазаңда болатын. Өрісте жүргенінде оқта-текте үйірінен бөлініп қалған бірен-сараң бөкен кездесетін, сай-салада ол қоян мен сабалақ түлкі қашатын. Бірақ, бұл төңіректен қасқырдың ізін де, өзін де көрмеген.

Бірде көрші шопанның үйіне барып, қайтар жолда түз тағысын жолықтырды. Ол оң қапталындағы бөліктей дөңгелеген төбенің үстінде бұған қасқая қарап тұрды. Шайман сескенген жоқ, әншейінде адам көзіне түсуден жасқанатын жыртқыштың тапа-тал түсте, жалаң далада жүргеніне таңданды. «Сірә, өткендегі аңшылардан» қуғын жеген болар,
– деп жорамалдады ол елеңдей басқан атының тізгінін тарта ұстап. – Әйтпесе, бұрын неге көрінбеді? Япыр-ай, сыңарынан айрылып, қанына қарайған пәле болмаса нетті, тіпті бой жасырып қаймығатын емес,
«келсең кел» дегендей едірейіп тұр ғой!»
Шопан қауіп ойлап ұзай берді. Қасқыр төбеге қойылған тас мүсіндей тұрған орнынан тапжылмады.
Осыдан кейін Шайманнан маза кетті. Түнемелікке құс мылтығын басына жастанып, отар шетінде жатты. Күндіз ұлы Серікті орнына қалдырып, өзі маңайды шарлады. Ондағы ойы бөрінің қайда тұрақ- тағанын білу еді. Егер жақын төңірекке қоныстанса көршісінің шырқын бұзбас, ал тұрақты жатағы болмаса, онда жақсылық күту қиын, кез кел- ген уақытта малға шабады.
Ол төңіректі кезді, алайда ит-құстың бір белгісін таппады. Сосын
«айдалада не бітірсін, өзен бойына қайтып кеткен болар, бекер әбігерге түскен екем» деді өзін-өзі жұбатып. Сонысы шындыққа айналғандай көпке дейін жалғыз үйдің тынышын бұзған ешкім болмады.
Сарысу даласында құбылы құдық көп. Оның бәрінде де мал- шы отыр. Құдық-құдықтың арасы әр қилы, ең жақыны жеті-сегіз шақырымдай. Соның өзінде шопандар бір-бірімен аяқ-табақ қатысып, екі-үш күнде жүздесіп тұрады. Бірінің жағдайын екіншісі біліп, той- томалағын, қайғы-қасіретін бірлесіп көтеріседі. Телефон байланысы, иә рациясы болғанымен олардың құлағы түрік.
Бас зоотехник пен ферма бастығының «инелік ұшақпен» өзен жағасындағы қалың жыңғылды паналаған ит-құсты қырып салғанын барша білді. Дүйсенбек деген шопан «аңшыларға» жол көрсетіп, ақысына ішіктік тері алғаны да тамам жұртқа тарады. Ол «Шайман жыртқыштарға қамқор боламын деп, құдай айдап келген несібесінен қағылды. Мен үш сағатта бес мың теңгелік дүние таптым, әрі Сарысуды арамтамақ хайуаннан тазарттым» деп кездескенге күпілдеп жүргенде Шайман «бекер жасаған екен. Тон кидім деп сорлап қалмаса жарар еді» деп оның ұшқалақтығын жақтырмаған.
Сол күдігі дәл келді. Шайман құдықтан мал суарып жатқанда елі- ріп Дүйсебек жетті. Сәлемдесіп болысымен анау асығып-аптығып ша- руасын айтты. «Үш күн болды бала-шағам қамауда отыр, – деді ол. – Айтқаныңыз айдай келді, ағатай. Бір қасқыр үйімді торуылдап жүр, адамнан да, иттен де жасқанар емес, кәпір. Екі рет мылтық атып оқ дарыта алмадым, атпен қуып та көрдім, шаң қаптырып кетті. Екеулеп көзін жоймасақ, малды қойшы, залалы адамға тие ме деп қорқамын. Көмектесіңіз».
Шайман көршісіне қол ұшын берейін десе «ит-құсқа тиіспеймін» деген анты бар, оны бұзса не болғаны?! «Бәлені басыңа сатып алған өзің, ендеше азабын тарт, менен қайырым күтпе» деп бетін қайырып тастайын десе ауылдасын аяйды. Жаны ашығанмен жыртқыштың аты жыртқыш, сеніп болмайды.
Шопан еріксіз Дүйсенбекке ілесті.
– Арлан қасқыр анау сыйлыққа алған теріңнің исін қимай жүрген болар. Әйтпесе өлімге басын оп-оңай тіге салады деймісің, – деді Шай- ман бөрінің қылығын өзінше топшылап. – Сендегі қаншығының болма- са күшігінің терісі-ау...
– Туу, махаббатының күштісін-ай, ә.. Оған кім сенеді. Анада бұл кәззаптың ұшақтан қалай құтылып кеткеніне қайранмын.
– Енді көзін жоймасаң, күн көрсетпейді. Аңдысқан жау алмай қоя ма... Қырғыз жазушысы Шыңғыс баяндаған ақ қасқырдың әулеті емес пе екен?
– Итім біліп пе, бір қияндағы қырғыз түгілі қазақтың да өз бөрісі өзіне жетеді ғой.
Бұлар іздеген жоғын қиналмай тапты. Қасқыр Дүйсенбек үйінен бірер шақырым жердегі қарған су кеулеп тастаған кішкене жырашықта жатыр екен. Ат тұяғының дүбірін естіп алыстан қашқан бөрі маңайлатпады. Алайда, ыстық күнде ұзаққа қаша алмай қуған мен қашқынның арақашықтығы қысқара түсті. Ол өзінің құтылмасын сезді ме, кенет бағытын кілт өзгертіп, көз ұшында бұлдыраған Дүйсенбектің үйіне қарай зымырады. Шайман «мынау қайтеді-ей» деп ойлағанша болған жоқ қараша үйге жетіп те қалды. Үй айналасы бір сәтте құйын көтерілгендей шаңғытып кетті де бұлар арланнан көз жазды. Бүйірі қызған аты бас бермей Шайман есік алдынан зуылдап өте шықты. Сон- да ол айдалаға қарай зытып бара жатқан мақұлықты көрді. Дүйсенбек те соның соңынан далақтап шапты. Манағыдай емес бұл жолы екеуі де қашқынды ұзатпай қармады. Сөйтсе қасқыр деп қуғаны шопанның сары ала төбеті. Ол иесін танып, құйрығын бұлғаңдата жерге сұлай кетсін.
Өзінің алданып қалғанына әрі үйге келген қасқырдан қорқып қашқан итіне күйінген Дүйсенбек еркелеп бұтын көтере берген сары аланы «Ой, атаңа нәлет» деп қамшымен бір тартты.
– Қасқыр қайда, жер жұтты ма?

Шайман оның сұрағына жауап қатпастан кері қарай құйғытты. Үй іргесіне тоқтағанда әйелдің бажылдаған дауысы, балаларының шуылы естілді. Алғашқыда бөрі үйге кіріп, сойқанды салып жатыр екен деп шошыған шопан апыл-ғұпыл аттан түсіп, есікке жақындағанда:
– Қасқыр қосқа кірді, ойбай есікті ашпа, – деді шопанның келіншегі бажылдап.
Не болғанын түсінбей алақ-жұлақ еткен Дүйсенбекке:
– Қорықпа, жігітім, – деді Шайман. – Бала-шағаң аман, ал «қонағың» қоста демалып жатқанға ұқсайды. Қазір барып сәлемдесесің.
– Қа-қай-да-а?
Ол анадай жерде тұрған итарқа үйшікті саусағымен нұсқады.
– Үндеме, әлгі терілерің сонда ма?
– Иә, иә... Ойбай, енді қайттім?
Қайткені несі, аузыңның салымы бар, тышқан мұрнын қанатпай тағы бір екі мың теңге пайда табатын болдың. Ал, мылтығыңды оңтайлап ұста. Байқа, жіберіп алма, есіктен басы көрінісімен ат.
Дүйсенбек шегіншектей барып ашық есікке мылтығын кезеніп тұра қалды. Шайман қосты айналып қолындағы уықтың сынығы- мен іргені түрткілей бастады. Іштен тырс еткен дыбыс білінбеді. Ол бұрынғыдан да батылырақ қимылдады, бірақ онысынан нәтиже шықпады.
Қос дегені екі қабат керегенің басын матастырып байлай салған, сырт жағы бітеу де аузында кісі сиярлық ғана есігі бар, үстіне туырлық жабылған жолым үй болатын. Малшылар мұндай үйшікте қазан-аяқ, азық-түлік сақтайды.
Киіздің шаңын әрі-бері бұрқыратып сабалаған Шайман:
– Болмады, – деді Дүйсенбектің жанына келіп: – Мына таяқты ұста да ішке кір.
– Ойбай атама!
– Ау, енді не істейміз, осылай тұра береміз бе? «Қасекең» солығын басса теңдік бермейді. Бол, қимылда.
– Шайеке-ау, қинамашы мені.
– Онда есікті жабатын бір нәрсе әкел.
– Ошақ басында керегенің сынығы жатыр, – деп іштегі әйел да- уыстады.
Шайман жүгіріп барып жарты керегені әкелді де, қостың есігін тіреді.
– Ал, енді қорқатын ештеңе жоқ. «Қасекең» анық іште болса, қаншығының терісін иіскеп жата берсін.
– Шынында іште ме өзі, жоқ босқа арам тер болып жүрміз бе?

– Іште, ойбай, іште... өз көзіммен көрдім.
– Әй, сен де ит-құс болып кеттің бе, неге шықпайсың сыртқа, есікті іліп алып сарнағанша, – деді Дүйсенбек әйеліне зекіп. – Аш есікті, қасқырың қамауда.
Екі шопан есік көзіне жабылған керегені үш бұт темір оқамен, бақанмен тіреп, әбден нықтады. Сосын туырлықтың шетін бастырған арқанды пышақпен қиып жіберіп, киізді сыпырып тастады. Сол кезде жалаңаш керегеден іштегініңі бәрі көрінді. Арлан дәл ортадағы дөңкиген қаптың үстінде жер бауырлап жатыр екен. Оның суық, өткір жанарынан жасқанған Дүйсенбек қойқақтаған жүрісінен жаңылып қалды.
– Айтайын ба? Қарашы сұмырайдың қадалуын. Шайман жыртқыштың шарасыз күйін көріп:
– Шай ішейік, шөлдедік, – деп мылтығын қолында шошайтып күйіп-піскен жігітке. – Енді бұл қорадағы қоймен тең. Мүмкін маған сыйларсың.
– Шының ба, Шайеке? Тіпті тірідей жетектеп кетсең де ризамын.
– Бопты онда.
Ойыны ма, шыны ма дегендей Дүйсенбек, аузы аңқиып оның бетіне қарады.
– Тек айрылып қалсаң, екеуміздің ажалымыз осыдан болады.
Көрдің бе, көзімен жеп барады, малғұн.
– Шылбыр арқан акел, сөзді көбейтпей.
Дүйсенбек босағадан сығалап тұрған әйеліне әмір берді.
– Әй, анау жаңадан ескен шылбырыңды лақтыр мұнда.
Жылқы қылынан есілген арқанның ұшынан тұзақ жасап, уыққа ілген Шайман серігіне: – Кәне, сен алдына таман жақындап алдарқата тұр, қорықпа, – деді өзі екінші бетке шықты. Басына зауал төнген жыртқыш Дүйсенбекке қарай атылуға ыңғайлана берді. Сол сәтте Шайман көзі ілеспес әбжілдікпен уықты ішке сүңгітіп бұғалақ салды. Арлан алқымын қышқаштай қысқан тұзақтан құтылуға әрекеттеніп, жанталаса бұлқынды, ұршықтай иіріліп, аспанға шап- шыды. Алапат ашумен керегеге ауыз салғанда қаусырманы аударып тастай жаздады.
Арқанды шірей тартқан шопан әзер дегенде бөріні әлсіретіп барып жықты.
– Әб-бәлем, осымен шаруаң біткен шығар, – деді ол, бөріні кере- ге көзіне матап болғасын. – Қазір аузыңа құрсау саламын да жөніне жіберемін. Сосын қайда барсаң, онда бар.
– Шайе-ке, – деді Дүйсенбек тұтығып, – оныңызды қойыңыз, жібер- геніңіз не? Б-б-болмайды ол.

Шайман шылбыр қиып ісінген алақанын сипалап тұрып: – Ендеше хайуанаттар көрмесіне жөнелтемін, еркіндіктен жерісе қалған өмірін темір тордың ішінде өткізсін, – деді.
Дүйсенбек:
– Есіңіз дұрыс па? К-Көрмеңіз не тағы... Арам тер боп ұстаған арланымның жайын өзім табамын, – баж ете түсті.
– Әй, жігітім, – Шайманның даусы зілді шықты. – Бәтуа бар ма сен- де? Жаңа ғана жетелеп кетсең де ризамын дегенің қайда?
Дүйсенбек мұрнын тартқыштап, зорлана ыржиды. Ерінің ыңғайсыз жағдайда қалғанына қысылған әйел:
– Ағай, оның сөзін көңілге алмаңыз. Осы көрген құқайым да жетеді. Бұл үйде не қасқыр тұрады, не біз тұрамыз. Құтқарыңыз мына жауыз- дан, – деп жылап қоя берді.
Дүйсенбекте тіл жоқ. Еншіге тиген бөріні не істерін білмей Шайман дал, қандасын жақтап, басын өлімге тіккен мәрттігі үшін оны аулаққа апарып босатып жіберейін десе онсыз да үй торып жүрген неме мына- дан кейін мүлдем жауығып кете ме деп қорқады. Аузына бұрау салып қоя берсе қорлықпен аштан өлер еді, олай азаптағанша атып тастаған сауап, бірақ өлімге қиятындай жазығы қанша? Басқаны қайдам, әзірге дәл Дүйсенбек пен Шайманға келтірген құттай залалы жоқ.
Егер қасқыр мен адамның бір-біріне жасаған қиянатын безбенге салып өлшесе, адамдікі басым түсер еді. Басқасын айтпағанда дүниеге енді келген жазықсыз бөлтірікке кімнің жаны ашиды? Жақсылық жа- садым деген пенденің өзі тірсегін қиып, құлағына ен салып кетеді. Екінші біреулер көзін ойып тастайды немесе түгел көтеріп әкетеді де, көз көрмес, құлақ естімес жердегі таныстарына апарып сыйлайды, не керек, ерте ме, кеш пе, адам қолынан опат болады.
Осындай жауыздығы үшін адам тұз тағысынан қандай рақым күте алады. Жалпы рақым күтерліктей не беті бар?
Адам өзді-өзі керіседі, келіседі, жауығады, достасады. Ал, тілсіз мақұлық пен арадағы қатынасты қалай реттейді. Тегінде «жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады» деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек.
Ол әрі ойлап, бері ойлап «Қой обалыңа қалмайын, бірер күн лаждап ұстайын да келген-кеткендерден хайуанаттар көрмесіне жөнелтейін» деген тоқтамға келді. Сол күні Дүйсенбек екеуі темір тордан үйшік жа- сады да оны елсіз далаға құрып, бөріні ішіне қамап қойды. Ал, ертесіне оны осында келген автодүкен сатушысынан Сырға жөнелтті. Сату- шы жігіт «көрмеге өткізсе үлкен сыйлық аласың» дегесін тұмсығына бұғалық салған бөріні қойша көтеріп, кабинасына салып алды.

* * *
...Дүйсенбектің берген қонақасына шопандар риза болысты. Ең маңыздысы орталарындағы қариясы дәм берген шаңыраққа жақсы лебіз айта келіп, отырғандардың баршасына амандық-саулық, ынтымақ, бірлік тілеп, батасын берді. Төл алудың алдында бұл нышан жақсы бол- ды.
Шайман атына мініп жатып Дүйсенбекке:
– Әлгі бөкенімді әкел, – деді.
– «Көкпар салған жерінде», мен оны қимай тұрмын, – деді ол.
– Қой, әңгімені жігітім, сасай текені жеп ішің өтеді.
– Шын айтамын, соны маған байла, ырым болсын. Жем-суын беріп бағайын, мүмкін үйіме келген қыдыр шығар.
– Сенейін бе, сенбейін бе, аң-құсқа мейірімің түссе құдай жолыңды оңғарар. Тіпә-тіпә, тіл-сұқтан аман бол.
– Әзілдеме, көрші. Мен адалын айтып тұрмын.
– Бір сұрағанын беріңіз аға, – деді жандарына келген шопан әйелі Шайманға. – Шынында хайуанның кепиетіне ұшырадық па, тірлігіміз- дің қиюы қашып жүр.
– Болсын, – деді Шайман мына сөзге көңілі еріп. – Расында бұл сен- дерге жақсылық әкелер. Әйтеуір бір нәрсеге сенген жөн ғой.
Шайман үйіне көңілі өсіп қайтты.
Сол жылы Дүйсенбектің төл ертпеген тұсағы қалмады. Ал, Шай- ман болса тағы да астанадағы үздіктердің жиынына шақырылды. Бірақ, ол онда барған жоқ, өзінің бауыр басқан Сарысуында қалды. Артынша ел жақтан «коммунистер тақтан тайды, қазақ еркіндік алды, енді шо- пан атаулы болмайды, әркім өз қалауынша кәсіп етеді» дегендей хабар жетті. Содан көп ұзамай қалыпты тірліктің бәрі бытысып, адам түсінбес әлек басталды. Совхоз тарады, қорадағы қойға кім көрінген ен салды... Дегенде табиғат өз уілінен жаңылған болмады.





Пікір жазу