16.07.2022
106
Қадірін біліп босаға, төрдің...
Қадірін біліп босаға, төрдің,
Алқынып жүріп алпысқа келдім.
Алланың берген ырзығын жедім,
Алланың берген қызығын көрдім.
Үстінен қарғып қазылған ордың,
Ыстықта күйдім, суықта тондым,
Арасын жалғап бақ пенен сордың
Қап-қара шаңын шығардым жолдың.
Басыма түскен бейнетке көндім,
Қастасып жүрген дұшпанды жеңдім.
Қуатын көрдім ұйтқыған желдің,
Астында қалдым қозғалған сеңнің.
Маңызын білдім шөл менен көлдің,
Қарызын білдім бір менен нөлдің,
Ағаштың өскен жемісін тердім,
Тағдырдың берген олжасын бөлдім.
Сөйлеген сөзін қиналған елдің,
Айтқаны дауа жақсыға ердім.
Бойымда барды аямай бердім,
Үмітімді үзбей, Аллаға сендім.
Аллаға сендім!
Қалтқысыз сендім!