14.07.2022
  112


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Үзіліп өмір соқпағы...

Үзіліп өмір соқпағы,
Үміттің сөніп оттары,
Апаттар неге қаптады?
Диқанның толмай қаптары,
Аңшының болмай оқтары,
Бос қалып жатса қақпаны,
Қазанның кетіп қақпағы,
Ерлердің жетпей тоқтамы,
Әйелдің бітпей жоқтауы,
Кеменің суға батқаны,
Ұшақтар құлап жатқаны,
Жетім мен жесір көз жасы,
Қарғыстың, бәлкім, атқаны.
Жылымшы татып татқаны,
Басқаға кетіп баққаны,
Қуарып жасыл бақтары,
Еңбегі жанбай, өзіне
Бұйырмай жатса тапқаны,
Тотыдай торға түсірген
Зауалдың, бәлкім, оқпаны.
Күйелеп әппақ мақтаны,
Шимайлап таза тақтаны,
Сабырлы деген ердің де
Сазарып, санын соққаны,
Киіз қазықты кіргізсе
Мықтының соққан тоқпағы,
Өзеннің теріс аққаны,
Жамандық майдай жаққаны,
Қайратың қайтқан шақтағы
Тұрмыстың, бәлкім, ақпаны.
Қаламым неге тоқтады,
Көңілім неге соқпады?
Залымды кімдер соттады,
Намысты кімдер таптады,
Сөреге барып жайғасты
Суайттың жазған шатпағы.
Мазалап тағы ұйқы ашты
Тірліктің қатпар-қатпары.
Өмірдің көрсең ақ таңын,
Басына кимей ноқтаны,
Сыншының күтпей мақтауын,
Дұшпанның күтпей даттауын,
Таза боп қалған дұрыс қой
Кеткенде жауып сыртынан
Тіршілік деген қақпаны.





Пікір жазу