ДОС-ЖАРДЫҢ БАТА, ДҰҒАСЫ
Ағуз-зи-биллə сөздің анасы,
Бісмиллə сөздің сарасы,
Осылай деп айтады,
Құранның отыз парасы.
Қымбатын мұның қарашы,
Жақсы менен жаманның
Жер менен көктей арасы.
Əйелдің күні немене,
Бетінде болса қарасы.
Қабыл еткен əуелі,
Адамның үлкен баласы.
Бірге туған егізін
Аламын деген таласы.
Ағайын араз болады,
Азғырса шайтан ханнасы.
Береке тұрар бірлікте
Ауыздың жаман аласы.
Ауылда болса бір жақсы,
Жүрмейді жаттың жаласы.
Адуан ердің баласы,
Жетпеген кімге құлашы?
Бес атаға келеді
Үзілмей ата мұрасы.
Жалайыр асқан Ақылбай,
Мырзадан Ноян құдасы.
Өлікке сауап болады,
Дос-жардың бата, дұғасы.
Інісі Бижан бел құдаң,
Адамның халал жуасы.
Сəмбеттің ұлы Беделбай,
Жоталы еді қайының.
Баладан, байдан айырылып,
Жалғыз отыр үйінде
Сорлы болған зайыбың.
Жыламай адам тұра ма,
Жыламай адам тұра ма,
Аһ дүние пенделік,
Расулымыз өткен соң,
Біздер қайтіп көнбелік.
Көнбес көпір болады,
Дүниеге сенбелік.
Қарасат майдан болғанда,
Тас таразы құрады.
Жақсы-жаман, бай-жарлы,
Азды көпке теңгеріп.
Жарамайды тірлікте,
Пақырды байдан кем көріп.
Асыраған бір Алла
Баршасына жем беріп.
Жесірдің күні немене,
Өтеді күн сенделіп.
Байлы қатын жүреді,
Қайғым жоқ деп белденіп.
Қайтып адам боламыз,
Біз бишара жөнделіп.
Біссіміллə сөздің басына,
Ағайын келді қасыма.
Бір күнгідей болмаған,
Дүние деген осы ма?
Көңілден қайғы босатсам,
Келе ме көздің жасына.
Жыламай қайтіп шыдайын,
Кешегі өткен Асылға.
Асылым түсті қолымнан,
Қанатым сынды оңынан.
Құдай қосқан жайсаңым,
Адастырды жолымнан.