16.07.2022
94
Алладан келіп сый неше...
Алладан келіп сый неше,
Қолына билік тигелі,
Темірді Дәуіт илесе,
Сүлеймен желді биледі.
Тұрған соң асып қадірі,
Іздеген заты табылды.
Алысқа жетіп әмірі,
Жын-шайтан түгел бағынды.
Көтерді басқа салғанын,
Тұра алмай таяқ таянбай,
Жындар да салып жандарын,
Жасады жұмыс аянбай.
Тағылым болар ұққанға,
Қылса да қанша иелік,
Кеудеден жаны шыққанда,
Таяққа тұрды сүйеніп.
Таяғын ақыр құрт мұжып,
Жантайған сәтін көргенде,
Кеткенін өліп кеш біліп,
Болыпты жындар шерменде.
Біреуге шаттық әкеліп,
Біреуді қылған құсалы,
Тұратын бәрін көтеріп,
Алланың бұл да нышаны.