14.07.2022
  94


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Арманда болған жалғанда бес күн...

Арманда болған жалғанда бес күн,
Дегені түгел болмайды ешкім,
Біреуден қалдың, біреуге жеттің,
Дүнияға келдің, дүниядан кеттің...
Қайратың тасып қай жерге келдің,
Біреуден алдың, біреуге бердің,
Кімдерге ердің, кімдерге сендің,
Өмірде сонда не қызық көрдің?!
Бір жұтым ауа, сәулесі күннің,
Дәмі жай судың, иісі гүлдің
Арбаған көзді алдамшы екен,
Аcықпай жүріп осыны білдім.
Өкініп жүріп ғұмырды кештің,
Жарқ етіп жандың, жалп етіп өштің,
Арманда болған жалғанда бес күн
Дегені түгел болмайды ешкім.





Пікір жазу