Еш уақыт ұмыта алман
Еш уақыт ұмыта алман
Бұл жалғанның сұр кейпін,
Жүріп жатыр соғыс қатал
Аяушылық білмейтін.
Полигонның зардабынан
Оттың басы бүлініп,
Ауыр тағдыр салмағынан
Жатқандар көп жығылып.
Жүргенімен жүзі жайнап,
Көкірегі мәз емес,
Өзін өзі оққа байлап,
Асылған да аз емес.
Түрі жаман жанған өрттен
Қайғылы ана зар илер,
Іштен шықпай қойған дерттен
Шетінеуде сәбилер.
Тұр ғой анық көзге түсіп
Қалған әдет бұрыннан,
Қайтса біреу арақ ішіп,
Қайтқан біреу шылымнан.
Ұстар тізгін кер кеткенде
Не боларын көріп пе ең?!
Бозбала мен бойжеткен де
Қаза болған желіктен.
Келер күннен үміт күтіп,
Қалмаса да жолынан,
Кеткендер бар демі бітіп
Дәрігердің қолынан.
Бұрыс кетпей еш қадамы,
Құтылса да шатақтан,
Боздақтарды еске аламын
Қаза тапқан апаттан.
Қыршын кеткен кеншілерді
Шахталарда көмілген,
Көріп үнсіз күрсінемін
Дұға қылып ерінмен.
Жүріп жатыр соғыс қатал
Аяушылық білмейтін,
Еш уақыт ұмыта алман
Бұл жалғанның сұр кейпін.