15.07.2022
  149


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Орылған шөп, жанған от...

Орылған шөп, жанған от,
Жерошақта қалған шоқ,
Құрт жайлаған дүние-боқ
Бүгін бар да, ертең жоқ.
Қалған намыс қанымда
Менде бар да, сенде жоқ,
Сары алтындай сабыр да
Елде бар да, менде жоқ.
Жабырқаған шағымда
Жадыратар ем де жоқ.
Ашу келсе – ақыл кем,
Кемшіліксіз пенде жоқ.
Ойда жоқта табанға
Қадалса бір шөңге кеп,
Тозақ па деп ойлайсың
Жердің шарын дөңгелек.
Әлің бітіп, бұқсаң да
Қос қолыңды сермелеп,
Демің жетіп, шықсаң да
Қия шыңға өрмелеп,
Жан-жағыңа қарайла,
Алды-артыңды абайла,
Мәңгі тұрар жер ме деп.
Қысылғанда жыр шығар,
Бізден бұрын жыршылар
Айтып кеткен термелеп





Пікір жазу