16.07.2022
  218


Автор: Бақтыбай Жолбарысұлы

ОЙПЫРМАЙ, БҰЛ НЕМЕНЕ, БҰЛ НЕ ҚАУІП?

Ойпырмай, бұл немене, бұл не қауіп,
Іздеп тұр бұл көңілім ойын-сауық.
Басыма бір оқиға пайда болды,
Қорғалап жатып едім жаңбыр жауып.
Ақ ешкі, қара ешкі, ешкі, ешкі,
Ойыным қалып барад ерте-кешкі.
Паналап сол бір жерге жатпас едім,
Барады жаңбыр өтіп, киім ескі.
Мына ешкі қарала ма, сарала ма,
Дүниеде мұндай ешкі жарала ма?
Кім білсін, осы жолы құдай білер,
Бақтыбай үйіне аман бара ала ма?
Мүйізі шұбар ешкі жапырық па,
Мен жаттым қуыс жерде қапырықта.
Апырмау, менің есім тура емес пе,
Келем бе жөнсіз сөзді сапырып та.
Құлағы көк ешкінің салпаңдаған,
Жете алмай жетім лақ қалтаңдаған.
Кенеттен өз басыма қауіп туып,
Болдым ғой мен бір пенде жалтаңдаған.
Алдымда жағал ешкі тоқал ма екен,
Мына ешкі одан гөрі осал ма екен?
Алдымда қараңдаған қойшы ма əлде,
Ол мені көрсе егер тосар ма екен?
Сұр жағал бара жатқан серке ме екен,
Серке болса ешкіге ерке ме екен?
Аман болып аз ғана қой жинасам,
Қойды артынан шұбатса, ерте ме екен?
Бара жатқан бөрте ешкі теке ме екен,
Бақтыбай үйіне аман жетер ме екен?
Киім-кешек алуға бірін сатсам,
Алып барып базарға өте ме екен?
Тұяғы ешкілердің маймаңдаған
Шөп жұлқып, жол шетінен шайнаңдаған.
Кедей-кепшік жан бағып жүріп едік,
Бере гөр, жаратқаным, жəрдем маған.
Аяңдап, аяқ жеңіл, аттай желдім.
Келе сап үлкендерге сəлем бердім.
Аяғы не боларын құдай білед,
Осымен аман-есен үйге келдім.
Сөйлесем бет ашылар көңіл кілті
Бар жоғы білінбеді үйдің мүлкі.
Үй ішіне көршілер айтып жатты,
Ақын болар балаңыз көтеріңкі.





Пікір жазу