14.07.2022
99
Тауларға әмір жүргізген
Тауларға әмір жүргізген
Білеміз мықты Дәуітті.
Дәуітке ақыл кіргізген
Танымау Хақты қауіпті.
Тағында тұрса Сүлеймен,
Желдер де долы бағынған.
Ол-дағы жүрген үреймен,
Алланы жалғыз сағынған.
Көтеріп көкке Исаны,
Мәдіні жерге жасырған,
Ұққандар тірлік нышанын,
Аллаға жалғыз бас ұрған.
Жауынан қашқан Мұсаны
Теңізді жарып өткізген,
Пендені талай құсалы
Мақсатқа Алла жеткізген.
Жүрсең де қанша тоқ болып,
Әлемді кезіп жалықпай,
Кетерсің бір күн жоқ болып,
Жүністі жұтқан балықтай.
Ажалға қимай баланы,
Қошқарды қылса құрбандық,
Жақсыға жауып жаланы,
Сауаптан талай құр қалдық.
Бұл жақтан тиер үлес те,
Ол жақтан алар орын да,
Түссең де қанша күреске,
Бәрі де Алла қолында.
Татармын, бәлкім, зәмзәмнан,
Тартармын, мүмкін, кіл азап.
Түңіліп мына жалғаннан,
Етемін Хаққа мінәжат