
Өзекке теппей өзгені...
Өзекке теппей өзгені,
Тағдырым мені көздеді,
Тасада жатқан мергендей.
Теп-тегіс жерде құладым,
Құладым, бірақ, шыдадым,
Болса да ауыр шер нендей.
Көзіміз бәрін көрді ғой,
Ұмытпас кездер болды ғой,
Ақырын ғана желгендей.
Жасымыз жетпей оқыдық,
Көп оқып, аздау тоқыдық,
Ғаламның сырын меңгермей.
Төбеміз жетіп төбеге,
Сөзіміз ұқсап жебеге,
Басқаны жүрдік тең көрмей.
Орныма құрбы таласып,
Жайлауым тұрды жарасып,
Төрт түлік түгел өргендей.
Сүйінші сұрар дос қаптап,
Айбыным тұрды асқақтап,
Қас дұшпанды жеңгендей.
Қылышым кейде өтпейді,
Өкініш ойдан кетпейді,
Уақытында сермелмей.
Кей шақта қара албасты
Жағама менің жармасты,
Үстіме келіп төнгендей.
Кезім де емес алқынар,
Басымнан жетіп артылар
Істерім жатқан жөнделмей.
Жан-жақты тағы абайлап,
Қарасам бүгін бажайлап,
Алжуға жақын қоғамда
Қадірсіз болып барам ба,
Ішінде жүріп бай елдің,
Күйеуге шыққан әйелдің
Артынан еріп келгендей.
Рақаты мен азабы,
Мехнаты мен ғажабы
Кезегін алып кеп тұрар,
Жүйкені түбі жеп тынар
Маңызы аз да, сәні көп,
Өзгерген өмір әлі жоқ,
Баяғы өзің көргендей.