15.07.2022
  85


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Күн артынан күн озды...

Күн артынан күн озды,
Көп адамға білінбей.
Заман азды, жер тозды
Текеметтің түріндей.
Қыздың шашы құбылды
Қырғауылдың жүніндей,
Тегіс жерде жығылды
Жүрген кісі сүрінбей.
Түбітті де қыл қылды
Пәле-жала қаптаған.
Даналарды құл қылды
Сөз түсінбес көп надан.
Үйренді жұрт күйелеп
Көйлек кисең мақтадан.
Қарғамын деп мақтанды
Шыққан үйрек шахтадан.
Түнеріп күн қабағы,
Жауын суы кілкіп көп.
Қырқылған жүн жабағы,
Сауылған сүт іркіт боп,
Ақша жетпей жаңаға,
Киген киім жыртық боп,
Қашыр тұлпар атанса,
Құзғын шықты бүркіт боп.
Жүйрік жылқы тұсалып,
Мылжың шешен болғанда,
Қас таланттар құсалы
Кетті көбі арманда.
Жандайшаптар тайраңдап,
Жағымпаз шен алғанда,
Отырасың қайран қап
Опасы жоқ жалғанға.





Пікір жазу