16.07.2022
  106


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Бұл өмір түгел ғұмырым емес...

Бұл өмір түгел ғұмырым емес,
Ғұмырдың, бәлкім, ширегі,
Шақырып жатса алдағы белес,
Бітпейді шаруа үйдегі.
Қонса да Қыдыр фәниде жалған,
Жеттің бе мұрат-мақсатқа?
Сағымдай алдар таусылмас арман,
Жетсең де қанша жақсы атқа.
Ел-жұрттан тағы кеткенде жырақ,
Бықсиды ішің түтіндей.
Асығып қайтем ол жаққа, бірақ,
Шаруамды тегіс бітірмей.
Ілгері қарай жылжиды денем,
Күтеді алдан сапар көп.
Біткен соң шаруам, сұраймын Сенен,
Сол жерге мені апар деп.





Пікір жазу