14.07.2022
103
Кеткен ғұмыр қайта айналмас десек те...
Кеткен ғұмыр қайта айналмас десек те,
Өткен мезгіл тұрады екен есепте.
Түйе тартар ауыр жүкті, әлбетте,
Жараспайды артып қою есекке.
Тіршіліктің салған жүгі зіл-батпан,
Пенделер көп күтетіні кіл мақтан.
Бос мақтанды малданғандар алданар,
Көздің жасын көрген қызық құрғатқан.
Табан ақы, маңдай термен жиған мал
Құтқара ма кезің туса қиналар?!
Қас қағымдай қысқа ғұмыр ішінде
Күнәларың таудай болып жиналар.
Арың таза, жаның асыл болса да,
Кір баспай ма бармай жүрсең моншаға.
Сол ласқа әбден тәні үйреніп,
Дәрет алмай жүрген кісі қаншама?!
Жүріп-жүріп жеткен жерің – осы ара,
Фәни деген – Бақиға енер босаға.
Босағадан аттаған соң жан-тәні
Кір-қоқыстан босамаса, не шара...