Қарап тұрсаң, ғажайып жаратылыс...
Қарап тұрсаң, ғажайып жаратылыс,
Бір көргенге секілді дала тыныш.
Қыбырлаған тіршілік жер бетінде
Өмір заңын жалықпай үйретуде.
Бал жинаса аралар омартада,
Жатыпішер сона да құмарта ма?!
Ал бұзылған өрнегі өрмекшінің
Еске салды еңбегін еңбекшінің.
Таппаса да дәу табан жұмыстан мін,
Кетті тапап илеуін құмырсқаның.
Табадағы сазандар зорға піскен
Балықтар ғой еріксіз ауға түскен.
Көктің жүзін билеген мына қыран
Айырыпты аққуды сыңарынан.
Тауықтардың көп көрген ықыласын
Қораздың да бұлбұлдан дауысы басым.
Ерсі болып тұрса да естігенге,
Қойдан қымбат көк сақал ешкілер де.
Ақбөкендер далада сабылысқан
Бүкір мылтық оғынан мұрттай ұшқан.
Тырнақты мен тістілер болып дұшпан,
Бір біріне жем болып, ажал құшқан.
Бұл жалғанда, әйтеуір, күші басым
Әлімжеттік жасаса қысыласың.
Сондай қылық, амал не, адамдарда
Жиі-жиі жатады ұшырасып.