15.07.2022
  285


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Фәниде бейнетсіз өткендер...

Фәниде бейнетсіз өткендер,
Қиналмай зейнетке жеткендер
Жаздым-жаңылдым демей,
Алладан кешу тілемей,
Пайдасы көп жерді сұраған,
Пиғылы өзгерді дей алман.
Ұлдарды істікпен түйреген,
Қыздарды шашынан сүйреген,
Жаздым-жаңылдым демей,
Алладан кешу тілемей,
Құтылып кешегі ұраннан,
Пиғылы өзгерді дей алман.
Кешегі атеист болғандар,
Бұл күні дініме «қорғандар»,
Жаздым-жаңылдым демей,
Алладан кешу тілемей,
Мықтыға жағынып, сый алған,
Пиғылы өзгерді дей алман.
Дәстүр мен тілімді құртқандар,
Тарихтың парағын жыртқандар
Жаздым-жаңылдым демей,
Алладан кешу тілемей,
Күн туса күнәсі сұралған,
Пиғылы өзгерді дей алман.





Пікір жазу