16.07.2022
104
Самайына ақ кірген
Самайына ақ кірген
Ойламай ел бірлігін,
Шапан киіп, ат мінген
Артық көрер тірлігін.
Қыр көрсетіп өзгеге,
Тақ мінгендер мәз.
«Отыр дейтін ез неге?» –
Саналы адам аз.
Ер бола ма қынулы,
Жасап жүрсе қулығын,
Ару дей ме сұлуды
Көрсететін кіндігін.
Жүрсе-дағы жалаңаш,
Тәж кигендер мәз.
Татпай жүрген арам ас,
Саналы адам аз.
«Е, Құдайым, бала бер,
Бала берсең, сана бер,
Егер сана бермесең,
Шеттерінен ала бер!»
Көлгірситін күштіге
Дым білместер мәз.
Жем болмайтын тістіге
Сөз түсінер аз.
Бұл заманға сай туған
Бар да шығар саналы ер,
Әлгі сөзді айтылған
Тыңдаса ғой қара жер.