16.07.2022
  184


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БИЛЕРГЕ

О, Жəлменде, Қожбанбет!
Естімеген елде көп.
Ебін тапқан епшілдер,
Биге де шығар екі жеп.
Көргендерің көп дейтін,
Айтыңдар енді ақ сөйлеп,
Не деген сұмдық мына кеп?
Бес қаруын асынып,
Төреге Тезек бас ұрып.
Тал түсте тартып əкетті,
Дəнекердей жеңгемді,
Жеті жендет басынып.
Қараң қалды, əнеки,
Асулы қазан, жағулы от,
Жиған жүгі шашылып.
Мұның бəрін сендерге,
Айтады Бақаң ашынып!
Ел сиынған екі би,
Тоқтат мына кеселді.
Телі тентек жүрмек пе,
Басып, жаншып осы елді?
Жан қысылған шақтарда,
Шарапатын көрмесек,
Не ғыламыз шешенді,
Ділмарсыған көсемді?
Аталы сөз аузымда:
«Мың асқанға бір тосқан»,
«Ақтаған тары таусылар»,
Ашындырса ол елді,
Ақиған көзі алайып,
Жұмылар да ашылар.
Қаһарға мінсе қалың ел,
Əуселесі басылар.
Күндердің күні болғанда,
Ойрандалып ордасы,
От, ошағы шашылар!





Пікір жазу