Түшкірген адамға «Жаракәмалла» деп айтуға болама?
Сүннет бойынша түшкірген адам: الْحَمْدُ لِلَّهِ / «әлхамдулилләһ» дейді.
Оны естіген қасындағы мұсылман: يَرْحَمُكَ اللَّهُ / «йәрхамукәлла» деуі тиіс.
Ал түшкірген кісі оған жауап ретінде: يَهْدِيكُمُ اللَّهُ وَيُصْلِحُ بَالَكُمْ / «Йәһдинә уә йәһдикумуллаһ уә юслих бәләкум» деп айтады[1].
«Жаракәмалла» деп айту қате ме?
Ал енді «Жаракәмалла» сөзіне келсек. Бұлай айтудың дұрыс, не бұрысын нақты айта алу үшін, алдымен: ол сөз қайдан шыққан? Мағынасы бар ма? Мағынасы болса қандай мағына береді? – деген сауалдарға жауап іздеп көру керек.
Ол сөзді «йәрхамукәллаһ» сөзінің өзгертілген түрі деушілер бар. Бұл да қате емес. Бірақ, менің ойымша, бұл сөз өз алдына бөлек бір сөз болуы керек. Тарқатып айтар болсам:
«Жаракәмалла» деген сөз, негізінде арабша сөз. Оның түпнұсқасы - «ЖарукәлЛаһ» (جَارُكَ اللهُ ). Кейін айтыла-айтыла «жаракәмалла» болып өзгеріп айтылып кеткен сияқты. «Жарукәллаһ» сөзінің мағынасы: «Алла - саған жақын болсын», «Жақының - Алла болсын», «Панаң – Алла болсын», "Алланың панасы мен жәрдемі саған жақын" болсын деген мағыналарға саяды.
Араб ұлтында «Жаруллаһ» деген адам есімі бар (جارُ الله ). Мысалы, 19-20 ғасырларда өмір кешкен атақты татар дін қайраткері, жазушы Мұса Жаруллаһты (1878-1949 ж.) айтсақ болады. Және де әйгілі Құран тәпсіршісі Имам Зәмахшаридің есімі «Жаруллаһ» болатын. «Жаруллаһ» дегеннің мағынасы: «Аллаға жақын адам» дегенді білдіреді. Ал ортаға «Кә» есімдігін қыстырып «Жәрукәллаһ» десек, «Алла сенің жақының болсын», «Алла - панаң болсын» деген мағына шығады.
Бұнымен қатар, аталмыш сөздің парсы тілінен келген бе деген де ой келеді. Парсы тілінде «Жар» сөзі бар (يار /«Йәр»). Парсы тілінде «Жар» сөзі - «дос», «серік», «жолдас», «сүйікті» деген үғымдарды білдіреді. Мысалы, қазақта ерлі-зайыптыларды «жар» деп атайды, бұл сөздің де түбі парсы тіліндегі - «Йәр» сөзінің қазақшадағы нұсқасы. Ендеше, «Жаракәмалла / Жарукәлла» сөзін фариси сөз десек те, оның мағынасы - «Қолдаушың Алла болсын», «Досың Алла болсын» дегенді білдірмек.
Қорыта айтқанда, халық арасында қолданылатын «Жаракәмалла» сөзі негізінен алып қарағанда арабша сөз. Оның түпнұсқасы: «Жарукәллаһ» деген ойдамыз. Олай болған жағдайда мағынасы: «Жақының – Алла болсын», «Алла – панаң болсын» дегенді білдірмек. Түшкірген кісіге қарасты олай айтудың ағаттығы болмас. Десе де, сүннетке сай айтам деуші мұсылман «йәрхамукәллаһ» дегені абзалырақ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі былай де бұйырған: «Сендерден кім түшкірген болса «әлхәмдулилләһ» деп айтсын. Оған жолдасы не дін бауыры: «йәрхамукәллаһ» десін. Оған «йәрхамәкәллаһ» деп айтқаннан кейні, (түшкірген) кісі: «йәһдикумуллаһу уә юслих бәләкум» десін». Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №6224 хадис.
Абдусамат Қасым