14.07.2022
  96


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Елдің аққа сенетіні...

Елдің аққа сенетіні,
Қараны ақтың жеңетіні,
Қап-қараңғы түннен кейін
Жарық күннің келетіні –
Осыдан-ақ белгілі.
Көпшілікке мәлім сыры,
Аққу құстың қауырсыны,
Ағаштардың гүл ашқаны,
Биік таудың қарлы шыңы –
Осыдан-ақ белгілі.
Ақ сүт болса көп ішкенің,
Аппақ дәні шемішкенің,
Ақша бұлттай, ақ мамықтай
Ақ қанаты періштенің –
Осыдан-ақ белгілі.
Қуып жүріп бар арманын,
Қара шаштың ағарғаны,
Кірлеп кеткен қабырғаның
Аппақ әкпен тазарғаны –
Осыдан-ақ белгілі.
Көздің ағы жанардағы,
Жап-жарық нұр санаңдағы,
Бұл дүниядан көшкендердің
Ақ кебінге оранғаны –
Осыдан-ақ белгілі.





Пікір жазу