КІМ ҚАЛАР?
Жасымда жетім болып безіп кеттім,
Қаңғырып айдаланы кезіп кеттім.
Түсімде Қабекеңнен өлең алып,
Қызырға бай қылатын кезікпеппін.
Ауызданбай үш күндей жатып алып,
Анамның құрсағынан безіп кеппін.
Болса да бойым қысқа, денем мықыр,
Жалғанның қиынына төзіп кеппін.
Халыққа алдаушының бірі болмай,
Өлеңнің мəт тəштитін ежіктеппін.
Кісі өлсе дауыс жазып, мақтап, жаттап,
Жалғанның құрт-малтасын езіп кеппін.
Дейді екен ұсталардан дат қалады,
Дейді екен жазып кеткен хат қалады.
Дейді екен өлгеннен соң қабіріңде,
Саудырап сүйегің мен жақ қалады.
Дейді екен мирас болып ұлың қалар,
Дейді екен бұйырмаған пұлың қалар.
Адамға ажал тағдыр жақын келсе,
Қызықты қызық дүние қырын қалар.
Бауырың, дос-жараның, туғандарың,
Ұл-қызың, аға-жеңгең, інің қалар.
Ақынмын, ел ақтаған бақсы емеспін,
Адасып айдалада жыным қалар.
Хат білмеген ақынның арманы да,
Сөзімді жаза алмаған мұңым қалар.
Мен онша байлар құсап қиналмаспын,
Малым жоқ, жасау, жамбым, кімім қалар?
Басыма белгі тұрса болады да,
Демеймін көк шатырлы үйім қалар.
Қиыны жататұғын тар лақатта,
Сайраған құмар бұлбұл тілім қалар.