15.07.2022
  234


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қолбасшысы топты жарып...

Қолбасшысы топты жарып,
Жасанған жау тиген кезде
Быт-шыт болар тас қамал.
Көктемде су тасып ағып,
Сайдан сайға құйған кезде
Шұқанақтар бос қалар.
Атың арып, өзек талып,
Жаның әбден күйген кезде
Сықпа құрт та ас болар.
Жолың болып, бағың жанып,
Абыройды үйген кезде
Қызғаншақ дос қас болар.
Әдеп қалып, үлкен налып,
Заман азып, бүлген кезде
Еткен еңбек еш болар.
Соның бәрін білсең анық,
Жазық жоқ қой көрген көзде,
Кейін айтсаң, кеш болар.
Құдайыңды тұрсаң танып,
Бөгет болма келген сөзге,
Жоқ осыдан басқа амал.





Пікір жазу