16.07.2022
  134


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Таңның атуы...

Таңның атуы,
Күннің батуы
Бір біріне ұқсайды айнымастан.
Адамның келуі,
Қартайып өлуі –
Қуанышқа секілді қайғы ұласқан.
Күнді тұрған ашық,
Кетеді бұлт басып,
Куә соның бәріне мөлдір аспан.
Кейде асып-тасып,
Кейде белден басып,
Арпалысып туған тіл мен жат ұғым,
Айым күнді көрмей,
Күнім айды білмей,
Өтіп жатыр күндер жылжып ақырын.
Аспан асты тар ма,
Көктің шегі бар ма?
Көп нәрсеге жетпей қойды ақылым.
Төрт аяқтап кіріп,
Екі аяқтап жүріп,
Үйрендік қой бұл өмірде тік тұрып.
Тілде болмай сүйек,
Күйге қойып тиек,
Кейінгіге елдік сырын ұқтырып.
Артта қалып ізің,
Жұртқа жетсе сөзің,
Шүкірлік қыл...
Міне – нағыз мықтылық !





Пікір жазу