16.07.2022
  134


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

БІР ЛАҒЫМ БАР ЕДІ ТЕКЕСЫМАҚ


Бір лағым бар еді текесымақ,
Өліп қалып, кеп тұрмын теке сұрап.
Екі айтқызбай Малайжан берсе дедім,
Болмаса да аласым, өтесім-ақ.
Ақын сөзге ағынан жарылады,
Байға кедей жоқтықтан табынады.
Малдың жанын, Малайжан, білесің ғой,
Бір топ ешкім текесіз қаңырады.
Лəйқұл мақпуз ғаламның жазуымен,
Қатындардай байы өлген аңырады.
Теке болып жарытар көрінбейді,
Сұр ешкімнің кенже еді ақ лағы.
Ауылыңызда текенің барын біліп,
Бəрі шулап осылай маңырады.
Барғын деді маңырап Малайыңа,
Қаңғырам ба теке іздеп Жалайырға.
Ешкілерді некелеп куəйттəйін,
Көшіп келе қалыпсың маңайыма.
Бес текенің біреуін бермесеңіз,
Теке қайдан оларға табылады.
Əкелері өлгенді білді білем,
Лақтар да шуласып жамырады.
Қорықпаңыз үш ауыз өлеңінде,
Бір бұйымтай бар ма деп тағы-дағы.
Кешке дейін кақсатпай текеңді бер,
Ақыныңның ауырар жағы-дағы.






Пікір жазу